немесе білім саласы жаңарған реформаға мұқтаж болып тұр…
Бүгінде білім саласы жайлы ыңғайсыз әңгімелер көп айтылуда. Осы салада қызмет істеген 16-ға жуық министрлердің бәрі өзінше реформа жасап бақты. Олардың бірі 12 жылдық білім бағдарламасын құптаса, енді бірі бастауыш сыныптың бағдарламасынан «Әліппе» оқулығын алып тастады. Мектепке дейінгі мекемелерде ағылшын тілін оқытып, бүлдіршіндердің кішкентай жас мөлшеріне лайықсыз тірліктер жасатуға дейін барғаны баршаға белгілі.
Оны айтасыздар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіндегі соңғы жылдары орын алып отырған олқылықтар еріксіз жаға ұстады. Бүгінде білім саласындағы былықтар, плагиат, тағы басқа айтуға ауыз бармайтын жағдаяттар адамды ойға жетелейді. Салалық министрдің орынбасары осы мәселеге байланысты өз қызметін ауыстыруға тура келді. «Ойдан ой туады», — демекші білім саласы дұрыс жолға түспейінше бұл тірліктің дамуы толыққанды жүзеге аспайтыны анық. «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде», – дегендей, республикалық деңгейдегі басшылықта осындай олқылықтар орын алып тұрған жағдайда қарапайым ауыл мектептері қандай күй кешпек. Біз өз қате-кемшіліктерімізден сабақ ала отырып, алдағы уақытта жоғары оқу орындарын бітірген мамандардың білімі мен біліктілігін жете тексергеніміз жөн. Олардың қолдарына алған дипломына лайықты, лайықсыздығын, PhD дәрежесіне сәйкестігін тиісті сараптамадан өткізіп барып, жоғары лауазымды қызметке тағайындау зәрулік тудыруда.
Алысқа бармай-ақ егемен еліміздің үшінші ірі мегаполисі – Шымкенттегі білім басқармасындағы жағдай да мәз емес. Сыбайлас жемқорлыққа салынып, парамен ұсталған басқарма басшысының орынбасарының іс-әрекеті – сол жемқорлықтың бір белгісі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдырып, мұндай өрескелдікке бей-жай қарауға болмайтындығын қайта-қайта ескертіп келеді. Өкінішке орай, бұл айтылғандардан сабақ алып, тиісті нәтиже шығарып жүрген шенеуніктердің сирек болып отырғаны қынжылтады. Болашақ ұрпақтың қамын ойлап, оның білімі мен талантына барынша ықпал ететін осындай жауапты басқармаға лайықты басшы таппайынша Шымқаладағы жүздеген балабақша, мектеп, ондаған колледждердің басшылары бар білгенін істеп, өз бетімен кететіні кімге жақсы абырой әпереді дейсіз?!
Бұл жерде толыққанды реформа жасау қажеттігі айтпаса да түсінікті шығар. Әлемдегі дамыған өркениетті елдердің тәжірибесіне қарайтын болсақ, олардағы көптеген ілгерілеушілікті айқын аңғаруға болады. Сол себепті біздің еліміз олардағы халықаралық антиплагиат жүйесімен тығыз байланысты дамыту қажеттігі туындап отыр. Білім ордаларындағы басшылар республикалық антиплагиат жүйесінен ғана емес, халықаралық антиплагиат жүйесінен де жіті тексеруден өту керек. Біз енді Үкіметтен осындай өзекті мәселеге баса назар аударып, министр, әкім, тағы басқа жоғары лауазым иелерін қызметке тағайындауда оларды осындай електен өткізуді сұранған болар едік. Үлкенді-кішілі кез келген лауазымды қызметке тағайындауда мұндай ережені енгізбесек, ертең пұшайман күй кешеріміз күмәнсіз.
Үшінші мегаполис саналатын Шымкент шаһарында да шенді-шекпенділер бірінен соң бірі ұсталуда. Олардың осы істеп отырған тірлігім ұят болды-ау дейтін түрі байқалмайды. Басқа саланы айтпағанның өзінде білім саласындағы бассыздықтар да көңіл көншітпей отыр. «Балық басынан шіриді», – демекші, басшы жоқ жерде бақылау мен тәртіптің осалдайтыны бесенеден белгілі. Қала әкімі де бұл саланың былықтан тазарғанын қаламайды емес қалайды әрине, бұл жөнінде талай жиын өткізгені де аян. Өкінішке орай кәсіби кадр, білікті басшы таңдау мәселесіне келгенде келеңсіз кедергілерге кезіккен сыңайлы. Мұның үстіне зымырап отырған уақыт та босаңсуды күте алмайды! Оны да түсінеміз. Батыр Баукең айтпақшы, «Тәртіпсіз ел болмайды. Тәртіпке бағынған құл болмайды», – дегендей, қай салада болсын тәртіп пен талаптың жоғары болғаны ләзім. Сол тұрғыдан келгенде «Ұстаз мәртебесі туралы» заң қабылданар тұста қатардағы қарапайым мұғалімнен бастап министрге дейін қойылатын талап пен оларға жүктелетін міндет те жоғары болмақ. Педагог кадрларды қызметке қабылдау, аттестациядан өткізу, білімдерін жетілдіру шараларына барынша мұқият қараған абзал. Жоғары лауазымдық қызметке тағайындалатындардың дипломдарын, ғылыми атақтарын, тағы басқа құжаттарын тиянақты тексеруден өткізіп болғаннан кейін ғана оларға сол қызметтің тізгінін ұстатқан мақұл болмақ. Бұл- бүгінгі күннің басты талабына айналды да.
Әділ ҚЫРАН