Стамбул. Түркиядағы ағайындардың көп қоныстанған Зейтүнбурни ауданындағы Абай мектебі, Абай ескерткіші, Абай алаңы, Абай көшесінің бойындағы «Алма» дәмханасында Түркиядағы Қазақ профессоры, тарихшы Әбдуоқап Қараның «Мұстафа Шоқай» туралы кітабының бірнеше тілдерге аударылу шарасы: әлемнің сегізінші тіліне, соның ішінде қырғыз тіліндегі сүйінші данасын Түркиядағы бірінші Қазақ тілшісі (телерадио), Ыстамбұлдағы алғашқы Қазақ Бас консулы, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының Түркиядағы өкілі, Қазақстан сауда және мәдениет орталығының басшысы Ержан Уәйіске табыстады.
Осыдан аз уақыт бұрын Түркия мемлекетінің 100 жылдығы құрметіне «100 тұлға» топтамасымен шығарылған 100 кітаптың ішінде тарих ғылымдарының докторы Әбдуоқап Қараның «Мұстафа Шоқай» романы түрікше аудармасының тұсаукесер шарасын Түркия мәдениет министрі Мехмет Нұрисой өткізген болса, әрі қарай Кючюкчекмедже ауданындағы Қазақстан мәдениет және сауда орталығының төрағасы Қазақ кәсіпкері Ғанимет Ғайса және қайраткер Ержан Уәйіс ұйымдастыруымен өтті. Ыстамбұлдағы Қазақ диаспорасының өкілдері, осында оқитын студент жастардың қатысуымен кітаптың керме жібі кесілді. Кітап авторы профессор Ә. Қара екі тілде, қазақша-түрікше түсініктеме берді.
Енді міне ғалым қаламгер Ә.Қараның М.Шоқай туралы кітабы сегіз тілге: француз, қазақ, түрік, орыс, ағылшын, неміс, өзбек, қырғыз тілдерінде көрді. Сүйінші данасы Е.Уәйіске табысталды.
«КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ ТҮРКІ ӘЛЕМІ САЯСАТЫ» тақырыбындағы кітабы қазақ тіліне, «SOVETLER BİRLİĞİNİN POLİTİKASI» кітабы түрік тіліне, «ПОЛИТИКА СОВЕТСКОГО СОЮЗА В ОТНОШЕНИИ ТЮРКСКОГО МИРА» кітабы орыс тіліне және 4-ші, 5-ші кітаптары Француз және неміс тілдеріне, «SOVET ITTIFOQINING TURK DUNYOSI SIYOSATI», «СОВЕТ ИТТИФОҚИНИНГ ТУРК ДУНЕСИ СИЕСАТИ» латын және кирилл алфавитінде өзбек тілінде жарық көрді.
Мұстафа Шоқай әлемнің 9 тілінде еркін сөйледі. Ыстанбұл қаласында туып өскен Қазақ профессоры Ә.Қара Қазақ, Орыс, Түрік, Француз, Неміс тілдерін жетік біледі.
Түркиядағы бауырымыз ғалым, профессор Әбдуоқап Қара кім?
Ол 1961 жылы Түркияда дүниеге келген. Осында түрікше оқыды. Одан соң жоғарғы оқу орнында университетте білім алды. Есімі әлемге әйгілі сәулетші Мимар Синан көркемөнер университетінде оқытушы, профессор. 2006 жылы Парижде докторлық диссертацияны қорғау жөніндегі жоғары курстан өтті, жан-жақты зерттеді. Тақырыбы: Мұстафа Шоқай – үлкен жүректі тұлға. Әбекең белгілі журналист, түркі дүниесі таныған танымал жазушы, айтулы қаламгер, 40-тан астам кітаптың авторы, Шоқайтанушы ғалым. Ә.Қара 1993 жылы Алманиядағы азаттық радиосының (Қасен Оралтай) Қазақстандағы тілшісі болса, мен Ержан Уәйіс «Азаттық» радиосының Түркиядағы тілшісі болғанымды мәртебе көремін. Мұстафа Шоқай туралы 5 томдық кітап, Түркістан легионы 3 том, «Тұрғыт Озал – түрік дүниесінің тұлғасы» кітабы, Түркі дүниесі ынтымақтастық туралы зерттеу жинағы көп данамен жеке-жеке басылымдармен жарыққа шықты. Түркияда өтетін Қазақстанға, Түркі мемлекеттеріне байланысты құрылтайға, симпозиумдарға қатысып баяндама жасайды.
Осыдан 70 жыл бұрын «АЛТАЙДАН АУҒАН ЕЛ» тақырыбында үлкен көшпен Индия, Пакистан елдері арқылы асып Түркиядан пана тапқан Қазақ ағайындарының қамқоршысы, ел құрметіне ие болған Сүннет қажы Өміртайдың ұлы.
Анасы Динахан Қаhарман қызы Қазақтың ауыз әдебиетіне жақын, әңгімешіл, Қазақи дәстүрді дамыта білген өнегелі шаңырақтың от анасы, ал жан жары жұбайы Тахира Абдулхамит қызы текті әулеттің ұрпағы, аталары Шығыс Түркістан үкіметінде қаржы министрі болған Жанымхан Жаналтай, белгілі қоғам қайраткері Қазақ диаспорасының көрнекті өкілі Дәлелхан Жаналтай, Тахира ханым Анлияда, Лондонда Оксфордта Кембридж жоғары оқу орнын бітірген ұстаз ғалым.
Жақында Әбдуоқап Қараның Мұстафа Шоқай туралы кітабының ағылшын тіліндегі тұсаукесер рәсімі Лондонда өтті. Енді осы айдың 30 жұлдызында кітаптың қырғызша таныстырылуы Қырғызстанда Бішкек қаласындағы «Манас» университетінде өткізіледі. Әбдуоқап Қара сол шараға қатысып, кітаптың керме жібін кеседі.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уәйіс бүгінгі алғашқы кітапты қабылдау шарасында Әбдуоқап Қараға алғысын білдіріп, иығына қазақ шапанын жапты, ақ батасын берді.
Түркі дүниесінің алып жүректі азаматы Мұстафа Шоқайдың есімі және оның мұралары түрік әлемінде ұзақ уақыт сақталатын болады.
Ер УБАЙДИН,
«Әділеттің» Түркиядағы арнаулы тілшісі
Ыстанбұл қаласы