Түркістан облысында білім беру саласындағы 583 млн теңгеден астам қаржыны жымқыру ісі бойынша үкім шықты

Заң Қоғам
15 Views

Түркістан облысында «Бәйдібек ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.

Тергеуді Түркістан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті жүргізді.

Іс материалдарына сәйкес, 18 лауазымды тұлғадан құралған топ, оның ішінде басшылар, бухгалтерлер және экономистер, бюджет қаражатын иемдену схемасын ұйымдастырған. Қаражат 49 жалпы білім беретін мектеп бойынша жалақы және өзге де төлемдерге арналған бюджеттік өтінімдерді негізсіз ұлғайту арқылы жымқырылған.

Тергеу барысында бухгалтерия қызметкерлері электрондық есеп жүйелеріне көрінеу жалған мәліметтер енгізгені анықталды. Төлем ведомостарына және есеп айырысу парақтарына білім беру ұйымдарында іс жүзінде еңбек қатынасында болмаған тұлғалар енгізілген, сондай-ақ жалақы мен үстемеақылардың мөлшері негізсіз көбейтілген.

Операциялардың заңдылығының көрінісін жасау мақсатында жалған құжаттар пайдаланылған — қызметтік жазбалар, бұйрықтар, есеп айырысу ведомостары және жұмыс уақытының табельдері. Құжаттардың бір бөлігі төлемдер жүргізілгеннен кейін кері күнмен рәсімделген немесе есептілікті формалды сәйкестендіру үшін түзетілген.

Бюджет қаражаты жалған тұлғалардың, оның ішінде туыстары мен таныстарының банк шоттарына аударылып, кейін алдын ала келісілген үлеспен қатысушылар арасында бөлінген.

Тергеу деректеріне сәйкес, келтірілген залал сомасы 583 млн теңгеден асты. Тергеу барысында мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді.

Сот 14 адамды кінәлі деп танып, оларды 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Төрт тұлғаға қатысты қылмыстық қудалау амнистияға байланысты тоқтатылды.

Үкім заңды күшіне енді.