«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде отбасы құндылықтарын насихаттау бағытында әйел жамағатымен игі шара өтті
![](https://adilet-gazeti.kz/wp-content/uploads/2025/02/WhatsApp-Image-2025-02-07-at-11.16.06-1.jpeg)
Отбасы құндылығын дәріптеу, насихаттау адамзат дамуындағы шешуші қадамдардың бірі екендігі белгілі. «Отбасы – шағын мемлекет» деген халық нақылы тегін айтылмаған. Бұл тұрғыда діни ұйымдар атқаратын жұмыстар да аз емес. Әсіресе ананы қадірлеу, қастерлеу бағытында қасиетті Құранда жазылған сүрелерді келтіре отырып, қыз баланың, жас ананың тәрбиесі, қоғамдағы хақында насихат жұмыстарын жүргізу – тағдыршешті жайт. Осы бағытта ҚМДБ тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанынан хабардармыз. Болашақта жалғасын таба беруіне тілектеспіз.
Әсіресе ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялағаны өте құптарлық, тамаша бастама болды. Бұл бағытта еліміздің мешіттерінде игілікті істердің қолға алынып жатқаны қуантады.
Сондай қадамның бірі жақында Астана қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде отбасындағы ізгілікті жаңғырту мақсатында игі шара өткізілді. Имани іс-шара әдеттегідей мешіттің бас имамы Руслан Нақыпбекұлының отбасы құндылықтары тақырыбы аясындағы көркем насихатымен басталды. Әйел адамның дін мен дәстүрдегі, отбасындағы мәртебесінің Құран аяттары мен хадистердегі көрінісін тілге тиек етті.
Басқосуға мешіттің әйел жамағаты мен ұстаздар қауымы, атап айтқанда Астана қаласы бойынша әйел-қыздар секторының меңгерушісі Бекет Күлсара мен «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұстазы Айгүл Көксеген қатысып, исламдағы бақытты отбасының үлгілерімен таныстырып, ана мен қыздың, ене мен келіннің арасындағы көркем байланысты нығайтудың жолдарын атап өтті.
Шара соңында мешіттің бас имамы Руслан Нақыпбекұлы мешіт жанынан құрылған «Аналар мектебінің» құрметті мүшелеріне мешітіміздің қадірменді жамағаты болғаны үшін, мешіт жамағаты ретінде рухани, мәдени ізгі шараларға атсалысып, белсенділік танытқаны үшін алғыс білдіріп, сый-сияпат жасады.
Мұратбек Балқыбекұлы,
ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі
*Материал мешіт ақпараты бойынша дайындалды