АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ҚОҒАМ

Қоғам
3 991 Views

Шымкенттегі «Ғажайып» салтанат сарайында «Оңтүстік демократия» қоғамдық қоры, «Қазақтану» ғылыми-зерттеу орталығы, «Ұлт академиясы» журналы ұжымдарының ұйымдастыруымен «Алаш қозғалысының тарихы, саяси-идеологиялық мәні» атты тақырыпта ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Оны «Оңтүстік демократия» қоғамдық қорының төрағасы, ғалым, физика-математика ғылымдарының кандидаты Шаруа Пірмат қысқаша сөз сөйлеп ашты.

Белгілі жазушы, тарихшы, публицист, шежіреші Момбек Әбдәкімұлы Тәуелсіздік идеясының алғаш Орынбор, Омбы, Семейде емес, Ташкентте басталғанын тілге тиек етті. 1914 жылы осында шоғырланған қазақ халқының зиялылары құрған «Үш жүз» тобы «Алаш» деп аталатын газет шығарған. Жалпы, Алаш идеясы алғаш рет осы басылым арқылы көрініс тапқан. Бұл газет барлық қазақтың бірлігі мен тәуелсіздікке жетудің мұраттарын алғаш көтерген басылым ретінде тарихқа енген. Кейіннен «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі құрылғанын бәріңіз жақсы білсеңіздер керек.

«Оңтүстік демократия» қоғамдық қорының төрағасы Шаруа Пірмат «Әлихан Бөкейханов және тәуелсіздік» тақырыбында баяндама жасады. Қазақ халқының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің өмір жолы жайында айта келе оның 1905 жылы өткен Қоянды жәрмеңкесінде жарияланған Қарқаралы петициясында төмендегідей талаптар қойғанын атап өтті:

1. Діни сезімдерді атқаруда, оқу-ағарту жүйесін ұйымдастыруда жергілікті халықтың еркіне қайшы келетін шектеулерді жою.

2. Ауылдарда сабақ орыс тілімен бірге қазақ тілінде жүргізілетін мектептер ашу.

3. Қазақ халқының мұң-мұқтажын талқылауға қажет құрал – цензурасыз газет шығаруға және баспахана ашуға рұқсат беру.

4. Жаппай қоныстану қарқынының күшейіп, құнарлы жерлердің қоныстанушыларға өтуіне байланысты қазақтар орналасқан жерлерді олардың заңды меншігі екенін мойындау.

5. Мемлекеттік аппаратта, сот орындарында іс қағаздарын қазақ тілінде де жүргізу, олардың жұмысында қостілділікті жолға қою, тағы басқалар.

Міне, осылардың өзінен-ақ Әлихан Бөкейхановтың ұлтжанды азамат екенін айқын аңғаруға болады.

Ақын, түркітанушы ғалым Сәрсен Бек Сахабат Ташкентте Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Шаңгерей Бөкеев Түркістан автономиясын құру жолында көп еңбек сіңіргені жайында сөз өрбітті. Американ ғалымы Александр Парктің: «Түркістан автономиясы – Кеңес өкіметіне ең алғаш қарсылық көрсеткен құрылым» деген сөзі бар екен.

Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Мұрат Серікбайұлы Базарқұлов:

– Қазақстанның үшінші ірі мегаполисі атанған қалада 364 қоғамдық ұйым тіркелген. Әрине, біз олардың бәрімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауға мүдделіміз. Бүгінгі бастамаларыңызға сәттілік тілейміз, – деді.

Конференцияға қатысушылар Алаш арыстарының асқақ рухтарына Құран бағыштады. Олардың халқымыз үшін сіңірген еңбектерін ұмытпауға шақырды. Осы орайда асылдарымыздың есімдерін мектептер мен көшелерге беру жөнінде жергілікті билік органдары мен ономастика комиссиясына ұсыныстар жасайтынын жеткізді.

Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *