ТҮЛЕГЕН, ТҮРЛЕНГЕН ФАКУЛЬТЕТ

Білім
16 Views

Осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетіне белгілі қаламгер, медиаменеджер Нұржан Қуантаев декан болып тағайындалғанынан оқырман қауым хабардар деген ойдамыз. Оқу ордасы басшылығының тапсырмасына сәйкес жаңа басшыға бұл құрылымды зерттеу университеті талаптарына сәйкес дамыту тапсырылды.

Аз уақыт аралығында «мұздай жаңа» декан қайта құруға құлшына кірісті. Сөйтіп қыруар ұйымдық шараларды жүзеге асыру нәтижесінде факультет жылқы жылының келуімен «ЖУРНАЛИСТИКА ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҒЫЛЫМДАР ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІ» болып қайта құрылды. Хош, азғантай уақытта өзгеріс, өрлеу кезеңі басталып та кетті.

Оқу үдерісін заманауи талаптарға сәйкес ұйымдастыру нәтижесінде ұжымдағы психологиялық ахуал жақсарып, жаңашылдық нышандары біртіндеп байқала бастады. Әсіресе ұйымшылдық пен береке-бірліктің нығаюы нәтижесінде ғылыми, практикалық жетістіктер көрініс тапты. Профессор-оқытушылардың Scopus, Web of science базалары мен ККСОН-ға кіретін журналдарда ғылыми мақалалары жиі жарияланып, күні кеше университетіміздің қаржыландыруымен жоғары технологиялық талаптарға жауап беретін ЗАМАНАУИ ЖАҢА ПОДКАСТ СТУДИЯСЫ жасақталып, іске қосылды. Қажетті камералар мен аппаратуралар сатып алынды. Оның алғашқы түсірілімін белгілі журналист, жоғары мектебіміздің магистранты, ҚазТРК төрағасының орынбасары Еркін Мұхамеджанов жүргізіп, қазақ журналистикасының жұлдызы, парасатты публицист, талантты жазушы Шерхан Қазығұлмен тартымды һәм танымдық сипаты мол подкаст түсірілді. Оны жақында YouTube арнасынан көруге болады.
Мамыр айында Шерхан Мұртаза аудиториясы ашылды. Шетелдік университеттермен тығыз байланыс орнатылды. Америка, Италия, Қытай, Испания, Польша елдерінің профессорлары білім алушыларымызға онлайн сабақ оқытуда. Студенттерге нақты практикалық дағдыларды игертіп, мәтін жазудың қыр-сырларын жан-жақты үйрету мақсатында баспасөзде, телеарналар мен сайт-порталдарда қызмет істейтін басшылық қызметтегі практик-мамандар оқу үдерісіне жұмылдырылған.
Бүгінгі ғылыми кеңес мәжілісімізде жылдық қорытынды шығарылып, операциялық жоспарды жүзеге асыруда бұрын болмаған көрсеткіштер хабарланып, университетіміздегі бірқатар әріптестерімізден едәуір алда келе жатқанымыздан құлағдар болып, қуанысып қалдық. Сонымен қатар университетішілік спартакиадада Жоғары мектебіміздің (факультетіміздің) спорттық командасы тұңғыш рет 1-ші орынға ие болды.

Оның үстіне 22 қаңтар Нұржан Қуантайұлының туған күніне орай оған шын жүректен ақ тілектерді жаудырдық. Азамат екі 5, яғни 55 деген белесті бағындырды. Оның алдағы уақытта да абыройы асқақтап, «ЖУРНАЛИСТИКА ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҒЫЛЫМДАР ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІН» өркендетудегі тың жобаларының сәтімен жүзеге асуына тілектестік білдіріп, әріптестер бұл жолда кез келген бастаманы бірге жұмыла атқаратындықтарын айтты. Сәттілік серік болсын, Нұреке!

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің профессоры

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *