СЛАМНЫҢ САПА СЕРТИФИКАТТАРЫ

Тұлға
1 139 Views

ТӘРЖІМАН

Аудандық газет дейтұғын айрықша бір әлем бар. Оған кейбіреулер кекесінділеу кейіппен қарайды.Келемеждеңкіреп күліңкірейтіндер де жоқ емес-ау. Алайда, аудандық газет – әйдікәлем. Орыстарда аудандық газет туралы повестер мен романдар жазылған.Кинофильмдер түсірілген. Біздің қазекемде олай дей алмаймыз. Әредік-әредікәңгімелер, әлсін-әлсін өлең-жырлар жазылатыны рас.

Мұны біз неге айтып отырмыз? Кейде әлгі әлеміңіз хақында қаттырақ ойланамыз. Аудандық басылымдарда арғы-бергі кез-кезеңдерде бейнет кешкендердің бейнелері жадымызда жаңғырады. Осы бүгін ойымызға Слам Нұрмағанбетұлының жетпіске толатыны түскенін қарасаңызшы. Кеше көрдік. Сыртынан. Сыптай. Сымдай тартылып, тіп-тік, жіптіктей боп кетіп барады екен. Айқайлай дауыстап, тоқтатып, сөйлескіміз келген. Жұрттан ыңғайсыздандық. Өзі бізді байқай қоймады. Заулап өтіп кете барды.

Слам Нұрмағанбетұлы. Жетпіске толады. Деуіңіз қиындау. Ол туралы алпысқа шығарында ма, одан кейінірек пе, Қуандық Оразбекұлы жазған. «Түріктердей тиянақты», «Немістердей нақпа-нақ» деп. Ертай Бекқұл да әріптесінің әртүрлі қырларын әдіптеген. Сырларын ашқан. «Жібек мінезді», «Сырбаз да сыпайы», «Қалжыңқой, қатты шымшыса, қиынырақ» деп.

Аудандық газет және «неміс болмысты» Нұрмағанбетұлы туралы толғанысқа түсіп отырып, біз оның тәржімандығын, яки аудармашылығын алға шығарғымыз келді. Қазіргі қалам иелері, журналист ұл-қыздарымыз бен немерелеріміз «ауызша аудару» дегенді біле бермейді. Ал, анау замандағы аудандық, облыстық газеттердегі ең негізгі, ең қиын, аса азапты жұмыс аударма, яғни тәржіма болатын. Тү-у биіктерден, жоғарғы орындардан, облыстық, қалалық, аудандық алуан түрлі органдардан жіберілетін, міндетті түрде жариялануға тиісті материалдарды айтпағанда, аудандық газет редакцияларының өзіндегі журналистердің мақалалары мен авторлар беретін дүниелердің басым бөлігі орысша дайындалатын. Қазақша газеттердің көпшілігі аударма еді. Міне, сол орысша мақалалардың, қаулы-қарарлардың, шешім-кесімдердің, үндеу-ұрандардың, тағысын-тағылардың бәрін жазбаша тәржімалауға уақыт жоқ. Ауызша аударатынбыз. Тәржіман тірлік. Дейтінбіз.

Слам Нұрмағанбетұлы, мысалы, орыс тіліндегі мәтінге қарап тұрып бірден ауызша аударып, машинкаға дауыстап айтып бастырады.Ол мәтін бір бет болуы да, он-жиырма бет болмағы да бек бәлкім. Ауызша аударуға екінің бірі машықтана алмайды. Онның, отыздың бірі ғана шеберленуі мүмкін. Слам мырза Нұрмағанбетұлы Сайрам аудандық «Знамя труда» – «Еңбек туы», Бөген аудандық «Заря коммунизма» – «Коммунизм таңы» газеттерінде аудармашы-тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болса-дағы, негізінен тәржіман тірлікті өгіздей өрге сүйреді. Слам сырбаз 1983 жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстанға» келгенде де негізінен тәржімадағы тарландығы ерекше есепке алынғаны аян.

Бертініректе ғой, мемқызметте де ісқағаздарды мемлекеттік тілге тәржімалаудың өнегесін танытты. Аударма ісіне аянбай тер төкті. 2004 жылы облыстық үздік аудармашылар байқауында бірінші орынды, келесі жылы бас жүлдені жеңіп алып, Астанадағы республикалық байқаудан да мерейлі оралды. Слам Нұрмағанбетұлы – тәржіман тірліктің тектісі.

ҚАЛАМГЕР

Слам мырзаңыз – ең әуелі қарымды қаламгер. Жампоз журналист. Он екі-он үш жылдай аудандық газеттерде бейнет кешкен. Сексен үшінші жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне шақырылған. Он бір жылдай осында еңбек еткен. Он жыл партия тұрмысы дейтұғын аса ауыр бөлімнің меңгерушісі, сондай-ақ партия ұйымының хатшысы болған. Бұл жұмыстар, әрине, айтуға ғана оңайтұғын.

Бұдан соң үш жылдай облыстық сот жанынан шығатын «Заң және заман» атты басылымының жауапты редакторы, одан кейін он жылдай облыстық қаржы басқармасында бас маман-аудармашы. Тағы да тәржіман тірлік қой баяғы.

Он жыл өткенде Нұрмағанбетұлы қайтадан қара шаңырақ «Оңтүстікке» оралған. Бұқарамен байланыс бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың орынбасары. Осылайша 2012 жылы зейнеткерлікке шыққан. Жап-жас көрінер күйінде.

Бір кездерде осы «Оңтүстік Қазақстанымызда» елуінші жылғы жігіттер мен қыздар қуатты қатар түзеп, қаламдарының қарымын, қадамдарының алымын танытқан. Қатарлас-қанаттастарын қатты қуантқан. Кейінгі толқынға ұмтылыстар ұғындырған. Сайыпқырандар сапында Кәрім Үкібаев, Оразхан Жарқынбеков, Төрехан Рәмберді, Бекзаттар Дінәсілов, Үрзада Айтөреева, Қуандық Оразбекұлы, тағы басқалар бартұғын. Қырық тоғызыншы жылғыларыңыз да қызығып, қатарына қосылған осынау топтың ортасынан ойып орын алатын оғланыңыз, әрине, Слам Нұрмағанбетұлы ғой.

Қаламгерлігінің қат-қабат, қыртысты қырлары, әлбетте, журналистігінде жатқаны ақиқат. Оларды оқырмандары жап-жақсы, жан-жақты біледі. Бағалайды. Аудандық, облыстық, тағы басқа да басылымдарда қаламының ізгілікті іздері сайрап жатыпты.

Слам сондай-ақ стилі сырбаз жазушы да. Толыққанды көркем әңгімелері талғампаз оқырмандардың ықыласына ие. Әзілге құрылған шағын дүниелерді қағазға қаз-қалпында қондыра қоятыны да тәнті етеді. Нұрмағанбетұлының «Қапқа буылған тұтқын», «Әйел иісі», «Қаламгерлер қалжыңы», «Өмір өрнектері», т.б. жинақтары – нағыз оқылымды кітаптар. Алайда, авторыңыз кейбіреулер секілді көпе-көрнеу күпініп «Мен – жазушымын» деп айтпайды, қарапайымдылығынан қайтпайды.

ҚАРЖЫГЕР

Өзі де жазатын, кітаптары шыққан айтулы азамат, қаншама жылдардан бермен қарата қаржы саласында жоғары, жауапты, басшы қызметтер атқарып келе жатқан Исмайлбек Шалабаев біз жазып отырған Слам Нұрмағанбетұлын нағыз қаржыгер дейді.

Десе дегендей-ақ. Ол сонау тоқсаныншы жылдарыңыздың ортасында мемқызметте жүріп, «Қаржы» дейтұғын ерекше экономикалық газет ашқан. Қазір де осы қаржы-экономикалық басылымның бас редакторы. «Қаржы» газетін оқып отырсаңыз, бүгінгі заманның ділгір дүниелерін, мәністі мәселелерін қызғылықты қозғайтын, қаржыгер мамандардан қалыспайтын, қайта сәйгүлікше сергек заулайтын Слам Нұрмағанбетұлының мақалаларын әр нөмірден, тіпті әр беттен байқайсыз. Бас алмай қадалып қаласыз. Қаржыгер демеске лажыңыз қалмайды. Жетпіске толып қалған, алайда, аңдап аңғарсаңыз, елуіне ентелеп енді ғана жеткендей көрінетін тағлымды тәржіман, қажырлы қажымас қаржыгер – «Оңтүстік Қазақстан» редакциясы ардагерлер ұйымының төрағасы Нұрмағанбетұлы Сламның сапа сертификаттары деуімізде айрықша гәп бар.

Мархабат БАЙҒҰТ,

жазушы, «Алаш» сыйлығының лауреаты.

Құрметті Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ!

Сізді 70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!

Сізді біз асқан жауапкершілік пен ыждаһаттылықты, жүрек жылуы мен сезімталдықты, адамдарға деген қамқорлықты, сонымен қатар принциптілік пен нақтылықты талап ететін, жұмысы күрделі – журналистика саласының төменгі баспалдағынан бастап биік шыңына жеткен Қазақстанның құрметті журналисі ретінде мақтан тұтып, құрметтейміз. Бұл бағыттағы алғашқы қадамыңыз Сайрам аудандық «Еңбек туы» газетінде аудармашылықтан бастау алып, сол кездегі Бөген аудандық «Коммунизм таңы», қазіргі Ордабасы аудандық «Ордабасы оттары» газетінде тілшіліктен бас редактордың орынбасарына дейінгі жолдан өткен, мұнан соң облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде де нақ осылай – тілшіліктен редактордың орынбасарына дейінгі қызмет биігіне көтеріліп, зейнеткерлікке шыққан еңбек жолыңыз кейінгі жастар үшін тұнып тұрған тағылым. Осы жылдар кезеңінде шығармашылық жұмыстарыңыз арқылы өңір экономикасы мен әлеуметтік саласының өркендеп, өсуіне, газет жұмысының жандануына өз үлесіңізді аянбай қосып, абырой биігіне көтерілдіңіз, Қазақстанның Құрметті журналисі атандыңыз.

Бүгінгі мерейлі мерекеңізге еңбек жолыңыз қызық та тамаша жетістіктермен өрнектелген, зейнеткерлікке шықтым, болдым-толдым демей, журналистика майданындағы қаруыңыз – қаламыңызды тастамай жұмысыңызды жалғастырып, жас ұрпаққа берер тағылымы мен үйретері мол қазына иесі ретінде келіп отырсыз. Алдағы уақытта да жұртшылықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын, өркендеу жолын көрсетіп, қиналғанда сүйеу болатын, шешіп сөйлейтін, кесіп сөйлейтін баспасөздің абыз ардагері ретінде қажымай тер төгіп, абырой биігінен көріне беретініңізге кәміл сенеміз.

Бүгінгі мерейтой күніңізде Сізге қажымас қайрат, мықты денсаулық, отбасыңызға аманшылық пен бақ-береке тілейміз!

«ӘДІЛЕТ. Рухани жаңғыру» газеті редакциясының ұжымы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *