ТӨЛЕБИДЕ БИТУМ ШЫҒАРАТЫН ЖАҢА КӘСІПОРЫН АШЫЛДЫ

Экономика Қоғам
556 Views

Төлеби ауданында «КазахБитум» ЖШС-нің мұнай өнімдерін өңдеу зауытындағы үздіксіз полимерді модификациялау цехы ашылды. Киелітас ауылдық округі аумағында орналасқан зауыт жылына 200 мың тоннадан астам өнім өндіруге қауқарлы. Жоба құны – 550 млн. теңге. Цехта жол жөндеу жұмыстарына қолданылатын ерекше қоспа өндіріледі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы жұмыс сапарымен Төлеби ауданында болып, жаңа өндіріс орнының ашылу рәсіміне қатысты.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кәсіпкерлік саласын тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінде облыста аталған мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облысымызда 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар Президент автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігін айтқан болатын. 2025 жылға дейін жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма берді. Бізде әлі күнге дейін битум тапшылығы бар. Аудан аумағында жұмыс істеп тұрған зауыттың жұмысын жандандыру арқылы облысымызда осы мәселені шешеміз. Бүгін іске қосылған полимерді модификациялау цехының маңызы жоғары. Осындай ірі зауыттарымыз көбейе берсін! – деді Дархан Сатыбалды.

Битум әртүрлі жол жұмыстарында кеңінен қолданылады. Өнімнің бір ерекшелігі, ауа-райының кез-келген температурасына бейімділігі. Битум жол төсенішінің біркелкілігін және түрлі деформацияланудан сақтайды. Полимерлі битумды пайдаланатын асфальтбетон қоспасы жолды тозып кетуден қорғайды. Цехта жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған.

Іссапар барысында облыс әкімі Бірінші Мамыр ауылдық округінде орналасқан «Балмұздақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Балмұздақ цехы 1998 жылдан бері жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 3 мың тоннаға жуық балмұздақ, 15 тонна тұшпара, жарты миллион тоннадан астам шоколад өнімдерін өндіреді. 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Келер жылы 1 млн. 300 мың евроға Австриядан балмұздақ цехына құрал-жабдықтар алып, орнатылмақ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *