АРХЕОЛОГ-ҰСТАЗ МАДИЯР ЕЛЕУОВ

Білім Қоғам
11 Views

Мадияр ағамызбен алғаш кездескен сәт жадымда сақталып қалған-ды. Мектепті бітірген алғашқы жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне өтпей қалып, көкемнің бағыттауымен заң факультетінің кешкі бөліміне оқуға түстім. Алайда археолог болуды армандаған мен бір жылдай заң факультетін оқып болған соң тарихтың сыртқы бөліміне ауыстым. Сыртқы бөлімде тағы бір жыл оқып, күндізгі бөліміне ауысу қажеттігін түсіндім. Осы мәселемен С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры Ө.А. Жолдасбековтың қабылдау бөлмесіне кіруге нағашыммен бірге барып отырғанымда Мадияр ағаны алғаш жүздескен едім.

Танысып, сөйлесе келе Мәкеңнің ректорға Жамбыл облысы Шу ауданындағы Калинин колхозы аумағында орналасқан Ақтөбе қалашығына университеттің археологиялық зерттеу жұмыстарына жолсапарға аттану мәселесімен кіргелі тұрғанын естідім. Археологияға қызығатынымды және сол себеппен ауысып жатқанымды айттым. Ректор мақұлдаса тарих факультетінің күндізгі бөліміне ауысуға келіп отырғанымды, бәрі ойдағыдай болып шешіліп жатса университеттің археологиялық қазбасына ала кетуін өтіндім. Мәкең қарсы болмады. Осылай менің ҚазМу-дың тарих факультетінің күндізгі бөліміндегі алғашқы оқуым Шу өзеніне құятын Ақсудың жағасында орналасқан Ақтөбе қалашығында М.Елеуов ағамыздың басшылығымен жүргізілген археологиялық қазбадан басталды.

Мадияр аға ол кезде тарих факультетінің археология, этнография кафедрасының лаборанты болып қызмет ететін еді. Ақтөбеге алғашқы қазбаға барғанымда Мәкең ортағасырлық қалашығының Ақсу өзенінің арғы бетіндегі Төрткүлде қазба жұмыстар жүргізді. Бірде біздің (олардың ішінде сол кездегі студенттер, кейін тарих ғылымдары докторлары Мұрат Лаумулин, Әнуар Ғалиев, Мұрат Шәлекенов, т.б. бар) осы қазба орнын ойдағыдай тазаламай шашып кеткенімізді көрген Мәкең бізге «жұмысты мұсылманша таза істеу керек» деп ескерткені есімде. Мәкеңнің «қатаң» ескертуінен сабақ алған мен әр кезде қазба орнын жылан жалағандай етіп қоюға тырасатынмын. Ақтөбеде ертеортағасырлық қаланы қазу тәсілдерімен таныстым. Ақсу өзені бойындағы қалашық қазбасына университетті оқып тәмамдағанша жылма-жыл, тіпті 1984 жылдың жазында Шымкент педагогикалық институтында оқытушы болып жүргенімде де бардым.

Профессор М.Елеуов сырлы ыдыстың ерекшеліктерін талдау кезі. Көне Тараз қалашығындағы қазба. 2014 ж. Түсірген М.Қожа.

Ақтөбеде Мәкең тікелей қазбаға басшылық етуімен небір тамаша ескерткіштер ашылды. Бірде Мәкең қасына ертіп алып, велосипедтермен қалашықты кезіп, су қоймасы түсетін аймақты қазуға қажетті нысана іздегеніміз, шағын төбешіктердің ішінен мынаның бетінде ганч бөліктері кездеседі деп таңдаған орнымыздан қазба барысында жүзімді сығып шарап, шырын жасайтын сирек орынның шыққаны есімде. Бұл маған бір жылдық студенттік зерттеуіме азық болып курс жұмысын жаздым. Екінші бір есте ерекше қалатын жәйт, Ақтөбе қалашығының орталық бөлігінен күйдірген кірпіштен салынған шағын элиталық моншаға тап болғанымыз. Оны тазалау барысында есік алды сөресіне сол заманғы моншаға түсушілердің бірнеше теңге тастап кеткенін көріп таң қалған жайымыз бар. Құдды бір сол заманға еніп кеткендей моншаға соңғы шомылушының соңынан ізбе-із жетіп барғандай күй кештік. Теңгелер моншаның соңғы қызмет жасаған мезгілін дәл анықтайтын артефактілер еді. Осы керемет моншаға қатысты сызбаларымды әлі де сақтап келемін.

Ақтөбедегі қазбалар барысында ең алдымен кесектен салынған құрылыстарды топырақтан ажыратумен қатар оларды сипаттау, құжаттау тәсілдерін меңгерумен айналыстым. Абдолла есімді жоғарғы курс студенті екеуімізге түрлі өлшемдер жасап сызбалар сызу жүктелетін. Мәкең зерттеу тақырыбы ортағасырлық бекіністер болған соң қабырғаларға кесінділер жасауды жақсы көретін. Ал кесіндінің зерттеудің аса маңызды ажырамас бөлігі екенін кез-келген археолог жақсы біледі. Кез келген қазба жүргізушінің есебін тыңдай отырып, оның зерттеуді шынайы жүргізгенін не болмаса қалай болса солай селқос жұмыс атқара салғанын, мәдени қабаттардың кесіндісінің суретіне, сипаттамасына қарап анықтауға болады. Кесіндісіз археологиялық зерттеуді ғылыми деп айту қиын.

Мәкең қай жағынан болсын бізге, студенттерге, сол кездегі бозбалаларға үлгі болды. Қазбадан қолымыз босағанда Мәкеңнің әскери флотта қызмет етіп, кемемен жер шарын бір айналып шыққанын әңгімелегенін қызыға тыңдайтынбыз. Далалық экспедициялық қиыншылықтарды қасындағылармен теңдей бөлісіп келді.

Профессорлар М.Елеуов пен С.Жолдасбаев шәкірттерімен бірге. ХХІ ғ. басы.

Түлкібас ауданында зерттеу жүргізіп жүрген профессор М.Елеуов пен Д.Ф.Винник. 2004 ж.

Ақтөбе қалашығының қазбасына Мәкең өзіне ұстаз тұтқан бірнеше мықты археологтарды шақырғаны есте қалыпты. Солардың ішінде Мәскеу қаласынан келген Орта Азияның көптеген ескерткіштерінде қазба жүргізген ғылым докторы, профессор Вероника Леонидовна Воронина болды. Қарт археологтың кесек қабырғаларды тазалау үшін пышақ емес шотты қолданғаны, ерекше қарапайымдығы, бұрқыратып темекі тартатыны, біраз уақыт аспазшымыз болмай қалған жағдайда баршамыз үшін өз қолымен тәжіктің түрлі тағамдарын дайындап бергені мені қатты таңғалдырды.

Мәкең бізді таяу жердегі тарихи орындарға апарып танысуымызға мүмкіншілік берді. Жамбыл облысының көптеген ескерткіштерін студент кезімізде-ақ аралап шықтық. Бірде Бішкек (бұрынғы Фрунзе) қаласына апарып ондағы көрнекті жерлерді, музейлерді аралатты, атақты археолог Дмитрий Федорович Винникпен таныстырды. Ол кісі де бізді бала-шаға демей қырғыз астанасындағы музейдің көрмесіне әлі де қойылмаған олжаларын көрсетіп, кейін Бұрана қалашығының (байырғы Баласағұн) қазбаларын таныстырды. Не деген кішіпейілділік, зиялылық, қандай интеллигент адамдар десеңізші. Осындай шынайы оқымыстылармен аралас-құралас болған Мәкеңе де қарапайымдылық тән.

Кейін Мәкең күллі Қазақстанға танымал археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор лауазымдарын алып болғанда да бәз-баяғы қалпынан айныған емес. 1999 жылы маған сыйлаған өзінің докторлық диссертациясының авторефератына жазған мына бір тілегі «Мұхтарға! Шәкірті ұстаздан асқан ел бақытты» деп жазғаны Мәкеңнің шәкірттеріне деген көңілін аңғартады.

Археология саласындағы ғылыми зерттеушілікті оқытушылықпен ұштастыра білу қабілеті көпшілік археологтың қолынан келе бермейтін қасиет екені белгілі. Осы тұрғыда Мәкеңнің 2007 ж. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі Тұран баспаханасында жарияланған «Археологиялық зерттеулердің әдістері: Жоғары оқу орны студенттеріне арналған оқу құралы» Қазақстанда археологиялық зерттеу тәсілдері жөнінде қазақ тілінде шыққан жалғыз оқулық екенін айта кету керек. 1997 жылы «Ыдыс-археологиялық дерек» атты керамика жөніндегі басылған еңбегі маман археологтар үшін де, археологиядан маманданған студенттермен қатар кез келген музей қызметкері үшін де аса қажетті құрал. Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-да Археологиялық ғылыми-зерттеу орталығын құруға атсалысқан және оның 2001-2008 жж. директоры болған т.ғ.д., проф. М. Елеуов болып табылады. Жәй директор болған жоқ, Түркістандағы жеке дара археологиялық мектептің негізін қалаушы десем болады. Мәкеңнің басшылығымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың алғаш археологиялық және этнографиялық музейі жасақталды, аспан астындағы ашық ескерткіштер алаңы жасақталды, Түркістан облысындағы Түлкібас ауданы археологиялық картасы жарық көрді. Сауранда жүргізілген қазбалар барысында Қазақстан археологиясында бірінші болып ортағасырлық қаланың қақпасы мен оның алдындағы көпірі аршылды. Осыдан кейін Мәкең үлгісімен Отырар мен Сығанақ қалалары орындарында қақпа қалдықтары ашылып, олар тартымды туристік насындарға айналды.

Менің Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-ға орнығуыма ағаның үлесі зор болды. Отырар музейінде жұмыс жасап жүрген кезімнен студенттерге дәріс оқуға шақыртты, докторлық диссертация жазуыма жағдай жасап, университет баспасынан Отырарға қатысты бір монографиямды шығарып берді. Мадияр ағаның шақыруымен 2014 жылы Тараз ескерткіштерін зерттеу жұмыстарына қатысып, көне қаланың археологиясынан аз да болса хабардар болдым. Ұстазыма алғысым шексіз.

Мәкеңнің Қазақстан археологиясына ерекше қосқан үлесі көптеген жаңа ескерткіштерді тауып, ғылыми айналымға қосуында. Дәл Мадияр Елеуовтей оңтүстіктің шыжыған күнінің астында Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) және Қызылорда облыстарының құмы мен даласын, сай-қырын, тау-тасын аралап бұрын-соңды беймәлім болып келген көптеген жәдігерлерді ғылыми тұрғыдан сипаттап, сызбасын сызып, фотоға түсіріп, орындарын нақтылап ғылыми айналымға енгізген археолог жоқ десе де болады.

Тарихи-мәдени мұраның нағыз жанашырларының бірі Өзбекәлі Жәнібековтің де Мәкеңнің археологияға сіңірген еңбегі жөнінде жақсы білетініне 1996 жылдың ақпан айында Өзекеңе барғанымда куә болдым. Жаңа шыққан авторефератымды көрсеткенде Өзбекәлі аға: «Саған ресми сарапшылар ретінде танымал ғалымдарды Оразақ Ысмағұлов пен Мадияр Елеуовты бекітіпті. Бұл кісілердің тарих пен археологияға қосқан үлесін көпшілік біледі» дегені есімде. Ол кезде Мәкең әлі ғылым кандидаты болатын.

Мәкеңнің ғылым төріне оңай, жеңіл жолмен бармағаны анық. Қалаға ауылдан келген қазақтың бірі болып небір қиыншылықтарды басынан өткерді. Жылдар бойы ұстазымыз көп балалы отбасы болып, жатақхананың тар бөлмесінде қорап-қорап кітаптарымен бірге қысылып, қымтырылып ғұмыр кешкенін көзбен көрдік. Бірде археологиялық ескерткіштер жөнінде кітапша дайындап Мәкеңе «Сізді автордың бірі етіп жазайын дегенімде, «бірде-бір сөзін жазбай сенің брошюраңа қалай ортақтасамын» деп бас тартқаны есімде. Мәкеңнің осы сөздерінен адам бойында сирек кездесетін шыншылдығы, тазалығы, біреудің ала жібін аттамайтындығы көрініп тұр. Мәкең осы қасиеттерін ту етіп, ғылымның биігіне өзінің кіршіксіз адал еңбегімен шыққан ғалым. Ағаға зор денсаулық, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін.

 

Мұхтар ҚОЖА,

тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры.