ҮЛКЕН ЖҮРЕК ЛҮПІЛІ

Таным
1 391 Views

ҮЛКЕН ЖҮРЕК ЛҮПІЛІ

(Эссе)

(Соңы. Басы өткен санда).

*   *   *

Петропавлда Бекеттің үйінде болған сол жүздесуден кейін біраз жылдар өтіпті…

Бекет… сырт көзге емендей сірескен паң көкірек жан емес, бойын жасырып жүрген тұлпардай қарапайым ғана пенденің бірі. Бірақ, дүние танымы кең, ішкі жан дүниесі бай, оған тереңірек үңілсең Абайдың:

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла, – деген сөзі тіл ұшына үйіріледі. Тумысы бөлек, уызына жарыған, тәңірдің өзі тойғызып қойған, кесек бітім. Сан – саққа самғап, ескек желдей жүгірген ойың көз алдыңа Бекет жайында таңғажайып көріністерді әкеледі. Оған әсер ететін құбылысты қараңыз: Ананың ақ төсіне өрмелеген нәрестедей Қазығұрттың боз мұнарға бөккен шыңына тырмысып шығып, бұлдыр сағым ойнаған даланың көз жеткісіз шексіздігіне құштар сезіммен ұмсына қараған балақай келе-келе өзі қатарлы балалардан оза жетіліпті. Өзін аялаған табиғатты, өмірді, адамдарды сүюі, ана дүниеде пейіш төрінде жатқан рухы зор аруақтарды пір тұтуы «Менмін!» дейтін асылық сөзді жандардың арасында екінің бірінің болмысында бар қасиет болса, қане?

Бекеттің сан-салалы қызметімен қоса ұлттық руханиятқа ойлы жүрек, саналы сезім, қайратты ердің жігерімен жасап жүрген ірі тірлігі Пушкиннің: «Ескерткіш орнаттым мен қолдан келмес» деген асқақ сезімді ойын еске салып, таң-тамаша қалдырады. Оның елді сүйіндірген бір ісі – туған ауылы Талдыбұлақтағы үш кластық жұпыны мектепті 2001 жылы тоғыз кластық мектеп етіп салып берді. Кластан класқа өтіп жатқан балаларын қайда оқытарын білмей әр кез дағдарған көгенкөз жұрттың көкейкесті тілегі оңынан туған Айдай боп жарқырады.

Ұлы жеңістің жетпіс жылдығы қарсаңында Қазығұрт ауданының орталығы Шарапхана селосында «Бабалар рухына тағзым» кешенін ашып, дүниені қасіретке душар еткен қырғын соғыста мерт болған 384 боздақтың атын алтын әріппен қара мраморға жаздырып, және сол сұрапыл шайқастан елге аман-есен оралған 26 ардагердің де есімдерін жаздырып, олардың ұлы бабасы Түгейболат бабаға арналған 21 шаршы метрлік алып ескерткіш монументін де тұрғызды. Бұл жойқын тірлікке тебіренген жұрт Бекетке алғыс сезімін білдіреді де отырады.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы боп қызмет ете бастағанда Бекет жергілікті елмен етене араласып, тарихын зерттеп, көсем сөзді шешендер мен билер жайында қыруар дерек жинады. Сол кереметтердің ішінде Жабайұлы Тоқсан бидің аталы сөздері қызықтырды. Сол сөздерді жинатып, кітабын шығарды, кесенесін көтеріп, асын берді. Петропавлдағы бір көше Тоқсан бидің атымен аталды.

Кезінде әр сөзі Асанқайғы мен Бұқар жыраудың сөзіндей ана заман мен өз заманын, келер күндерді ой безбеніне салып, өмір құбылысын терең толғап өткен Шал ақын Құлекеұлы (бүгінде қазақ ғылымында біліктілігі де, беделі де зор академик Аманжол Қошанов осы атақты ақынның ұрпағы.И.Ж.) Төле бидің жиені, Абылайханның замандасы еді. Екі жарым ғасыр бойы ойлы-күйлі, терең толғаулы жырлары мен айтыстары ел жүрегінен өше қоймаған сол Шал ақынның кім екендігін:

Саясы жоқ бәйтерек

Саздауға біткен талмен тең.

Жақсы ағаңыз бар болса,

Алдыңда сары белмен тең.

Ағайының көп болса,

Ұлық бір шеру қолмен тең.

Ақылсызға сөз айтсаң,

Алды бір тұйық жармен тең.

Молдадан сабақ алсаңыз,

Алуа-шекер балмен тең.

Пайдасы жоққа жалынсаң,

Семіз бір жемқор малмен тең.

Жақсы қатын алсаңыз,

Алладан жауған нұрмен тең.

Жаман қатын алсаңыз,

Маңдайға біткен сормен тең.

Уайымшыл жігіттің

Кең дүниесі тармен тең.

Уайымсыз жігіттер

Қарабұлан нармен тең.

Жетесі жаман жігіттер,

Тоқсандағы шалмен тең.

Жаманнан көрген қорлығың,

Көкірекке біткен шермен тең.

Бір қалған соң көңілің

Қаңтарда қатқан мұзбен тең, – деп келетін философиялық өлеңінен-ақ зерделі жан танып-біледі ғой. Қандай өрелі толғаныс, бұл!

Бекеттің тыянақты көңілмен зерттеген бір керемет тұлғасы осы Шал ақын еді. Ол жайында Шоқан Уәлиханов өз зерттеулерінде: «Менің бабам Абылайханның замандасы Арғын-Атығай ішінде Бәйімбет табынан шыққан Шал ақын қазақ халқының тегі, қазақ халқын құраған рулар жайлы аңыздарды жинақтап, ғажап эпос жасады.» деп сүйсіне жазғаны бар, Бекет осы сөздерді зерделеп, ғалымдар мен ақын-жазушылардан, көкірегі сырлы көнекөздерден, оның ішінде ақынның ең жақын ұрпағы, елімізге белгілі бір жарқын тұлға академик Аманжол Қошановтан да көп-көп тосын әңгімелер естіп, тағы да азаматтық ойы жарқ ете түсіп, 2007 жылы Шал ақынның өз туған жерінде мүсінін орнатты. О, шіркін дүние десеңізші, жарық дүниеден жүзін үйіргелі бері есіл ақынға мұндай керемет құрмет көрсетіледі деп, кімнің қаперіне келді, екен? Бұл тарихи істі Шал ақынның құдіретін әбден танып-білген Бекет жүзеге асырып, жауһар сөзді көк нөсердей төккен ақынын сағынған аңсаулы жұрттың алғысына бөленіп, көңілінен шықты. Ұлы даланың төсінде бой түзеген ұлы тұлғалардың ескерткіштері қатарында Шал Құлекеұлының еңселі келбеті де жан сүйсіндіреді. Бүгінде өзінің туған жері де Шал ақын ауданы деп аталады.

Енді бірде… бұл– 2008 жыл. Қат-қабат жұмысының арасында дәйім тынымсыз оймен жүретін Бекет жарық күнде қолына шам алып, ине іздеген тақуа жандай ел ішіндегі көнекөздердің әңгімелеріне ден қойып, Петропавлдың ескі қорымында жермен-жексен болған бейітін зорға тауып, Мағжанның кезінде болыс боп, ел силаған айбарлы да айдынды әкесі Бекенге, одан кейін Сасықкөлде анасы Гүлсімге асыл тас граниттен зират орнатты, асын берді. Осы бір оқиғалар ел, қоғам, мемлекет алдында Бекеттің азаматтық беделін тағы бір көтере түсті. Кешегі қоғамнан қағажу көрген Мағжанның бейкүнә әулетінің дидарын осылайша жарқын ғып, арманды істі тындырды.

Сол жылы Бекет Көкшенің бір көркем жері Жамантауда, иә, «Өскен» деп аталатын ауылында гәккулете ғұмыр кешкен Үкілі Ыбырайдың сүйкімді мүсінін орнатты. Туған ауылы әншінің өз есімімен аталды. Ел-жұрт кезінде: «Ханнан да қадірлімін туған елге!» деп шалқытып жүріп, бейопа қоғамның нақақтан-нақақ құрбаны болған Үкілі Ыбырайдың өзі тіріліп келгендей шаттанып, алғыс айтты. Іс мұнымен тынған жоқ, Петропавлдың бір әсем гүлзарында Үкілі Ыбырайдың екінші мүсіні орнатылды. Бұл жұмыстарға да Бекет атсалысып, көмектесті. Ел тілегі ешуақытта орындалмайтындай көрінуші еді, орындалды!

Қазақ ғылымында есімі әлемге әйгілі академик Евней Букетовтың ғалымдығы, жазушылығы, ақындық болмысы, эстеттік, кісілік келбеті аңызға айналған дара тұлға еді. Кешегі бір күндері Қарағандының Мемлекеттік университетінің жұмысын кемеңгер ғұламаларға тән биік қасиет, жан-жақты білімпаздықпен көркейткен ұлан-асыр еңбегін көре алмаған көр пенделердің нақақ қиянатына(Бүгінде көк жүзінде планетаға айналып жарқырап тұрған академик Қаныш Сатпаев та кезінде және бұл дүниеден жүзін үйіргеннен кейін де қызғанышты пейілмен күн кешкен іші тар, аққудың өз әнін өзіне қимайтын өресіз бақталастардың қиянатына ұшырағаны дүйім жұртқа белгілі жай. И.Ж.) шыдай алмай, жарық дүниеден тым ерте кеткені халқымыздың қабырғасын қайыстырған налалы өкініш еді. Бірақ, шындық жеңді. Күншілдердің үні өшті. Бүгінде Қарағандының Мемлекеттік университеті Евней Букетовтың есімімен аталады. Бекет атақты ғалымның пешенесін жарқыратып, Петропавлда мүсінін орнатып, үлкен жүректі адамның үлгілі ісін жасады. Бұл – 2009 жыл.

2010 жыл. Өзінің туған жері қасиетті Қазығұрттың етегінде жергілікті жұрт пір тұтатын ескі әулие – Ақбураның кесенесі бой түзеді. Бекет бұл істен де шет қалған жоқ. Көмек берді. Бұл да имандылық қасиетке бай адам жасайтын ізгілік.

Бекеттің тағы бір қайраткерлігі ықылым заманнан бері әбден ұмытылып, тарих бетінен «өшті» деп есептелетін, кезінде жоңғар шапқыншылығында Әз Тәуке ханның қасында қол бастаған жырау Қожабергенге 2010 жылы ескерткіш қоюы. Ел-жұртқа әйгілеп, ұлы жыраудың қоғамдық қорын ашты, арада үш жыл өткенде халық шаттығы етіп, ұлан-асыр тойын жасады, ғұлама ғалымдардың бас қосқан жиыны – салиқалы ғылыми конференцияны өзі бас боп өткізді. Қожаберген жыраудың тарихи келбеті ашылып, рухы зор тұлғасы жан-жақты көрінді. Тарихтың тағы бір тұңғиық сырына көз жеткіздік.

2014 жылы Бекет Тимирязев ауданында Баян батырдың екі ағасы – Сары, Сүгір батырларға кесене тұрғызып, ас беруге де тікелей араласты. Соңынан сол жерге көрнекті кесене тұрғызуға ұйытқы болды.

Бекеттің қазақ руханиятын дамытуға қосқан ұлан-асыр еңбегі (Жер-жерде кітапханаларды әр түрлі әдебиет нұсқаларымен байытуы, жекелеген ақын-жазушылардың том-том кітаптарын шығарып беруі, өнер иелеріне демеушілік көрсетуі ол өзінше бөлек әңгіме. И.Ж.) тек қана өзінің азаматтық мерейін көтеретін абырой емес, ол, сөз жоқ, ұлттық мақтаныш!

 

 

*   *   *

Өтеді күндер, жылжиды жылдар… тоқтауы, толасы жоқ мезгіл шіркін де өз жөнімен жүре береді. Өмірдің кейбір қас қағым сәттері, көрген қызығың қайта оралмас сүйініш екен. Әрқилы естелік, ол… өз өмірімде мерейімді тасытқан дүбірлі күндерім көп болыпты. Оның бәрі әндеткен жүрегімнің қуатынан шығып жатқан шалқу. Сондай жақсы күннің бірі – 2016 жылдың маусым айының 25 жұлдызы! Сол күні үлкен қала Шымкенттің Жұмат Шанин атындағы драма театрының сәулетті сахнасында өткен авторлық кешім 80 жылдық мерей той ретінде азаматтық абыройымды, өнерімді дүйім жұрт алдында асқақтата көтерді. Бұл шалқыған концертті ұйымдастырған жан – Бекет Тұрғараев!

Бекеттің жан-жақты білімі, ішкі мәдениеті, жан-дүниесінің сұлулығы өресі биік эстет жанның келбетін тағы бір жарқырата көрсетті. Осы шараны ойластырып жүріп ыждағатты түрде өз болмысымдағы жазушылық, зерттеушілік, композиторлық, суретшілік қырларымды, өнерге деген талғамымды жан-жақты зерттеп білгені мені таң-тамаша қалдырды. Әр шығармамның жазылу тарихына терең үңіліпті; әндер мен романстарымды орындайтын қадірлі әншілерім – Лаки Кесоглу, Қажыбек Бекбосынов, Сәуле Жанпейісова, Қайыржан Бердібаев, сондай-ақ Атыраудан, Қарағандыдан, Шымкенттің өзінен, Созақтан келетін басқа да әншілермен Бекеттің өзі тікелей байланыс жасады. Бұл– оның кісілік зердесі! Осы жайдың барлығы ойымнан шықты.

Кешті белгілі айтыс ақыны, филология ғылымының докторы Аманжол Әлтаев толғаулы жырымен бастап, әр ән-романстың хикаясын шертіп, тыңдаушыларды лирикалық лебпен үйіріп отырды.

Облыс әкімінің құттықтау хаты оқылды.

Бекет бұл кештің беделді қонағы ретінде Мемлекет және қоғам қайраткері, айтулы ғалымдар – Мырзатай Жолдасбеков пен Өмірзақ Айтбаевты, және мені сахна төріне шығарып, Төле Би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке Бидей ардақтап, сөз беруі жұртты ерекше тебірентті. Осыған риза болған кейбір көкірегі сырлы, ойы сергек, түсінігі терең кісілер Бекеттің ұлттық ынтымақ пен тұтастықты, бірлікті көздеген кемеңгерлік ойына тәнті екенін білдіріп, жылы-жылы сөздер айтты. Мырзатай Жолдасбеков пен Өмірзақ Айтбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдығына орай сөйлеген тағылымды ойлары зор ықыласпен тыңдаған жұртты риза етті. Осы кешті қалай ойластырғаны жөнінде Бекеттің де сөзіне жиі-жиі қол соққаны ел шаттығындай сезілді. Сахнаға шығып сөйлеген жандардың құттықтауы – «Шымкентте небір концертті көріп жүрміз ғой, бірақ, соның бәрі көңілден шыға бере ме, тегі? Бүгінде адамның рухани жан дүниесіне ләззат боларлық тамаша әндерден айырылып қалдық па, құдай-ау, дейтініміз бар, кешегі күндерімізді сағынышты сезіммен еске алып. Жан-жүректі тербейтін сол есті әндеріміз әбден аңсатып жүргенде, бүгін, міне, тәңір иіп, қандай ғажайып кеш өтті. Отан, ел мен жер, жастық шақ, махаббат…бейбіт күнді, табиғат сұлулығын жыр еткен әндер орындалды. Бекет Тұрғараев мырзаға осы мәрттігі үшін шын жүректен ризамыз!», деген жүрекжарды сөздермен үйлесіп жатты. Концерт теледидарға түсірілді. Жеке өзімнен теледидар, газет тілшілері сұхбат алды. Облыстық газет айқара бетке толымды мақала берді. Және бұл концерттің мән жайы «Егемен Қазақстан» газетінің бетіне де жарияланып үлгерді.

Концерт біте салысымен «Оңтүстік қабылдау үйі» деген үлкен сарайда Бекет жайған дастархан басында алты жүзден астам адам отырды. Мұнда да орындалған ән, романстар концерттің екінші жалғасындай боп жан сергітті. Бекет қонақтарға, музыканттар мен әншілерге лайықты сый-сыяпатын жасап, өнерлеріне тәнті болғанын білдіріп, ел-жұртқа да рахмет айтты. Өмірде естен кетпес сүйінішті күнім, бұл!

 

*   *   *

Біздің үйде Шымкенттегі сол концерт кезінде түсірілген тамаша фотосуреттерден құралған екі альбом және концерттік бағдарламаның видеодискісі бар, міне, біз әр кез өз концертімізді өз үйімізде бала-шаға, дос-жаран, тілектес жандар ортасында тамашалап, көріп, тыңдап отырамыз.

Бекеттің осы ізгілігі мына бір жайларды еске түсіреді: әріден қозғасам, кезінде Петр Ильич Чайковскийдің рухани жағынан тілеулесі, орыс қоғамына белгілі дәулетті графиня Фон Мекк композиторға жан-жақты көмек беріп, мысалы, Клин деген көркем қалада жақсы жайда тұрып, ғажайып шығармаларын жазуына мүмкіндік тудырғаны, әр жерде концерттерін ұйымдастыруға демеушілік жасағаны музыка тарихында тағлымды аңыз боп жазылғаны белгілі.

Сондай-ақ, кезінде Жанбота болыстың Біржан салды шалқыта шырқатып, ұлы жиындарда дәйім алға ұстап отыруы, Зілғараның батыр ұлы – Әлібектің Құлагермен шайқақтаған Ақан серіні сұңқардай саңқылдатып, ел алдында мерейін көтеруі, мына мені де әлпештеген Бекет сол жаны игі кереметтерді ойландыра еске салды. Бұл құрмет адамды сүюдің ең жоғарғы үлгісі!

 

*   *   *

Жарық дүние… мына заман, қазақ қоғамы несімен көрікті? Ол – Бекет Тұрғараевтай жаны таза, ойы жарқын, пейілі кең, ел намысы десе жел өтіне шығып, ат үстінде қалғитын хас батырлардай қасқиып тұрып, қайрат қылатын, ділі мен діті мықты азаматтармен көрікті!

Илья ЖАҚАНОВ,

Қазақстан мен Қырғызстанға Еңбек сіңірген қайраткер,

композитор,  жазушы, суретші, профессор

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *