Білімнің шекарасы жоқ. Ол халықтарды жақындастырады, жүректерді табыстырады, ұрпақтар сабақтастығын жалғайды. Ал ұстаздардың кездесуі – тәжірибе мен тағылымның, ізденіс пен ілгерілеудің алтын көпірі.
Кей сапарлар адамның өмір жолындағы ерекше белес болып қалады. Ол сапардың ұзақтығымен емес, жүрекке қалдырған ізімен, көңіл көкжиегін кеңейткен тағылымымен бағаланады. Биыл біз сондай әсерлі де мәнді сапардың куәсі болдық. Бауырына білім мен парасатты қатар сыйғызған бауырлас Қырғыз елінің астанасы – Бішкек қаласында өткен ««Сатылай кешенді оқыту» технологиясының халықаралық қатынастардағы рөлі» атты халықаралық Саммитке қатысу бақыты бұйырды. Бұл жай ғана Саммит емес еді. Бұл – білімнің мерекесі, ұстаздық шеберліктің көрмесі, шығармашылық пен кәсібиліктің тоғысқан алаңы болды. Алатаудың асқақ шыңдарына сүйенген көркем шаһар бірнеше күн бойы ұстаздар мен шәкірттердің білім мен білік сыналатын үлкен ордасына айналды. Қазақ халқы ежелден «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп бекер айтпаған. Өйткені елдің ертеңі мектептен басталып, мектептің тағдыры ұстаздың қолында қалыптасады. Сондықтан да білім беру саласындағы әрбір жаңа ізденіс, әрбір кәсіби жетістік – тұтас қоғамның табысы.
Бішкек төрінде өткен халықаралық олимпиада осы ұлы миссияны арқалаған жандардың басын қосты. Олимпиадаға бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінен құралған 14 команда қатысты. Әр команда өз өңірінің намысын қорғап қана қоймай, ұлттық білім жүйесінің жетістіктерін танытуға күш салды. Қазіргі білім кеңістігі күн сайын жаңарып келеді. Бүгінгі ұстаздан тек білім беруші ғана емес, зерттеуші, жаңашыл, шығармашыл тұлға болу талап етіледі. Осы тұрғыдан алғанда «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының орны ерекше.
Бұл технология – білімді жүйелі меңгертудің, оқушының ойлау қабілетін дамытудың, тілдік құзыреттілігін қалыптастырудың тиімді құралы. Әрбір білім элементін белгілі бір жүйемен саралай отырып, оқушының логикалық ойлауын жетілдіретін бұл әдіс бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Олимпиада барысында қатысушылар аталған технологияны қолданудың үздік үлгілерін көрсетті.
Әр тапсырмада терең білім, кәсіби шеберлік, әдістемелік сауаттылық пен шығармашылық көзқарас айқын көрініс тапты. Қатысушылардың жауаптарынан ғылымға деген құрмет пен мамандыққа деген адалдық сезіліп тұрды. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің тіл табиғатын талдаудағы шеберлігі, көркем шығармаларды саралаудағы терең пайымы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ал бастауыш сынып мұғалімдерінің оқытудағы тың тәсілдері мен баланың танымдық қабілетін дамытуға бағытталған тәжірибелері үлкен ықыласқа ие болды.
Білім бәйгесінің әр сәті жауапкершілік пен толғанысқа толы болды. Дегенмен жарыстың басты ерекшелігі – бәсекеден бұрын бірлік пен ынтымақтастықтың басым болуы еді. Мұнда әріптестер бір-бірін қарсылас ретінде емес, ортақ мақсат жолындағы серіктес ретінде қабылдады.
Ұстаздардың өзара тәжірибе алмасуы, пікір бөлісуі, жаңа идеялармен танысуы олимпиаданың ең маңызды нәтижелерінің біріне айналды. Себебі кәсіби даму – үздіксіз ізденістен басталады. Жарыс қорытындысы да көңіл қуантты. Қатысқан 14 команданың үшеуі І орынға ие болып, үздіктер қатарынан көрінді. Қалған командалар ІІ орынды иеленіп, жоғары деңгейдегі дайындықтарын дәлелдеді. Бұл көрсеткіштер олимпиадаға қатысқан ұстаздардың кәсіби әлеуетінің жоғары екенін аңғартты. Ең бастысы – әрбір қатысушы өз еңбегінің жемісін көріп, жаңа белестерге ұмтылуға жігер алды. Шын мәнінде, бұл олимпиадада жеңілген жан болған жоқ. Себебі, жеңіс тек диплом мен марапатта емес. Жеңіс – жаңа білімде, жаңа тәжірибеде, жаңа серпінде.
Олимпиаданың ең жарқын көріністерінің бірі – оқушылардың білімге деген ерекше құштарлығы болды. Бүгінгі ақпарат тасқынына толы заманда жас ұрпақтың ана тілінің тереңіне бойлап, ұлттық руханиятқа бет бұруы көңіл қуантты. Білім додасы барысында оқушылар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өздерінің жан-жақты дайындықтарын көрсетіп, теориялық білім мен практикалық дағдыларды ұштастыра білді.
Әсіресе, тіл білімінің күрделі ережелерін жүйелі меңгеруі, оларды нақты мысалдар арқылы дәлелдей алуы қатысушылардың ізденімпаздығын аңғартты. Әрбір жауаптан білімге деген жауапкершілік пен талпыныс байқалып тұрды. Бұл – шәкірт бойындағы еңбекқорлық пен табандылықтың жемісі. Олимпиада барысында оқушылардың ақындардың шығармаларын жатқа айтудағы шеберлігі де көпшіліктің ықыласын аударды. Қазақ поэзиясының жауһар жырларын мәнерлеп оқу арқылы олар сөз өнерінің құдіретін сезіндіре білді. Жас талапкерлердің жүрек түкпірінен шыққан әрбір өлең жолы ұлттық әдебиетке деген құрметтің белгісіндей әсер қалдырды. Сонымен қатар қатысушылар ақындардың шығармаларын талдау барысында көркем туындының идеялық мазмұнын, тәрбиелік мәнін, көркемдік ерекшеліктерін терең пайымдай алатындықтарын көрсетті.
Әдеби мәтінді зерделеудегі талғам мен таным, ой тереңдігі мен тіл байлығы олардың рухани дүниесінің кемелдігін аңғартты. Бұл олимпиада ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жарқын алаңына айналды. Ана тілін ардақтау, ұлттық әдебиетті қастерлеу, халықтың рухани мұрасын дәріптеу сияқты асыл ұғымдар жарыстың өн бойында көрініс тапты. Өскелең ұрпақтың бойынан елдік сана мен ұлттық рухтың айқын байқалуы – ұстаздар еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.
Ұлттық құндылықтарға негізделген білім ғана ұлттың болашағын баянды етеді. Сондықтан жас ұрпақтың Абай, Өтебай, Мұқағали, Қадыр, Мұзафар сынды ұлы тұлғалардың шығармаларын жаттап, олардың ой әлеміне үңілуі – рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі. Осындай білім додалары арқылы оқушылар туған тілдің қадірін терең түсініп, ұлттық болмыс пен мәдени мұраның мәнін жүрекпен сезінеді.
Бішкек сапары бізге тағы бір ақиқатты ұғындырды. Ол – қазақ пен қырғыз халқының рухани жақындығы. Тарихтың талай белесінде тағдыры тоғысқан қос халықтың достығы ғасырлар бойы жалғасып келеді. Тілі мен ділі жақын, салт-дәстүрі сабақтас елдердің мәдени байланысы бүгінде білім саласында да жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Қырғыз елінің қонақжайлығы мен бауырмалдығы әр қатысушының жүрегінен орын алды. Ұйымдастырушылардың жоғары деңгейдегі дайындығы, қатысушыларға көрсетілген құрмет пен ықылас халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті. Алатаудың асқар шыңдарына қарап тұрып, білімнің де биік шыңдарға ұмтылатынын сезінесің. Тау қаншалықты асқақ болса, ұстаздың миссиясы да соншалықты биік. Өйткені, ұстаз – болашақтың сәулетшісі. Ол шәкірт жүрегіне білімнің шырағын жағып, ертеңгі күннің тұғырын қалайды. Сондықтан ұстаздың әрбір жетістігі – елдің жетістігі, ұлттың мерейі.
Бүгінгі әлемде мемлекеттердің қуаты табиғи байлығымен емес, адами капиталымен өлшенеді. Ал адами капиталдың негізін сапалы білім құрайды. Демек, мұндай халықаралық білім додалары елдердің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға қызмет етеді.
Бішкек қаласында өткен халықаралық олимпиада осы тұрғыдан алғанда үлкен маңызға ие болды. Ол ұстаздардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, білім беру ісіндегі жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Сапар соңында әр қатысушы туған елге диплом немесе сертификат қана емес, жаңа тәжірибе, жаңа достық, жаңа шабыт ала қайтты. Бұл – кез келген марапаттан қымбат олжа. Адам жадында кейде белгілі бір орын емес, сол жерде алған әсер сақталады.
Біздің жүрегімізде Бішкек қаласы дәл сондай жылы естелік ретінде қалды. Ол біз үшін халықаралық олимпиада өткен қала ғана емес, білім мен достықтың, тәжірибе мен тағылымның мекеніне айналды. Ала-Тоодан ескен білім самалы көңіл көгімізді сергітіп, жаңа белестерге жетеледі. Сол самалмен бірге келген шабыт пен сенім ұстаздық жолдағы жаңа ізденістерге қанат бітірді. Себебі, білім жолы – тоқтаусыз қозғалыс жолы. Ал сол жолда әрбір кездесудің, әрбір сапардың, әрбір тәжірибенің өзіндік орны бар.
Бішкек төріндегі білім мерекесі бізге тағы бір мәрте дәлелдеді: ұстаз ізденген жерде даму бар, даму бар жерде болашақ бар. Ал болашаққа бастар жол әрдайым білімнен басталады. Осылайша, Бішкек төрінде өткен халықаралық олимпиада біз үшін кезекті жарыс емес, рухани байлыққа толы үлкен мектеп болды. Ұстаздар кәсіби тәжірибесін шыңдап, оқушылар білімге деген құштарлығын дәлелдеді.
Ана тілінің қадірін терең ұғынған жас буын тілдік ережелерді меңгерудегі зеректігімен, ақындар мұрасын жатқа айтып, көркем шығармаларды талдаудағы терең танымымен ерекшеленді. Ең бастысы, бұл сапар жас ұрпақтың бойындағы ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттырып, туған тіл мен әдебиетке деген сүйіспеншілікті нығайтты.
Алатаудың асқақ шыңдарындай биік мақсаттарға жетелеген бұл тағылымды кездесу жадымызда ұзақ сақталары анық. Себебі, бұл – жеңіс пен жетістіктің ғана емес, ұлттық рух пен білімнің, достық пен тәжірибенің тоғысқан тұғыры болды. Сондықтан Бішкек сапарын біз мақтанышпен әрі үлкен ықыласпен «Ұлттық құндылық пен білім тоғысқан тағылымды сапар» деп бағалаймыз.
Замзагуль КАПБАСОВА,
“Астана Дарыны” дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының Білім беру жобалары және серіктестік бағдарламалар бөлімінің басшысы
