«Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл –қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз» — деген болатын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында. Осыған орай, мемлекет басшысы осы жылды – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы деп жариялады. Бұл Қазақ елі үшін аса маңызды дата. Яғни 2021 – Тәуелсіздігіміздің торқалы тойын атап өтетін тарихи жыл.
Одан кейін биыл ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толса, «Жыр алыбы» Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл, «Күш атасы» атанған әйгілі балуан Қажымұқан бабамыздың да 150 жылдығы. Бұлардан басқа алаш арысы Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл. Тізімді әрі қарай жалғастырар болсақ биыл даталы оқиғаларға толы жыл. Өзім педагог-мұғалім ретінде қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсаринге ерекше тоқталғым келіп отыр. Балалар әдебиетінің атасы атанған Ыбырай 1841 жылдың 20 қазанында қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүниеге келген.
Ыбырай қазақ арасынан көптеп мектеп ашуды аңсады. «Сірә, қазақ даласынан көптеп мектеп ашатын мезгіл қашан болар екен?» деп армандады. Ол өнер-білімді, мәдениетті дәріптеп, халықты соған шақырып өлең, әңгіме, мақала жазды. Бар ынтасы халық ағарту жұмысы болды. Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөлді. Ер балалармен қатар қазақ қыздарын да білімге тарту, оларға түрлі кәсіптік мамандық беру жөніндегі жұмыстарды алғаш ұйымдастырушы болғанын білеміз. Ер балалардың өзін оқытуға қырын қараған қытымыр заманда оның қыз балаларды оқыту, оларға арнап мектеп, интернаттар ашу қажеттігі туралы мәселе көтеріп, бұл ойын айтыса-тартыса жүріп дәлелдеуі, біртіндеп іске асыруы шын мәніндегі азаматтық ерліктің, гуманизмнің үлгісі болды.1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастырды.
Өзі 1876 жылдан бастап «Қазақ хрестоматиясын» жазуға кірісіп, оны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды. Жинаққа кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді.
Оның «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңдері осындай мақсатта туған. «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі жастарды оқуға, білім алуға шақырады.
Ыбырай Алтынсариннің айрықша атап айтар тарихи еңбегінің бірі – оның қазақ балалар әдебиетінің негізін қалауы. «Қазақ хрестоматиясына» енген алуан жанрдағы шығармалары. Сондықтан, оның әңгімелерінен балалар әдебиетіне қойылатын негізгі талаптардың барлығы да, атап айтқанда, туындының көлемінің шағындығы мен құрылысының қарапайымдылығы, тілінің таза, түсінікті әрі шұрайлылығы, тәрбиелік – танымдық мәнінің жоғарылығы, оқиғалардың балалар ұғымы мен жасына сай, көркем әрі қызықты баяндалуы, балаларға тән мінез, әрекет, ой – қиялдың табиғи түрде жазылуы.
Мұның бәрі Ыбырай Алтынсариннің қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихындағы қадірлі орнын көрсетеді. Ыбырайдың артында қалдырған рухани мұрасы аса бай және алуан жанрлы.
Ыбырай Алтынсариннің қазақ жұртшылығын қараңғы түнектен алып шығып, тұңғыш рет ана тілімізде сауаттылық жолына бастауда сан түрлі ұлттық мектептер ұйымдастырып, мектеп және мұғалімдер үшін оқулық пен әдістемелік еңбектері халық жадынан жоғалмақ емес. Сондықтан да, бүгінгі педагог қауымы ағартушы шығармаларын өз жұмыстарында үнемі басшылыққа алып келеді. Ыбырайдың өлең, әңгімелері түгел дерлік оқушысына түсінікті, тілі жеңіл, тәрбиелік мәні зор, оқып отырған оқырманына үлкен ой салатындай тақырыбы әсерлі, көркем бейнеленген және ойын жеткізуде тілдік стиль ерекшелігі зор.
Жастарға білім беру саласында қызмет етіп жүрген барлық педагогтар, оқытушылар осындай тұлғаның қазақ тарихында бар болуын мақтан тұтуы керек. Болашақ ұрпаққа насихаттап, таныту керек деп ойлаймын.
«Өзі өшсе де сөзі өшпейді» дегендей, өзі жоқ болса да біз үшін оның еңбектері мәңгі өшпейтін мұра болып қалмақ.
Гүлсезім ҒАБИДЕНҚЫЗЫ,
Д. Құрманбек атындағы
№20 колледжінің арнайы пән оқытушысы,
Түркістан облысы,
Отырар ауданы