Құқықбұзушылық оқиғалары кәмелет жасқа толмаған жастар арасында да орын алып жатады. Сондықтан, елімізде жасөспірімдердің түнгі сағат 22.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруіне, компьютерлік клубтар мен мейрамханаларда болуына қатаң тыйым салынған. Тәртібі қиын балаларды жергілікті жерлердегі ювеналды полиция тобының инспекторлары қатаң бақылауға алады. Ал жасөспірім баланың мұндай қылығына ата-ана да өз тарапынан жауапкершілікке тартылады. Тәртіп сақшыларының жұмысына қарамай, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мен болдырмау күн тәртібінен түскен емес.
Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы бірқатар іс-шаралар қабылданды. Осы мақсатта «Жасөспірім» іс-шарасының үш кезеңі, «Түнгі қаладағы балалар», «Қайыршы» жедел профилактикалық іс-шаралары және кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік», «Жұмыспен қамту», «Абайлаңыз балалар» акциялары өткізілді.
«Жасөспірім» Іс-шарасының басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың, соның ішінде топтық төбелес, бопсалау жайтын алдын алу, жолын кесу, сондай-ақ құқыққа қайшы іс-әрекеттерге жол бермеу, кәмелетке толмағандарға алкогольдік және темекі өнімдерін сату, олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің ілесіп жүруінсіз ойын-сауық мекемелері мен тұрғын үй-жайлардан тыс аумақта болу жайтын анықтау. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардан заңсыз сақталатын заттарды (атыс, суық қару, денсаулыққа зиян келтіре алатын басқа заттар, есірткі және психотроптық заттар) тәркілеу.
«Түнгі қаладағы балалар» рейдінің мақсаты – кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігін, балалар құқығының қорғалуын қамтамасыз ету, түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде заңды өкілінсіз жүрмеуін көшедегі қала тұрғындарының (ата-аналардың) есіне салу. Сондай-ақ, түнгі клубта, ойын-сауық орындарында, компьтерлік клубтарда жүрген оқушыларды анықтап, оларға ескерту жасау.
«Қайыршы» ЖПІШ негізгі мақсаты – әртүрлі қызметке мәжбүрлеу және белгілі табысқа жету, азаматтарға мазалап тиісумен көрінген құқықбұзушылықты анықтау және жолын кесу, ескерту жасау.
«Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік» акциясының мақсаты – оқушылардың адам құқығы, соның ішінде бала құқығы жөнінде түсінігін кеңейту, әрбір адам өз құқығын біліп, өзгенің құқығын бұзбауға үйрету, құқықтық тәрбие беру.
«Абайлаңыз балалар» жобасы аясында мектеп оқушылары жол жүру ережелерін ғана емес, көшеде өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуді де үйренеді. Мұндағы мақсат — мектеп жасындағы балаларды жол-көлік апаттарынан сақтандыру. «Абайлаңыз, балалар!» акциясы былтыр кезекті рет қолға алынып, жоба оқу жылының соңына дейін жалғасын тапты. Айта кететін жайт, соңғы жылдары мектеп алдында жаяу жүргіншілер жолағы бойында оқушылардың өлімі немесе жол-көлік оқиғасы тіркелмеген. Осының бәрі қалалық полиция департаменті қызметкерлерімен атқарылған іс-шаралар болды.
Сонымен қатар барлық мүдделі орган өкілдерін қатыстыра отырып, әр аптаның жұма, сенбі және жексенбі күндері түнгі іс-шаралар өткізілді. Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын жайдан тыс жерлерде жүрген 3078 жасөспірім анықталды, ата-анасының бақылауынсыз жүрген 762 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Құқық бұзушылыққа бейім жеті жасөспірім Түркістан облысының Кентау қаласындағы арнайы мектеп-интернатына жолданды. Құқықбұзушылыққа бейім 300 жасөспірім және 179 қолайсыз отбасы Ішкі істер органының есебіне алынды.
Сондай-ақ, тәрбиелік маңызы бар «бейнероликтер» көрсете отырып, білім беру ұйымдарында оқушылармен және олардың ата-аналарымен кездесулер өткізіліп, құқықтық тақырыпта түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарынан бөлек мектеп инспекторлары күнделікті таңертеңгі сағат 07:30-08:30 аралығында, түскі сағат 12:30-14:30 аралығында және кешкі сағат 17:30-19:30 аралығында мектептердің аумағында орналасқан жаяу жүргіншілер жолағында қызмет атқарып, оқушылардың сабаққа қауіпсіз келіп кетуін қамтамасыз етті.
Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде 2019 жылы кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар – 22,8 пайызға (232-ден 179-ға) төмендеген. Бұл – сөзсіз өңірімізде Ювеналды полиция қызметкерлерінің атқарып жатқан еңбегінің жемісі.
Мұндай іс-шаралар биыл да өз жалғасын тауып отыр. 2020 жылдың өткен үш ай көлемінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бірқатар іс-шаралар қабылданып үлгерді. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету бойынша мақсатты «Жасөспірім» және «Қауіпсіз мектеп» жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілді.
Бала қауіпсіздігі мәселесінің маңызы зор екені мәлім. Әрбір ата-ана баласының қауіпсіз ортада өмір сүріп, дені сау, білім-білігі мол саналы ұрпақ болғанын қалайды. Бұл үшін балабақша мен мектептердегі қауіпсіздік шаралары сенімге селкеу түсірмейтіндей болуы қажет. Бұл тақырыптың маңыздылығы Елбасы жолдауында да айтылып өткен. Ол өз жолдауында: «Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырамын», – деген болатын. Осы орайда қажетті іс-шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Солардың бірі 2018 жылдан бастап қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мектеп процесін автоматтандыру мақсатында іске қосылған – «Қауіпсіз мектеп» жобасы. Жобаның басты мақсаты – білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім алушылар арасындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау және оқу орындарында қауіпсіздік шараларын жетілдіру. Бұл жұмыстар оқу орнындағы тәртіпті нығайып, білім үлгерімінің артуына оң әсерін тигізуде.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға зерделеу жұмыстарын жүргізе отырып, әр аптаның жұма, сенбі және жексенбі күндері түнгі іс-шаралар өткізілуде. Оған жергілікті атқарушы орган, прокуратура, білім, денсаулық сақтау, отбасы, жастар саясаты мәселелері басқармасы, ата-аналар комитеті, үкіметтік емес ұйым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын жайдан тыс жерлерде жүрген 1217 жасөспірім анықталды, ата-анасының бақылауынсыз жүрген 233 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырған. Құқық бұзушылыққа бейім бір жасөспірім Түркістан облысының Кентау қаласындағы арнайы мектеп-интернатына жолданды. Тағы осындай 121 жасөспірім және 81 қолайсыз отбасы Ішкі істер органының есебіне алынған.
Сонымен қатар Ішкі істер органының есебінде тұратын жасөспірімдер және қолайсыз отбасылар тұрғылықты мекен-жайы бойынша тұрақты түрде тексеріліп тұрады. Білім беру ұйымдарында оқушыларды және ата-аналарды қатыстыра отырып кездесулер ұйымдастырылып, құқықтық тақырыпта түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Кездесу барысында тәрбиелік маңызы бар «бейнероликтер» көрсетіледі. Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде, 2020 жылдың үш ай қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар – 28,3 пайызға (60-тан 43-ке) төмендеді.
Қазіргі таңда, кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар барлық бағытта жүргізілуде. Жасөспірімдер арасындағы қылмысты төмендету бойынша нақты нәтижеге жасөспірімдер қылмысының алдын алу әдісін жаңартуға бағытталған әлеуметтік жобалар арқылы қол жетіп отыр.
Г. ҒАНИҚЫЗЫ.