Талжан РАИМБЕРДИЕВ: «ЖАСАНДЫ ҒЫЛЫМ МЕН ЖАЛҒАН ҒАЛЫМДЫҚ БАСЫМДЫҚТА ТҰРҒАНДА, БӘСЕКЕЛЕСТІК ОРТАДА МҮМКІНДІГІМІЗ ТӨМЕН БОЛАРЫ АНЫҚ»

Білім Сұхбат
1 224 Views


Ғылым арқылы жаңа білімдерге, технологияларға ұмтылыс жасау қажеттілігі айқын және ел экономикасының қуатты көзі. Президентіміз Қ.К.Тоқаев та бүгінгі технологиялардың жылдам өзгерістеріне жедел түрде мән берілу керектігіне орай, «Жайбарақаттық таныту – ол мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру» дегені де осы жаңа технологиялар өзгерістеріне жаңа білімге ғылым арқылы ұмтылыстарды арттыру басымдықта болуына мән беруді ескереді.

Яғни ғылым – қоғамның рухани мәдениетін қалыптастыруда мемлекеттің жаһандық бәсекелестіктегі басымдығына серпіліс берері сөзсіз. Ғылымның бәсекелестікте дамуы үшін тың көзқарас пен жаңа әдістемелер керек екені анық. Әсересе соңғы кездері еліміздің білім жүйесінің дегродациялық жағдайда екенін бірқатар эксперт-аналитиктердің сыни мақалалары да, Мәжіліс депутаттарының да сын көзқарастары айтылып жүр. Осы орайда, білім және ғылым аясында ақпарат беттерінде, әлеуметтік желіде өз ойын ашық білдіріп жүрген, кезінде еліміздегі техника ғылымдарының ең жас ғылым докторы атанған, белгілі ғалым, профессор Раимбердиев Талжан Пердешұлын осы өзекті проблеманы айқындау мақсатында еліміздегі химия-технология бағытындағы бірден-бір танымал М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне ректорлық лауазымға үміткерлік Даму бағдарламасы аясында сұхбатқа тартқан едік.

– Бағдарламаңызда бес ұсыныс айтыпсыз, соларды атап өтсеңіз?

– Иә, әрине бұл бағдарлама бүгінгі жедел бетбұрыс жасаудағы өзекті мәселелер аясында қысқаша беріліп отыр. Мендегі ұсыныстардың көлемі бесеу. Олар:

1. Кадрлық саясат және мотивациялық жүйе;

2. Мемлекет басшысы және Елбасы тапсырмалары;

3. IT бағытындағы инновациялық мүмкіндіктерін енгізу;

4. Жастар руханияты мен ғылымның өзекті проблемалары;

5. QS рейтингтегі ТОП-500 позициясынан төмендеу қауіптерінің алдын алу.

Осы жағдайлардың орын алуы қаупін сонау 1990-жылдары ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев ҚР Ұлттық Ғылым академиясының кеңейтілген мәжілісінде: «Сегодня вы бездумно раздаёте налево и направо ученые степении и звания и не понимаете, что завтра эти псевдоученые незванно придут на ваши места и отнимут ваш хлеб»,– деген ескертпелеріне мән берілмеуден туындаған, бүгінгі университеттің жалпы ЖОО-ның проблемалық көріністері басым екендігі анық.

Бүгінгі білім және ғылым жүйесіндегі өзекті мәселелердің, дегродациялық жағдайының алдын алу қауіптерінің бірден бір себебі де осы Елбасы ескертулеріне соңғы он жылдағы мән берілмей жасалған ҚР Білім және ғылым министрлігіндегі Стратегиялық көзқарастардың, яғни «жалған ғалымдық» үрдістерінің алдын алу іс-шаралардың ескерілмеуі, әсіресе «Болон» жүйесінің енгізілу жағдайындағы демократиялық принциптердің біздің менталитетімізге әсерінің реттелмеуі – бұл «жалған ғалымдықтың» елімізде ерекше дамуына мүмкіндіктерінің күрт артуы (магистратура, PhD-р институттар негізінде) еліміздегі жастардың ғылыми әлеуетін ерекше әлсіреткені жасырын емес дер едім. Әрине, осы орайда нақты ғылымдар бағыты математика, физика бағыттарында ғылыми әлеуетіміз мұндай келеңсіздіктерден дұрыстау деп айтуға болады, себебі ғылымның бұл салаларында болжамдық шешім деген жоқ, яғни 2+2=4 деген сияқты.

– Осы ұсыныстарыңыз келтірілген бағдарламаңыз аясында шынайылықтың «жан айқайы» байқалады. Себебі, неде, әлде бір тапсырыстың ізі бар ма?

– «Жалған ғалымдықтың күрт өсіп жатқандығынан менде «ЖАН АЙҚАЙ» бары рас, болашағымыз үшін. Иә, ол еліміздің экономикасының қозғаушы күші – ол ғылым мен білім, яғни жаһандық экономикадағы бәсекелестікте орнымызды айқындаушы негізі – индикатор, яғни тәуелсіздігіміздің темір қазығының өзекті буыны екендігіне орай жайтарапсыздық мінезім десе де болады. Ешқандай тапсырыс жоқ. Мен Қазақ химия-технология институтының түлегімін. Сол шаңырақтан қанаттандым, ғалым атандым, профессор болдым, яғни рухани ордам. 25 жыл уақытым сонда өтті.

Ал негізі осы мәселелерге ден беруімнің басты себебі – 2016 жылы Қ.А.Ясауи университетінде вице-президент болатынмын, сонда университеттердің академиялық еркіндігі аясындағы зерттеулерімен Назарбаев университетінің Ұлыбританиялық профессорымен бетпе-бет пікір алмасу барысындағы «Нам известно, что большинство Казахстанских ВУЗов в основном готовят «таксистов» деген сөзі еді. Артынша сондағы 40 жасқа дейінгі ғалымдардың сапалық деңгейін зерттеу мақсатында мониторингтік сараптамалық зерттеу өткізіп, жағдайдың мәз еместігі және Түркия елінде дайындалған магистрлер мен PhD-дың сапасы Қазақстандықтардан көш ілгері екендігі жоғарыда айтылған пікірлердің туындауының басты себебі екенін аңғартты. Осы жоғары білімнен кейінгі білімнің сапалық индикаторларына университет мүмкіндіктері аясында ұсыныстар енгізуімнің себебі болғаны да рас. Кейін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да Стратегиялық Даму проректоры қызметінде де осы жағдайлардың жас ғалымдардағы көрінісін зерттеуім де жоғарыдағы көрініс жалғастығында болғаны. Менің жайтараптық танытпауыма және жан айқайлық дабыл үн қатуыма мәжбүрледі және университеттің Даму бағдарламасының өзекті мәселесіне де айналып отырғандығы жасырын емес. Себебі, «жалған ғалымдыққа» бой беру жағдайы арсыздық пен ұятсыздыққа, әділетсіздікке, жемқорлыққа байлауға ықтималдығы жоғары болары сөзсіз дей келе, бұл жағдайлардың ортамызда осындай өріс алуына бірінші біздер – яғни АҒА БУЫН кінәліміз. Дәлірек айтсам, сол болашақ ғалымдарға жетекші болғандар дегенім орынды секілді. Қазіргі таңдағы М.Әуезов атындағы университетінің QS рейтингте жалпы әлемдік рейтингте Топ 500-дікте болуының басты мүмкіндігінің әлеуеті – 75 жылдық тарихы бар ҚазХТИ-дің ғылымдағы жинақтаған қуатты көзінің басымдығындағы соңғы серпілістер десем жарасады. Бүгінгі таңда бұл әлеует қартаюда, ал ізін басар жастарымыздың әл-аухаты жалғандықта болса, болашағымыз қандай болмақ….

Менің «жан айқайымның» ең басты себебі еліміздегі көзбояушылық сарындағы «жалған ғалымдықтың» алдын алу арқылы білім мен ғылымға сапалы бетбұрыс жасау.

– Иә,»жалған ғалымдық» мәселесі ойыңыздағы өзекті проблемаға айналған секілді. Мұндай мәселені елімізде Сізден басқа ғалымдар неге көтермейді, әлде олар да сол пендешілік жолын таңдағандықтың көріністерінен, күн көрістің қиындауынан ба? Осы төңірегінде нақты айта кетсеңіз.

– «Жалған ғалымдық» бастауын айтар болсам – ол 90-жылдардың аяғында мемлекетте экономиканың қиын кезеңі болды. Нарықтық жағдайда қоғамға басымдығы әсерінен, ғылымның қажеттілігіне сұраныс та болмауы талантты жастарды бизнеске, кәсіпкерлікке тартты, нәтижесінде ғылыми мектептерге орта буын жастар, кейде тіпті деңгейлері төмен жастар келе бастады. Себебі, аспирантура орындарына конкурстың күрт төмендеу жағдайында орта буын ғалымдар тәрбиелене бастауы еді. Әрине, осы жағдайлардың әсері көлеңкелі бағыттағы ғылымға ден бергенін де жасыра алмаймыз. Осы тұрғыда жоғарыда тоқталып өткенімдей, Елбасының айтқаны да бар еді.

Қазіргі таңда ЖОО-на ректор таңдау талабы көп векторлы болып кетті. Менеджерлер кез-келген саланы басқарып жатқаны бар, бірақ мұндай жағдай ғылымды дағдарысқа апарары анық. Білім және ғылым министрлігі осы саясатта ұстанымы бүгінгі жағдайда ЖОО басшыларын таңдауда университеттердің ғылыми әлеуетінің басым бағытындағы индикаторларын назарға алмауы өкінішті. Мысалы, химия-технология бағытында қалыптасқан оқу орнының төріне педагогикалық бағыттағы тарих ғылымдарының докторын таңдау және командасындағы алты проректордың бесеуі гуманитарлық бағыттағы ғалымдар болуы мені университеттің болашағына қатты алаңдататыны рас. Осы орайдағы, бағдарламамдағы 40-жасқа дейінгі жас ғалымдардың жай-күйі, яғни ғылым кандидаттары мен PhD-дың 70%-ның деңгейлерінің өте төмендігі болса. Ал болашақ ғалымдар жоғарғы білімнен кейінгі деңгейлерінің (магистратура және докторантура) сын көтермей жағдайы, 555 магистрант пен 132 PhD докторанттардың 70%-ның зерттеу тақырыптарының өзектілігі жоқтығы, яғни жан-жақты зерттеліп қойылғандығына не айтамыз.

Жан айқайға міне, осындай сәттер де әсер етуде. Университет басшыларының осындай өзекті проблемаларға мән бермеуі ерекше толғандырғаны рас та. Ия, осылардың алдын алу туралы ұсыныс хаттарым да лауазым иелеріне (ректорға, министрге) ой салмауы өкінішті.

Сосын ғылымда мына мәселелерге де мән берген абзал. Ол – зейнет жас. Егер ол ғылыми мектепті қалыптастырушы тұлға болса, ол ғылыми мектепті жоюға бағытталған шешім болары айқын. Оның басты себебі – бүгінгі жастарымыздың жоғарыдағы жалғандық көрінісі десек, өмірден белгілі нағыз ғалымдардың екінші тынысы 60 жастан кейін ашылатыны. Осы орайда, алысқа бармай-ақ өзіміздің көршілес М.Ломоносов атындағы ММУ ректоры В.А.Садовничийдің 81 жаста. Ал, кафедра меңгерушілерінің көпшілігі 70-тен асқан ғалымдар. Бұл ғылымның тұрақты дамуына мүмкіншілікті арттырып отырғандығын неге біздің басшылар назарға алмайтынын түсіне алмадым.

Бұл мәселені неге ешкім көтермейді дегенге айтарым, негізі білім мен ғылымның дегродациялық қарсаңында екендігі айтылып жүр, бірақ оның өзектілік буыны «жалған ғалымдықта» екендігін зерттемегендіктен болар.

– Жалған ғалымдықты анықтауды «антиплагиат» бағдарламасы аясында анықтаушы еді, ал сіз ғылым атақтары барлар аясында қозғаудасыз, себебі неде және ол қалай анықталуда?

– Өте орынды сауал. Жалпы «антиплагиат» бағдарламасы компьютер арқылы кез-келген ғалымның диссертациялық жұмысын сараптайды. Ол жұмыстың мазмұнын тексере алмайды, мәтіндердің қолданыс аясындағы техникалық тұстарына ғана сараптама бере алады. Мысалы, кез-келген зерттеу алаңындағы материалдар мазмұны өзгермесе де, яғни аударма болса, бұл бағдарлама оның көшірме екенін анықтай алмайды. Сондықтан зерттеушілердің біріншіден, берілетін тақырыптың инновациялық бағытта болуын қадағалау, сараптау, содан соң бекітілуі қажет міндетінің әлсіздігі. Егер тақырып инновациялық тақырыпта болса, таза зерттеулерге бой ұрып, ізденеді, тер төгеді, еңбектенеді. Ал бұл жерде дайын материалдың көркемдік тұлғасын өзгертіп, басқа сөздермен келтіре салу – жалған ғалымдық үрдісі. Сол себепті тақырыптарды экспертизадан өткізіп бекіту маңызды, әрине ол ректорлардың міндеті. Жалған ғалымдықты айқындау қиын емес, ол пікірлесуден-ақ айқын болады. Мысалы, жас ғалымдарға Диссертациялық жұмысыңыздың тақырыбы қандай еді? Зерттеген жаңалығыңыз қандай? Осы инновациялық жаңалықты айқындауға қандай зерттеулер жүргіздіңіз? Осы салада қандай ғалымдардың еңбектерінен іздендіңіз? деген сарында сауалдар берсем, түрлі сандырақтар басталып, біз күткен жауапты бере алмай, «жалған ғалымдықтың» бет-бейнесін көрсетіп жатқандардың куәсі де болдық. Мінекей, қазіргі еліміздегі көптеген «ғалымсымақтардың» көрінісі және ең өкініштісі осындай ғалымдарды даярлауға қыруар мемлекеттің қаржысын да жұмсап отырмыз.

– Сіз ғалымсыз және көп жылдық тәжірибеңіз де бар, осы Сіз атап өткен Болон процесі ҚР біліміне, ғылымына не берді?

– Нақты керемет нәтиже берді деуге келмейді. Менің өзім «Болон» процесінің осындай форматта енгізілгеніне түбегейлі қарсымын. Мүмкін, дамыған демократиялық мемлекеттердің білім жүйесіне өту керек деген саясатпен жасалған болар. Менің айтарым, бұл процесс идеясының авторы Америкаға осы жүйені енгізу мақсаты аясында 20 жылға сотталып кеткендігі де белгілі. Ал Ресей Федерациясы бұл жүйені зерттеу мақсатында ғалымдарды дайындаудың бұрынғы жүйесін де қолданыста параллельді қалдырып отыр. Бұл жүйеде «жалған ғалымдық» форматына мүмкіндіктің арту басымдығы ол біздің санамыз бен менталитетіміздің білімнен гөрі диплом алудың басымдығында болуы. Ал Еуропалық жүйеде керісінше алдымен білім, содан соң диплом алу деген көзқарас. Яғни, Еуропа елдері менталитетіне негізделген жүйенің біздің менталитетке қайшылық себептерінің дегродацияға жолды ерекше арттыруға үлес беруде десем артық айтпағаным болар.

– Алып-қосарыңыз болса…

– Тағы бір үлкен мәселе – жалақы мәселесі. Қазір кез-келген адамды бірінші жалақысы қызықтырады. Жалақы қаншалықты жоғары болса, жұмыстың талабы да соған сай жоғары болатыны анық. Кеңес Одағы кезінде ғылым кандидаты, доценттің жалақысы облыстың бірінші хатшысының еңбекақысынан, ал Профессордың жалақысы Министрдің жалақысынан жоғары болатын. Менің ұстазым академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков айтқан еді «Менің жалақым Д.А.Қонаевтан жоғары» деп. Қазіргі кезеңде ғылым докторы, кандидат, профессорлардың еңбекақысы «масқаралық» күйде деп айтуға болады. Нақты М.Әуезов атындағы университетін айтар болсам, 20 жылдан астам еңбек өтілі бар ғылым докторы, профессорлардың жалақысы мектептегі мұғалімнің жалақысынан төмен болуына не айтасыздар?! Бұл дегеніміз жоғары білім мен ғылымды аяқ асты ету, жемқорлыққа жол ашу ма деуге де келіп тұр. Өзіңіз қараңызшы, 150.000 теңгемен профессор қалай бала-шағасын бағады, қалай отбасын асырайды? Мұны ойлап, бас қатырып жүрген ешкім жоқ. Міне, ғылым иелерінің бейшаралық деңгейге түсуі. Бұл қандай саясат екенін өз басым түсінбедім. Қ.А.Ясауи университетінде профессордың жоғары жалақысы 700 мыңға жетіп отыр. Менің зерттеулерім бойынша, М.Әуезов университетінде профессорлардың жоғары жалақысын 500 мыңға дейін көтеруге мүмкіндік бар екендігі. Ғылымсыз университеттің рейтингі де, сапалы білімі де болмайтыны анық. Соны дұрыс жолға қоюға мүмкіншілік жоқ емес. Қ.А.Ясауи университетінде бұл тәжірибені қолданып, нәтижесін көргенбіз. Тағы бір айтарым кадрлық саясатқа ерекше мән берілуі қажет, яғни мониторинг бойынша ғылымы таза кадрларды алға жылжыту саясатына басымдық беру. Ғылымы таза адамдар тазалыққа жақын және ұжымға да мотивациялық серпіліс береді. Міне, сондай реформа арқылы әлеуетті арттыру. Менің инновациям – ғылымы таза адамдарды алға жылжыту.

Қорыта айтса, бүгінгі университетімнің тарылған тынысын ашсам деген ойдағы бағдарламамды алға тартып, конкурсқа да қатысып отырмын. Әрине, қатысушының басты себебі, проблемаларды құлақтандыру трибунасын пайдалану және бүгінгі ҚР БҒМ-де, министр А.Қ. Аймағамбетовтың осы орайдағы позициясын бағалау екендігін жасыра алмаймын да.

Иә, бүгінгі ректор Д.П. Қожамжарованың инженерия ғылымының болашағына орай кемшілік тұстары ерекше көрініс берген бағдарламамда атап өтуім ашықтықтың дәлелді формуласы дей келе, ректор таңдаудағы министрдің құзіретімен жасақталған университеттің Директорлар кеңесінің құрамы да орта мектеп деңгейдегі педагогикалық бағыттағы ғалымдардың болуы, демократиялық ойындардың «игра по их правилам» жағдайда болуын басымдық бар сияқты екендігін де айтуым қажет.

– Сындарлы сұхбатыңызға рахмет!

А. СӘКЕНҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *