АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА ЕДІ

Тұлға
1 705 Views

Қазақ спорты қара жамылды. 2017 жылдың 15 желтоқсан күні кешқұрым 77 жасқа қараған шағында қазақтың кәсіби футболында аты аңызға айналған тұлғасы Тимур Санжарұлы Сегізбаевтан айырылып қалдық. Үш ай бұрын зайыбы Клара Абдуллақызы Сегізбаева бұл жарық дүниемен қош айтысқан болатын. Жан жары әрі сенімді тірегінен айырылған атақты футбол ардагері өзіне төнген ауыр дертпен әрмен қарай күресуге шамасы жетпеді.

Күні кеше ғана Алматыдағы Орталық стадион даңқты «қайраттық» аяқдоп шеберінің жетпіс жасқа толған мерейтойына арналған «Ұрпақтар матчын» дүркіретіп өткізген сыңайлы еді. Енді міне, спорттық ғұмырындағы басты стадион оны соңғы сапарға шығарып салып отыр.

Тимур Санжарұлының өмірінде жарқын сәттер аз болмаған. Ол жайында кітаптар жазылып, есімі жаңадан дүниеге келген сәбилерге берілді. «Халықтық команданың» жанкүйерлері өздерінің сүйікті кумирін жан-тәнімен құрмет тұтатын. Алайда, қаншама зор сый-құрмет пен абырой-беделге бөленсе де ол асып-таспайтын. «Жұлдыз ауруына» жолықпайтын.

1960 жылғы 14 мамырда өткен КСРО футбол чемпионатының жетінші турында «қайраттықтар» Минскіде жергілікті «Беларусьпен» жасыл алаңға шыққан болатын. Қарсыластар бұған дейін өткізген алты ойында да жеңіске жеткен. Алматылықтардың еншісінде жалғыз ғана ұпай бар. Кездесу барысында қос гол соққан Тимур Сегізбаевтың арқасында жерлестеріміз жоғары топтағы ең алғашқы жеңісін тойлайды.

1964 жылдың тамылжыған тамыз айында мәскеулік «Спартакты» 2:0 есебімен қапы қалдырған тарихи жеңіс те оның спорттық карьерасында айрықша мәнге ие. Қарсыластар қақпасына соғылған қос доптың да авторы Сегізбаев болатын. Ертеңіне кеңестік газеттер Аркадий Гайдардың хикаятымен аттастырып, «Тимур және оның командасы!» тақырыбында мақалалар жариялады. Шынтуайтында, алматылықтар «Қайраттың» жартылай қорғаушысының құрметіне өздерінің ұлдарын Тимур деп атай бастады.

Алматылық оныншы нөмірлі ойыншының соққысы қақпашылар үшін нағыз қасіретке айналады. Сол себепті олардың бәрі Тимур Санжарұлының соққысынан қатты қаймығатын. Ел ішінде ол жайында аңызға бергісіз әңгімелер желдей есетін. «Тимурдың оң аяғы сұмдық қуатты дейді. Оң аяқпен тепкен добын адам баласы ұстай алмайды. Сол себепті оң аяғына қызыл лента байлап қояды екен», «Бір жолы оның тепкен добынан қақпаны қорғаған маймыл сеспей қатыпты», «Қақпашылар Тимур доп теберде қақпаны тастай қашады екен…» деген секілді әңгімелерді жас кезімізде талай рет естігенбіз.

«Қайрат» командасына келгеннен кейін Сегізбаев нағыз кәсіби шеберге айналады. Ол жасөспірім кезінде де өз қатарластарының арасында ерекшеленіп тұратын. КСРО мектеп оқушыларының спартакиадасында Армениямен сынға түскен Қазақстан құрамасының жас талантты футболшысы ерен ерлік жасайды. Бірінші таймда қарсыластарынан 0:5 есебімен ұтылып тұрған жерлестеріміз екінші таймда таразы басын теңестіріп кетеді. Сегізбаев бес голдың да авторы атанады!

Тимур Сегізбаев «Қайраттың» сапында 12 жыл өнер көрсетті. Төрт жыл команда капитаны болды. 200-ден астам ойынға қатысты. Әттең, созылмалы жарақат болмағанда бұдан да ұзақ уақыт ойнауы мүмкін еді. 1970 жылғы 9 мамырда, небәрі 29 жасында ойыншы ретінде футболмен қош айтысады. Өзінің майкасын Чеботаревке тапсырған. Ол өзге әріптестері секілді нашар ойнауды ар көргендіктен, осындай ізгілікті қадамға барған.

Сөйтіп, оның бапкерлік жолы басталады. Қызылорданың «Автомобилист», Қарағандының «Шахтер» клубтарына жаттықтырушылық жасайды. «Қайратына» келіп, оны КСРО-ның бірінші лигасынан жоғары топқа қайта алып шығады. Алматылық клубта алты жыл бас бапкер болып істейді. Кейіннен Йемен құрама командасына басшылық жасап, оның деңгейін көтеруге атсалысады. Өзінің сүйікті клубына қайта оралған ол «Қайратты» рекордтық нәтижеге жеткізеді. КСРО чемпионатының жоғары тобында жетінші орын иелену – біздің жерлестеріміз үшін жоғары жетістік болатын.

1989 жылдан ол ресми түрде футбол функционері ретінде түрлі лауазымда қызмет атқарып, отандық спорттың дамуына сүбелі үлес қоса білді. Халықаралық футбол қауымдастығының (ФИФА-ның) 51-конгресінде оның президенті Жоао Авеланжға Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын тапсыру құрметіне бөленеді. Осылайша Қазақстан ФИФА-ға мүшелікке қабылданған болатын.

Қазіргі қазақ футболына Сегізбаев секілді серкелер жетіспей тұрғаны жасырын емес. Футболшылар мен бапкерлердің арасынан дәл Тимур Санжарұлындай сый-құрметке бөленген ешкім жоқ. Төсекке таңылғанымен, футболдың жай-күйіне алаңдайтын атақты аяқдоп шебері ащы шындықты айтудан еш танбайтын. Әрине, онысы біреулерге жақса, енді біреулерге онша ұнамайтын.

«Қайрат» футбол клубының академиясына өзінің есімі берілгенде айрықша толқығаны жадымызда. Енді Алматыдағы Орталық стадионға оның атын беру сұранып-ақ тұрғандай. Футболдың төңірегінде жүрген үлкен-кішінің бәрі құрметтейтін. Тіпті, жауларының өзі оның қазақстандық футболдың аты аңызға айналған тұлғасы екенін мойындайтын.

Отандық футболдың тағы бір ардагері Михаил Ильич Гурман өзінің кітабында: «Тимур Сегізбаевтың мінезіндегі жалғыз ғана кемшілік – оның әдептілігі еді», – деп жазғаны бар. Шынтуайтында да оның ақ айтып, тура сөйлеймін деп зардап шеккен кездері аз болмаған көрінеді.

Оңтүстікқазақстандық футбол жанкүйерлерінің атынан Тимур Санжарұлы Сегізбаевтың қайтыс болуына байланысты оның отбасына қайғырып көңіл айта отырып, марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз.

Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *