ҚОС ДАНАНЫ ТҰҒЫРДАН ТҮСІРУ АБЫРОЙ ӘПЕРМЕЙДІ

Қоғам
1 155 Views

Әр қаланың өзіндік келбеті қалыптасқан, әр қалада жұртшылық жиі баратын, туристер мен жолаушылар тамашалап көретін көрікті жерлері, тарихи орындары болады. Қазақстанның солтүстік қақпасы болып табылатын Петропавл әсіресе еліміз егемендік алғаннан кейін қарқынды дамып, өсе бастады. Алып одақ тараған тұста бұрын одақтас болған бірқатар республикалар бір-бірінен іргелерін аулақ салып, алыстап кетті. Ал алыс та жақын шетелдермен достық, іскерлік және ашық саясат ұстану бағытындағы Қазақстан Республикасы солтүстігіндегі көршісі Ресеймен экономикалық одақ құрып, ынтымақтастықты дамыта түсті. Себебі төрткүл әлемде жүз пайыз тәуелсіз мемлекет болмайды екен.

Сан ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан тату-тәтті көршіліктің бір көрінісі осы ғой, 2006 жылы Ресейде Абай жылы, Қазақстанда жарияланған Пушкин жылының аясында Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавлдағы орталық саябақта Абай мен Пушкин ескерткіштері бой көтерді.

Иә, қазақтың ғұлама ақыны, хакім Абай мен орыс әдебиетінің классик ақыны Александр Сергеевич екі елде, екі заманда өмір сүрді. Алайда ұқсастықтары көп еді. Екеуі де халықшыл болды, екеуі де гуманизм бағытын ұстанды, ағартушылық жолында еңбек етті. Ұлы Абай өз кезегінде Пушкин шығармаларын сүйіп оқып қана қоймай, «Евгений Онегин» романынан тамаша аудармалар жасап, ол дүниелер қазақ даласына тарап кетті. Оларды жұртшылық әнге салып айтты. Ауыздан ауызға тараған Онегин мен Татьянаның бір-біріне жазған хаттары аударма емес, түпнұсқалық сипатқа ие болды. Сөйтіп Пушкин мен Абай екі халықтың арасын жалғастыратын алтын көпірге айналды.

Кезінде осы айтылғандарды тамыршыдай тап басып, терең түсінген облыс әкімі Тайыр Мансұровтың бастамасымен, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен Петропавлда Абай Құнанбаев пен Александр Сергеевич Пушкинге тамаша ескерткіш орнатылды. Бұл айтуға ғана оңай. Әйтпесе екі дананың көпшілік көңілінен шыққан тамаша ескерткіші өз-өзінен орнай салған жоқ. Көп дайындық жұмыстары жүргізілді. Тайыр Айтмұхаметұлы Мәскеуде тұратын Лениндік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Зураб Церетелимен де кездесті. Сөйтіп оған екі ойшылдың біріккен ескерткішін орнату идеясын айтты. Атақты сәулетші өз кезегінде болашақ нысанның бірнеше экскизін ұсынды. Ендігі жерде түрлі ой-пікірлерді бір бағытта жинап, сәулет өнерінің туындысына айналдыру үшін алдын ала республикалық конкурс жарияланды. Оның қорытындысы бойынша сәулеткерлер Қазбек Сатыбалды, Сұлтан Баймаханбетов, Валерий Затай шығармашылық тобы жеңімпаз атанып, үшеуінің еңбегі қоладан құйылып, граниттен тұрғызылған тұғырға бекітілді. Саябақтағы «Абай-Пушкин» композициясы қаланың көрікті жерлерінің біріне айналды. Бірақ…

Арада оншақты жыл өткенде жоқ жерден дау шықты. Ол жергілікті басшылардың тұрғындар пікірімен санаспай, қаладағы орталық саябақты жаңарту жұмысын асығыс бастап кетуінен туындады. Көпұлтты қаланың халқы бұл бастаманы қолдамай отыр. Көпшілік көңілінен шыққан, тарихи орынға айналған аумақты, әсіресе еңселі ескерткіштің сәні мен айбынын асқақтатып тұрған әлемдік үлгідегі колоннаданы көпшіліктің көзінше жермен-жексен ету аманатқа қиянат, басқаша айтқанда шын тарихты өтірікпен әсірелеп, қайта жазудың бір көрінісі десек те болады. Бұл әрекет Петропавл тұрғындарының наразылығына, қарсылығына тап болды. «Караван» газеті «Петропавл билігіне Абай мен Пушкин неге ұнамай қалды?» деген тақырыппен материал жариялап, қос халықтың ұлы ақындарына орнатылған біріккен ескерткіш алынып тасталуы мүмкін деген алаңдаушылық білдірді. Жалпы баспасөз беттерінде ғана емес, әлеуметтік желіде де жергілікті биліктің жаңарту деген сылтаумен ел игілігіне, халықтар достығына қызмет етіп тұрған терең мағыналы әрі көркем нысанды әлдебір мүдде үшін өзгерте салуға құштарлығын сынаушылар көп болды.

Көрші жатқан екі мемлекеттің, екі халықтың мәңгілік достығының айғағындай болып тұрған, қала тұрғындары мен қонақтарының көңілдерінен шыққан бұл тарихи нысан аяқ астынан кімге ұнамай қалды екен? Көпшілік көңіліне жылылық ұялатқан қос дананың бірге тұрған мүсіндері достық қарым-қатынастағы екі көрші мемлекеттің, екі халықтың кешегісінен сыр шертіп, жарқын болашағының символына айналған еді. Жалпы сәулет тұрғысынан қарағанда да, тарихи мән-мағынасы тұрғысынан саралағанда да, қаланы көріктендіру, абаттандыру тұрғысынан бағалағанда да бұл кешенді ескерткіштен кемшілік табыла қоймас. Кейбіреулер ойлағандай Қазақстан бұл орайда біржақты қадам жасап отырған жоқ. Ресей федерациясы Мәскеудің орталығында, Чистые пруды аталатын жерде ұлы Абайға тамаша ескерткіш орнатты. Оның ашылу салтанатына Қазақстан президенті Н.Назарбаев пен Ресей президенті В.Путин арнайы барып қатысты. Абай ескерткіші орнатылған жер жұртшылық көп жиналатын орынға, пікір алысу алаңына айналды.

О баста жаңартуға құлшына кіріскен жергілікті билік тұрғындар наразылығынан кейін бәсеңсіп, әртүрлі сылтау-себеп ойластырып жатқан сыңайлы. Шамасы әлдебір жерде пайда болған әлдебір жаңалықтың дақпырты шенеуніктерге маза бермесе керек. Олар өздері де аңғармай, абырой әпере қоймайтын көшірмешілдікке, даңғаза бәсекеге бой ұрып отырғандай… Бұны айтпаған күннің өзінде облыста басқа шешімін күткен проблемалар жоқ па? Қазіргідей рухани жаңғыру жүріп жатқан заманда, еліміз өркениетті озық 30 елдің қатарына қосылу мақсатын алға қойған уақытта біткен, халықтан лайықты бағасын алған істі бүлдіргенше, ауыл шаруашылығындағы, өндірістегі, әлеуметтік және мәдениет салаларындағы қордаланған мәселелерді шешкен жөн емес пе? Бұл орайда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақаловтың не ойлағаны бар? Әлде Құмар Іргебайұлының басқа жұмысы жоқ па? Ұмытқан болса, есіне салайық, Елбасының өзі барып ашқан Биохим кешені және сонымен іргелес ет өнімдерін шығаратын комбинаттың жұмыссыз тоқтап тұрғаны белгілі. Мемлекеттік тілге, рухани жаңғыруға байланысты түйткілдер де аз емес. Жалпы тізе берсе, аймақта кемшіліктер шаш-етектен. Ендеше облыстағы бірінші басшының салғырттығына жол болсын. Бәрін айт та, бірін айт, петропавлдықтарды ғана емес, жалпы қазақстандықтарды ойландырған бұл орынсыз іске орнықты пікір айтып, адасқан шенеуніктерді жөнге салып, наразы жұртты сабасына түсіруі керек емес пе. Қанша жұмысбасты болса да, әкім мырза көпшіліктің көңіліне күдік ұялатқан мәселені реттеуге уақыт таба білуі тиіс. Әлде бұл «Ел ерге қарайды, ер жерге қарайды» дегеннің кері ме?

Кенжетай ҚАЙДАУЫЛ.

Астана – Петропавл – Астана

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *