ЖАЛАУЫМЫЗДЫ ЖАТЖҰРТТЫҢ ЖЕРІНДЕ ЖЕЛБІРЕТКЕН ЖІГІТ

Спорт
1 400 Views

Мақсат Сыдықұлы Омар – Шымкент қаласының тумасы. 1998 жылы 28 тамызда дүниеге келген. Шымкенттегі ұлдардың түрік лицейін үздік бітірген. Ағылшын тіліне ағып тұр. Боксты бар ынта-жігерімен жақсы көреді. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түскен болатын.

«Қазақ ұлттық энциклопедиясында» бұл жоғары оқу орны жайлы мынадай мәлімет берілген: «Құрлық әскерлерінің әскери институты (ескі атауы: Алматы жоғарғы әскери академиясы) – 2002 жылы Әскери академияның екіге бөлінгенінен пайда болған құрлық әскерлерін дайындап шығаратын әскери институт. Әскери академия Құрлық әскерінің институты мен Ұлттық қорғаныс әскери университеті болып бөлінді. Негізі 1918 жылы Түркістан әскери округінің училищесі болып құрылған. Кейін Орта Азия әскери округінің училищесі (1969 жыл), Алматы жоғары әскери училищесі (1970) болып аталды. Қазақстан Президентінің Жарлығымен 1997 жылы 11 ақпанда Алматы жоғары әскери училищесі Алматы жоғары әскери академиясы болып қайта құрылды. Алматы жаяу әскерлер училищесі, Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектептер осы академияның құрамына енеді. Академияда әскери тактика, қоғамдық ғылымдар, шет тілі, автомобиль даярлығы және соғыс машинасы, артиллериялық қарулар мен техникаларды пайдалану, әскери инженерлік байланыс және жалпытехникалық пәндер, физика-математика, дене шынықтыру және спорт кафедралары жұмыс істейді. Оқу орнында жоғары, арнаулы және орта әскери білімді маман кадрлар даярланады. Мұнда төрт ғылым докторы (1998), сондай-ақ техника, тарих, физика-математика, филология ғылымының кандидаттары дәріс береді. Оқу орны негізі қаланғаннан бері 7000-нан астам офицер кадрлар даярлап шығарды. Кеңес Одағының Батыры, лейтенант Шахворостов, Ауған соғысының Батырлары – С.Н. Гущин, Н.Акрамов, генерал-полковник А.Х. Қасымов, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскері қолбасшысының бірінші орынбасары, генерал-майор Б.Б. Жанасаев, генерал-майор А.Б. Тасболатов, генерал-майор Ж.К. Рыспаев және генерал-майор Б.Е. Ертаев – осы академия түлектері. Академияның сырттай оқытатын бөлімдері де бар».

Білім жолын қуған жігіт үздік оқумен қоса-қабат қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүрді. Осыны ескерген аталмыш жоғары оқу орнының басшылығы оны Америка Құрама Штаттарының Колорадо штатындағы әскери академияға білімін жетілдіруге жіберу жөнінде ұйғарым жасайды.

Жақында мұхиттың арғы жағынан көзайым хабар, жағымды жаңалық келіп жетті. АҚШ-тың Колорадо штатындағы әскери академияның ІІ курс студенті Мақсат Омар бокстан 63 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарының бәрін қапы қалдырып, академияның чемпионы атаныпты. Бұл байрақты бәсекеге сондай-ақ бірнеше академияның тыңдаушылары қатысып, бағын сынап көрген. Аталмыш жоғары оқу орнының басшысы, генерал-лейтенант Сильверия жерлесімізді шынайы құттықтап, оның ата-анасына өзінің ризашылық сезімін білдіріпті.

Ұлының табысына шаттанған әкесі Сыдық Омарұлы:

–Туған елін, жерін жан-тәнімен сүйетін шынайы патриот ұлым Мақсат алыстағы Америкаға аттанарында Тәуелсіз де егемен еліміздің көк туын өзімен бірге әкеткен тұғын. Бөлмесінің төріне іліп қойған. Жеңіс тұғырына көтерілген сәтте сол көк туды желбіретіп жүгіргенін көрген кезде кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Ол өзінің бұл жеңісін менің ердің жасы – елуге толған мерейтойыма арнапты. Ұлым алдын ала академия басшыларына барып, бөлмесіне Қазақстанның көк туын іліп қоюға, жеңіске жеткен сәтте суретке түсуге рұқсат алған екен. Міне, сол арманына жетіп отырғаны қандай ғанибет. Оның бұл толағай табысына анасы Нәзира, ағасының жолын қуып әскери оқу орнына түскен інісі Мұрат, мектепте оқитын бауыры Дінмұхаммед, қарындасы Айшолпан да айрықша қуануда. Сөз орайы келгенде ұлымды айшылық алыс жолға оқуға жіберген еліміздің Қорғаныс министрлігінің басшыларына өзімнің шынайы алғыс сезімімді жеткізгім келеді, – дейді тебіренісін жасыра алмастан.

Осылайша тек Шымкенттейін шырайлы шаһарымызды ғана емес, күллі Қазақстанды өзінің тамаша жеңісісімен қуантып, жалауымызды жатжұрттың жерінде желбіреткен жерлесімізді сан мыңдаған газет оқырмандары атынан біз де қызу құттықтаймыз! Мақсат-мұраты биік Мақсаттың алар асулары, бағындырар биіктері әлі алда деген сенімдеміз.

Әбдісаттар ӘЛІП.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *