МҰҒАЛІМНІҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІ – ОҚЫТУ САПАСЫН АРТТЫРУКЕПІЛІ

Білім Қоғам
2 352 Views


Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, Халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін ең алдымен педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойынша мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ педагогтардың еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген.

Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен сындарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялармен, жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық. Олай болса, білімнің сапалы да саналы түрде берілуі білім беру жүйесіндегі педагогтардың, зиялы қауымның деңгейіне байланысты. Дәстүрлі білім беру жүйесінде білікті мамандар даярлаушы кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты – мамандықты игерту ғана болса, ал қазір әлемдік білім кеңістігіне ене отырып, бәсекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну – қазіргі таңда негізгі өзекті мәселелердің бірі. Жалпы алғанда, «құзырлылық» ұғымы жайлы ғалым К.Құдайбергенова «Құзырлылық – соңғы жылдары педагогика саласында тұлғаның субьектілік тәжірибесіне ерекше көңіл аудару нәтижесінде ендіріліп отырған ұғым. Құзырлылықтың латын тілінен аудармасы «competens» белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар, білгір деген мағынаны қамти отырып, қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді түрде шешім шығара алады дегенді білдіреді» деп көрсетеді. Бұл жайлы Б.Тұрғынбаева «Өзінің тәжірибелік әрекеті арқылы алған білімдерін өз өмірлік мәселелерін шешуде қолдана алуын – құзырлылықтар деп атаймыз» деп анықтаса, Ресей ғалымы Н. Кузьминаның көзқарасы бойынша «Құзырлылық дегеніміз – педагогтың басқа бір адамның дамуына негіз бола алатын білімділігі мен абыройлылығы». Ендеше, құзыреттілік дегеніміздің өзін қазіргі заман талабына сай педагог қауымының өзін-өзі өзгерте алу қабілеттілігі деп түсінуге болады. Білім саясатындағы түбегейлі өзгерістерді күнделікті оқу үрдісінде берілетін тапсырмалардан бастау қажет екені айқын көрсетілген. Ұстаздар қауымынан оқушыларды тек білімге ғана емес, өмірге де үйрететін қабілеттілікті қажет етіп отыр. Демек, болашақ педагогтарымыз осы ақпараттық қоғамнан қалыспай: жедел ойлаушы; жедел шешім қабылдаушы; ерекше ұйымдастырушылық қабілетті; нақты бағыт-бағдар беруші болып шығуы – бұл қазіргі заманның талабы. Міне, құзыреттілік қалыптастыру дегеніміздің өзі болашақ мұғалім – қазіргі оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып ойлаудың, зияткерлік белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезуіне үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болып табылмақ. Бұл өз кезегінде қазіргі ұстаздардан шәкіртті оқытуда, білім беруде, тәрбиелеп өсіруде белгілі бір құзыреттіліктерді бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыруды талап етеді. Мұндай құзырлылықтың қатарына мыналар жатады: бағдарлы құзыреттілік; мәдениеттанымдық құзыреттілік; оқу-танымдық құзыреттілік; коммуникативтік құзыретілік; ақпараттық- технологиялық құзыреттілік; әлеуметтік-еңбек құзыреттілігі; тұлғалық өзін- өзі дамыту құзыреттілігі. Аталған құзыреттілік қасиеттерді тұлға бойына дарытуда педагог қауымның арнайы әлеуметтік білім беру құзыреттілігінің жан-жақты болуы талап етіледі. Егер педагог кәсіби өсу жобасын дұрыс жолға қоя отырып, өзінің кәсіптік қызметіне нақты берілу арқылы тұлғаның алған білімін өмірде қолдана білетіндей тапсырмалар жүйесін ұсына алатын жағдайда болғанда ғана студент құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік табады. Бір сөзбен айтқанда, тұлғаға бағытталған білімдер жүйесі білім стандартына сай тұлғаның жан-жақты дамуына негізделген, алған білімін өмірдің қандай бір жағдаяттарында қолдана алатындай дәрежеде ұсыну педагогтың құзыреттілігіне байланысты болады. Қазіргі аса қарқынды өзгерістерге толы әлеуметтік-экономикалық жағдайда білім беру жүйесінде педагогке қойылатын талап та ерекше екені түсінікті. Бұл мынандай фактілерге байланысты болмақ:

– оқытудың әр алуан түрлері мен әдістерін қолдану;

– топтық жұмыс дағдыларын дамыту;

– әрекеттерге үйрету;

– нақты ситуацияларды талдау.

Білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс-қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогты атаймыз.

Гулаш ТУРСЫНКУЛОВА,

радиоэлектроника және байланыс пәндері бірлестігі комиссиясының төрайымы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *