ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ҚАДІРЛЕЙІК

Көзқарас Қоғам
838 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біздің Қазақстан – Ұлы Дала Елі, Жаңғырған Ұлы Дала Елі. Бұл біздің асқақ аңсарымызәрі ерекше мақтанышымыз. Қазақстандықтардың болашақ ұрпағы біздіңжетістіктерімізді лайықты бағалап, мақтан тұтарына еш күмән жоқ. Олар біздіңтәжірибемізден даналықтың, сындарлы іс-әрекеттің және кез келген қиындықтың алдында иілмес беріктіктің үлгісін көретін болады», – деген болатын.

Шынында да ХХІ ғасырдың ақпараттық технологиялық жаңалықтарынан шет қалмай, әлемдік өркениетке ілесіп, жаңғырған Ұлы Даламыз өзінің мол жерасты байлығымен, ұшы-қиыры шексіз кеңдігімен дүниежүзінің алпауыттарымен терезесін теңестіруге күш салуда. Егемендік алған алғашқы жылдарда дағдарыстың «тар жол, тайғақ кешуінен» сүрінбей өтіп, қандай қиындық болса да, қандай кемшілік болса да өзіне ғана тән «қазақстандық жолмен» келе жатқан ел жаңаша күнкөріске икемделді, жаңа нарық заманының тірлігін игеріп әкетті. Соның нәтижесінде мемлекетіміз әлемдік қоғамдастық үшін экономикалық-инвестициялық тұрғыда қолайлы да тұрақты серіктестікке айналды. Өз еркімен ядролық қарудан бас тартып, әлемдік өркениетке ерекше ықпал етті.

Бүгінде ынтымағы жарасқан ұлан-ғайыр елімізде 140-тан астам этностың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының құрылуы да Қазақстанымыздың нағыз бейбітшіл ел екенін сан қырынан танытып отырғаны анық.

Барлық саналы өмірімді Шымкенттегі педагогикалық институтта (қазір университет) өткізіп, ұрпақ тәрбиесімен айналыстым. Қазіргі жағдайда ерекше қуантатыны тәуелсіз, жаңаша ойлай алатын, сыни көзқарастан қорықпайтын жаңа қоғам, жаңа ұрпақ қалыптасып келеді. Өзім білім беріп жүрген студент жастар қатардағы азамат ретінде өз ойын ашық жеткізе алады, қымсынбайды. Қажет болған жағдайда өз талаптарын да қоя біледі. Көпшілігі өз болашағын Қазақстанның дамуымен байланыстырады.

Жастар – біздің болашағымыз. Олардың бүгінгі заман талабына сай білім алып, өз қатарластарынан кем болмай өсуі, әлемдік деңгейдегі жаһандануға жұтылып кетпей, төтеп беруге төселуі қажет-ақ. Осындайда дана халқымыздың өзіне ғана тән өжеттілігі, батылдығы, қажымас қайсар-қайраты өн бойына дарыған ұлдарымыз бен қыздарымыз алғы шептен көріне білуде. Жаңаша ойлау, жаңа көзқарасты қалыптастыру – нарық заманының талабы болып тұр. Соған орай «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, ерекше дарынды балаларымыздың бойындағы қасиеттерін көре білуіміз, дамыта түсуіміз қажет. Олар өзінің ерекше қасиетімен дараланып тұрады, белгілі бір салаға немесе кәсіпке бейімді екенін көрсетеді. Осы ретте дарынды адам еңбектенуі де керек, өз дарынын елге таныту үшін тер төгуі де керек екенін жастарымызға ұғындыра білуіміз қажет-ақ. Алдымызда үш студент тұр десек, оның бәрінің де белгілі бір нәрсеге қабілеті міндетті түрде болады. Біреуі есепті мықты шығарады десек, екіншісі сөзге шешен, ұтымды ойларын айта алады немесе қағазға түсіре алады. Үшіншісі техникаға құмар. Жас болса да машинаның бөлшектерін біліп, жеңіл-желпі бұзылғандарына жөндеу жұмыстарын жүргізе алады. Машина жөндей білетін баланың сөзге шорқақ болуы да әбден мүмкін. Сондықтан, кез келген жасты белгілі бір кәсіпке бағыттау да өте керек секілді.

Бүгінде заман талабына сай нарықтық экономикаға толық өттік дей аламыз. Қазір елімізде 2 миллионнан астам жеке кәсіпкер бар екен. Олар көптеген жұмыс орнын ашты. Сондай-ақ ел экономикасының әлеуетін көтеруге сүбелі үлес қосып отыр. Студенттердің басым бөлігі де жеке бизнес жайлы жоспарлайды. Бұл адам қабілетіне қарай табыс табуға мүмкіндік беретін нарықтық экономиканың жемісі деп есептейміз.

Халықтың тұрмысындағы ең маңызды нәрсе – баспанамен қамтылу. Бұл тұста қазақстандық әрбір отбасының тұрғын үймен қамтамасыз етілуі де ілгерілеп келе жатқанын ерекше атап өткеніміз орынды. Күні кеше жолым түсіп, облысымыздың жаңа орталығы, көне шаһар – Түркістанда болдым. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр екен, қалаға кіреберісте бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлер, облыстық мекемелерге арнайы салынып жатқан әсем ғимараттар менмұндалап тұр. Пайдалануға беретін күндер жақын секілді. Елбасымыздың бұл қалаға ерекше көңіл бөліп, жаңа облыс орталығы етуіне көпшілік қауым қатты қуанды. Кеңес кезеңінде діннің өршіп кетуіне себеп болады деді ме екен, бұл артта қалған поселка типтес қаланың бірі ғана болатын. Ауыз суы тапшы, кәріз құбырлары жоқ, инфрақұрылымдары дамымаған, көлік жүретін көшелері өте тар еді. Қазір қала гүлденіп келеді. Тұңғыш Президентіміз арнайы келіп, қаланың тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп кетті. Мұндағы жаңадан салынып біткен гүл бақтары, соңғы үлгідегі алаңдары, жаңадан іске қосылып жатқан субұрғақтар ерекше сәулеткерлік көріністерімен көз тартады. Көне десе көне дерліктей болып келген ежелгі Түркістанымызда асфальт жолдар жөнделіп, тар көшелер кеңеюде. Қылқанжапырақты шыршалардың сан алуан көшеттері де жасыл желегімен көріктендіре түскен. Мұның арғы жағында осы жұмыстардың атқарып жатқан тұрғындардың еңбекпен қамтылуы деген үлкен іс жатқанын да мойындауымыз керек-ақ. Ауасы құрғақ, жауын-шашыны аз бұл қаладағы жан-жақты қарқын алған көгалдандыру жұмыстарына біздің де көңіліміз толып, марқайып қайттық.

Отыз жылға жақындап қалған Тәуелсіздік кезеңінде Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман өткізіп келеміз. Осының барлығы еліміздің тұрақты даму үстінде екенін көрсетіп тұрғандай. Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз десек, бұл күнге сан ғасыр бойы армандап жеттік. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізіп, елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қостық. Бұл аралықта үлкен жеңістеріміз бен жетістіктеріміз аз болған жоқ.

Ардагер ретінде айтпағым, егемен елімізді мақтан тұта отырып, Ұлы Дала Еліндегі тұғыры биік Тәуелсіздігімізді құрметтейік, ағайын. Барша жұртшылық Жаңғырған Ұлы Даламыздың құндылығын арттырып, соған өзіндік үлесін қосып келе жатқан біз секілді ардагер ақсақалдардан Елбасы айтқандай: «…Біздің тәжірибемізден даналықтың, сындарлы іс-әрекеттің және кез келген қиындықтың алдында иілмес беріктіктің үлгісін көретіні» анық. Ең бастысы – қол жеткізген құндылықтарымызды қадірлей білейік.

Ілесхан СМАНҰЛЫ,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік

педагогикалық университеті

ардагерлер кеңесінің төрағасы,

педогогика ғылымының докторы, профессор.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *