Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Б.САҒЫНТАЕВТЫҢ, ҚР ҰҚК бастығы К.МӘСІМОВТЫҢ, ОҚО әкімі Ж.ТҮЙМЕБАЕВТЫҢ назарына!

Мәселе
1 104 Views

ЖЕР-АНАМЕН ҮЙЛЕСІМСІЗДІКПЕН ӨМІР СҮРУ ҚИЯМЕТ-ҚАЙЫМҒА ӘКЕЛМЕК?!

Гүлденген Марсты өлі планетаға айналдырып құртқандар, ашкөз қанағатсыз алпауыттар!

                                                                                   Уго ЧАВЕС.

Аса мейірімді жомарт Алланың атымен бастаймын!

Аса мейірімді Ұлы Жаратушы Жасаған Иеміз Алла Тағаламыз бүкіл 18 мың ғаламды, оның ішінде 200 миллиардтан астам галактикадан тұратын кеңістік пен шексіз ғарыш әлемін ешбір кемшіліксіз жаратыпты. Барлығы да жаратылыс заңы бойынша, галактикалар мен Жер планетасынан миллиардтаған есе үлкен алып планеталар да, біздің күн жүйемізден басқа мыңдаған күн жүйелері де өз орнында бір сәтке де толастамай өз осьтерімен айналуда. Біздің ғұмыр кешіп жатқан Жер-Анамыздың үлкендігі осы шексіз ғаламмен салыстырғанда түкке де тұрмайтын микро тозаңнан да аса ұсақ екені соңғы жылдары дәлелденді. Ал енді осы адамзат үшін жаратылған 6 мың минеральдардан, мыңдаған флора мен фаунадан тұратын Жер-Анамыздың қал-ахуал жағдайы қандай? Адам Ата мен Хауа Анадан бері қарай бұл дүниеге 90 миллиард адам келіп, 90 миллиарды да жаратылыс заңы негізінде сол келген бір ізбен өздерінің шын өміріне қайта кетіпті. Қазіргі жұмыр Жер жаһандағы 200 мемлекетте 7,5 миллиардтан астам адам баласы ғұмыр кешуде. Киелі кітаптарда жазылғандай бізден де бұрын Жер-Анамызға қаншама өркениеттер мен даму деңгейлері өте жоғары болған адамзат қауымдары келіп, кетіпті. Осы ғұмыр кешкен адамзат қауымдары Ұлы Жаратушы Алланың заңдарына қарсы шығып, шектен шыққан кездері оларға түрлі апокалипсис-ақырзамандар келіп, өркениеттердің жер бетінен жойылып отырғандығы да қазіргі ғылымға белгілі болып отыр. Бұған соңғы жылдары табылған археологиялық қазбалардан бастап, мыңдаған фактілер мен дәйектемелерді қоссаңыз, толығымен жетіп артылады…

Алысқа бармай-ақ адасқан адамзат қауымы мен ғаламдық тәртіпті 18 рет жолға қойған Сақтар мен Көк түріктердің тұқымдары қазіргі қазақтардың өмір сүріп отырған атамекенін ғана мысал ретінде алып, қарастырайық. Тек соңғы ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басында ғана киелі Жер Анамыз айналамызды қоршаған қара ниетті, тойымсыз, қанағатсыз озбыр күштердің кесірінен қаншама рет қиянат пен зорлық зомбылыққа ұшырап келді. Көз алдымызда ғаламдағы ең үлкен көлдердің бірі, Орта Азияның өкпесі мен жылуреттегіші саналған «Арал теңізі» отаршыл, сауатсыз, сұм жүйені құрғандардың бассыздығының құрбаны болса, мыңдаған жылдар бойы бойына құнар жинаған, миллиондап мал айдасаң да шаңы шықпайтын қара топырақты солтүстіктегі қасиетті жерлеріміз (КСРО-ның 110 миллионнан астам адамының ажалына себеп болған, асқан жауыздықтарымен аттары тарихта қалған) большевиктердің «көсемі» Н.С.Хрушевтің арқасында орны толмас «топырақ эрозиясына» ұшырады. Киелі Арқа мен шығыстағы даналар мен Абайлар туылған қасиетті жерлеріміз асқан жауыз сұмдар билеген метрополияның 500-ден астам атом сынақтарының тозағына айналса, киелі жерлеріміз Отырар мен Созақта, тіптен Сарыағаш жеріне дейін жер астында ядролық жарылыстар жасалыпты. Оның үстіне бұрыңғы метрополияның мұрагері Ресейге жалға берілген адамзатты жаппай қыруға арналған түрлі қаруларды сынайтын, күні – түні айналаға өлім сеуіп жатқан 7 әскери сынақ полигондары мен өте улы газ хлордан миллион есе, аса зиянды гептил мен амилді қолданатын ракеталарды ұшыруға ғана арналған Байқоңыр космодромы табиғатымызға орны толмас ойран әкеліп, халқымызды күні бүгінге дейін, әлі де «жасырын геноцидке» ұшыратуда. Қоршаған орта мен халқымызға осыншама қасірет әкеліп жатқан бұл нысандарды жалға берген, саналары мен ой – еріктерін мансап пен байлық қана билеген өкімет басындағыларды халқы мен киелі Ұлы Даласына қамқор болып отыр деп, қане кім айта алар осыдан кейін?!…

Міне осы бүгінгі 27 жыл бойы тәуелсіз ел аталған Қазақстанда экологиялық ахуалдар жақсарды ма? Қоршаған ортамен үйлесімді түрде өмір сүріп, шалғындарын таптатпай, тұнықтарын лайламай, табиғатты аялап өмір сүрген бабаларымыздың шыққан биігіне жете алдық па? Жоқ! Өкінішке орай бәрі де мүлде керісінше қалыптасты! Жауыздықпен халқын қан қақсатқан қандықол компартияның шинелінен шығып, бағыт — бағдары мен идеясын өзгертіп, 180 градусқа бұрыла салып «демократтарға» айнала салғандар жас тәуелсіз мемлекетте «әй» — дейтін әже жоқ, «қой» — дейтін қожа жоқ 27 жыл бойы ойларына келгенін істеуде. Қазақ халқы мен мемлекетінің ырыс – несібесі жер асты байлықтары мен өндірістер, стратегиялық коммуникациялар неге екені белгісіз шетелдіктер мен билікпен жақындарға «су тегінге сатылып» жаппай жекешеленді. Енді мемлекет мүлкінің қалдықтары, мемлекеттің өзегі саналатын стратегиялық нысандардан қалғаны темір жол мен энергетика саласы, мұнай өңдеу зауыттары мен «Атомпром» сатылуға түспек?!. Бүкіл ғалам елдерінен ағылған небір иненің көзінен өтіп кететін алаяқтар мен сұмдар, іштен шыққан шұбар жыландар, яғни жаңадан пайда болған байшыкеш — олигархтар «біздің билікпен» сыбайласып, шахталар мен жер асты қазба байлықтарына толығымен еге болды. Қарапайым халық тағы да «жарық астау» басында қалып, билік басындағылардың «қансорғыш» банктеріне жаппай қарыздар болып, осы бүгін, дәл қазір өлместің күнін, яғни бишараның күйін кешуде…

Киелі Ұлы Даламыз шұрық-шұрық тесік, Үкіметтен рұқсат алып қазба байлық іздегендердің талан-таражына ұшырап, өсімдік жамылғысынан айырылып, жаппай жалаңаштанып ашылып тасталған. Кен орындарын иеленіп алғандар жыртқыштықпен кені аз жерлерді рекультивация жасамай тастап кетіп, кені бай жерлерді жыртқыштықпен аяусыз тонауда.

Қазақстан билігі мен табиғат қорғау органдары тиісуге болмайтын киелі жерлерге шейін шетелдіктерге кен орындары бар жерлерді сатып жіберген. Осы жолдардың авторы қатысқан, кезінде жаппай халық болып қорғап қалған Ордабасы «қызыл тас руднигі» совет өкіметі кезінде жабылды. Алайда Айбынды Абылай Ханның 100 мың әскеріне пана болған, тіптен тау басына шейін су ағып тұрған Ордабасының жүздеген бұлақтары мен орманды – бұталы өсімдіктер әлемі мүлдем жойылып кетті. Соңғы жылдары халықаралық ашкөз алпауыттар киелі «Ақсу Жабағлыдағы» орта ғасыр ғалымдары мен Совет өкіметі өндіруге тыйым салып кеткен кен орнын да меңгермек болды. Бір ғана жарылыстың нәтижесінде 3 өзен мен жүздеген бұлақтарды жоғалттық. Халық пен билік дер кезінде араласып, Аллаға шүкір бұл қатерлі авантюра жүзеге аспай қалды.

Бүгінгі таңдағы жалпы экологиямыз бен қоршаған ортамызға ғана емес, бүкіл жаратылыс пен адамзатқа қатер төндіріп отырған, киелі Қазығұрт тауының оңтүстік пен солтүстік баурайларындағы жыраларда орналасқан сырт көзге елеусіздеу ғана көрінетін извест, яғни гипс кеніштері болып отыр. Қазір бұл гипс шикізат кен орнынан шикізатты ашық әдіспен, жарылғыш заттарды қолданып, тау жыныстарын қопарып, ғалам елдерінде 48 цемент зауыттары бар «Групп ITALCEMENTI» компаниясының меншігіне өткен ОҚО, Шымкент қаласы, Қойгелді батыр көшесі 22 реттік нөмірде тіркеліп, орналасқан «Шымкентцемент» АҚ-ның тапсырмасымен мердігер «Элмехмонтаж» ЖШС компаниясы өндіруде.

«Шығыс» м.а. 116/25 үйде тіркелген бұл компания директоры Г.Т.Туғанбаева бір жағынан, және «Шымкентцемент» АҚ Бас директоры азамат Морен Габриель Анри Франсуа Марсель екінші тараптан 2015 жылы 8 желтоқсанда түзілген нөмірлік реті №75 ШЦ/П келісім-шартта көрсетілгендей 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін, яғни 5 жылда ОҚО, Төлеби ауданындағы Қазығұрт тауының баурайындағы «Ақбастау» извест карьерінен 6 560 700 (алты миллион бес жүз алпыс мың 700) тонна извест-гипс өндіруге келісіліпті. Қазір мердігер компания «Элмех-монтаж» ЖШС ашық әдіспен жарылыс жасау арқылы қопарылып алынатын шикізатты, яғни извест-гипс тастарын алу деңгей — ернеуі теңіз деңгейінен төменгі 905 метр тереңдік қабатқа жеткен. Яғни кен алу деңгейінің қоршаған ортаға қауіпті аса жоғарғы температурадағы магма жыныстары жатқан деңгейге жақындап қалғандығына көз жеткізуге болады.

Ежелгі кітаптарда Қазығұрт тауының ғаламдағы ең биік тау болғандығы, бірақ оның үш рет құлап осы күңгі деңгейде қалғандығы жайлы айтылады. Алайда жаратылыс заңы бойынша таулардың тек вулкандық жарылыстан соң атқылаған аса жоғарғы температурадағы лава мен балқыған тау жыныстары мен минеральдардың әсерінен ғана пайда болатындығы да бұрыннан белгілі жағдай. Оның үстіне мына төменде баяндалатын бұрыңғы замандар мен қазіргі заман ғалымдарының ескерту-дәйектемелерін ескермесе де болмас! Қазір қоғамдық тәртіптің осалдап, жаппай азғындықтың әсерінен кісінеп тұрған жемқорлық үстемдік алған қоғамда қоршаған ортамыз орны толмас шығындарға ұшырап, бассыздықтардың кесірінен техногендік алапат апаттар жақындап келеді?!

Ең сұмдығы қазір Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының су астында қалу қаупі күшейіп отыр. Орта ғасырлардағы Отырар, Тараз, Баласағұн, Түркістан, Кердері, Сығанақ, Сарайшық, Сауран сияқты жүздеген қалаларымыздан шыққан ғаламдық деңгейдегі мыңдаған ғұлама ғалымдардың аттары мен олардың қалдырған жаратылыс тану ғылымының түрлі салаларындағы баға жетпес еңбектері бүгіндері көптеп табылуда. Бұл қуанарлық іс-шараларға зор үлесін қосып жүрген жерлесіміз, теңдесі жоқ арабист ғалым, Шығыстану университетінің ректоры, профессор, хазірет Әбсаттар Дербісалы ағамызды айтпай кетуге болмас. Осы ғалым ағамыздың ізденістерінің арқасында шежірелерде айтылған 411 Әл-Фарабидің 33-і, 128 Әл-Таразидің 28-і, 115 Әл-Түркістанилардың 15-інің аты-жөндері мен еңбектері Стамбұлдың бұрынғы Осман Сұлтандарының және Испаниядағы Кордова университеті мен Американың Чикагодағы кітапханаларынан табылды. Аумалы-төкпелі замандарда Батыс елдеріне кетіп қалған қаншама ғылыми еңбектердің есебі жоқ. Қазіргі ғылымда ашылып жатқан жаңалықтар, оның ішіндегі ядролық физика, лазерь технологиясы мен астрономия мен ғарышты, жер асты мен үстінің геологиясы мен гидравликаны зерттеу және талай жаңалықтар сол замандарғы Отырар мен Тараз сияқты қалаларымызда ашылып қойылыпты. Өкінішке дейміз бе, әлде бақытқа орай дейміз бе енді сол заманында Батысқа кеткен еңбектер сол елдің ғалымдарының атымен ғылыми әлемге, және біздерге де қайта айналып келуде. Ал енді осы жаратылыс тану ғылымдарының терең тылсымдарының құпиясын ашқан Отырардың ғұламаларының мына айтқан ескертуі жоғарғы және жергілікті билікті ойландыруы тиіс: «Бүтін Жұмыр Жер жаһан мен 7 қабат аспан кеңістігінде 21 нүкте бар. Оның 14 киелі Жер-Анамызда. Осы 14 нүктенің 7-і Атажұртта: 2 нүкте — Айыртау Қазығұртта, Біркөлік пен «Аңырда» («Ақсу-Жабағылының» орта ғасырлардағы аты), Отырар, Түркістан және Созақ шаһарының түбінде бір-бір нүктеден бар. Осы 21 нүктенің кез келген біреуі ғана орнынан жылжып кетсе Жұмыр Жер Жаһан мен 7 қат көк аспанда қиямет-қайым, яғни ақырзаман басталады. Сондықтанда бүкіл ғарыш кеңістігі мен жұлдыздар әлемі Жер-Анамызға тәуелді. Жоғарғы саналы рухани күштер оған қатты көңіл бөледі.» — депті. Міне осындай қауіпті нүкте орналасқан жердің бірі «Ақсу-Жабағылы» қорығы. Бұл киелі жердің құпиясын Қазақтың соңғы Сыпыра жылнамашы шежірешісі, көріпкел, ерекше қасиет егесі Әлиасқар Байғұтұлымен (1898-1981ж.ж.) Ташкентте арнайы кездесіп, талай рет пікірлес болған Түркістан АССР-інің басшысы Тұрар Рысқұлов бұл жерлерге 1920 жылдары профессор ғалымдарды, оның ішінде эколог Д.Н.Кашкаров пен топырақтанушы Н.А.Димоны, ботаниктер М.Г.Попов, М.В.Культиасов, Е.П.Коровиндерден және жергілікті жер жағдайын жақсы білетін азаматтардан экспедиция жасақтайды. Бұл экспедиция осы жерлерді бұрынырақ зерттеген гидробиолог, Ташкент университетінің профессоры А.Л.Бродскийдің сараптамаларымен де танысады. Сонымен Қазығұрт тауын, Ақсу-Жабағылы өңірі мен Біркөлік аймағындағы («Топан суды» үлкен күшпен ысқыра қайта сорған) «Сусіңген» құрдымында жан-жақты зерттеген Советтің үкімет комиссиясы 1925 жылдың ақпан айында бұл жерлерді келешекте адамдардың табиғат процестеріне араласуынан туындайтын техногендік апаттардан сақтап қалу үшін шұғыл түрде мемлекеттік қорық құру керек деген шешім қабылдайды. Бұл шешімді 1927 жылдың 27 мамырында РСФСР Советтік Халық Комиссарияты да жан-жақты зерттеп, өз қаулысымен бекітеді…

Бұл өңірде түсті металдардың мол қорының барлығы патша мен совет үкіметінің кезінен ғана емес, сонау атам заманнан бері белгілі болған. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары түсті металдарға сұраныс артып, бұрынғы кен орындарындағы қорлардың азайғаны сезіле бастаған уақыттары бұл жерлерді игеру мақсатымен Москваның шешімімен үлкен геологиялық партиялар зерттеулер жүргізіп, шахталар ашып, кен байыту фабрикаларын салып, Шымкент қорғасын зауытын жергілікті арзан шикізатпен қамтамасыз етуді жоспарлайды. Зерттеу нәтижелері Мәскеудегі ССРО Ғылым академиясына жіберіледі. Жергілікті билік сайланып, шешім күтіп жатқанда Мәскеуден құпия телеграмма келіп, неге екені белгісіз геологиялық партияны бір түнде алып кетеді. Ұңғылар бір апта ішінде арнайы бетондармен тығындалып, культивация жасалып, тегістеліп, бұл шахталар туралы жоспарлар да, әңгімелер де Байкал – Амур темір жол магистралына үлкен қаржы керек деген сылтаумен мүлде жабылады…

Қазіргі Қазығұрт тауында жоғарыда айтылған екі нүкте де осында болса, онда жоғарыда айтылған техногендік апатты қауіптің де еселей түсетіні анық. Жер Анамыздың бетіндегі 14 нүкте бүкіл миллиардтаған галактикалармен адамзатқа білініп, көрінбейтін өте жоғары магниттік өрістермен байланысып тұрса, онда бұрынғы ғұламалар мен орыс — совет ғалымдары мен соңғы кездері зерттеулерде қол жеткізген Америка мен Канада ғалымдарының да ескертуіне құлақ салу керек ақ!

Америка мен Канада ғалымдарының Нұқ пайғамбар заманындағы «Топан судың» бүкіл жер бетін жапқан себептерін «Nature» журналында жариялаған үлкен ғылыми еңбектері шықты. Мұнда орта ғасырлық ғұлама ғалымдардың айтып, жазып кеткенін жоғарыда аталған елдердің қоршаған ортаны зерттеумен ұзақ жылдар бойы айналысқан ғалымдарының жан-жақты зерттеулері мен ғылыми тұжырымдамалары, бабаларымыздың еңбектерімен бір сарындас боп шығып жатуы да таң қалдырады. Жер асты мұхиттарының бар екенін айтқан бұл ғалымдар планетамыз, яғни Жер Анамыздың 3/2-сін қоршап жатқан мұхиттардың 7 қабат жер астындағы, яғни 410 шақырым тереңдік пен 660 шақырым тереңдіктің арасында орасан зор су қабаттарының қоршап жатқандығын және ол мол судың бүкіл планетамызды қоршап тұрған 4 мұхит пен барлық теңіз, өзендер мен көлдердің барлығын қосқандағы қоры Жер-Ана құшағындағы тереңде жатқан сулардың 20 пайызына да жетпейтінін, және бұл сулардың ғаламдық мұхиттармен де байланыста екендігін дәлелдепті. Теңіз деңгейінен суды 100 метр биіктікке су сораптарымен айдағанда су құбырының әр шаршы сантиметріне 10 килограмнан артық қысым түседі. Ал бүкіл су құбырының өн бойына қаншама қысым түсетінін мектеп оқушылары да біледі. Ал енді 410 – 660 километр тереңдіктегі су қысымы қанша болады? (1-сурет). Орташа 520 км * 1000 метр = 520 000 метр болса, артық қысымды 10 метрге, яғни су бағанына шаққанда 1 шаршы.сантиметрге 1 килограмм қысым күші түседі деп есептесек, техногендік әрекеттерден пайда болған жер сілкіну тербелістері әсерінен жер астындағы мыңдаған тоннадан артық қысымда жатқан мұхиттар суларының әр жерден ашылып кететін жүздеген фонтандардың әрқайсысынан секундына 700 текшеметрден сулар атылып шығып, бірнеше минуттар ішінде 4 облыс пен көрші Ташкент, Жызақ облыстары да тереңдігі 70 — 500 метрге дейін жететін шалқыған жаңа теңіздің астында қалады екен. Және де мыңдаған тонналық артық қысымда ыстық магма қабаттарынан өтіп, атылып шыққан температурасы 400 градустан ыстық түрлі улы газды су буларының ашық ауа кеңістігіне ысқыра шыққан сұмдық дауысын есіткен сәтте ақ секундқа жетпейтін уақытта бүкіл тіршілік егелерінің клетка деңгейінде шашырап, қырылып кететінін елестетудің өзі сұмдық!!! Ал атмосфера қабатына еркін атылып шыққан булар салқындағанда қоюланып бұлтқа айналып күні-түні селдеп құйылған жаңбырлар мен жер астынан шығып, бірнеше километр биіктіктерге атқылаған улы фонтандар Таурат, Інжіл мен Құран-Кәрімде айтылатын Нұқ пайғамбар заманындағы жер қойнынан көкке шапшыған сулар мен 40 күн, 40 түн нөсерлер жауған «Топан суды» елестетпейді деп қалай айта аламыз?!…

Адамдардың табиғатқа қиянат жасап араласуы әсерінен Шыңғысхан Тұран Еліне билікке келгенге дейін жерге салмақ түсіретін тауы жоқ шөл далада Арал теңізінің осындай жолдармен аяқ астынан пайда болғаны жайлы да жылнамашы, халқымыздың соңғы Сыпыра шежірешісі Әлиасқар Байғұтұлы насияттарында айтылады. Және мұны 2000 жылдары Қазақстан археологтары мен геологтар да (13/07/04 — Время собирать камни. Архив — 12.07.2004 http://www.Каzpravda.kz/index.php) толығымен дәлелдеді.

Атақты ғалымдар Васейшин мен Пирсонның 2-суретте көрсеткен жер асты мұхиттарының Солтүстік Америка құрылығында және Евразия құрылығының шығыс жағында, әсіресе біздің Қазығұрт пен Алатаулардың астына жақын орналасуы, яғни жерге түсер қысымның күшейуіне әкеліп, бұл туындайтын қауіптерді еселей түседі. Бұл ғалымдар әлі зерттелмеген Жер мантиясының астында да одан да терең, үлкен қысымда жатқан мұхиттар болуы мүмкін деп есептейді. Ал АҚШ пен Канада ғалымдарынан бұрын Англияның «Манчестер» университетінің ғалымдары да біздің аймақтар тұрған жердің астында алып мұхиттардың бар екендігін жан-жақты зерттеулерінде дәлдеген болатын…

Сөз соңы: жоғарыда айтылған орта ғасырлық ғұламалардың «Топан судан» соң Жұмыр Жер Жаһандағы ең биік Қазығұрт тауының үш рет құлап, айналасындағы 40 қақпалы Сақ Бабаларымыздың астанасы Сайрам шаһарын (бір қақпасы «Дәліз» — деп аталған. Шымкенттің ежелгі дәуірдегі аты) басып қалған соң Қазығұрт тауы мен Біркөлік, «Өңір» (Ақсу-Жабағылы) жеріне Ұлы Сақ Бабаларымыз үлкен құрылыстар салуға тиым салып кетіпті. Сыпыра шежіреші Ә.Байғұтұлының «Ұлы Бабалар насиятында» Сақ бабаларымыздың жерін жауламақ ниетпен келген, шектен шыққан Александр Македонскийдің армиясын осы Біркөлік жеріндегі тау шатқалындағы құпия қамалда отырған 21 Абыз суға батырып, қырып жібереді. Әмур Зәбір Дария Қаһан бастаған Ұлы Бабаларымыз 70 нөкерімен ғана аман қалған Александрдың қолына «Қу қабырға» ұстатып: «Енді киелі Ұлы Далаға келмеймін!» — деген сөзін алып, қуып шығады. Бабалардың ескерткен: «Біркөлікте киіз үйдің үлкендігіндей тас бар. Оны қозғасаң, Дәліз (Шымкент) шаһары су астында қалады!» — деген сөзін ұмытпай, енді мұнда құрылыс салуды және құрылысқа жер бөлуді де доғару керек! Ұлы Абайдың жырында айтылатын, А.Македонскийге қақпасын ашпаған құпия қамалда «көз сүйегін» лақтырып жіберетін жер осы. Бұл оның масқара жеңілісін жасырмақ болған досы, Египеттің билеушісі Птоломейдің шығармасына негізделген туынды деп санауымыз керек…

Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз бүкіл адамзаттың бесігі болған Атажұрт Қазығұрт пен «Біркөлік», «Ақсу-Жабағылы» жері енді адамзаттың табыт-мазарына айналмасын десек, құпиясы мен сыры мол, бабалардың ақ найзаның ұшымен, алмас қылыш жүзімен, ақ білектің күшімен көзінің қарашығындай сақтап қорғаған, олардың қаны мен аналарымыздың көз жасымен суарылған, отырған жерін шаңдатпаған, тұнығын лайламаған киелі жерлеріміздің әрбір шаршы метр жерін аялап, болашағымыз үшін сақтай білейік және ОҚО, Төлеби ауданындағы «Ақбастау» карьерінің жұмысын тез арада тоқтатып, оны толығымен рекультивация жасап, орнына қалың орман отырғызу керектігі де кезек күттірмейтін, аса маңызды іс-шара! Қазығұрт, Біркөлікте де құрылыс жұмыстарын тоқтатып, бұл киелі орындарды мемлекеттік қорыққа айналдырып, көздің қарашығындай сақтау қажет!

Ілесбек БАЙЖАНОВ.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Инженер. Эколог.

Шымкент шаһары

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *