«АРЛАНДАРДАН» НЕГЕ АЙРЫЛЫП ҚАЛДЫҚ?

Спорт
1 172 Views

«Астана арландары» командасының аяқ астынан таратылатыны жөніндегі ақпарат өткен жылдың соңына қарай белгілі болды. Таратылатыны белгілі болғанымен, Бүкiләлемдiк бокс сериясында (WSB) ел намысын абыроймен қорғап келген ұжымның не себепті қажетсіз болып қалғанын қалың жанкүйер қауымға ешкім түсіндірген жоқ. Әйтсе де, жорамал жасап, өз ойын ортаға салғандар болды. Ұққанымыз, бұл қадамға команданың нәтижесі емес, басқа себеп түрткі болғанға ұқсайды.

ШЫҒЫН КӨП, КІРІС ЖОҚ

«Астана арландары» клубының бұрынғы бас директоры Болат Манкенов бұл жобаның болашағы жоқ екенін айтады. Оның айтуынша, ұйымдастыру ережелерінде шикілік көп. Қатысушы боксшылардың құқығы жиі бұзылады. Ең үлкен кемшілігі – шығыс көп те, кіріс жоқ. Жобаға қатысу үшін 500 мың доллар төлеу қажет. Жүлде қоры болса, бір клубтың төлейтін қаржысымен тең. Яғни 500 мың доллар ғана. Бұл – жеңімпаз команданың өзі пайда таппақ түгілі, қатысу үшін төлеген қаражатын да қайтара алмайды деген сөз. Бір-екі маусымнан кейін-ақ клубтардың жарысқа қатысудан бас тартуына басты себеп болған да осы жағдай. Көп ұзамай бұл жобаның мүлде жабылып қалу мүмкіндігі жоғары.

– Әрине, осындай ұжымды, команданы жоғалтып алғанымыз өкінішті. Футболшыларымыздың «сәттіліктерінің» жанында «Астана арландары» бокс клубын тарату – қынжылатын жағдай, – деді ол.

ЖАБЫҚ СОҒЫС ЖҮРІП ЖАТЫР

Болат Манкеновтің пікірі орынды. Әйтсе де, мәселе қаржыда емес, бүгінгі таңда Халықаралық бокс ассоциациясының (AIBA) төңірегінде болып жатқан жағдайға тікелей байланысты секілді. Көпшілікке түсінікті болуы үшін қысқаша түсінік бере кетейік.

Барлығы AIBА-ның бұрынғы президенті Ву Чинг-Куоның сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екені анықталып, қызметінен босап қалғанынан кейін басталды. Оның қызметін уақытша атқарған Гафур Рахимов AIBA президенттігіне өзін ұсынды. Бұған Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) қарсылық білдіріп, Г.Рахимов AIBА президенттігіне сайланатын болса, боксты 2020 жылы өтетін Токио Олимпиадасынан алып тастауға дейін баратындықтарын ескертті. Бұған АҚШ Қаржы министрлігінің 2012 жылы Гафур Рахимовты «ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшілерінің бірі» деп жариялауы, «героин контрабандасымен де айналысқан» деп айыптауы себеп болған-ды.

Осы тұста Азия бокс конфедерациясының президенті Серік Қонақбаев та өзін AIBА президенттігіне ұсынатынын мәлім етті. «Құжаттарды уақтылы өткізбеді» деген себеппен жерлесімізді сайлауға қатысу мүмкіндігінен айырған. Алайда әділдік іздеген С.Қонақбаев Лозаннадағы сотта жеңіске жетіп, Г.Рахимовтың бәсекелесі атанды. Ал қараша айында Мәскеуде өткен сайлауда Гафур Рахимов 134 дауыстың 86-сын жинап, AIBA президенті болып сайланды.

Осыдан кейін әуесқой бокстың басындағы қара бұлт қоюлана түсті. ХОК Токио Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынатын бокс бәсекелерінің жоспарларын тоқтатып тастады. Осындай жағдайда Қазақстан бокс федерациясының (ҚБФ) үнсіз қалуы орынсыз болар еді. Оның үстіне қазақ боксшыларының жиі әділетсіздікке ұшырауы да AIBA тарапынан жасалып жатқан қысым екені айтпаса да түсінікті. Жабық түрде жүріп жатқан соғыста ХОК-ты қолдаған ҚБФ-ның басқа жолы қалмады. AIBA ұйымдастырып отырған WSB бәсекесіне «Астана арландарын» қатыстырудан бас тартты.

Иә, осылай ой түюге негіз бар. «Арландар» бар-жоғы 8 маусымы өткен WSB бәсекесінің 5 рет ақтық сынына қатысты. Үш рет жеңімпаз, екі рет екінші орын иегері, үш рет қола жүлдегер атанған команданы «сәтсіз өнер көрсетті» деуге ешкімнің де аузы бармас. «Астана арландарының» таратылғаны жөніндегі ақпаратты «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы емес, ҚБФ таратқаны да сөзімізді растай түссе керек.

БОКСТЫҢ ЕРТЕҢІ БҰЛЫҢҒЫР

Әуесқой бокстың ертеңі бұлыңғыр болып тұр. Егер бұл спорт түрі Олимпиада кестесінен түсіп қалатын болса, онсыз да дау-дамайға байланысты көп жанкүйерін жоғалтып алған AIBA бәсекелерінің қызығы қалмайды. Бұл жағдай былғары қолғап шеберлерінің жаппай кәсіпқой боксқа ауысуларына түрткі болмақ. Дегенмен AIBA райынан қайтпаған күннің өзінде де бұдан шығатын жол табуға мүмкіндік бар. Оны Атланта Олимпиадасының чемпионы Владимир Кличко ұсынды.

Ол осы уақытқа дейін AIBA атқарған міндетті Бүкіләлемдік бокс ассоциациясына (WBA) тапсыру қажет деп есептейді. Яғни әуесқой бокс бәсекелері мен Олимпиада жолдамалары сарапқа салынатын жарыстарды осы ұйым өз мойнына алуға қауқарлы. Сонда ғана «Олимпиада чемпионы болсам» дейтін қаншама жас боксшының арманын елес етпей, әуесқой бокстың беделін өсіру үшін қайта күш салуға мүмкіндік ашылмақ екен.

Несі бар, құптарлық іс. Әсіресе, әуесқой бокста ойып тұрып алатын орны бар Қазақстан үшін де қазіргі жағдай тиімді болып тұрған жоқ. Өзгеріс қажет. Осындай тың бастама серпін бермесе, әуесқой бокстың ертеңі бұлыңғыр…

Мұрат СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Mixnews.kz.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *