АҚЫНДЫ ҚАЙТА ОҚЫҒАННАН КЕЙІН…

Билік
907 Views

Қоғамда көпшілік қабылдаған және мінез құлық ережелеріне айналған кұңдылықтар жүйесі әлімсақтан бері қалыптасқан. Олар – салт-дәстүр, әдет-ғұрып,адамгершілік принциптері мен моральдық ұстанымдар, мемлекет заңдары менұстанымдары, ережелер мен қағидалар. Қоғамда адамдар арасындағы қатынастарды осы құндылықтар реттеп отырады. Әдетте қоғамның әрбір өкілі әлеуметтік қағидаларды бірдей әлі толық орындай бермейді. Нәтижесінде, адамгершілік пензаңдылық нормаларын адамдар тарапынан бұзу орын алады. Олардың ішінде сыбайласжемқорлық пен жеке адамдардың парақорлық оқиғалары да едеуір етек алады.

Ар мен ұяттан тұратын адамның кісілік келбетіне көлеңке түсіріп, азаматтың қадірін кетіретін қасиетсіз іс – жемқорлык пен парақорлық. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деген атам қазақ арының кір шалмауын, жанының таза болуын қалаған. Дегенмен, атадан қалған асыл сөздің қадіріне жете алмай, қасиетін түсіне алмай жүрген жайымыз бар. Керісінше, ар-намыс деген қа­зақ философиясының категориясын аяққа таптап, ұятты іске барып, сыбайлас жемқорлық пен парақорлықты дамытып жібердік. Жемқорлық – адамзат қоғамында әлімсақтан бері келе жатқан қатерлі, созылмалы ауру. Парақорлық пен жемқорлық адам табиғатында бар вирус сияқты. Қоғамның тамырына сәл ғана «суық тисе», қоғамда парақорлық ауруының «қызуы көтеріледі». Демек, жемқорлық қоғам тіршілігіне тереңдеп енген құбылыс.

Қазіргі Қазақстанда парақорлық пен сыбайлас жемқорлықтың белең алғаны сонша, билік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жариялауға мәжбүр болып отыр. Әзірге күрес нәтижесі жоқ. Дегенмен, күресе беру – өмір талабы.

Жемқорлық пен парақорлық өткен ғасырларда да болған. XIX ғасырдағы парақорлық жайлы данышпан Абай айтып та, жазып та кеткен. Ақынның «Қартайдык, қайғы ойладык, ұлғайды арман» деген өлеңі 1961 жылы қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан жарық көрген шығармаларының толық жинағына енген. Бұл 1886 жылы жазылған 22 өлеңінің бірі. Өлең XIX ғасырда отарланған қазақ қоғамының саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуынан хабар беретін туындысы.

Тарих қойнауына үңілсек, 1737 жылдан басталған қазақ жеріне Ресейдің дендеп енуі, 1880 жылы толық отарланумен аяқталды. Өз еркімен Ресейге қосылудағы қазақ азаматтарының асыл ойы мемлекеттілікті сақтап қалу, бодан бола отырып, ел болып ұю еді. Отарлану қазақ жерін ауыр саяси, экономикалық және әлеуметтік ахуалдарға ұрындырды. Отарлануға қарсы ұлт-азаттық ірілі-ұсақты күрес кең өріс алды. Елдікті мұрат еткен азаттық күресі, орыс патшалығына қарсы ешнәрсе істей алмады. XIX ғасырдың соңына таман аяқталған отарлану қазақ жерін түгел қамтыды. Отарлану, отар елге айналу халықтың санасын саналы ойдан, еркіндікті еркінен айырды. Қазақ азаматтары ірілікті кішірейтіп, елдікті бодандыққа ауыстырып, мемлекет мәселесін емес, қарақан бастың қамын ойлайтын қуыршаққа айналды. Адамды адам аңдитын қасиетті қабылдап, азғындық сияқты қауіп-қатерге жол ашылды. Абайдың: «Терін сатпай телміріп көзін сатып, Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аламан құдды аларман», – дейтіні дәл осы XIX ғасырдағы қазақ жайы.

Абай айтып отырған алар­ман – кісінің дүние мүлкін заңсыз иеленуші немесе қорқыту, бопсалау арқылы алушы. Аларман адамның тағы бір қасиеті – алаяқтық. Жұмсартып айтсак, жемқорлықтың етек жая, қоғамға дендеп енуі. Бір ғажабы, отарлану кезіндегі мерзімде халықтың дүниетанымы, пайымы көзқарасы адам танымастай өзгеруі. Анықтап айтар болсақ, XVIII ғасырдағы қазақ жұрты бостандық үшін күрескен күрескер, елшіл әрі мемлекетшіл еді. Бүкіл қазақ азаматтары іргелі ел болуға ұмтылып, қалмақ басқыншыларына қарсы жап-пай ерлік көрсетіп, халықтың ірілік кескін-келбетін танытты. XIX ғасырдағы қазақтар асыл қасиеттерінен ажырап, ірілікті жоғалтып майдаланғанына таң қаласың. Оның себебі де жоқ емес. Бұл — XIX ғасырдагы қазақ жеріндегі геосаяси жағдай – қазақ хандығының жойылуы, қазақ жерінің отар­лануы, кіріптарлық – халықтың психологиясын, дүниетанымын түбегейлі өзгертті.

Қартайдық, қайғы ойла­дық, ұлғайды арман,

Шошимын кейінгі жас балалардан,

Терін сатпай, телміріп көзін сатып,

Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман, –

депті Абай. Демек, қоғам бұзылып, адам­ның болмысы өзгеріп, сана мен ой тұманданып, халық бей-берекетсіздік кезеңге тап болыпты. Абай айтып отырған аларман – жемқор, парақор. Өмірде аларман болса, медальдің екінші жағы – берермен де бар. Аларман – қолында билігі бар мемлекеттік мекемеде қызмет етуші. Мемлекеттің атынан өкілдігі бар адамның заңды дұрыс қолданбауы не­месе заңды қарақан бас пайдасына бұра пайдалануы – жемқорлық тудырады. Билікші адам заңды іске кедергі келтіре немесе заңсыз әрекетке көмек көрсете отырып, пара алуға жол ашады. Мұндайда жандайшаптар мен делдалдар да көбейеді.

Бай алады «кезінде көп берем» деп,

Жетпей тұрған жерінде тек берем – деп.

Би мен болыс алады күшін сатып,

«Мен қазақтан кегіңді әперем деп», – дейді Абай. Отарланған қазақ қоғамында қазақ мемлекетшілдік ойдан, елдік мұраттан ажырап қалды. Қолдан келгені – орыс әміршілдігіне жағыну болды. Қолдарынан келгендер қазақты бұқтырып, ызғарымен ықтырып, ұлыққа жағынуды ғана білді. Арсыздық жайлағаны сонша, қолында барға қанағат тұтпай, қарашаның малы мен дүниесіне алдап алудан арланбай, азғана боқтық үшін адамгершілікті аттап, кісілікті таптап, үятсыздыққа барып, параның құрбаны болғандарды Абай қатты сынады. Жемқорлар мен парақорлар қазіргі Қазақстан қоғамында үдеп тұр. Қолында билігі жоқтар алаяқтыққа бар­са, билікші кісі – парақорлыққа барады. Алаяқтар мен парақорлар, екіжүзділер қай қоғамда да болған.

«Дос алады, бермесен бұлт берем деп,

Жауыңа қосылуға серт берем деп…», – дейді Абай.

Дәл бүгінгі біздің коғамның шынайы суреті дерсің. Өзі өмір сүрген ортасының алармандығы меңдеп, алаяқтық дендеп, ұят пен ардан аттап, жемқорлық жайлап, оған қоғам қарсы шыға алмайтындай жағдайға жеткеніне ұлы ойшыл қатты қиналады. Алармандық пен берермендік Абай заманынан бері адамдар арасына сығалай кіріп, тамырын терең жайғаны сонша, пара беру, жемқорлық – күнделікті жағымды қатынасқа ауысқан сияқты. Бүгінгі Қазақстан қоғамындағы жемқорлық Абай заманы сияқты құндылықтар азғындағанда қалыптасыпты.

Абай өз заманында алармандықтың кебейгенін, тіпті жұрттың бәрі парадан бастартпайтынына қиналады. Егер ұрпақтарының бүгінгі жағдайын келіп көрсе, Абай хакім сөз таппай қиналар еді. Ұлттық ақыл-ойдың шыңы, гуманизмнің асқары Абай, ізгілікті, құндылықтарды жемқорлық сияқты нашар қасиеттер ығыстырғанын, жаман әдеттің жұққыш келетінін, «теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман» деп білдіріп отыр. Арамзалық, алаяқтық, алдау, арбау, бопсалау, күш көрсету, боссөзділік, жемқорлық пен парақорлық – қоғамның бет-бейнесіне айналғанына хакім Абай қатты күйінген. Қазіргі күні жемқорлық пен парақорлық аса қатерлі межеге көтерілгені сонша, қоғамның келешегіне қауіп төндіріп түр…

Қазан төңкерісі нәтижесінде қоғам бір сапалық күйден екінші сапалық күйге ауысты. Жаңарған жаңа әділетті қоғам жемқорлық пен парақорлықты түп-тамырымен жоюы керек еді. Бірақ, адамзат қоғамымен бірге жасасып келе жатқан осы бір жаман қасиетті коммунистік идеология да, оның қырағы көзі індемес чекистері де жоя алмады. Жемқорлық, парақорлық Кеңес қоғамында өрмекшінің торындай тоқылды. Жең ұшынан жалғасу, қоғамдық меншікті талан-талажға түсіру, қаптаған парақорлық пен жемқорлық Кеңес Одағын және социалистік лагерь елдерін түгел шарпып, соңында бүкіл жүйенін құлауына алып келді. Жалпы, социалистік теңгермешілік идея дұрыс идея! Кінәлілер – ел басқарып, бірақ, сол идеяны іске асыра алмағандар, идеяны бұрмалап, қоғамдық меншіктеп көп ұрлағысы келгендер. Барлық қоғамда, барлық уақытта адамдар мен коғам үшін аса қауіпті қасірет – парақорлық пен жемқорлық. Бұл жай ғана парақорлық пен жемқорлық емес – қоғам үшін аса қауіпті құбылыс немесе өте жайлап жарылатын мина.

Қоғамтанушылар назар аудармаған қарапайым шындық бар. «Адам жайлы жерді, балық терен суды іздейді». Олай болса, жылы-жұмсақ жайлы жер іздеген адам әркез өз мүддесін көздейді. Бұл – адам­ның табиғатында бар қасиеттер. Жеке бастың мүддесін қоғамның, өзгенін мүддесінен жоғары қойғанда парақорлыққа жол беріледі. Жемқор параны бір рет алса үйренеді, екі рет алса әдетке айналдырады. Берермен тынбаған шаруасын пара беру арқылы тындырады. Қоғамның моральдық, заңдық ұстанымдары мықты болмаса, адамдар оны жиі-жиі бұзып отырады. Ондайда, заң әлсіз кезеңдерде парақорлық пен жемқорлық – байлықтың көзіне, игіліктерді иемденудің өзіне айнала бастайды.

Адам – табиғатынан жақсы жағдайда өмір сүруді мұрат тұтқан бірден-бір тіршілік иесі. Қоғамның моральдық ұстанымдары әлсіз, заңдары бос, талабы жоқ болса, қандай дәрежедегі мансап иесі болса да азды-көпті марапаттан, мақтау сөз және жылы-жұмсақ астан бас тартпайды. Адам – табиғатынан мақтансүйгіш, бұл – парақордың осал жері. Біздің ойымызша қолпаштау мен мақтау, егер ол билікші адамға арналса, заттың және мүліктікке пара-пар келетін пара. Мақтау мен мадақтау белгілі мақсатпен айтылса, оның арты пара беру мен пара алуға әкелері сөзсіз, осылай жемкорлыққа жол ашылады.

Абайдың сынаған аларманы кәнігі жемқор. Ол бүгін де бар, кешегіден күшейген аларман. Қазіргі Қазақстанда аларман да, берермен де жеткілікті. Көп жағдайда «кәнігі аларман» – жемқор, ешкімге ешқашан пара беріп көрмеген жанды да епшілдік әдіске салып пара беруге мәжбүр етеді.

Аларманның өзі берерменді қолдан жасайды. Оның он сан жолы бар. Халқымыз осы бір қасиетсіз істің де қадірін келтіре, берерменді үкілеп, «күлшелі бала сүймелі» деп ақтап алып жатады. Демек, қолында «күлшесі бар» адам ісі түскен билікші кісіге «қол созса» сүйкімді болады екен. Қандай жиіркенішті, әрі қандай қадірлі! Міне, адам болмысы осындай!

Дегенмен, қоғамдағы келеңсіз жағдай парақорлық пен жемқорлық – жағымсыз мінез-құлықтар адамдардың күнделікті тіршілігіне сіңісті болып, өмір сүру нормаларға айналып бара жатқанына алаңдамасқа болмайды. Хакім Абай заманында да осындай еді. Бүгінде де дәл сондай. Адамдар басқа, қоғам басқа, заман басқа. Бірақ, сол өзгермеген сана, боқтыққа малданып, ұлы мұраттарды мансұқ еткен адам. Адамнан дүние жақын болған, ұяттан күнә биік тұрған, кісінің кісілік келбетінің қадірсізденуі – жемқорлық жайлаған қоғамда бой көтереді. Мыңмен жалғыз алысқан Абай: «Моласындай бақсынын, жалғыз қалдым тап шыным», – деген. Кейбіреулер Абай заманындағы жемқорлықты сауатсыздықтан деп жатады. Онда қазіргі Қазақстанға не жорық? Еліміз жүз пайыз сауатты. Жемқорлықтың себебі неде? Бар пәле – адамда! Адамның санасында. Оны өзгерту – биліктің қолында. Абай данышпанға жүгінейік: «Мен егер закон қуаты қолында бар адам болсам, адам мінезін түзеуге болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – дейді отыз жетінші қара сөзінде. Жемқорлық пен парақорлық қоғамды жайлағанда өте қатал заңнамалық негіз жасалуы шарт. Қоғамның рухани таза дамуына қол жеткізу үшін қазақ халқының ұлттық философиясынан ұят, намыс, ар, тоба, шүкіршілік, бауырмашылдық деген сияқты категорияларды жүйелеп ендіру керек.

Ж. ӘБУОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *