ДУМА ДЕПУТАТЫ ТІЛЕУЛІ АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ

Тұлға
3 600 Views

Тәуелсіз ел атанғанымызға ширек ғасыр уақыт толыпты. Осы уақыт ішінде республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуы бұрын-соңды болмаған қарқынмен қарыштағанын жұртшылық көріп отыр. Қазақстан деген елді, қазақ деген халықты бүкіл дүниежүзі мойындады. Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі атандық. Республикамыз халықаралық келелі жиындар өтетін аренаға айналды. Әлемнің ондаған елдерімен елшіліктер алмасып, тәуелсіз елге тән тіршілік кешу күнделікті үйреншікті әдетімізге енді. Сарыарқа төсінен жаңа астана бой көтеріп, ол ХХІ ғасырға қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның бойтұмарындай көркейіп көкке өрледі. Тәуелсіздікпен қанаттанған бүкіл республикамыз күннен-күнге құлпырған Астанаға қарап бой түзеп, гүлдене түсті.

Бұдан біз өзгеге тәуелсіз елдің, тәуелсіз халықтың бойында екінші тыныс ашылып, барша жұртшылықты жасампаздыққа жетелейтін ерекше күш пайда болатынын аңғарамыз. Бұл заңды да. Өйткені Тәуелсіздік деген Ұлы ұғым қаншама ғасыр бодандықтың қамытын киіп, құқай көрген халық санасынан бәрібір жоғалмаған, өлмеген, өшпеген. Және осы Ұлы арманға қол жеткенде жоғарыда айтқанымдай, өнебойы еңсесі езілумен келген халықтың екінші тынысы ашылып, алапат күшке ие болып, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев Тәуелсіздігімізге он жыл толғанда сөйлеген сөзінде атап көрсеткендей, он жылда ғасырға пара-пар іс тындырды.

Ал енді осы киелі Тәуелсіздік кейбіреулердің айтып жүргеніндей, бізге оп-оңай келе қалды ма? Дұрысын айтқанда бізге оны оп-оңай бере салды ма? Әрине жоқ. Жергілікті халықпен санаспай, кең-байтақ қазақ жерінің құйқалы өңірлерін бөліске салған ресейлік патша өкіметіне қарсы сахара төсінде жүздеген көтерілістер орын алды. Қазақтың байырғы салтанатты заманын орнату жолында ең соңғы ханымыз Кенесары басын бәйгеге тігіп, шейіт болды. Қазақты тағы, надан деп кемсіткен ресейлік патша шабармандарының өздері халықты соншалықты тағылық айуандықпен талап, тонады. Кімнің нағыз айуан, тағы, надан екені осыдан анық көрініп тұрған жоқ па?! Бостандыққа, еркіндікке деген аңсар халықтың көкірегінде мұнан кейін де бәрібір бір сәт те толастаған емес.

Ендігі жерде халқымыз көзі ашық, көкірегі ояу ұлдарының соңынан еріп, Тәуелсіздік жолындағы саяси күреске ден қоя бастады. Атап айтқанда, 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясынан кейін Ресейдің өз ішінде орын алған патшаға, оның жүргізіп отырған жүгенсіз саясатына қарсы толқымалы көңіл-күй халқымыздың оқымыстылары арқылы қазақ сахарасына да кеңінен тарап, Ресейдің саяси өмірінде өзгерістердің орын алатыны, соны пайдаланып, империя ішінде көрер көзге бұратана атанып отырған халықтың аяққа тапталған құқы жөнінде құлақ жететін жерге дейін айтудың сәті түсіп тұрғаны ел арасына желден де жүйрік жылдамдықпен жетіп жатты.

Міне халық арасында осындай көңіл-күйдің таралуына, бірінші орыс революциясы дүмпуінің салдарынан елде революциялық қозғалыстың өрлеуіне, демократиялық өзгерістерге құштарлықтың артуына орай патшалық Ресейдің белгілі бір шегіністерге барып, халықпен бітімге келу үшін Мемлекеттік Думаға сайлау өткізуі, сол сайлау нәтижесінде қазақ даласынан Думаға бірнеше адамның депутат болып сайлануы және олардың Мемлекеттік Думаның биік мінбесінен қазақ халқының мұң-зарын жеткізуі саяси күрестің бір жолы еді.

Мен осыдан біраз жылдар бұрын патшалық Ресейдің І және ІІ Мемлекеттік Думасы, оның өмірге келу жолдары, оған қазақ даласынан сайланған депутаттар жөнінде зерттеу жүргізіп, «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» деген арнайы кітап жазған болатынмын. Думаға қатысты мұрағат материалдары, бұрын-соңды жазылып, жарық көрген еңбектер молынан қамтылған осы туындымда патша өкіметінің қазақ даласын отарлау саясаты және оның салдарлары, Мемлекеттік Дума мен оған сайланған қазақ депутаттары, олардың өмір деректері және басқа да мәселелер төңірегінде біраз мағлұматтар келтірген едім. Атап айтқанда, І-ші және ІІ-ші Мемлекеттік Думаға қазақ өлкесінен сайланған 12 депутаттың аттарын атап, қысқаша өмірбаяндарын келтіріп, қоғамдық-саяси жұмыстарына шолу жасаған болатынмын. Олардың арасында І-ші Мемлекеттік Думаға Торғай облысынан сайланған Ахмет Бірімжан, Уфа губерниясынан сайланған Сәлімгерей Жантөре, Орал облысынан сайланған Алпысбай Қалменұлы, Астрахан губерниясынан сайланған Бақтыгерей Құлман мен Дәуіт Ноян Тұндыт, Ақмола облысынан сайланған Шәймерден (Шаһмардан) Қосшығұлұлы, Жетісу облысынан сайланған Молда Тайынұлы, Семей облысынан сайланған Әлихан Бөкейхан, сондай-ақ ІІ-ші Мемлекеттік Думаға Ақмола облысынан сайланған Шәймерден (Шаһмардан) Қосшығұлұлы, Торғай облысынан сайланған Ахмет Бірімжан, Семей облысынан сайланған Темірғали Нұрекен, Жетісу облысынан сайланған Мұхамеджан Тынышбайұлы, Сырдария облысынан сайланған Тілеулі Аллабергенұлы, Орал облысынан сайланған Бақытжан Қаратаев, Астрахан губерниясынан сайланған Бақтыгерей Құлман бар еді.

Жалпы Мемлекеттік Думаның мәні мен мазмұнын түсіну үшін оның саяси өмірдегі қажеттіліктен туындағанын ескеру керек. Сайып келгенде Ресей Мемлекеттік Думасының өмірге келу қажеттілігі уақыт талабынан туындап, өзінен-өзі пісіп-жетіліп келе жатты. Бұл нендей қажеттіліктер еді. Соған назар аударып көрелік.

Ресейде Мемлекеттік Дума дүниеге келген кезде шаруалар елдегі халықтың басым көпшілігін құрады. Ал Ресейдің отарындағы қазақ даласында бұл тұста патша өкіметі жүргізген отарлау саясатының әбден кемеліне келіп, ішкі Ресейден қоныс аударушылардың саны 20 пайызға жақындап, кең-байтақ қазақ даласы патшалық Ресейдің шалғайдағы меншігіне айналып үлгерген еді.

Ресейдің о шетімен бұ шетіне дейін жер жыртып, мал өсірген шаруалар мемлекеттің ең басты тіректерінің бірі, бүкіл елдің азық-түлігін дайындап, күн көрісін қамтамасыз етіп отырған бірден-бір әлеуметтік топ болды. Сондықтан империядағы өзгерістерге демократиялық сипат беріп, дамыған елдердегідей патша билігін жоймай-ақ, Мемлекеттік Дума арқылы Ресейдегі сан жағынан ең көп шаруалардың мұң-мұқтажын алға шығару ойластырылды. Бірақ патшаның қолшоқпар өкіметі қарапайым халықпен түсінісе алмады, ортақ мәмілеге келе алмады. Ескі режим демократиялық жаңаруларға дайын болмай шықты. Сөйтіп, І-ші Мемлекеттік Дума да, ІІ-ші Мемлекеттік Дума да мерзімінен бұрын таратылды.

Аз ғана уақыт өмір сүргеніне қарамастан, Мемлекеттік Дума көзі ашық, көкірегі ояу халық өкілдерінің ел ішінде қордаланған түйткілді мәселелер көтеруіне мүмкіндік туғызды. Әлихан Бөкейхан, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Бақытжан Қаратаев, Ахмет Бірімжан, Алпысбай Қалменұлы, Темірғали Нұрекен тәрізді алаш азаматтары Дума мінбесінен де, басқа да түрлі жиналыс, басқосуларда да қазақ халқының мұқтажын айтып, мәселелер көтеріп отырды. Мысалы, Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханның «Тірі болсам, хан баласында қазақтың қақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген бір ауыз сөзінің өзі неге тұрады. Есіл ер бүкіл өмірін қазақ баласының ел қатарына қосылуына сарп етіп, ақыры сол жолда мерт болды.

Мемлекеттік Думаға депутат болған қазақ зиялыларының қай-қайсысын алмаңыз патша өкіметінің отарлау саясатынан қисапсыз зардап шеккен қазақ халқының жоғын жоқтайды. Айталық ІІ-ші Мемлекеттік Думаның мінбесінен сөз сөйлеген Бақытжан Қаратаев қазақтарды жерінен ғана емес, тұрған үйлерінен қуып, көшіріп жатқан озбырлықты жайып салып, бұған шара қолдануды, мәселені шұғыл шешуді талап етеді.

ІІ-Мемлекеттік Думаның қазақ өлкесінен сайланған депутаттарының бірі – Мұхамеджан Тынышбайұлы көшпелі халықты күшпен отырықшыландырып, «мәдениетке үйретудің зиянды зардаптарға әкеліп соғатынын және ондай қисынсыз тәжірибенің тарихта аз қайталанбағандығына назар аударады. Ресейдің ішкі губернияларынан қоныс аударушылардың тасқынын дер кезінде тоқтатпайынша, отарлау жүйесінің толқыны көшпенділерді жуып-шайып, таяу жылдардың әлетінде башқұрт халқына туған күннің бейбітшіл, меймандос қазақ елінің басына да төнерінің сөзсіздігін тап басып айтады.

Мемлекеттік Думаға қазақ өлкесінен сайланған депутаттардың қайраткерлігі жөніндегі мысалдарды көптеп келтіруге болады. Олар туралы менің кітабымда да, баспасөздегі басқа мақалаларда да айтылып, жазылып жүр. Дей тұрғанмен де олардың арасында әлі де зерттей түсуді қажет ететін қайраткерлер де жоқ емес. Мысал үшін айтсақ, Дәуіт Ноян Тұндыт, Тілеулі Аллабергенұлы, Молда Тайынұлы тәрізді қазақ даласынан сайланған Мемлекет Дума депутаттары туралы мәліметтер әлі де кемшін. Олар жөнінде деректер мұрағаттарда да көп кездесе бермейді. Мемлекеттік Думаға бұлардың бірінің Астрахан губерниясынан, екіншісінің Сырдария облысынан, үшіншісінің Жетісу облысынан сайланғанын ғана білеміз. Бұлар жөнінде басқадай деректер жоқтың қасы. Әрине мұқият іздеп, сұрастырса келешекте бұл кісілер жөнінде де керекті мәліметтерге қанығарымыз анық. Өйткені үлкен істің басы-қасында жүрген мұндай қайраткерлер туралы мағлұматтардың із-түссіз жоғалып кетуі мүмкін емес сияқты болып көрінеді бізге.

Ендігі әңгіме Мемлекеттік Думаға қазақ даласынан сайланған қайраткерлердің ішінде аты аталғанымен, Мемлекеттік Думадағы қызметі, өмірбаяны көпшілік қауымға әлі де белгісіз күйінде қалып келе жатқан, ІІ-ші Мемлекеттік Думаға Сырдария облысынан сайланған Тілеулі Аллабергенұлы туралы болмақ. Мұрағаттардағы материалдарда бұл кісінің аты-жөні, осы өңірден депутат болып сайланғаны ғана айтылады да, басқадай мәліметтер кездеспейді. Оңтүстік өңірге жасаған бір сапарымда, дәлірек айтқанда киелі Түркістан қаласында болғанымда осы олқылықтың орнын аз да болса толтырғандай болып қайттым.

Қаладағы мұражай қызметкерлерінің көмегімен ол кісі жөнінде біраз деректерге қанықтым. Түркістандағы көшенің біріне ескерткіш тақта да ілінген екен. Одан көрнекі әріптермен жазылған мынадай деректерді оқуға болады: «Тілеулі Мыңбасы Аллабергенұлы. 1856 – 1937. Ресейдің ІІ Думасына Сырдария облысынан депутат болып сайланған. Бастауыш білімді, бай адам болған. Думаның мұсылмандар фракциясының мүшелігіне өткен. Ескі Түркістан шаһарын 40 жыл басқарған. 1886-1926».

Бұдан байқайтынымыз – Тілеулі Аллабергенұлына Мыңбасы деген атаудың қосарлана айтылатынына қарап, ол кісі, қазіргі тілмен айтқанда, ұзақ жылдар бойы қаланың әкімі болған тәрізді. Қалай болғанда да там-тұмдаған мәліметтерден Тілеулі Аллабергенұлының өз заманының алдыңғы қатарлы азаматы болғаны, сөзге шешендігімен, елге көсемдігімен атағы шыққаны аңғарылады.

Соңғы жылдары ол кісі жөнінде жергілікті газеттерде материалдар басылып, зерттеу жұмыстары қолға алына бастапты. Соларды шолу үстінде аңғарғанымыз – мұрағат деректерінде жазылғандай, Тілеулі Аллабергенұлы ауқатты, бай отбасынан шыққан. Діни нанымға берік, алғыр, тапқыр адам болған. Бұған қоса кеңпейілділігі, мейірімділігі, жомарттығы, жетім-жесірлерге қайырымдылығы ел арасына кең тарап, халық арасында құрметке бөленеді. Сондықтан халық оны көкке көтеріп, Әзірет Сұлтан кесенесінде өткен кезекті айт намазы кезінде оған «Мыңбасы» атағын береді. Қазіргі тілмен айтқанда бұл – әкім деген лауазымды білдірсе керек.

Осы қызметін, өзінің жеке байлығын, әкесі Аллаберген байдан қалған қыруар мал-мүлікті, жер-суды Тілеулі Мыңбасы елдің игілігіне пайдаланған. Қаланың әр жерінен кедей-кепшік, аш-жалаңаштарға арнап ыстық тамақ беретін арнаулы орындар салдырған. Қыздар, ұлдар үшін арнаулы мектептер ашып, оқытушыларына көмек жасап, жалақы төлеп тұрған. Тілеулі Мыңбасының осындай жоғары адамгершілігі, парасаттылығы халық арасында оның беделін арттыра түсті. Ол кезде әр отбасына міндеттелетін түтінпұл деген салық болған. Соны төлеуге шамасы келмеген отбасының қарызын қаладағы байлардың мойнына іліп, төлеттіріп отырған. Мыңбасының жеке басының қасиетіне, әділдігіне тәнті болған байлар да Тілеуліні құрметтегендіктен, айтқанын екі етпеген.

Ел құлағы елу дегендей, Тілеулі Мыңбасының халықпен жұмыс істеудегі әділетті іс-әрекеті бірден-бірге, жер-жерге тарап, Шымкенттегі уез бастығына да жетеді. Ол да бір салиқалы адам болса керек, Мыңбасын Шымкентке шақыртып, көзбе-көз сұхбаттасқанды жөн көреді. Уез бастығымен екеуара әңгіме барысында Тілеулінің ашық-жарқын мінезіне, барды бар, жоқты жоқ дейтін, жауырды жаба тоқымайтын шыншылдығына, іскерлігіне, көкірегі ояу, көзі ашықтығына ризашылығын білдіріп, Тілеулінің омырауына өз қолымен шен тағып, қонақасы берген екен.

Бұл оқиғадан кейін түркістандықтар Тілеулі Мыңбасын хан көтергендей құрметтеп, бұрынғыдан бетер көтермелей түседі. Табиғатында зерек, әрнәрсені ұзақтан барлайтын Тілеулі халықтың қошеметіне мастанбайды, асып-таспайды, ешкімді бөлектемейді, олардың барлығын әзіреті Түркістанның перзентіміз деп есептейді. Халықтан түскен арыз-шағымдарды әділетті шешіп отырған. Өйткені ол кісінің діни нанымы мықты болған. Әр бейсенбі сайын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келіп, Құран оқып, қазанға садақа тастап отырған.

Тілеулі Мыңбасының 1907 жылы Ресейдің ІІ-ші Мемлекеттік Думасына Сырдария уәлаятынан депутат болып сайлануына да халық арасындағы осындай биік беделі әсерін тигізген болу керек деген ойдамыз. Ол кісінің ІІ-ші Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланғаннан кейінгі белсенді қызметі жөнінде қазақтың ежелден келе жатқан ауызша айтылып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп, бүгінгі күнге дейін жеткен әңгіме нобайынан ІІ-ші Мемлекеттік Думаға сол тұста Ресейдің шеткері аймағы деп аталатын Қазақ жерінен сайланған депутаттардың алдымен киелі Түркістан жерінде бас қосып, Қожа Ахмет Ясауи мазарына зиярат етіп, үлкен жиын өткізіп, келелі мәслихат құрғаны байқалады.

Бұл мәслихатқа Түркістанның маңайындағы аймақтардың болыс-билері, байлары, зиялы азаматтары жиналып, Дума депутаттарын зор дайындықпен қарсы алып, Тілеулі Мыңбасының үйінде күндіз-түні жиын өткізеді. Осы жиында Тілеулі Мыңбасының Дума комиссиясында сөйлейтін сөзі, Дума мінберінен қоятын мәселесі пысықталады. Кейін Думада сөйлеген сөзінде сауатсыз қазақ жастарын әскер қатарына шақырмау, қазақ балалары үшін мектептер ашу, қазақ ауылдарында емдеу мекемелерін ашу тағы сол сияқты халық арасында өзекті болып отырған мәселелерді көтереді. Бір сүйсінерлігі – Тілеулі Мыңбасының ортаға салған пікірлерінің алаштың ардақты азаматтары Әлихан Бөкейханның, Бақытжан Қаратаевтың ойларымен ұштасатыны. Бастауыш сыныптық қана білімі бар ел ағасы ойларының қазақтың Ә.Бөкейхан сияқты данышпан ұлдарының арман-тілегімен бір арнада тоғысуы Тілеулі Мыңбасының көкірегі күмбірлеген жан болғанын аңғартса керек.

Ел аузындағы және бір әңгіме Тілеулі Мыңбасының бабалар аманатқа қалдырған ұлан-байтақ қазақ жеріне өзіміз иелік етуге тиіспіз дегенге саятын тақырып төңірегінде өрбиді. Ол кісі Ташкент шаһары туралы көп айтып, Ташкент қазақтардың жері деп, ол қаланы басқаға қимастық көзқарас танытады екен. Ташкент маңындағы Шыназ, Қойлық, Тойтөбе, Зеңгі ата, Шыршық, Назарбек секілді елді мекендерге қазақтардың көптеп көшіп барып, түпкілікті қоныстануына Тілеулі Мыңбасының көп ықпалы болғандығын көнекөз қариялар осы күнге дейін айтып отыратын көрінеді. Сол сияқты Түркістанда да қазақтардың санын көбейту үшін Жезқазған, Ұлытау, Сарысу аймақтарына арнаулы кісі жіберіп, ол жақтағы ағайын-туыс бауырларды Түркістанға қоныс аударуға шақырған.

ІІ-ші Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланғаннан кейін Петербургқа сапар шеккен Тілеулі Мыңбасы қаланың сән-салтанатына, мәдениетіне риза болып, «Біздің Түркістанды да осылай көріктендірер ме еді» деп армандапты. Армандап қана қоймай, Түркістан көшелеріне тас төсетіп, аяқ жолдар салғызып, оларға кірпіш өргізіп, ағаштар отырғызған. Қалаға үлкен базар салғызып, оған “Хан базары” деген ат берген. Базарда да, қалада да тәртіптің, әділеттіктің болуын қатаң қадағалап, тәртіптен ауытқығандарды жазалап отырған.

Тілеулі Мыңбасының көзін көргендер оны орта бойлы, қараторы келген, өткір көзді жан еді деп суреттейді. Жүректі, алғыр, шешен, әр нәрсені алдын ала болжай білетін көреген адам болған деседі. Мыңбасылық орынға да өзінің осындай сегіз қырлы, бір сырлы ғажап мінезімен жетсе керек. Және осы қызметті табандатқан қырық жыл атқарып, егде тартып, денсаулығы сыр бере бастаған кезде өз еркімен кеткен.

Тілеулі Мыңбасы алпыс жасты алқымдағанда әйелі қайтыс болады. Бұл әйелінен Мақан атты ұл бала сүйеді. Мақан Тілеулінің өзіне тартып, алғыр, батыр болып ержетеді. Ел арасында оның өжеттігі, ақылдылығы жөнінде әңгімелер кең тарайды. Бірақ ұлы ертерек қайтыс болып кетеді де, Тілеулі Мыңбасы күйікке шыдамай ауруға ұшырайды. Кейінгі әйелінен бір ұл, бір қыз сүйгенімен, олардың қызығын көре алмай көз жұмады. Ұл мен қыздан тараған ұрпақ қазіргі кезде өсіп-өнген үлкен әулетке айналды.

Бүгінгі күнге дейін ныспысы ғана белгілі болып келген қайраткер Тілеулі Мыңбасыға қатысты ел аузында айтылып жүрген әңгімелердің ұзын-ырғасы осындай. Бұдан Ресейдің ІІ-ші Мемлекеттік Думасына сайланған қайраткер қазақ депутаттардың бірде-біреуінің осал адам болмағанын аңғарамыз. Бәрі де елім, жерім дегенде ішкен асын жерге қоятын, Отаны үшін, халқы үшін жанын қиюға даяр абзал, аяулы жандар. Тәуелсіз ел атанғанымызға ширек ғасыр толып отырған бүгінгі күн биігінен өткен тарихымызды шолған кезде Тәуелсіз ел атануымызға осындай аяулы ағаларымыздың да сіңірген еңбегі зор деген ой түйеміз.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *