АБАЙДЫҢ ДАУЛАРҒА ҚАТЫСТЫ БИЛІК БІТІМДЕРІ

Руханият
1 573 Views

Биыл біз ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын республика көлемінде атап өтудеміз. Осы орайда мақаламның кіріспесін Абай атамыздың мына бір өлең шумақтарымен бастағым келіп отыр:

– Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп ойнап күлмес,

Мені мен менікінің айрылғанын,

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған

Өлді деуге сия ма, айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған, дегендей бүгін біз артына өлмейтін сөз, өшпейтін мұра қалдырған Абай атамыз туралы сөз қозғаймыз.

Абай атамыздың қазақ даласында дауларды, тартыстарды шешуде алатын орны ерекше болғанын тарихтан білеміз. Дау мұраты – біту десек, сол дау-дамайларды Абайдың шешу жолдарына көз жүгіртіп көрейік. Абай және жер дауы.

1) Ежелден бері талас-тартыстың бірі жер дауы. Абайдың кезінде жер қатынастарына үлкен өзгерістер енді, ішкі әлеуметтік қайшылықтар өсті, жер иеленуде жеке меншік өріс алды. Жораға түскен жер дауын шешуде ескі тәртіп, дәстүрмен қатар жаңа ережелер туды. Бұрын жер таласында қонысты жерді қай ру, ауыл бірінші болып игерді, қазған құдығы, жер аттары мола-мазарлары, тасқа ойған ру таңбалары дәлел ретінде бағаланған. Соңғы уақытта жерді бөлуде атпен жүріп тас тастау, меже салу, бақан тігу, шоқы-төбеге белгі салу өріс алды.

Абайдың інісі Оспанға тарттырған айыбына мысал келтірейін. Кенже бала ретінде қара шаңыраққа ие болып отырған Оспан содыр мінезді, дандайсыған, сотқарлау болып өседі. Бірде Оспан жайлауға көшіп кеткенде, қыстау, қора-қопсыны бағып қалған 12 үй жатақ ой-ойдағы тың жерлерге ағаш, соқаға сауын сиырларын жегіп, бірлесіп 20-25 десятина жерді жыртып, азды-көпті бидайларын егіп, оны күтіп, еңбектеніп өсіреді. Еңбектері зая кетпей, егін бітік өседі. Бірде Оспан жайлаудан жылқыларын айдап келе жатып, жатақтардың жайқалып өскен егініне жылқыларын жаюды бұйырады. Жылқылар егінді тұяқтарымен жайпап, жеп кетеді. Бұны көрген жатақтар зар жылап, өкініп қалады. Осы кезеңде Абай Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде болатын төтенше съезге келе жатып, жатақтың егінін інісі Оспанның бұйрығымен тапталып қалғанын, содан халықтың, шиеттей бала-шағаның ас-сусыз қалғанын біледі. Осы мән-жайдың анық-қанығына жеткен соң Оспанға жылқыдан 24 жылқы айдап әкелуді бұйырып, оны 12 жатақ үйге 1 ірі жылқы, 1 құнаннан бөліп бергізіп, «Бұл менің Оспаннан әперген айыбым, қорықпай алып, пайдаланыныздар», – дейді. Ал Оспанға: – Әкеңнің шаңырағының қасиетін сақтасаң, жайлауға кеткенде қыстауыңды күзететін, іркітіңді құрт қылатын, жүніңді киіз қылатын, малыңның көңін отын ететін жатақтарда әкеңнің құны кеткен жоқ, оларды неге қорлайсың, жер-суды сен жаратқан жоқсың, жер-су құдайдікі, соны кім пайдаланып, игілікке үлес қосса, сонікі. «Әдепсіз өскен ұл-қыз ата-анасының сүйегіне тіл тигізеді» деген сөз бар, деп інісі Оспанға жатақтың егініне малын жайғаны үшін айыбын тарттырған екен. Бұл мысалдан біз «Тура биде туған жоқ, турасыз биде иман жоқ» деген халық нақылының айқын көрініс тапқанын аңғарамыз.

2) Жесір дауы қазақ қоғамында көп тараған даулардың бірі. Қазақ салт-дәстүрінде әдет-ғұрып заңында «құда болып құрмаласудан» бастап «қалың мал», «шымылдық байғазы», «беташар», «ақ баталы жесір», «ақ некелі әйел», «әмеңгерлік» сияқты ғұрыптар дау-таласты шешу ретін баян етеді. Абай өзінің беделін, білімін, әдет-ғұрып заңдарына жетіктігін, би атағын қуғын, жәбір көрген, азды-көпті бас бостандығын тілеген қыз-әйелдерге көмекке жұмсады.

1870 жылдың аяғында билер съезінде Абай басшылық етеді, бұл съезде қыз Қадишаның арызы қаралады. Тоқалдан туған Қадишаның шешесі ерте өліп, оны әкесі Пазыл Есболатпен құда болып, бір жігітке атастырады. Бірақ Қадиша оны қаламайды, ол Олжабай деген жігітпен серт байласып, қашып кетпекші болады. Оларды аңдып жүріп 5 жігіт ұстап алып, аяқтарына кісен салып, Абай басқарған съезге келіп, жазалауын сұрайды. Абай аяқ-қолдарын босатқызады. Қадиша сөзін өлеңмен айтады.

– Айдалып бұл съезге келіп тұрмын,

Бетіме айдан таңба түсіп әжім.

Алдына келіп тұрмын Абай аға,

Бар шығар Сіздерде де мендей бала,

Айдаған кісен салып жиын топқа,

Бар ма еді, бұрынғыдан қалған мұра ?

Абай барлығының сөздерін тыңдап, тұжырымын жариялайды: – Мына Қадишаның басы бос болсын, өзі сүйген Олжабайға барсын, Пазыл жағы қалыңмалды қайтарып берсін, бес жігіт кінәлі болса да кінәсіз, олар әдет-ғұрып салтына сүйенген, оларға Олжабайдан бір түйе кестім, дейді. Бірақ Есболат жағы (атастырылған жігіт жағы): – Абайжан, Пазылда (қыздың әкесінде) мал жоқ, келініміз кетсе де, малымызды кетірмеңіз дейді. Сонда Абай: – Онда мына Олжабай мен Қадишаны жазықсыз ұрып, кісен салған 5 жігіт сендердің малдарыңды төлесің, – деп байлам айтады. Бұндай әділ билікті естімеген, мүмкін деп те ойламаған Олжабай мен Қадиша бостандық алғанына риза болып, көздеріне жас алып, Абай ағасының алдына тәжім етіп, алғысын білдіріпті.

3) Абай және мал дауы. Жалпы өздеріңізге белгілі мал ұрлығы қазақ ұлыстарында басқа қылмыстарға көп тараған еді. Оның бірталай себептері бар: халықтың тұрмыс негізі мал, «байлық малда», «Малы бардың асы бар, асы бардың малы бар» өмір сипаты еді. Бітпеген дау, алынбаған айып, төленбеген құн осылардың арты барымтаға әкеліп соқты. Ертеде барымта орындалмаған бітім мен билікке жауап ретінде қолданылса, кейін мал шапқынына айналды.

Абай өзінің, Кеңгірбай – Құнанбай әулетінің беделін ұрлықпен күресуге салды. Сөздің қадірі жүретін жерге шешендігін пайдаланды, жораға түскенде әдет-ғұрып, өнеге болып қалған ережелер жөніндегі білімділігіне сүйенді. Жүгініске отырғызып, билігін айтты, батыл да қатал істерімен Абай ұрлыққа біраз тыйым салды, ұрлықпен, басқа да қылмыстық істермен нәтижелі күресуде аты мен беделі артып, әділ кемеңгер би атанды.

Қазақ халқының әдет-ғұрпы бойынша дауларды қарау шешімге келу бидің жораға түсуіне де байланысты. Шешендігі үлкен іргелі би сұрақты сүйегіне тиетін етіп, арына қадап қойып, кейде жұмбақтап, даугерлердің сырын алады, істің ақ-қарасын олардың берген жауабынан сезеді. Мұндайда іс тез бітеді.

Бірде Абай төбе би болғанда Қытай жерінде тұратын 12 Абақ Қаракерейдің 1 айғыр үйірін шектес Найман ауылдары айдап әкетіп, бермей қояды. Найманның уәкілі ретінде бір қажысы келеді. Абай оған: – Қажы, анауыңыз не, мынауыңыз не? деп жұмбақтап сұрайды. Қажы бұндай сұрақ күтпеген, әзірлеген бұрма жауабын ұмытып, жұмбақ сұраққа жұмбақтап жауап береді. Қажы: – Анауым ақырет үшін, мынауым дүние үшін, – депті. Куәсіз ұрлықты мойындағанын түсініп, Абай сол бойда билігін жариялапты, Керейдің ұрланған малын Найманнан тұяғын тұяқтай қайтартыпты.

Бұндағы Абайдың сұрағы мен жауабының шешімі: Абайдың «Анауың не, мынауың не?» дегені: – Не үшін қажыға бардыңыз? Қажы бола тұрып ұрлық істегеніңіз қалай? дегені екен.

Қажының жауабы: «Анауым ақырет үшін» дегені тәнімнің болашақтағы тазалығы үшін Мекке қажылыққа бардым, «мынау дүние үшін дегені» – бұл ісім өмірдегі күн көріске керек болды деген ойды білдіргені екен.

Осы келтірген Абай биліктері қазақ әдет-ғұрып ережелерінің сыр-сипаты, қасиеттері туралы, шешендігі үлкен іргелі билердің үлгісін, тәртібін ұстанған Абай сияқты асыл сөздің иесі атанған, әділдігі мен адалдығы арқасында, ел намысын жоғары ұстаған жеке адамдардың – билердің тұлғасы көз алдымызға елестейді. Қаймағы бұзылмай тұрған ерікті, ерлікті, адам басын сыйлайтын ерте замандағы қазақ әдет-ғұрып заңдарының қоғам өміріндегі алған орнын сипаттайды.

Осылайша, Абай халықтың, ұлттың қамқоршысы ретінде танылған, тарихта аты қалған Мөңке, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке, Қаражігіт, Есет сияқты атышулы билердің, ел басшыларының жолын қуды. Әділдікті ұран қылып ұстап, «Әділ бидің туғаны жоқ» дегенді паш етті.

Абай – дара, Абай – дана қазақта,

Жол салады әр өлеңі ғажапқа.

Бар жазғаны даналық боп саналған,

Жалғыздардың жалғызы ол қазақта, дегендей Абай атамыз болашақ ұрпаққа баға жетпес рухани құндылықтар, асыл қазына қалдырып, қазақ даласындағы өз заманының туындаған жер, жесір, мал дауларын шешуде асқан шеберлігін, шешендігін танытқан. Абай атамыз салған даңғыл жол соттарда дауларды шешуде, құқық саласында әділ соттылықты жүзеге асыруда өз септігін тигізері сөзсіз. Абай атамыздың рухани құнды дүниелерін, өшпес мұраларын дәріптейтін жастарымыз, саналы ұрпағымыз көп болсын деп тілеймін.

Ризагүл ЖҰМАДИЛОВА,

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *