АҚТӨБЕЛІКТЕРДІҢ АЙТАР АЛҒЫСЫ КӨП

Билік Қоғам
1 089 Views

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерін» деп ақын Ілияс Жансүгіров айтқандай, дер кезінде бағаланған еңбек өте орынды екені хақ. Елге, халыққа пайдасы тиген, сол жолда жанын салып еңбек еткен азаматты нағыз ер дейміз. Сондай атпал азаматтарымыздың бірі – Ақтөбе облысының әкімі қызметінен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне ауысқан, министрлікке кеткен Бердібек Машбекұлы Сапарбаевты ақтөбеліктер әнмен шашу шашып, гүлмен көмкеріп ақтарылған ақжарма көңілімен шығарып салды.

Еңбектеген сәби мен еңкейген қарттарға дейін, тіпті, арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жандарға дейін бұрынғы өңір басшысымен қоштасу үшін әуежайға ағылды. Қарт кісілер оның иығына ұлттық шапан жауып, қимас көңілдерін білдірді. Б. Сапарбаевтың құрметіне жергілікті өнерпаздар атқарған ерен еңбегі, халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, көрсеткен көмегі, ауыз толтырып, мақтанышпен айтарлықтай игі істері төңірегінде арнайы авторлық әндер орындады.

Әлеуметтік желі қолданушылары да жүрекжарды лебіздерін жарыса білдіріп жатыр.

Көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүргендей, талай облыс әкімдері елмен, халықпен салқын ғана қоштасып, кете баратын. Ал, әкімді халықтың, аппарат өкілдерінің шадыман күйде қимай шығарып салуы – біз үшін таңсық дүние. Осындай ыстық ықыласқа толы қошемет Бердібек Машбекұлы тұлғасын зорайтып, асқақтата түскендей.

«Өмір – күрес, адам – күрескер» десек, сол жолда аянбай ел үшін, қоғам, халық үшін тынбай еңбек етіп жүрген Бердібек ағамызды халық көкке көтеріп жүрсе де жарасар ма дерсіз. Халықтың қимай қоштасуының өзінен Бердібек Сапарбаевтың құдіретті, қайталанбас ірі тұлға екенін аңғаруымызға болады.

Халықтың құрметіне ие болған Б.Сапарбаев: «Ағайындар, Сіздерге мыңда бір рахмет! Сіздер мені осылай қошеметпен шығарып салады деп мүлдем күтпеген едім. Әрбір адам үшін ең үлкен қиын жәйт – қоштасу. Келу – оңай, кету – қиын » деп жиналған қауымға қуанышты күйде алғысын айтып, қимастығын білдірді.

Б.Сапарбаев туралы айтар болсақ та, жазар болсақ та бір күнде тәмамдап бітпесіміз анық. Бұл мақала өр тұлғаға арналған кішігірім бір ғана мысал.

Республиканың қай өңіріне барса да Елбасының сенімін ақтап, халықтың аппақ ниеті мен шалқар ықыласына бөленіп, жүрек төрінен орын алатын Бердібек Сапарбаев ағамызға жаңа қызметінде сәттілік пен табыс тілейміз!

Бердібек аға, жаңа бастамаңызға ақ жол!

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *