БІРЫҢҒАЙ ЖИЫНТЫҚ ТӨЛЕМ

Қоғам Құқық
1 202 Views

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 26 желтоқсандағы № 203-VI Қазақстан Республикасының заңымен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлемнің енгізілуі қарастырылғанын хабарлайды.

Салық кодексінің 774-бабына сәйкес, бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:

1) бірыңғай жиынтық төлемді төлеген;

2) жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланбайтын;

3) тек қана жеке тұлғаларға қызмет көрсететін және (немесе) акциздік өнімдерді қоспағанда, өзінің жеке қосалқы шаруашылығында өндірген ауыл шаруашылығы өнiмiн тек жеке тұлғаларға ғана өткізетін, дара кәсіпкер ретінде тіркелмей, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемді (бұдан әрі – БЖТ) төлеушілер деп танылады.

Осыған байланысты, басқа жеке тұлғаларға қызмет атқаратын және (немесе) жеке қосалқы шаруашылық өнімдерді өткізетін жеке тұлғалар БЖТ төлейді. Мысалы, егер заңды тұлғаға және (немесе) дара кәсіпкерге қызмет көрсетілсе, осындай қызметті көрсететін жеке тұлғаның – БЖТ қолдануға құқығы жоқ.

Сонымен қатар, БЖТ төлеушілері болып мыналар танылмайды:

1) коммерциялық жылжымайтын мүлiк нысандары аумағында кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылатын, оның iшiнде меншік құқығындағы, жалдау, пайдалану, сенiмгерлiк басқару сауда нысандарын қоса алғанда қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар;

2) тұрғын үйді қоспағанда, мүлікті жалға (мүлiктiк жалдау) беретін тұлғалар;

3) жеке тәжірибемен айналысатын адамдар;

4) оралмандарды қоспағанда, шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар;

5) жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуі бар адамдар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер ретінде танылмайды.

Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген немесе жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар және стационарлық орындар арқылы қызмет атқаратын (коммерциялық нысандар – сауда нысандары, базарлар және тағы басқалар), (тұрғын үйді қоспағанда) мүлікті жалға беретін тұлғалар БЖТ төлеушілері бола алмайды.

Осыдан басқа, БЖТ төлеушінің табыс мөлшері күнтiзбелiк жыл үшiн республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарындағы айлық есептік көрсеткіштің 1 175 еселенген мөлшерінен аспауы тиiс (2019 жыл – 2 966 875 теңге).

Жеке тұлғалар, бірыңғай жиынтық төлем жасалған күннен бастап мұндай төлем жүргізілген айдың соңғы күніне дейін БЖТ төлеушілердеп танылады.

БЖТ жеке табыс салығының және әлеуметтік төлемдердің төленуге жататын сомалары қосылады.

БЖТ мөлшері келесідей: 1 АЕК- республикалық және облыстық маңызы бар қалалар, Астана үшін және 0,5 АЕК– басқа елдімекендер үшін.

Бюджет пен қорлар арасында төлемдердің бөлінуі ыңғайлы болу үшін бiрыңғай жиынтық төлем банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының шотына аудару жолы мен бір төлем тапсырмасымен жалпы сомамен төленуге жатады, ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БЖТ-ді төмендегіше бөледі:

· Жеке табыс салығы (бюджетке 10%);

· Әлеуметтік төлемдер (ӘСМҚ-на 20 %);

· Зейнетақы аударымдары (БЖЗҚ-на 30 %);

· МӘМС-ға аударымдарына (ӘМСҚ-на 40 %).

Салық кодексінің 317-бабына сәйкес бiрыңғай жиынтық төлемдi төлеушi Салық кодексімен белгіленген қызмет түрлерiн жүзеге асырудан алған (алуға жататын) кірістер бойынша жеке табыс салығы және әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсынбайды.

Сәйкесінше Кәсіпкерлік кодексінің 35-бабына да өзгерістер енгізіліп, Салық кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші деп танылған жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы.

С. ӨМІРЗАҚОВА,

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыс басқармасының бас маманы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *