НАҚЫЛ СӨЗ – АҚЫЛ СӨЗ

Руханият
1 927 Views

Еркектің бәрі ер емес,

Әйелдің бәрі асыл емес.

* * *

Әркімде бар тек, түрлі ой,

Ниеті ақ, асылдың жөні бөлек қой!

* * *

Ер үшін

Жау зеңбірегінің гүрсілінен

Қатынның күңкілі жаман!

Әйел үшін

Өзгенің қарқылдап күлген мазағынан

Өз байы салқындығының азабы жаман!

* * *

Жалғыздың аты шығады – ақыл-ойы озық,

Еңбегі ерен, орасан болса ерлігі.

Жалғыздың шаңы шығады – құйрық-жалы түюлі,

Жүйткіген қазанаттай зор болса егер екпіні.

* * *

Дінсіз де мінсіз өмір сүруге болады.

Нәпсі, құлқын, қастандық, қылмыс

Дер кезінде тежеулі.

Істің ақ-қарасы, пайда — зияны,

Ауыр — жеңілі әр сәтте

Ар, санаменен болса егер өлшеулі.

* * *

Тіршілікте төккізген көз жастарың текке бекер,

Өлер шағыңда у болып буындырып еске келер.

* * *

Ел бұзылса езілгенінен не еріккенінен,

Басшы бұзылса есіргенінен не үміті үзілгенінен.

* * *

Іс білместен пайда жоқ,

Кертартпадан зиян көп.

* * *

Жақсының ой-арманы – елі үшін күресіп қалу,

Жаманның «мысық тілеуі» – тек өз үлесін алу.

* * *

Сабырлыдан шайтан қашады,

Ұшқалақты албасты басады.

* * *

Арыңды бір аттасаң – арамдық,

Екі аттасаң – жамандық,

Үш аттасаң – жауыздық.

Әрі қарай – абақты болары анық!

* * *

Қысқа сөз ойға қалдырады,

Көп сөз сырды алдырады.

* * *

Әділетті әркім де қалайды.

Көпшілігі өзіне қатысты болмаса,

Бөгде үшін күреске бармайды.

Сонда ол өзін кім деп санайды?!..

* * *

Арақ сынаптай сусып, өңештен өтеді,

Қан, тәніңді улап түбіңе жетеді.

* * *

Түнде араққа тойып, батырсынып лепіреді,

Күндіз өз көлеңкесінен қорқып секіреді.

* * *

Күндіз сырахана, арақхананы жағалаған,

Түнде жылы құбыр, жертөлені паналаған.

* * *

Жұрттан бұрын арақты сарқа көтерме,

Көп «қызықтап», мас болмайсың кетерде.

* * *

Араққа жиі-жиі «сәлем бергенің»,

Абырой, ақылға,… қош бол дегенің.

* * *

Арақпенен ауызданып, «стаканын төңкерген»,

Пахмел сұрап жалынумен күн көрген.

* * *

Қанықпай оқы, жалықпай үйрет,

Өзіңе құрмет, өзгеге пайдаң тиер.

* * *

Шындық пен жалған жауықса,

Ақылменен дәнекерлеп жарастыр.

Одан сенің алатұғын алғысың –

Тәңір төгер тағдырыңа алтын Нұр!

* * *

Өтірікші түске дейін өзгеге,

Түс қайтқанда өзіне де сенбейді.

* * *

Соңынан жаман сөз ергеннің,

Жұрт алдында абыройы төгілер.

Мың «өліп», мың «тіріліп»,

Тірідей күнде «көмілер».

* * *

Қара екен деп кемсітпегін көмірді,

Маздап жанса балқытады темірді.

Адамды да алалама дәл солай,

Асыл тек ақылымен гүл етеді өмірді.

* * *

Тазқара отырса да ағаш басы – биікте,

Екі көзі жерде жатқан жаралы тән, өлікте.

* * *

Жоғарыдан жалп етіп құлағанды көргенде

О, Тәңірім!

Мұныңа да тоба де!

Апандағы арланды көрсең тырманған

О, Тәңірім!

Мұныңа да шүкір де!

* * *

Ақша, арақ маймылды да дана етіп,

Қорқауды арыстанша ақыртады.

Тауықты да бір сәтте

Қораз етіп шақыртады!

* * *

«Сүйемін» деп күндіз-түні сайраған

Адалдарды арбайтұғын әбжылан.

Қарқ етіп күлген қарға аузынан

Сырын қағып алатұғын антұрған.

* * *

Сәуесі соқыр, ақылсыз, арсыз болса,

Жасанды қас, кірпік, бояу беттен не пайда?

Оның орны қалың тоғай, кең сайда.

Сыртқы сән, тән, көркімен қоса

Жаны сұлу, санасы биік болса,

Жарасады теңесең күн мен айға.

* * *

Алауыз алтаудың арасында

Алаяқ бөрі болар қорадағы.

* * *

Күндіз сырахана сығалайды,

Кешке мейрамхана жағалайды.

Денсаулық, күш, ақылынан айырылып,

Мезгілінен ертерек мола «паналайды».

* * *

Жиі-жиі мас болып,

«Пахмельн» іздеп қаңғыған.

Бала-шаға, әйелінен безініп,

Селедка жеп, бөтелкені жар қылған.

* * *

«Сүйікті» болса әйелің,

Мәртебең өсіп,

Бақыт құшып қанаттанып,

Жеті қат көкке ұшасың.

«Күйікті» болса егер де

Жер астынан жол іздеп.

Қасірет шегіп қайғыдан,

Көк запыран құсасың.

* * *

«Сүйікті» болса алғаның,

Қызығы бітпес жалғанның.

«Күйікті» болса алғаның

Болсаң да патша сорладың.

* * *

Тәтті тіл жаманды жақсы етеді,

Ащы тіл дананы да бақсы етеді.

* * *

Көңілімде үрей тұрғанда

Алға баспас ұрсаң да.

* * *

Қорқақ қашып құтылады,

Жалтақ орнында тұтылады.

Қорған болған халқына

Жалтаңдамас артына.

* * *

Ара улы инесін етке қадайды,

Адам зәрлі сөзін жүрекке қадайды.

* * *

Жақсы адамның сөзі – ем, өзі – құт,

Жаман адамның сөзі – дерт, өзі – жұт.

* * *

Дөрекі мен даңғаза –

Қоғамның қотыр жарасы.

Жөнделмесе «емдеуден»

«Сылып тастау» дауасы.

* * *

Халықты алдап, аяусыз қанауың,

Өзіңді «тірідей көміп», жалмауың.

* * *

Алдағы батыр – дана,

Арттағыға ақыл – пана.

* * *

Ата жауын білмеген,

Қорған болмас еліне.

Өзінен дұшпан іздеген,

Сыймас туған жеріне.

* * *

Біреу дауыстап сөйлеп,

Нық басып жылжиды.

Екінші үнсіз отырып,

Құйрығын «қызартып» сырғиды.

Біріншіден жаңғырық пен жол қалар.

Екіншіден қоқым менен сор қалар.

* * *

Жасыңда білім ал, адам таны,

Қартайғанда болмағын «аттың» соры.

* * *

Бар адамзат сүргелі өмір саналы,

Қатырған бас не екен деп махаббат.

Әлі ешкім толық жауап берген жоқ

Осы екен деп табатын көңіл қанағат.

Аманқұл КҮМІСБЕКҰЛЫ.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *