ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ БІРЛІГІН КӨТЕРІП ЖҮРГЕН ҒАЛЫМ

Мерей Тұлға
20 Views

Қазіргі әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі Дандай Ысқақұлының еңбек жолын қарап отырсаңыз, 1972-1977 жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен байланысты екенін байқауға болады. Алғашында аспирантурада оқып, «Отызыншы жылдардағы қазақ әдеби сыны» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаса (1975), 1975-1977 жылдары кіші ғылыми қызметкер әрі жас ғалымдар кеңесінің мүшесі болып, оның филологиялық саласын басқарғанын білеміз. Содан бергі уақытта ол аталған ғылыми зерттеу институтымен тығыз байланыста. Мәселен, сонау жетпісінші жылдары Әдебиет және өнер институтында шыққан «Стиль сыры» (1977) атты ұжымдық еңбектен бастап, әр жылдары «Дәстүр және жаңашылдық» (1980), «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» (2008) тәрізді ұжымдық монографиялардың негізгі авторларының бірі ретінде бірлесе жұмыс істеді.

Бұл жылдар болашақ ғалымға не бергендігі төңірегінде тоқталатын болсақ, әдебиеттану ғылымының қарашаңырағына айналған ғылым ордасы, біріншіден, тыңғылықты ғылыммен айналысуға үйретті. Екіншіден, бір тақырыптың іздеушісі, жоқшысы болуды бойына сіңірді. Ғалымның содан бергі өмір жолы мен зерттеу еңбектерін қарап отырсаңыз, оның қазақ әдеби сынын тыңғылықты зерттеп, өміріне азық етіп келе жатқанын байқау оңай. Қазақ әдеби сыны туралы сөз еткенде екі нәрсе ойымызға оралады. Оның біріншісі – әдеби сынға үлес қосқан сыншылар есімі, екіншісі – әдеби сынды зерттеушілер. Ал, осының екеуіне бірдей үлес қосқан ғалымдар қатарында Дандай Ысқақұлының есімін ерекше атау ләзім.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары отызыншы жылдардағы әдеби сынның толыққанды зерттелмегенін, әдебиеттің ақтаңдақ беттерінің тасада қалғанын түсінген ғалым осы олқылықтарды кейінгі жылдары толықтырып отырды. Оның «Әдеби көркем сын», «Сын шын болсын», «Сынсонар», «Жанр», «Сын жанрлары», «Сын өнері», «Сын талқы», «Қазақ әдеби сынының тарихы», «Әдеби сын тарихы» тәрізді әр жылдары жазған еңбектері ұлттық әдебиеттану ғылымындағы әдеби сынның тарихынан толыққанды мағлұмат беретін зерттеулер екенін баса айтуымызға болады. Әдеби сын жөнінде ілгерінді-кейінді жазғандарын жинақтап, жоғары оқу орнының білімгерлеріне арнап оқу құралын ұсынды. «Әдеби сын тарихы» атты бұл еңбектің құрылымы негізгі төрт бөлімді қамтиды. «Қазақ әдеби сынының қалыптасуы» атты бірінші бөлімде әдеби сынның бастауы көне дәуір мұраларынан бермен қарай ХХ ғасыр басындағы алаш әдебиетіне дейінгі аралықты қамтыса, «Кеңестік дәуірдегі әдеби сын» ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап, тоқсаныншы жылдарға дейінгі кезеңмен толыққан. Соңғы бөлімде жетпіс жылға жуық уақытта қазақ әдеби сынының түрлі кезеңдерді басынан өткергеніне куә боламыз. Сынның тарихымен бірге оның көркем жанрлары бұл еңбектің мазмұнын арттырып тұр. Солардың ішінде рецензия, пародия, эпиграмма, шығармашылық портрет тәрізді түрлеріне көркем шығармалардан мысалдар келтіре отырып әдеби талдау жасаған. «Тәуелсіздік тұсындағы әдеби сын», «ХХІ ғасырдағы әдеби сын» бөлімдеріне тоқсаныншы жылдардың бер жағындағы әдеби сынның аяқ алысы негіз болған. Соңғы бөлімде әдеби сынға қатысты сын-зерттеу еңбектермен бірге мерзімді басылым беттеріндегі әдеби сын, рецензия, рецензия-зерттеу, ғылыми мақала, мерейтойлық мақала, шығармашылық портрет, естелік-эссе, көркем эссе, көркем очерк, әдеби сұхбат, түрлері бүгінгі әдеби сынның жай-күйінен толыққанды хабар беріп тұрғаны рас.

Ғалымның жоғарыда аталған еңбектерде тек қана әдеби сынның тарихына үңілмей, «Әдеби хабар», «аннотация», «рецензия», «мақала», «шығармашылық портрет», «әдеби шолу», «эссе» тәрізді сын жанрларына айрықша тоқталуы – әдеби сынның жекелеген жанрлары жөніндегі ізденістерінің нәтижесі болып табылмақ. Ғалымның әдеби сын жөніндегі: «Сын мен өзара сынның болуы – дамудың негізгі шарты» деген пікіріне сүйенетін болсақ, әдебиеттің ілгері дамуының негізгі көзі болғандықтан сынның әділ болуын қадағалаған жөн.

Ғалымның келесі еңбектері – ұлттық әдебиетке қомақты үлес қосқан жекелеген қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығын арнайы зерттеген монографиялар. Олардың қатарында Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы жөніндегі «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған», Мұхтар Әуезов мұрасын зерттеудегі «М.Әуезов. Талант пен тағдыр» және «Мұхтар Әуезов хақында мақалалар», Сәбит Мұқановтың шығармашылығы туралы «Парасат пайымдары», Ғабит Мүсіреповтің суреткерлігі жайындағы «Сырбаз суреткер» тәрізді зерттеу еңбектерін атасақ та жетіп жатыр. Осы еңбектердің ішінен «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған» зерттеуінен бірер мысал келтіріп көрелік. Мәселен «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!» өлеңі туралы Д.Ысқақұлы былай дейді: «Мағжан Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасындағы» «саған құрбан мал мен бас» деген ойларды ары қарай дамыта, тереңдете алып кетіп, махаббаттың сиқырлы сезімінің құдірет күшін жан-дүниесімен жайып салады. Абай: «махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» десе, Мағжан махаббатсыз көп күндерден ең асыл сезімі патшалық құрған бір күнді артық санайды. Өйткені адам – сезімімен адам. Сүйіспеншілік сезімдерінсіз адамдардан адамдық істер күтуге болмайды. Махаббат – адам өмірінің мәні». Адам бойындағы ішкі иірімдерге үңілу, оның көңіл-күй сезіміне ерекше мән беру – Мағжанның қазақ поэзиясына алып келген жаңалығы болса, ғалым сол жаңалықтың астарына үңілген.

ХХ ғасыр басында Мағжан ақын көтерген түрік бірлігі мен түркілік идеясы араға бір ғасыр салса да өзектілігін жойған жоқ. Мағжанның «Алыстағы бауырыма» атты он екі шумақ өлеңіне араға 80 жыл салғанда жауап ретінде жазылған қазіргі мағжантанушы Фейзуллахтың «Мағжанға жауап» атты өлеңін Д.Ысқақұлы әдемі салыстырған:

Мағжан:

Алыста ауыр азап шеккен бауырым,

Қуарған бәйшешектей кепкен бауырым.

Қамаған қалың жаудың ортасында,

Көл қылып көздің жасын төккен бауырым.

 

Фейзуллах:

Алыстан азабымды білген бауырым,

Жұбатып, көздің жасын жүрген бауырым.

Отырып өзі жаудың ортасында,

Көңілді мұң-зарыма бөлген бауырым.

 

Фейзуллах осылайша Мағжанның әрбір жолда айтылған ойларына жауап қайтарып отырған. Мұның өзін ақын өлеңдерінің араға ғасыр салған уақытта түркі халықтарына ортақ мұра болып отырғандығының айғағы деп қабылдауға болады. Мағжан «Түркістан» өлеңіндегі «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп түркі халықтарының рухын көтере жырлады. Түркі халықтарының бірігу идеясын көтерген ақын түркі халықтарын тұтас бірлікте жырға қосса, осы ерекшелікті ғалымның түрік ақыны Фейзуллахтың өлең жолдарымен салыстыруы – қазіргі мағжантануға қосылған соны үлес.

Ғалым еңбегінің ендігі бір парасы – ұлттық мәдениет пен әдебиеттану ғылымының әртүрлі мәселелері жөніндегі зерттеулері. Осылардың қатарында 2009 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша шыққан «Әдебиет айдынында» еңбегіне тоқталып көрелік. Кітаптың «Әдебиетті ұлықтағандар» атты бірінші бөлімінде Нәзір Төреқұлов, Мағжан Жұмабаев, Қажым Жұмалиев, Темірбек Қожакеев, Рахманқұл Бердібай, Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов тәрізді әдебиеттану ғылымына әр кезеңде үлес қосқан ғалымдардың зерттеу еңбектері туралы таратыла сөз болады. Бұл зерттеулер мен мақалалардың барлығы жинала келіп, ұлттық әдебиеттану ғылымының өткені мен бүгінінен мол хабар беретінін ескеретін болсақ, Д.Ысқақұлы тек сынның ғана емес, әдебиеттану ғылымының да тарихын зерттеуге үлес қосып жүрген ғалым екенін баса айтқанымыз жөн. Осы ойымызды ұстазы Р.Бердібаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы «Рахманқұл Бердібаев» атты еңбегі толықтырады.

Осылардың ішінен көпшілік оқырманға кейінгі жылдары ғана таныс бола бастаған белгілі қоғам, мемлекет қайраткері, білікті дипломат, ғалым, ақын, көсемсөзші, аудармашы, тілші, баспагер, әдебиет сыншысы Нәзір Төреқұлов жөніндегі «Түркістанда түлеп ұшқан қайраткер» зерттеу-мақаласының орны. Автор Н.Төреқұловтың қазақ халқына сіңірген еңбегін санамалап, олардың әрқайсысының астарына үңіледі. Бұл тұрғыда оның ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы әдеби сынға қосқан үлесін бағамдайды. Жиырмасыншы жылдары әдеби сынға біршама араласқан Нәзірдің Сәкеннің шығармалар жөніндегі сыни пікірлері әдебиетшілерге белгілі. Ғалымның көңіл бөлгені – Сәкеннің Нәзірдің пікірлерімен келіскендігі. Осыған қарап отырып, оның ұлттық әдебиеттану ғылымына бей-жай қарай алмайтындығын аңғарсақ, тіл біліміне қосқан үлесі өз алдына бір төбе. Нәзірдің: «Біз термин іздегенде, ең әуелі қазақшадан іздейміз. Қазақшада бізге керекті термин табылмаса, бізге жақын, тілдес түрік елдерінен (араб-парсы емес) түрікше сөз іздейміз. Онан соң барып еуропасын аламыз», – деген пікіріне қарап отырсаңыз, оның қазақ тіліне славян тілінен шығыс тілінің жақын екендігіне баса назар аударғаны байқалады. Мұндай ғылыми дәлелді пікірді тіл білімінің заңдылықтарын толық меңгерген ғалымның айта алатындығы дау тудырмаса керек. Бұл тұрғыдан келгенде, Н.Төреқұлов тіл білімі саласында да өнімді еңбек еткен ғалым екенін жадымызда ұстағанымыз жөн.

«Поэзия падишасы» атты зерттеуі Мағжан Жұмабаев поэзиясынан хабар берсе, «Дарқан дарын иесі» деген мақала ұлттық әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі Қажым Жұмалиевтің өмірі мен шығармашылығы жөнінде. Сол сияқты бұл бөлімнің мазмұны жекелеген әдебиеттанушы ғалымдардың ұлттық әдебиетке сіңірген еңбектерінің төңірегінде өрбіп отырады.

Ал, «Әдеби ойлар» деп аталатын екінші бөлімнен ұлттық әдебиеттің бүгінгі хал-ахуалын тануға негіз бар. «Өмір жырлары» атты мақалада Ә.Тәжібаевтың «Жартас» атты жыр жинағынан сыр шертсе, «Көптомдық – шығармашылық бір есеп» ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеттану ғылымына қомақты үлес қосқан, белгілі әдебиеттанушы ғалым, академик Р.Бердібайдың бестомдық шығармалар жинағының мазмұны мен мәнінен мол мәлімет беретін дүние.

Бұл бөлімнің мазмұнын А.Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» (2002), Құлыншақ Кемелұлының «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы» (2006), Ш.Керімнің «Қазақ жұмбағы» тәрізді кітаптарына жазылған сын-рецензиялар мен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының тарихи-мәдени мәні мен гуманитарлық маңызы жөнінде мағлұмат беретін мақалалардың барлығы да қазіргі әдебиеттану ғылымының жай-күйінен хабар беретін еңбектер екенін баса айтқанымыз жөн.

Ғалымның соңғы жылдары жарық көрген «Тіл эпопеясы немесе рухани жаңғырудағы қазақ тілінің тарихи миссиясы», «Сөз – әлем әміршісі немесе рухани қуаттың қайнар көзі» атты еңбектерінде қазақ тілінің қадір қасиеті мен ұлттық құндылықтар аясында зерттелсе, «Мәңгілік майдан немесе тілдер тоғысындағы түркі әлемі», «Түркілік ортақ термин негіздері», «Тілдер тоғысындағы түркі әлемі» тәрізді монографияларында түркі халықтарының рухани бірлігі тірлік бірліктермен ұштастырыла зерттелген. Аталған түркі халықтарының бірлігі жөніндегі зерттеулерінен ғалымның түркология ғылымына сіңіріп отырған еңбегін аңғаруға болады.

2026 жылы жарық көрген «Өмір дүние дегенің… 1-ші кітап. Бақытты болам десең…» атты еңбегінің мазмұны «Өмір деген», «Өзің қандай болсаң – өмірің сондай», «Адамның күні адаммен», «Қорытынды орнына», «Өмірім жайлы», «Пайдаланылған әдебиеттер» тізімінен тұрады. Автордың 1-кітап деп отырғанына қарағанда, бұл тақырып алдағы уақытта жалғасын табатыны белгілі.

Соңғы жылдары сөз магиясын зерттеп жүрген ғалым адамзат баласының бақытты болуы оның өзіне байланысты екенін ғұламалардың пікірімен дәйектейді. «Өмір деген» тарауында өмір туралы пікірлерге сүйене отырып тұжырым жасайды. А.Құнанбайұлы, Ақтамберді жырау, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», т.б. еңбектердегі өмір туралы толғамдарға тоқталады. Жер планетасын мекен ететін 8 миллиард халықтың неше пайызы ауыл мен қалада тұратыны, әлем халықтары қай тілде сөйлейтіні, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, таза ауыз сумен қамтамсыз ету, ұялы телефондарды пайдалану, интернетке қол жетімділік, сауатсыздық, ұстанған діндері, өмір сүру жастары туралы деректерден әлем халықтарының тұрмыс-тіршілігі байқалса, Қазақстанды мекен еткен ұлттар туралы көрсеткішпен қазақстандық этностардың пайыздық үлес салмағы көрсетілген.

«Өзің қандай болсаң – өмірің сондай» деген тарауда «Өмірге адам болып келу – Алладан, ал өмірден адам болып өту – адамнан» дегендей, сапалы өмір сүру – бәріне бірдей берілген мүмкіндік» екенінің астарына үңіледі. Өмір туралы Абай бастаған қазақ ақындарынан өзге шетелдік И.Бродский, Ю.Мамдова, М.Бокшан, т.б. қаламгерлердің өмір туралы толғамдарының астарына үңіліп, өмірдің негізгі заңы – бумеранг екенін жан-жақты дәлелдейді. Біреуге жасаған жақсылығың да, жамандығың да, айтқан артық сөзің де күндердің күнінде өзіңе қайтып оралатынын өмірдің заңы ретінде түсіндіреді. Сондықтан, адам баласы тек жақсы сөйлеп үйренгені абзал.

«Адамның күні адаммен» тарауында өмір туралы 50 тұжырым ұсынады. Олардың ішінде түрлі мәселелер қамтылған. Мәселен, көңілді жүру, достық, қателік, қарыз, қорқыныш, тәжірибе, осалдық, ашу, тәуекел тәрізді мәселелердің барлығы да күнделікті өмірде кездесетіні белгілі. Автор адам баласы қандай жағдайда не істеу керек деген сауалдарға жауап береді. Кез келген мәселені жалғыз шешпей, жақын достарыңмен, туыстарыңмен, әріптестеріңмен ақылдаса отырып шешу – «Адамның күні адаммен» екендігі.

«Қорытынды орнына» Аристотель, әл-Фараби, Абай, Асан қайғы, Білге қаған, Махмұд Қашқари, Ахмед Иүгінеки, Құтып, Шәкәрім, Д.Қонаев, М.Мақатаев, Б.Момышұлы, Ш.Мұртаза, Қ.Мырза Әли, О.Бөкей, тәрізді қазақ ғұламалары мен Г.Маркес, С.Джобс, Л.Толстой, Д.Лама, Э.Хемингуэй, Ги де Мопассан, Марк Твен, Агата Кристи, т.б. қаламгерлердің өмір жөніндегі қағидаларын ұсынады. Мәселен, Ремарк Эрих Мария «Ең ғажап қала – ол адамның бақытты болған жері», Жак-Ив Кусто «Бақытсыздық – бұл өзіміз, ал бақыт – басқалар» деп түйіндейді. Василий Сухомлинскийдің «Рухани жағынан сұлу адамдар – бұлар ең алдымен бақытты адамдар», Ағзам Суфи Лұқпанның «Кімде-кім бақытсыздыққа шыдаса, сол бақытты» деген тәрізді өмір туралы пайымдаулары кез келген оқырманға ой салары анық.

«Өмірім жайлы» тарауында автор өзінің ата-бабасы мен өскен ортасы туралы толыққанды мәлімет берген. Балалары тұрақтамай жүрген ата-ананың бір перзентке зар болып жүргенде көрген перзенттеріне көз тимесін деп тұлым қойып, құлағына сырға тағуы – наным-сенімнің бір көрінісі ретінде суреттелген. Саңғыл бидің ұрпақтарының басынан өткен ауыртпалық қазақ халқының тағдыр тауқыметі ретінде көрінген. Екінші дүние жүзілік соғыстан әкесі Ысқақтың мүгедек болып келуі, қара жұмысқа жарамай, ұзақ жылдар мақта мен жүгері егістігінің қарауылы болуы соғыстың зардаптары мен аға буынның ауыр тағдырын есімізге салады. Атеизм салтанат құрып тұрған заманда бес уақыт намазын тастамаған жанның өмірінен ислам дініне деген адалдық қана емес, өмірге деген құштарлық байқалады. Үнемі ат үстінде жүретін әкесінің қолынан қамшысының түспеуінен қазақ халқының ер балаларды ержүрек, батыр болсын деп ат үстінде баптайтыны байқалса, қамшы – ерліктің қайсарлықтың белгісі ретінде танылады. Оны Ысқақ атамыздың 80 жасқа дейін көкпар тартқанынан көреміз.

Анасы Рсалды Шерімбетқызының өміріне қатысты Теріскейдің Үштөбесін малы ен жайлаған Шерімбеттің малы жұтқа шалдығып, Сыр бойына қарай ойысуы өткен тарихымыздан хабар береді. Ауқатты ата-ананың алдында өскен ерке қыз он үш жасында ұзатылып, бір үйдің тұңғышына тұрмысқа шыққан соң есейіп шыға келеді. Жаңадан құрылған ұжымшардың бар бейнетін көтере жүріп 12 құрсақ көтерген ананың тағдыры – қазақ өмірінің бір қыртысы.

Отырардың қасындағы қару-жарақ жасайтын Пышақты ауылында туып өскен Дандай ағамыздың мектепке баруы да ұзақ әңгіме. Жеті жасында бір тоқсан өткен соң мектепке барған бала өз замандастары тәрізді қара күзге дейін әкесінің қасында тарыдағы торғайды қуып жүруі – әкеге деген көмегінің, ертеректе салынған мектептің бір бөлмесінің төбесі құлап ортаға түсуі, жаз бойы ауылдағы бар баланың мыңнан кірпіш құйып мектеп салуға көмектесуі – 1957 жылдардағы елдің әлеуметтік тұрмысының көрінісі. Автордың мектептегі ұстаздары, сыныптастары, ауылдастары, ЖОО курстастары, ғалым-ұстаздары туралы әңгімелері есте сақтау жадын танытады. 80 жасқа дейінгі өткен өміріне есеп берген автор өзінің осы уақытқа дейін атқарған еңбектерін санамалап көрсетеді. Жарық көрген отыздан аса кітап, жеті жүзден аса мақала – ғалымның өмір бойғы тынымсыз еңбегінің көрсеткіші. Осы қыруар еңбектің арқасында Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық Айтматов академиясының, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесі болды. Түркология саласындағы аса зор жетістіктері үшін Күлтегін атындағы сыйлығы мен бірнеше мемлекеттік марапаттарды иеленіп, Іле педагогикалық университетінің құрметті профессоры (Қытай, 2016), Түркістан облысы Отырар ауданының Құрметті азаматы атануы – ғалым еңбегінің отандық және халықаралық деңгейде бағалануы.

Кітаптың соңындағы «Пайдаланылған әдебиеттер» тізіміндегі екі жүз бетке жуық еңбекті жазып шығу үшін екі жүзден аса әдебиетті пайдаланғанынан автордың көп ізденгенін байқауға болады. «Бабалар сөзі», «Бес ғасыр жырлайды», Әл-Фараби, А.Құнанбайұлы, Ш.Уәлиханов, Ж.Аймауытұлы, Х.Досмұхамедұлы, Х.Арғынбаев, А.Айталы, А.Ахмади, т.б. көптеген отандық ғұламалармен бірге шетелдік қаламгерлердің пікірлеріне сүйене отырып ой қорытуынан ғылымға деген адалдықты көреміз. Сонымен бірге ғалым мерзімді басылым беттері мен әлеуметтік желілердегі түрлі деректерді пайдаланған.

Жоғарыда сөз болған еңбектерден байқағанымыздай, Дандай Ысқақұлы – қазіргі ұлттық әдебиеттану ғылымына белсене араласып, өз пікірін ғылыми тұрғыда дәлелдеп жүрген ғалымдардың бірі. Ол мәдениет, әдебиет, тіл білімі жөніндегі мәселелерге өткір араласып жүрген ғалым ретінде елге кеңінен танымал. Соңғы жылдары түркітілдес елдерге ортақ тілдік мәселелерді жиі көтеріп, сонымен тыңғылықты араласа бастағанын ескеретін болсақ, бұл –жоғарыда өзі зерттеген алаш әдебиетіндегі түркілік идеямен өзектесіп жатқан мәселе. Ол қазіргі таңда ХХІ ғасыр басындағы түркі халықтарына ортақ мәселелерді қозғау арқылы түркі бірлігін көтеріп жүрген ғалым ретінде қыруар шаруа тындыруда.

 

Гүлжаһан ОРДА,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының бас ғылыми қызметкері,

Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет және көркем публицистика

бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы.