«НҰРСҰЛТАННЫҢ НҰРЛЫ ЖОЛЫ» немесе ДУАЛЫ АУЫЗДАН ШЫҚҚАН СӨЗ

Тұлға
1 502 Views

«НҰРСҰЛТАННЫҢ НҰРЛЫ ЖОЛЫ»

немесе ДУАЛЫ АУЫЗДАН ШЫҚҚАН СӨЗ

 

Егемен елімізге белгілі заңгер, Құрметті судья, Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстық соттарының төрағасы, Қазақстан Республикасы судьялар одағының төрағасы қызметтерін атқарған, заң ғылымының докторы, профессор, «Құрмет», «Парасат» ордендері мен Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Алғыс хаты мен «Алтын Барыс» төсбелгісінің, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Құрмет грамотасының иегері, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Жеті Жарғы және Қожаберген жырау» Халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараұлы зейнетке шыққан соң қол қусырып қарап отырмастан бизнес пен руханиятқа қамқорлық жасауға бет бұрды. Бұл орайда көптеген табысқа қол жеткізді. Соның нәтижесінде ол мүлде басқа саланың, яғни мәдениет саласының майталмандары қатарына қосылды. Жуырда «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» құрметті атағына ие болды.

 

*   *   *

Қазақ ішінде сандаған жылдардан бері маңызын жоймай келе жатқан қанатты сөздер, үнемі тіл ұшында жүретін тіркестер бар. Ол тіркес о баста дәл кімнің аузынан шықты, бұл белгісіз. Бәлкім би айтты, бәлкім батыр айтты, бәлкім ақын айтты, әйтеуір дуалы ауыз біреудің айтқаны анық. Аузының дуасы жоқ адам айтса ол сөздер бүгінге жетпес еді. Ондай адам қанша жерден әдемі сөз айтса да ол сол айтқан жерінде-ақ ұмытылып қалады. Қазақтың «Бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» дейтіні содан.

Есім ханның ескі жолы… Қасым ханның қасқа жолы… Иә, Сіз бұл тіркестердің бірінші рет дәл кімнің аузынан шыққанын білмейсіз. Бірақ, әйтеуір бір дуалы ауыздан шыққанына келісесіз. Өзіміздің мән бере бермейтініміз болмаса, ондай дуалы ауыз адамдар арамызда қазір де бар. Олардың айтқан сөзі бір-ақ пәсте қанатты сөзге айналып шыға келеді. Ол айтқан сол сөзді бәріміз айтып жүреміз де күндердің күнінде… нақты кім айтқанын ұмытып қаламыз.

«Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолынан» кейін біздің қазақ екі мыңыншы жылдардың ортасынан бастап «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деген тіркесті күнделікті қолдана бастады. Иә, мұны жағымпаздыққа балағандар да табылмай қалған жоқ. Алайда, бұл жағымпаздың аузынан шыққан сөз болса әлдеқашан ұмытылып кетер еді. Ол сөз дуалы ауыздан шықпаса, Сіз арнайы жарлық, қаулы шығарсаңыз да оны ешкім айтпай қояды. Ал, «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деген сөз тіркесін қазір мақалалардан ғана оқымаймыз, кейбір қариялардың батасынан да құлағымыз шалып қалады. Демек, оны жағымпаздыққа балағандар оңбай қателеседі.

Сонымен, бұл сөзді ең алғаш кім айтты? Ең алдымен осы сауалдың жауабын табуға кәдімгідей уақыт жұмсағанымызды айта кетейік. Қалай болғанда да жауабын тапқандай болдық. Егер біз жаңылыспасақ, бұл тіркес ең бірінші рет басқа емес, өзіміздің жерлесіміз, белгілі заңгер, бүгінде аты алысқа кеткен меценат Бекет Тұрғараұлының аузынан шыққан сияқты. Бекеңнің 2005 жылы 6 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» газетінің №162 санында «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деген мақаласы жарияланған. Ерекше пафосқа толы сол мақалада «Халқымызда ежелден келе жатқан «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» деген терең мағыналы ұғым бар. Бұл – халқының бостандығы мен тәуелсіздігін сақтаған бабалар жолы.

Ешқашан ескірмейтін осы ұғымға «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» қосылды. Бұл елінің егемендігін сақтаған, халқын бақытқа бастаған жасампаз да жарқын жол» деген айшықты ой айтылады. «Жоқ, «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деген тіркесті одан бұрын Пәленше деген кісі мына басылымда айтқан» деген дәлелдеріңіз болса, мархабат, оған тек қуанамыз.

Құдайдың жаратуы солай, екінің бірі дуалы ауыз бола алмайды. Аузың дуалы болуы үшін әдемі сөйлеу, реті келсін, келмесін суырылып ортаға шығып данышпансынып «ой» айту, жиын-жиналыстарда микрофонға тұра ұмтылу, жылтыңдап экраннан түспей қою, том-том кітап жазу аздық етеді. Тіпті, бұлардың бір тиынға қажеті де жоқ. Дуалы сөз жүрегі таза адамдарға ғана нәсіп болатын рухани байлық. Сосын сөзің ісіңе сай болсын.

Бекет Тұрғараұлы – біздіңше сондай сөзі ісіне сай азаматтардың бірі. Сот саласында еңбек ете жүріп Қожамберді жырауды тірілтуі, Мағжанның рухани мұраларын насихаттауға атсалысуы бізді біраз ойға жетелейді. «Бұл менің салам емес, өзінің адамдары айналыссын» десе, ол кісіге ешкім ренжімес еді ғой. Жоқ, Бекең олай ойламайды, «бұған тек мен жауаптымын» деп сезінеді. Ешкімге айтпай кітапханаларға көмектесіп жүреді. Ешкімнің міндеттеуінсіз Қазығұрт баурайында Түгейболат баба мен Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арнап алып ескерткіш-кешен тұрғызады. Оның айналасын абаттандырып, жастар серуендейтін орынға айналдырады. Рухани ағалары Мырзатай Жолдасбековтің, Өмірзақ Айтбаевтың, Ілия Жақановтың мерейтойларын өткізуге атсалысады. Сонау жоңғар Алатауына барып, Салқам Жәңгірдің қорымын қоршайды. Бүгінде Салқам Жәңгірдің ескерткішін орнату қамында жүр. Айта берсе көп. Бұл не, ат шығару ма? Олай ойлайық десек, Бекет Тұрғараевтың есімі заңгер ретінде-ақ мұқым Қазақстанға белгілі. Біздіңше, бұл ат шығару емес, жоғарыда айтқан жүректің тазалығы деген ұғымға келіп тірелетін мәселе ғой.

 

*   *   *

Тәуелсіздік күні қарсаңында Бекет Тұрғараевқа Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» құрметті атағы берілді. Иә, дәл иесіне берілген атақ. Оның расында да Қазақстанға еңбегі әбден сіңген. Қайраткер екені және рас. Ендеше, марапат құтты болсын дейміз де!

А. БЕКНАЗАРҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *