АР-НАМЫСТАН ЖАРАЛҒАН БАТЫР

Тұлға
1 877 Views

Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында ұлы даланың ұлы тұлғаларын дәріптеу жөнінде өте маңызды мәселе көтерген. Бұл бір жағынан халқымыздың тарихы терең және осы тарихты жасаған ұлы тұлғаларымыздың көп екенін көрсетсе, екінші жағынан жастар үшін тәрбиелік маңызы өте зор. Қазіргі жастарымыз еліне ерен еңбек сіңірген, халқымыздың өсіп-өнуіне үлкен үлес қосқан ірі тұлғалардың өмірін, атқарған қызметін естіп-біліп, соларға еліктеп өссе, бұл тәрбие жұмысындағы, әсіресе, ұлттық тәрбиедегі үлкен жетістік болар еді.

Ұлттық тәрбиенің маңызын ескере отырып, біз 2010 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Тұлғатану» орталығын аштық. Содан бері студент жастарға көптеген тарихи тұлғалар (батырлар, билер, хандар, ақын-жазушылар), көрнекті мемлекет, қоғам және өнер қайраткерлері, белгілі ғалымдар, ұстаздар, ақын-жазушылар туралы танымдық дәріс өткізіп келеміз. Айтылатын кейіпкеріміз жөнінде көрме ұйымдастырамыз, кинофильм көрсетеміз, танымдық деректер таратып береміз. Артында қалған ұрпақтарын, туған туыстарын, шәкірттерін шақырамыз. Бір-екі жақсы баяндама жасалып, қызықты естеліктер айтылады. Танымдық дәрістерге жастардың қызығушылығы өте жоғары, әртүрлі сұрақтар беріп, өз ұсыныстарын айтып отырады.

Осындай танымдық дәрісіміздің бірнеше дүркін кейіпкері болған ұлы даламыздың ұлы тұлғаларының бірі – Бауыржан Момышұлы. Баукең – қазақ тарихында ерекше орны бар біртуар баһадүр батыр, қайталанбас қаһарман, көрнекті қолбасшы, талантты жазушы ретінде халқының құрметіне бөленген ірі тұлға. Б.Момышұлының тұлғасын дәріптеу әрі жеңіл, әрі қиын. Жеңілдігі ол кісі туралы жазылған шығармалар жетіп артылады. Олардың ішінде жүздеген кітаптар, мыңдаған мақалалар, естеліктер, өлең-жырлар мен дастандар, өмірі мен шығармашылығына арналған зерттеулер, ерлігін дәріптейтін роман, повестер мен әңгімелер бар. Баукеңе арналып алты деректі және үш көркем фильм түсірілді, бес-алты спектакль қойылды, әндер жазылып, күйлер шығарылды. Мұның бәрі Бауыржандай алыптың көп қырлы келбетін, адами болмысын, бай рухани дүниесін, терең сырларын, тұлғалық қасиеттерін жан-жақты ашып көрсетеді. Б.Момышұлындай батырға арналған шығармалар мұнымен шектелмейді, әлі де жалғаса береді. Бұл халқының Баукеңе деген құрметі.

Сонымен қатар Бауыржан тақырыбын қозғау, ол туралы әңгіме айту өте жауапты. Ол кісі көптің бірі емес қой. Қаһарман қолбасшы, ержүрек батыр, үлкен ұстаз, терең психолог, әскери саладағы ірі ғалым, қос тілді тең меңгерген керемет жазушы, қазақ тілі мен мәдениетінің жанашыры, ұлтын ерекше сүйген, заманының ауыр жүгін арқалаған абзал азамат. Сондықтан Баукеңнің осы қадірлі қасиеттерін терең түсіндіре білген және оларды жақсылап көрсете білген жөн. Өкінішке орай, осының бәрін өз аузымен айтатын Баукеңнің замандастарынан ешкім қалған жоқ, көз көргендердің өзі азайып қалды. Шүкіршілік, әзір қатарымызда атасын белсенді түрде дәріптеп жүрген келіні Зейнеп, немересі мен шөберелері бар. Оларға тағдыр өмір берсін деп тілейміз.

Кезінде Б.Момышұлы туралы жазған жазушы азаматтар аз болған жоқ. Алғаш батырдың атын шығарған Александр Кривицкий мен Александр Бекті былай қойғанда, олардың қатарына Әзілхан Нұршайықов, Мәлік Ғабдуллин, Мекемтас Мырзахметұлы, Кәкімжан Қазыбаев, Шерхан Мұртаза, Мамытбек Қалдыбай, Құрманбек Сағындықов, Дмитрий Снегин, Жәмила Егембердиева, баласы Бақытжан Момышұлы мен келіні Зейнеп Ахметованы қосар едік. Осы азаматтардың өте құнды еңбектерінің арқасында Баукеңнің шын табиғаты, таудай үлкен таланты, ірі тұлғасы, адами қасиеттері, шыншылдығы, тазалығы, халқына – қазағына сіңірген өлшеусіз мол қызметі көпшілікке аян болды. Бұдан басқа батыр ағамыздың әртүрлі қыр-сырларын дәріптеп жүрген өзге азаматтар да аз емес.

Бұл тұрғыдан алғанда, Бауыржан ағамызды бақытты кейіпкер дер едім. Қаншама қатал мінезі болса да жанында осыншама талантты қаламгерлердің болуы тағдырдың жасаған жақсылығы деп білеміз. Өмірде мұндай жағдайлар сирек кездеседі. Небір ғұламалардың, көрнекті тұлғалардың арасында өмірі көмескіленіп, дерексіз өткендері қаншама. Олардың өмірбаянын жобалап, кей жерлерін ойдан қосып, мәртебелерін биіктетіп жүрміз. Ал Бауыржан ағамыздың тарихи тұлғасы, адами болмысы, өмірге көзқарасы, қоғами құбылыстарға, кейбір ірі тұлғаларға берген әділ бағасы бәрімізге айдай анық.

Бауыржан Момышұлының батырлық хикаясын «Арпалыс» атты кітап жазған Александр Бек бастап берді. Оны ары қарай заңды түрде жалғастырған «Мәскеу үшін шайқас», «Генерал Панфилов», «Бір түннің тарихы», «Кубадағы кездесулер», «Соғыс психологиясы», «Қанмен жазылған кітап» сияқты өз еңбектері және Әзілхан Нұршайықов ағамыздың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы. Бәукеңнің әулеті, ата-бабасы, туған-туыстары жөнінде ең құнды шығарма − ол кісінің өзінің «Ұшқан ұя» повесі. Бұл өте керемет жазылған өмірбаяндық көркем шығарма. Осы тақырыпты толықтыратын жеңгеміз Жәмила Егембердиеваның 1990 жылы шыққан «Өмірінің өзі дастан» роман-эссесі.

Бәукеңді әке ретінде ғана емес, ірі тұлға, қайталанбас дара адам ретінде көрсете білген баласы Бақытжан «Восхождение к отцу», «Во имя отца», «Сыновья великого волка» деген шығармаларын жазды.

Бәукеңнің күнделікті өмірдегі болмысын, адами қасиеттерін, тазалығын, адалдығын, үлкен парасатты ой иесі екенін келіні Зейнеп Ахметова «Шуақты күндер» естелік кітабында өте шебер көрсете білген. Бұл еңбекте сонымен қатар батырдың өз замандастары, әріптес жазушылар, туған-туыстар, отбасы мүшелерімен күнделікті қарым-қатынасы қаз-қалпында суреттелген. Ал енді келіні Зейнептің 2012 жылы жарық көрген «Бабалар аманаты» атты іргелі еңбегі Баукең туралы аса құнды шығарма болып табылады. Атасының алуан түрлі тақырыпқа (әсіресе ұлттық дәстүр, салт-сана) арналған әңгімелерін үлкен ұқыптылықпен қағазға түсіріп, көпшілік оқырмандарға әдеби тілмен шебер жеткізіп, Баукеңнің ғұламалығын тастай етіп шегелеп, дәлелдеп берген бұл еңбек Зейнептің ерлігі. Кітаптың көркемдік деңгейі де өте жоғары.

Осы тақырыпты Мамытбек Қалдыбай жалғастырады. Бәукеңнің қасында көп жылдар бірге болып, мінез-құлқын байқап, айтқан әңгімелерін жинақтап жүрген қаламгер көптеген мақалалар және «Атақ пен шатақ» , «Мен халқымның Бауыржанымын» атты кітаптар жазды.

Бәукеңнің жазушылық талантын, көп көзге түсе бермейтін адами қасиеттерін терең зерттеген және ол кісінің көптеген еңбектерін жарыққа шығаруға себепші болған ғалым Мекемтас Мырзахметұлы.

Сонымен қатар майдандас досы, белгілі жазушы Дмитрий Снегиннің «Шалғай шепте», «Шабуылда», «Наш Бауыржан», «Открытый всем» деген кітаптары мен көптеген естелік мақалаларын айтпай кетуге болмас.

Бұдан басқа да айтулы азаматтар және көптеген журналистер Бауыржан Момышұлының әртүрлі қыр-сырлары жайлы жазған. Солардың ішінде Елен Әлімжан мен Бақытбек Смағұлдың еңбектерін ерекше атау керек.

Бауыржан Момышұлының азаматтық болмысын, қайраткерлік қасиетін, жазушылық талантын айтпас бұрын, оның ұлттық бейнесін анықтап алған жөн. Өйткені Баукең ұлтын ерекше сүйген, қазақ тілі мен мәдениетінің үлкен жанашыры, халқының ары мен намысын арқалаған абзал азамат.

Бауыржан Момышұлы – Кеңес Одағының идеологиясы билік құрып, ұлттық сана жаншылып тұрған кездер ұлт мәселелерін көтеріп, ұлтшыл атанған азамат. Ұлттық сезімді, рухани дүниені ол отбасында жүріп бойына сіңірді. Бұл тұрғыда Имаш атасының, Қызтумас әжесінің, Момыш әкесі мен Разия шешесінің, туған-туыстарының тәрбиелік әсерін өзінің «Ұшқан ұя» кітабында жақсылап тұрып жазады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» деген халық мақалы түгелімен Баукеңнің өмірінің өзегі десе де болады.

Дүниеге жаңа келген нәресте Бауыржанға Имаш атасының берген батасы қабыл болып, тұл бойына толығымен дарыды:

Алатаудың қыраны мол еді –

Қырағы болсын, құлыным.

Қойнауы суға мол еді –

Бұлағы болсын, құлыным.

Елінің тірегі зор еді –

Шырағы болсын құлыным.

Ата тілегі оң еді –

Құмары болсын, құлыным.

Бұл жер батырлар төрі еді –

Сыңары болсын, құлыным!

Бауыржан өз өмірінде осы ата тілегінің бәрін түгел іске асырып кетті.

Жастайынан үлкенді сыйлап, құрмет тұтып, сәлем беруге үйренген Бауыржан ағайын-туыстардың ара қатынасын, халқымыздың салт-дәстүрлерін көзімен көріп, көңіліне тоқып өседі. Атасы Имаш ауыл ақсақалы, данагөй адам болса, әкесі Момыш өлең шығаратын, рухани қазынасы мол, әділдікті, тазалықты сүйетін, оған қоса молдалығы бар азамат еді. Ал әжесі Қызтумас аңыз-әңгімелерді көп білетін кісі екен. Бауыржан сол әжесінің ертегілерін, әлдилеген әндерін естіп өскен бала. Кейін осы кездерін еске алып, қазіргі ана-әжелерге көңілі толмай былай деп айтқаны бар: «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері не шешелері ертегі айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріне бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса екен деп қорқамын» деп қауіптенген.

Халқымыздың ұлттық дәстүрін, салт-санасын, әдет-ғұрпын ерекше сыйлаған Баукең «Ұшқан ұя» кітабында солардың барлық түрлерін (шілдехана, бесікке бөлеу, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, атқа міну, келін түсіру, қыз ұзату, тағы басқалар) керемет көркемдікпен баяндаған. Қыз ұзату және үйленуге байланысты барлық салт-дәстүрді өзінің Үбиан әпкесінің ұзатылуына байланысты жан-жақты сипаттайды. Үбианның өз елімен, ағайын-туыстарымен қоштасу салты, сыңсу, жұбату жырлары, келін болып түскен ауылдағы жар-жар, беташар, той бастар үлгілері түгел келтірілген.

Бауыржан қазақтың салт-дәстүрлерінің ерекше түрі – ұлттық ойындарға да көп көңіл бөлген. Қыз қуу, бәйге жарыс, көкпар, жамбы ату, күрес, алтыбақан сияқты ойындарды қастерлеген. Жоғарыда аталған кітабында Баукең былай деп жазады: «Көкпар, бәйге, аударыспақ – батылдыққа, ептілікке, бұлшық етті шынықтырып, құмарлықты оятар, ары мен атағы үшін өлімге бас тігуге дейін баратын дәстүрлі ұлттық ойындар. Бұл ойындардың игілікті екеніне ешқандай күдік болмауы тиіс» дейді.

Баукең өзінің осы ойын жеке басының мәселесі ғана емес, мемлекет деңгейінде маңызы бар мәселе ретінде көтерді. Қырғын соғыстың ортасында жүріп 1943 жылғы 18 сәуірде Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа арнайы хат жолдайды: … «Я убедился на своем опыте, что в воспитании боевых качеств бойца имеет колоссальное значение военное прошлое народа и национальные традиции… Кокпар, байга, аударыспак, сайыс – традиционные национальные спортивные игры, вырабатывающие смелость, ловкость, физическую закалку, азарт, способность к риску с расчетом, даже способность к самопожертвованию ради чести и славы своей. Эти игры воспитывают благороднейшие, рыцарские качества в джигите, столь необходимых для солдата Красной Армии… Долг службы и совесть воспитателя джигитов солдат обязывают меня обратится к Вам с этим письмом, так как, по моему личному мнению, возрождение благородных традиций нашего народа, обогащающих кладом своим систему воспитания молодежи, немыслимо без вмешательства таких государственных мужей, как Вы». («Алыстан сәлем жолдаймын», Бауыржан Момышұлы шығармалары 21 том, 37-40 беттер) Осы хат бойынша тиісті шаралар қабылданып, түгел болмаса да біраз мәселелердің іске асқаны да белгілі. Әрине, бұл – Баукеңнің ұлттық намысының жемісі және көрегендігінің арқасы.

Бауыржан Момышұлының өз халқын жақсы көретін, оның тарихын, салт-дәстүрін керемет жақсы білетін, тілін аса қадірлейтін азамат екені белгілі. Әсіресе, ана тілімізге деген қамқорлығы ерекше болған. Аласапыран соғыста жүріп, 1944 жылы сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Мұхаметжан Әбдіхалықовқа жазған тіл туралы хатының бас жағында былай дейді: «Алматыға келгелі орталық «Социалистік Қазақстан» газетін оқып, кейбір кейінгі кезде басылған қазақ тіліндегі кітаптарды желе-жорта қарап шығып, күннен-күнге ұлғайып, шым-шытырық болған «тіл шұбарлығын» көзбен көре, құлақпен ести отырып, дәтім шыдамай жазайын деп отырғаным – тіл мәселелері туралы». Сол хатта айтылған ой-пікірлері, ұсыныстары осы күнге дейін маңызын жоғалтпапты. Хатының соңында арнайы бөліп айтқан ұсыныстарының бір-екеуін ғана келтірейік:

1) «Аяқ асты елеусіз болып кеткен қазақыландыру мәселесін алдымен қазақтардың өздерін, тіл жөнінен тәртіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу,өндіріс, өнеркәсіп орындарында қайтадан әділдікпен көтеріліп қолға алынуы жөн».

2) «Барлық оқу орындарында қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы міндетті сабақ болу керек»…

Міне, біздің бүгін іске асырамыз деп әлек болып жүрген мәселеміз де осы емес пе. Ал бұл ойды Баукең сонау 1944 жылдың басында айтқан екен.

Бауыржан Момышұлы өзінің ұлттық рухын өмір бойы шыңдап өткен адам. Осы жолда оның ұстазы аталған Алаштың арыстары болатын. Тұрар Рысқұловпен бірнеше мәрте кездескен, әңгімелерін есітіп, ақылын тыңдаған. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтың еңбектерін түгелдей оқыған, ал көбісін жатқа айтатын болған. Баукеңнің Тәңірберген Отарбаев дейтін ұстазы Жүсіпбекпен өте жақын араласып дос болған адам. Сол мұғалімі арқылы Жүсіпбек туралы, оның шығармалары жөнінде өте көп мәлімет алған. Бауыржанның рухани және саяси бағыт-бағдары осы Алаш көсемдерінің ұлттық идеяларымен қалыптасты.

Бауыржан Момышұлы – күрделі тұлға, ол кісінің әрбір қыры мен сырын ашудың өзі үлкен еңбек. Жазушылығы жөнінде көп айтудың қажеті жоқ шығар, оны өзінің қайталанбас шығармаларымен дәлелдеп кетті емес пе, Баукеңнің жазушылығы оның соғыстан кейінгі екінші ерлігі деп халқы бекер айтпаса керек. Тараз қаласында ашылған орталық Баукеңнің басылған, басылмаған еңбектерін жинақтай отырып 30 том дайындап шығарды. Ал, барлық еңбектерін түгел жинаса, 100 томға жететін түрі бар.

Осы еңбектерінің ішінде Бауыржанның мақал-мәтелдері, нақыл сөздері бір төбе. Олар баспасөз бетінде жеке бөлініп жарияланып та жүр. Бірнеше газеттерде қазақ тілінде «Батырдан қалған өсиет», «Баукеңнің қанатты сөздері», «Сөз маржандары» және тағы басқа аттармен басылып шықты. Орыс тілінде Ф.Оразбекова мен А.Шаухановтың жинаған нақыл сөздері «Глубокий след тулпара. Бауыржан Момышұлы: личность, воин, мудрец» деген атпен 2006 жылы Алматыда жеке кітап болып жарық көрді.

Қанатты сөздер жайдан-жай тумайды және оны айтып қалдыру кім болса соның қолынан келе бермейді. Ол үшін ғұлама, терең ойшыл, үлкен философ, ақынжанды және өз басы күнделікті күйкілжің өмірден жоғары тұратын ірі тұлға болу керек. Баукең, міне, сондай атпал азамат. Ол кісінің нақылдары сан алуан тақырыпқа арналған: соғыс және бейбіт өмір, тәртіп пен тәрбие, парыз бен қарыз, тіл мен әдебиет, салт пен дәстүр, тағы сол сияқты болып жалғаса береді. Айтылған сөздерінің көбісі өз тағдырына байланысты. Мысалы, «Мен запастағы полковникпін, бірақ отставкадағы азамат емеспін, соңғы демім біткенше халқыма қызмет етемін» деген сөздің өзі не тұрады. Бұл ол кісінің өмірінің негізгі қағидасы емес пе, қаншама игілікті істер атқарып кетті бұл өмірде.

«Отан үшін отқа түс – күймейсің», «Тізе бүгіп тірі жүргенше, тік тұрып өлген артық», тағы сол сияқты өз өмірінің кредосы ретінде қорытып шығарған нақыл сөздері көп. Соғыста 207 рет шабуылға шығып, бірнеше рет жараланып тірі қалғаны, өмір бойы ешкімге бас имей, тек өз ар-намысының ғана құлы болғаны, халқының қамын ойлап, болашағы үшін күресіп өткені, өмірдегі өзі арқалаған ауыр жүгін, қоғам алдындағы өз парызын терең түсінгені – осының бәрі Баукең шығарған қанатты сөздердің қайнар бұлағы. «Мен өмір бойы парыз сезіміне бой алдырып, жалғыз соған ғана бағынып келдім» дейді ағамыз өз өмір жолдары туралы. Ал осы парыз деген түсініктің өзіне отыздан аса анықтама беріп, оларды қанатты сөздердің қатарына қосты. Баукеңнің нақыл сөздеріне айналған оның басынан кешкен жайттары ғана емес, өмірден көріп-білгені, көкірек-көңіліне түйгені, жүрегіне ұялағаны, қоғамға, болашаққа деген ой-пікірлері. Ал бұл ойларды жинақтап, мақал-мәтел деңгейіне дейін көтеріп, болашаққа өсиет ретінде жазып қалдыру – тек Бауыржан Момышұлы сияқты талантты тұлғаның ғана қолынан келетін іс.

Бауыржанның баталары өзінше бөлек әңгіме. Бата беру – халқымыздың ежелден келе жатқан қасиетті дәстүрлерінің бірі. Ақ тілек айту, жылы пейіл-ықылас білдіру, шынайы жүрегінен шыққан лебізді жеткізу – ата-бабаларымыздың өсиетнамасы, адамгершілік аманаты. «Бата – сөздің анасы», «Атаңнан бота қалмаса да бата қалсын» деген сөздер тегін емес. Баукең батаның қадір-қасиетін білген, мән-маңызын терең түсінген азамат. Сондықтан бұрынғы ескі баталарды қайталамай, осы заман ауқымына сай, өмірдің өзекті мәселелерін қоса отырып, өз жанынан шығарған баталары ел ішінде кең тарап кеткен. Солардан аз ғана үзінді келтірейік:

Е, жаратушы жасаған!

Тілегімізді қабыл ет,

Иманымызды кәміл ет.

Дозақтағы оттан сақта,

Қаңғыған оқтан сақта,

Парақор соттан сақта.

* * *

Несібе кесер кесірден сақта.

Некесіз бала табатын

Жолы лас жесірден сақта.

* * *

Әкімінде шапағат жоқ,

Молдасында шариғат жоқ,

Байларында салауат жоқ,

Кедейінде қанағат жоқ,

Үлкенінде ұлағат жоқ,

Кішісінде инабат жоқ,

Адамында ар-ұят жоқ

Қоғамнан сақта!

Осыны айтып келеді де, ары қарай барша еліне бақ пен бақыт, ынтымақ-ырыс сонымен қатар бар ұрпаққа ар-намыс тілейді. Міне, Баукеңнің кемеңгерлігі – осында.

Жоғарыда Б.Момышұлы туралы жазылған шығармалар көп деп айттық. Сонда енді Баукең жөнінде жазылмаған не қалды деген сұрақ тууы мүмкін. Ойлап қарасақ, ондай мәселелер де бар екен. Ең алдымен жазушы Бауыржан Момышұлының орыс және қазақ тілінде жазылған көркем шығармаларына шын мәнінде әдебиеттану тұрғысынан терең ғылыми зерттеу жетіспейді. Тіл байлығы, көркемдік деңгейі, оқиғаны баяндау барысы, кейіпкерлерін көрсете білу шеберлігі туралы айтылған тұшымды пікірлер жоқтың қасы. Жеке өз басы туралы айтылған әңгіме көп болғанымен, жазушы Момышұлының тұлғасы, шығармашылық зертханасы әлі толық зерттелмеген.

Ақтаңдақтардың ең үлкені Бауыржан Момышұлын ғалым ретінде әлі танымадық. Ал ол кісі – әскери ғылымның бірнеше саласын, соғыс тактикасын, әскери ережелерді және әскери-патриоттық тәрбиенің негізін қалыптастырған ғалым адам. «Психология войны» кітабында осы ілімнің азын-аулақ бөлігі ғана сөз болады. Алматыда 1944 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясында ғалымдарға, соғыстан кейін Ресейде Калинин қаласында әскери Академияда жоғары шенді офицерлерге оқыған лекциялары тұнып тұрған ғылым.

Бауыржан Момышұлы туралы жазғандардың біразы оның сыртқы болмысын, мінез-құлқын, айтқан сөздерін әңгімелейді. Ал ол кісінің ішкі дүниесіне, рухани байлығына, әділеттігіне, адами қасиеттерінің қайнар көзіне, қоғамға және онда орын алған ірілі-уақты құбылыстарға деген философиялық көзқарастарына, қанатты сөздерінің шығу тарихына, ұлтшыл атану себебіне, жалпы айтқанда, Бәукеңнің ішкі рухани өміріне терең бойлаған адамдар кемде-кем. Әрине, бұл тұрғыдан Мекемтас пен Бақытжан — Зейнептің орны бөлек. Бірақ, бұл Бауыржан сияқты ғұлама үшін жеткіліксіз.

Тізе берсек, тағы да біраз мәселелер табылар. Баукеңнің алғашқы мамандығы банк қызметкері болатын. Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербор) осы саладағы Академияның арнайы курсын бітіріп, Алматыға келіп сол кезде «Промстрой-банк» деп аталатын мекемеде біраз қызмет атқарған. Бұл жөнінде хабарымыз жоқтың қасы.

Тағы бір ерекше бөліп айтатын нәрсе − Бауыржан Момышұлының ұстаздық қасиеті де, тәрбиешілік еңбегі де бізге көп таныс емес. Баукең 1928-1929 жылдары жаңадан ашылған Сарысу ауданының сол кездегі орталығы болған Шиелі деген елді мекенде мектеп ашып, балаларды оқытқан. Сонымен қатар өздері ықылас білдіріп, ынталы болған көптеген ересектердің де сауатын ашқан. Бұл жөнінде мәліметтер некен-саяқ.

Ал, соғыс біткеннен кейін Ресейдегі Калинин қаласындағы айтулы әскери Академияда сабақ берген. Сол Академиядағы Б.Момышұлы шәкірттерінің ішінен көптеген генералдар, әскери қолбасшылар өсіп шығады. Олардың өз ұстаздары полковник Бауыржан Момышұлы туралы ой-пікірлері өте жоғары. Бірақ, өкінішке қарай, бұл пікірлер біздің елге әлі жеткен жоқ, көбімізге белгісіз.

Сонымен, ірі тұлға, даңқты батырымыз, аса көрнекті жазушымыз Бауыржан Момышұлының әлі де ашылмай, көпшілікке жетпей қалған қыр-сырлары баршылық. Оның өмірі мен шығармашылығын зерттеу барысында аталған олқылықтардың орнын толтырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Баукеңнің жеке басының ерекшелігі, ешкімге ұқсамайтын өмірлік қағидалары, қайталанбас мінезі, тұлға ретінде қыр-сырлары өзінше бөлек әңгіме. Солардың біразын ғана айта кетейік.

Б.Момышұлы өте көп білетін, ол – көп оқып, көп ойланғанның жемісі. «Менің тірлігім – ой, ой үстінде қалғу. Қалғу менің тұлпарым, ұйқы менің желмаям» дейді Баукең бұл туралы. Ояу кезінде де, қалғып отырып та ойдан айырылған емес. Баукеңді өте жақсы білетін рухани інісі Шерхан Мұртаза: «Ол – орасан ойдың адамы. Рухы күшті, жаны таза. Айбынды, асқақ» деп бейнелеген ағасын. «Аспанның түбі жоқ, білімнің шегі жоқ» деп өзі айтқандай, Баукеңнің білімінің шегі жоқ. Қай салада болса да білгені көп, терең және жан-жақты. Өзі іргесін қалап, қалыптастырып, дамуына орасан зор үлес қосқан әскери әдебиетті былай қойғанда жалпы әдебиет, тарих-шежіре, тіл, мәдениет пен рухани дүниеде терең із қалдырды. Тек жазушы ғана емес, көптеген өлең жазған ақын, халықтың ауыз әдебиетін, шешендік сөздерін, мақал-мәтелдерін өте жақсы білетін. Әлем ойшылдарының біраз еңбектерін талдап оқып, оларға өз пікірін айтып отырған. Соның арқасында өзі де үлкен ойшыл, философиялық тұлға деңгейіне көтерілген. Ал Баукеңнің сурет салып, өрнектеп ою оятын өнері өзінше бір төбе.

Табиғаттың тылсым құбылыстарының қыр-сырларын меңгерген, адам психологиясы тұрмақ жан-жануарлардың мінез-құлықтарын ғылыми түрде талдай білген ғұламаның өзі еді Баукең. Б.Момышұлының өз еңбектерін, келіні Зейнепке айтқан әңгімелерін («Бабалар аманаты», «Шуақты күндер»), Мамытбек Қалдыбай және басқа да журналистер мен жазушылардың сұрағына берген жауаптарын оқыған адам ол кісінің бойында энциклопедиялық білім бар екеніне көз жеткізе алады.

Бауыржан Момышұлының ғалымдығын дәлелдейтін көптеген мәліметтер бар. Ол кісі өз өмірінде жүздеген баяндама жасаған адам. Олардың көбінде ғылыми қағидаларды негізге ала отырып, терең ғылыми талдаулар жасаған. Баяндамалардың тақырыбы да алуан түрлі, олар тек соғыс өнері немесе соғыс туралы көркем әдебиетпен шектелмейді. Олардың ішінде жалпы әдебиет мәселесі, әдеби сын, патриоттық және ұлттық тәрбие, жеке жазушылардың шығармашылығы, олардың кейбір туынды тағы басқа да көптеген тақырыптар бар.

Үндістанның ұлы жазушысы Рабиндранат Тагордың 100 жылдығына арналған баяндама жасау 1961 жылы Бауыржан Момышұлына тапсырылды. Бұған Баукең өте тиянақты дайындалады. Тагордың өз өмірін, барлық шығармаларын (22 томдық) терең зерттеумен шектелмей, оған қоса Үндістан елінің тарихын, әдебиетін, мәдениетін, халқының ой-санасын, философиясын жан-жақты зерделеген. Нәтижесінде шын мәнінде керемет ғылыми баяндама болып шыққан. Бұл – Тагордың тек қана шығармаларына арналған әдеби талдау емес, Тагордың шығармашылығын Үндістан әдебиеті мен мәдениетіне, әлемдік өркениетке енгізген орасан зор жаңалықтарын анықтап берген ғылыми тұжырымдама.

Жалпы, Б.Момышұлы өз ой-пікірін ғылыми түрде негіздеп және оны қай жазушы, қай шығарма болмасын, тайсалмастан ашық айтып отырған. Өзі қатты сыйлайтын Мұхтар Әуезовтің «Намыс гвардиясы» пьесасын тас-талқан етіп сынағаны белгілі. Ал «Абай» романы жөнінде ол кезде ешкім айтпаған пікірді алғаш айтқан Баукең еді: «Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы ұлы шығарма, бірақ кейбір жерлерімен келіспеймін. Неге? Себебі не? Ол кісі Абайды көтерем деп, Құнанбайды кемітеді. Бұл үлкен қате деп білем… Құнанбай – ол қазақтың Иван Грозныйы. Иван Грозный мақсатына жетті, бірақ Құнанбай ойына жете алмады. Мұхаң осыған түсінбеді. Құнанбай қазақ мемлекетін жасауға ұмтылған еді… Мұхаң әкесі мен баласын қарсы қойған». («Көз алдымда бәріңсің», Тараз қаласы 2007жыл., 11 бет). Осы сын пікірін Баукең хатпен жолдайды, Мұхаң жауап хатында бұл сындарды түгел мойындайды. Ал Бауыржанмен көзбе-көз жолыққанда: «Сенің хаттарыңды алдым. Абай туралы дұрыс айтқан пікіріңе мың алғыс… «Намыс гвардиясы» туралы айтқан ескертпелеріңе толығынан қол қоямын» деген екен.

Кеңес идеологиясы кезінде шығарманы жарыққа шығаруға кедергі болмасын деп Құнанбайды үстем таптың өкілі етіп, образын біраз кемсіткенін Мұхаң өзі де мойындаған. Қазір ғой, еркін заманда Құнанбайдың ірі тұлғасын қалпына келтіріп, оның ұлылығын дәріптеп кітаптар мен мақалалар жазылып, көркем фильм түсіріліп отыр. Ал ол кезде мұның басын ашып айтқан тек көреген Б.Момышұлы болатын.

Бауыржан ағамыз өзінің ерекше мінез-құлқымен, ой-пікірімен, іс-әрекетімен ешкімге ұқсамайтын өмір кешті. Оның қиындықтары да аз болған жоқ. Өзінің айтуынша, аты белгілі адамдардың бағы мен соры қатар жүреді. Сол айтпақшы, Баукеңнің өмірінде көрген қиындықтары туралы Зейнеп келіні былай дейді: «Ата өзінің найзағай мінезімен баяны жоқ пәниде қайшылыққа толы ғұмыр кешті. Қиғаш келсе–иығынан, тура келсе– кеудесінен қаққан тағдыр тәлкегінің кедергілері тіршілігінің соңына дейін жалғасты. «Ұлтшыл», «басбұзар», «тентек», «қоғамнан тыс жаралған» деген атақ-айдарлар толассыз айтылып жатты. Алайда соған қарамай, қалың қазақ атаны ардақ тұтты, құрметке бөлеп, төбелеріне көтерді. НЕГЕ? Өйткені ата қашанда халықпен бірге болды, олардың тілінің ұшында тұрған сөзді қаймықпай жариялаудан жалтармады. Елін-жерін сүюдің, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп, халықтың рухын көтерді». («Бабалар аманаты», 127 бет).

Б.Момышұлы қазақ халқының абыройын асырып, атын әлемге танытқан тұлға. Өз елінде ғана емес, көптеген шет елдерде лайықты сый-құрметке ие болған қазақ.

Кубаның көсемі Фидель Русь Кастро, Кеңес Одағының маршалдары– Баграмян, Жуков, Рокосовский, Василевский, генералдары Голиков, Голушко, Захаров, Серебряков, Чистяков Бауыржанның әскери ерлігін, қолбасшылық даналығын, адами келбетін жоғары бағалаған.

Атақты Шыңғыс Айтматовтың берген бағасы: «Ол әлем мойындаған ұлттың батыры, ұлтының рухын бейнелейтін аңыз. Сондықтан Баукең әдебиет пен киноның кейіпкері ғана емес, фольклордың да айтулы тұлғасы болды». Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев Баукең туралы: «Бауыржан Момышұлы барлық әлемге танылған титан» депті. Баукеңе Кеңес Одағының Батыры атағын алып берген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев оның ер тұлғасын жоғары бағалап былай деген: «Біз жас ұрпаққа батыр Бауыржанның кесек тұлғасын үлгі етіп, оның өнегелі өмірін ұлттық патриоттық тәрбиенің өзегі ретінде насихаттап отыруға тиіспіз. Тәуелсіздігімізді баянды етіп, мемлекетімізді нығайту үшін де батыр мұрасының тағылымы ерекше мол екені сөзсіз» дейді.

Сонымен, ірі тұлға, даңқты батырымыз, аса көрнекті жазушымыз Бауыржан Момышұлының ұлттық тәрбие барысында пайдалануға ұсынатын мұрасы өте бай. Бірақ олар жүйеленбей, жинақталмай, шашырап отыр. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз қажет.

Бұл үшін ең алдымен бөліп-жармай, жұлмаламай, толыққанды «Бауыржантану» ілімін қалыптастыруымыз қажет. Арнайы жасалған бағдарламаларда Баукеңнің өмірі, әскери қызметі, соғыстағы ерліктері, жазушылық еңбегі, негізгі шығармаларының түйіні, қоғамдағы алатын орны мен халқының берген бағасы түгел көрсетілуі тиіс. Бұл бағдарлама қаһарман Момышұлының болмысын, ішкі рухани бай дүниесін толығымен ашатындай болу керек. Ал Баукеңді дәріптеу барысында «Бауыржантану» бағдарламасының әртүрлі деңгейдегі бірнеше нұсқалары болғаны абзал. Бастауыш және орта мектеп оқушыларының жас ерекшеліктері ескерілгені жөн. Жоғары оқу орындарына кеңірек нұсқасы ұсынылсын. Ал әскери ұйымдар мен әскери оқу орындарында міндетті түрде оқылатын арнайы пән кіргізілсін.

Әскери жағын айтар болсақ, ол кісі әскери ғылымның бірнеше саласын, соғыс тактикасы мен әскери ережелерді қалыптастырумен қатар ұлттық тұрғыдан алғашқы болып әскери патриоттық тәрбиенің негізін салған ғалым адам. «Соғыс психологиясы», «Мәскеу үшін шайқас», «Қанмен жазылған кітап» сияқты еңбектерінде осы патриоттық тәрбиенің мәселелері кеңінен қамтылған. Осы бай мұраларды ғылыми тұрғыдан зерттеп, әскери саламызда қолданып, жас әскерлерді тәрбиелеуде пайдалана алсақ, ұтарымыз көп болар еді. Кубада, басқа да бірнеше шет елдерде Б.Момышұлының әскери қағидалары бойынша дәріс оқылатын көрінеді. Ал біздің өз Отанымызда әскери саламыздың көптеген басшылары Бәукеңнің бұл еңбектерінен тіпті хабарсыз екен. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы да.

Қазір біраз оқу орындарында «Бауыржан оқуларын» ұйымдастырып өткізу тұрақты дәстүрге айналып барады, бұл қуанарлық жай. Мұның үстіне жалпы халыққа, әсіресе, жастарға арнап Интернет жүйесінде Бәукең туралы сайт ашылған. Бұл Б.Момышұлы жөнінде хабардар болайық деп мәлімет іздеген көпшіліктің қолын едәуір ұзартып тастады.

Осы бағыттағы тағы бір игілікті істі атқарсақ болар еді. Ол Алматы қаласында Бауыржан Момышұлының жеке мұражайын ашу. Бәукең бұған татитын тұлға. Алыстан атақтыларды іздеп әуре болмай-ақ, қолымызда барды неге қадірлемейміз?! Жас кезінде елімізді шапқан жаумен алысып, қан майданда айтусыз ерлік көрсетіп, кейін қайталанбас талантты шығармаларымен өзіне-өзі ескерткіш қойған, соңғы демі біткенше өзінің саналы өмірін әділетсіздікпен, жағымпаздықпен, көзбояушылықпен, ұлтсыздықпен аянбай күресуге жұмсаған айбатты азаматымызды, бүкіл әлем бас иіп мойындаған баһадүр батырымызды неге тиісті деңгейде дәріптемей жүрміз? Жастарға, келешек ұрпаққа үлгі етер Бауыржан Момышұлынан артық кім керек?!

Сонымен қатар әскерилердің ерлігін марапаттайтын Бауыржан Момышұлы атындағы арнайы орден бекітілсе артық болмас еді. Осыны омырауына таққан қазақ әскерлерінің патриоттық сезімі өте жоғары деңгейде болатынына және олар Отан үшін қандай да болса ерлікке баратынына күмән келтіруге болмас. Ендеше патриоттық тәрбиенің осы түрін тиімді пайдаланып, осы ұсынысты неге іске асырмаймыз?

Қорыта айтқанда, ұлтымызға ұран болған Бауыржандай алып тұлғаны жастарымызға жан-жақты, тереңірек таныстыруға талпынайық. Бәукеңнің өмірі, халқына жасаған қызметі, ұлттық рухы, артында қалдырған рухани мұрасы тәрбие жұмысында таптырмайтын орасан зор байлық, соны дұрыс және тиімді пайдалана білейік демекпіз.

Көпжасар НӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА академигі,

«Бауыржан Момышұлы мұрасы»

қоғамдық қорының президенті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *