Қазақстанның оңтүстік өңірі – сан ғасырлық тарихтың көмбесі, көне өркениеттердің алтын бесігі. Осы өңірдің ашылмай жатқан сырларын ашып, отандық археология ғылымын әлемдік деңгейге көтерген тұлғалардың бірі әрі бірегейі – белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры Александр Николаевич Подушкин. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ғалымның отандық ғылымға қосқан жарты ғасырлық еңбегі жоғары бағаланып, ол «Парасат» орденімен марапатталды.
Әулеттік сабақтастық және XXI ғасырдағы жаңа серпін
Александр Подушкинді заманауи археологияның биігіне шығарған – оның қажымас еңбегі мен әулеттік мектебі. Ол өз зерттеулерінде ХХ ғасырдың ортасында Оңтүстік Қазақстанның археологиялық картасын алғаш сызып, Отырар мен Арыс алқаптарын зерттеген әкесі – белгілі кеңестік археолог Николай Павлович Подушкиннің ісін лайықты жалғастырды. Әке жолын адал ұстанып, XXI ғасырда Кангюй мемлекетін зерттеуге жаңа серпін берген Александр Николаевич бұл бағытта 70 жылдан астам уақытқа созылған әулеттік зерттеудің көшбасшысына айналды. Ғалымның Шымкент қалашығынан тапқан жәдігерлері бұл шаһардың 2200 жылдан астам терең тарихы бар екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп берді.
Жарты ғасырлық тоқтаусыз еңбек және халықаралық серіктестік
Профессор Подушкин бұл бағыттағы зерттеулерін бір сәтке де тоқтатпай, жыл сайын далалық қазба жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Оның бұл еңбегі тек отандық емес, жақын және алыс шетелдік жетекші археологтар мен ғалымдардың басын біріктірген үлкен халықаралық жобаға айналды. Александр Николаевич Ресей, Франция, Ұлыбритания және Орталық Азия елдерінің көрнекті мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, бірлескен экспедициялар ұйымдастырды. Мұндай ауқымды халықаралық ынтымақтастық қазақ даласының көне тарихын әлемдік деңгейге сай дәл және жан-жақты зерделеуге мүмкіндік берді.
Дүниені дүр сілкіндірген Күлтөбе қыш тақталары
Профессор Подушкиннің ең басты және сенсациялық жаңалығы – Түркістан облысындағы көне Күлтөбе қалашығынан табылған қыш тақталардағы жазулар. Бұл – біздің заманымызға дейінгі ІІ–І ғасырлар мен біздің заманымыздың IV ғасырына тиесілі Кангюй мемлекетінің төл жазуы еді.
Бұл жазулардың құпиясын ашу үшін палеолингвистер жылдар бойы тер төкті. Кембридж және Лондон университеттерінің академигі, әлемге әйгілі британдық ғалым Николас Симс-Уильямс бұл мәтіндерді толық оқып шықты. Арамей графикасы негізінде жазылған, көне иран тілінің шығыс диалектісіне (кангюй немесе хаттамалық соғды тілі) жататын бұл жазулар Евразия даласында ерте мемлекеттілік пен архив ісінің жоғары деңгейде болғанын айғақтады. Мәтіндердің бірінде ежелгі Чач (қазіргі Ташкент) әскерінің қолбасшысы Сападани есімді тұлғаның «бау-бақшалы өлкеге» келіп, жаңа қала негізін қалағаны туралы тарихи-саяси оқиға баяндалады.
Ғалым өз дәрістерінде бұл жаңалықтың басты мәніне тоқталып: «Еуропа ғалымдары бізді аборигендердей көруге бейім еді. Алайда Ұлыбритания аралдарына алғашқы цивилизация элементтерін Гай Юлий Цезарь біздің заманымыздың І ғасырында ғана апарса, біздің ата-бабаларымыз б.з.д. ІІ ғасырдың өзінде-ақ іргелі мемлекет құрып, төл жазуын хатқа түсірген», – деп мақтанышпен атап өтті. Ең бастысы, бұл жазбалар көшпелі номадтарды батыс тарихнамасы айтатындай «қиратушы варварлар» емес, қала тұрғызған үлкен «жасампаз созидательдер» ретінде тарих сахнасына шығарды. Ғалымның айтуынша, 120 мың тұрақты әскері болған, құрамына бес локальды иелік (Сусей, Фуму, Юни, Ги, Юягань) және Самарқанд пен Чач аймақтары кірген бұл мемлекет өз заманында Қытайдың Хань империясымен деңгейлес ұлы держава болған. Күлтөбе керамикаларындағы көне таңбалардың қазіргі қазақтың Қаңлы, Шанышқылы, Дулат руларының таңбаларымен дәл келуі – біздің мемлекеттілігіміздің тамыры тереңде жатқанының бұлтартпас дәлелі.
Халықпен жүздесу. Алматы мен Түркістандағы ашық лекциялар
Александр Подушкин – тапқан жаңалықтарын қалың бұқараға, жас буынға жеткізуді парыз санаған ұлағатты ұстаз. Ғалымның еліміздің ірі ғылыми орталықтары – Алматы және Түркістан қалаларында өткізген ашық лекциялары ғылыми қауымдастық пен студенттер арасында үлкен серпіліс тудырды. Ол өз дәрістерінде Күлтөбе жазуларының қалай табылғанын, оның жаһандық тарих үшін маңызын зертханалық дәлдікпен әрі тартымды баяндап берді. Бұл кездесулер жас ғалымдарды үлкен ғылымға жігерлендірген маңызды оқиғаға айналды.
Париж төріндегі мойындау және монументалды еңбек
Бұл жаңалық Қазақстан шекарасынан асып, әлемдік ғылымды таңғалдырды. Александр Подушкин өз жаңалықтарын Франция Ғылым академиясының (Париж) төрінде жеке өзі таныстырған алғашқы қазақстандық ғалым атанды. Оның ашқан жаңалықтары халықаралық мінберлерде, TEDx платформасындағы танымал ғылыми дәрістерде және арнайы деректі жобаларда кеңінен көрсетілді. Ұзақ жылдар бойы жүргізілген зерттеулердің заңды қорытындысы ретінде жарық көрген монументалды екі томдық «Государство Кангюй (II в. до н. э. – IV в. н. э.)» атты монографиясы көшпелілер империясының өмірін толық қалпына келтірген бірегей еңбекке айналды.
Ғылым мен экран тілінің үндестігі
Белгілі жазушы, режиссер Доқтырхан Тұрлыбектің Түркі дүниесінің рухани бесігі мен алтын шежіресін жинақтаудағы ерен еңбектері тек қазба орнында қалып қоймай, кең ауқымды медиа кеңістікте лайықты насихатын тауып келеді. Профессор Александр Подушкиннің Кангюй өркениетіне қатысты ашқан әлемдік деңгейдегі сенсациялық жаңалықтарын – оның ішінде көне жазу мәдениетін, бірегей киім үлгілері мен ат әбзелдерін – халықаралық деңгейде кеңінен насихаттап, «Түркі әлемі» телестудиясы шығарған құнды бейнежазбалар мен арнайы дәрістер топтамасы арқылы көрермен санасына сіңіріп жүрген белгілі жазушы-режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Доқтырхан Тұрлыбек ағамызға ұлттық тарихымызды түгендегені үшін шексіз ризашылық білдіреміз.
Доқтырхан дайын еңбектерді насихаттап қана қоймай, өзі де Қаңлы мемлекетінің терең тарихын зерделеп, осы тақырыпта құнды ғылыми мақалалар жазып және арнайы деректі фильмдер түсіріп, бұл өркениеттің ашылмай келген қырларын ашуға зор шығармашылық әрі ғылыми үлес қосып келеді. Археолог-ғалымның табанды қазба жұмыстарымен тапқан жәдігерлерін өзінің ғылыми пайымымен және экран тілімен сөйлетіп, бауырлас халықтарға ортақ мақтаныш ретінде таратқан бұл мәдени миссия – нағыз отаншылдықтың үлгісі.
Осы орайда, Қаңлы тарихын бірге түгендеп жүрген Доқтырхан Тұрлыбектің өзіндік шығармашылық жолы мен бағындырған биік белестерін, жеткен жетістіктерін мақтанышпен атап өтуге болады:
Түркі әлемінің рухын көтеруге, бауырлас халықтардың бірлігі мен ортақ тарихын, соның ішінде Қаңлы мемлекетінің мұрасын ұлықтауға қосқан зор үлесі үшін ол «ТҮРКСОЙ» Алтын медалінің иегері атанды. Сондай-ақ Дүниежүзілік түркі тілдес халықтардың «Алтын сафран» кинофестивалінің жүлдегері атанып, отандық кинодокументалистиканың мерейін арттырды. Терең интеллектуалдық ізденістері үшін Халықаралық Санкт-Петербург Психология академиясының құрметті академигі болып сайланды.
Он жылдан астам уақыт бойы Алматы қаласындағы халықаралық деңгейдегі «Түркі әлемі» телестудиясын басқарып, түркітілдес елдердің мәдени-рухани көпіріне айналдырды. Ол алтын қорға енген 30-ға жуық құнды деректі туындының (соның ішінде «Бекет ата жолымен», «Қаңлы», «Әйтеке бидің ақ жолы», «Мәшһүр Жүсіп», «Мұстафа Шоқай») авторы әрі режиссері.
Доқтырхан Тұрлыбек жазушы ретінде онға жуық прозалық, сатиралық және ғылыми-танымдық жинақтардың авторы. Ол Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.
Ғалым Александр Подушкиннің археологиялық жаңалықтары мен Доқтырхан Тұрлыбектің Қаңлы мемлекеті туралы ғылыми мақалалары мен деректі фильмдері – бірін-бірі толықтырған, ұлттық кодты тіктеуге бағытталған ортақ үлкен еңбек. Түркі жұртының бірлігі мен тарихын түгендеп жүрген Доқтырхан ағаны лайықты халықаралық марапатымен құттықтай отырып, шығармашылық шабыт пен жаңа толағай табыстар тілейміз.
Ұлттық мүдде және шынайы тарих. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихты зерделеу мен жазу барысында бұрмалаушылыққа жол бермей, ұлттық мүдде тұрғысынан объективті қарау керектігін қатаң шегелеп айтқан болатын. Президент: «Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді», – деп ескертті.
Профессор Александр Подушкиннің атқарып жатқан қажымас ғылыми ізденістері мен жазушы-режиссер Доқтырхан Тұрлыбектің оны халыққа жеткізген шығармашылық бірлігі – дәл осы Президент айтқан шынайы, нақты айғақтар мен бұлтартпас археологиялық жәдігерлерге негізделген тарихты қалыптастырудың жарқын үлгісі. Олардың ортақ еңбегі – қазақ даласының ұлы тарихын әлемге паш еткен бүкіл отандық ғылым мен мәдениет мектебінің үлкен жеңісі.
Құрманбек САҒЫНБЕКОВ,
заң ғылымдарының кандидаты
Шерхан Мұртаза атындағы
Халықаралық Тараз университетінің доценті
Суреттерде:
Профессор Александр Подушкин және жазушы-режиссер Доқтырхан Тұрлыбек
Қаңлының ежелгі жазуы
Қаңлы мемлекетінің теңгелері

