ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ МЫҢ ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

Экономика Қоғам
984 Views

Түркістан облысындағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы биыл 81,4%-ға жеткізілмек. Облыстағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің сапасын арттыру мәселесі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Отырысқа тиісті құзырлы мекемелердің басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты.

Мәжілісте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Е.Кенжеханов, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының директоры М. Ахметов баяндама жасады.

Биыл автомобиль жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 400-ге жуық нысан, не 1250 шақырымдай жолдар мен елді мекен көшелері қамтылып, ағымдағы жылы 780 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жыл қорытындысымен облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 79%-дан 81,4%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Жиналыста автомобиль жолдарының сапасын арттыру бойынша атқарылған жұмыстар және қабылдануы қажет іс-шаралар талқыланды. Одан бөлек, саладағы өзекті мәселелерге тоқталып, ұсыныстар қаралды.

Мәжілісте облыс әкімі тарапынан жол сапасын арттыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берілді. Жыл сайын жолдарды жөндеуге жұмсалатын қаржының тұрақты бөлінуін және жолдарды жыл бойына күтіп ұстауға жеткілікті қаржыны қарау тапсырылды. Сондай-ақ, жөндеуден өткен жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуын болдырмау үшін ауыр салмақты жүк көліктерінің қозғалысын реттеу жүктелді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс үшін маңызды Шымкент, Түркістан, Сарыағаш айналма жолдарының құрылысын бастау бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен тиісті жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты.

Түркістан облысындағы жолдардың жалпы ұзындығы 18 мың шақырымды құрайды. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 74,1%-дан 79%-ға қол жеткізілді. 2020 жылы 900-ге жуық не 2 мың шақырымға жуық автомобиль жолдары қамтылды.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарын атқару кезінде кемшіліктерге жол бергені үшін мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге айыппұлдар салынды. Ескертулер беріліп, 58 мың шаршы метрден астам асфальт жамылғысы, 6,2 шақырым жол негізі бұзылып, қайта салынды. «Сапалы жол-Адалдық алаңы» жобасы аясында анықталған барлық ақаулар қалпына келтірілді.

«ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ» АУМАҒЫ 13 500 ГЕКТАРҒА ЖЕТТІ

Түркістан қаласының айналасын көгалдандыру мақсатында іске асып жатқан «Жасыл белдеу» жобасының жалпы аумағы 2 есе ұлғайып, 13 500 гектарға жетті. Жыл соңына дейін оның көлемін 20 000 гектарға жеткізу жоспарлануда. Түркістанның табиғи тынысына айналған ауқымды шара туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуалиев мәлімдеді. Облыс әкімінің бастамасымен шаһарды жасыл желекке бөлеп, климатын өзгерту үшін 2019-2022 жылдары Түркістан қаласының айналасынан 7700 га жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, бүгінгі таңда бұл жұмыстар мерзімінен бұрын толығымен орындалды.

«Өткен жылы «Казатомпром» акционерлік қоғамының қолдауымен 5800 гектар жерге сексеуіл ағашы егілді. Оның ішінде 3300 га жерге көшетпен және 2500 га ұрықпен себілді. Түркістан қаласындағы халықаралық аэропорт жолының бойы 252 га жер телімі толықтай тамшылатып суару жүйесіне қосылды. Отырғызылған ағаш көшеттерін желден қорғау үшін, оларды жіппен тартып байлау жұмыстары жүргізілуде. Қалған учаскелердегі отырғызылған ағаш көшеттердің ұңғымалар мен канал, насостар арқылы сумен қамтамасыз етілген. Суару жүйесімен қамту жұмыстары жалғасуда», — деді басқарма басшысы өз баяндамасында.

Жиналыста өңірдің санитарлық эпидемиологиялық жағдайы талқыланды. Қазіргі уақытта Түркістан облысы коронавирус аурушаңдығының көрсеткіші негізінде ҚР бойынша «жасыл» аймақта орналасқан. Осы күнге дейін 44 мыңнан астам түркістандық ерікті түрде егілді. Түркістан облысына отандық «QazVac» вакцинасының 2000 дозасы жеткізілді. Жоспарға сәйкес жыл соңына дейін 200 мыңға жуық «Спутник-V» және «QazVac» отандық вакцинамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жалпы 660 мың адам ПТР тест тапсырған.

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 400 ГЕКТАР ЖЕРГЕ САЯБАҚТАР САЛЫНДЫ

Түркістан қаласындағы саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстау және ішкі ирригациялық жүйелердің жай-күйі – басты назарда. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шаһардағы жаңа саябақтардың жайымен танысып, ондағы тазалыққа жауапты азаматтармен жолықты. Жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Түркістан қаласында бүгінде 400 гектар жерге жайғасқан 11 саябақ, 5 жасыл аймақ, 25 аллея мен гүлзар және 29 көше бар. Әр саябақ креативті әрі ерекше, қайталанбас үлгіде салынды. Саттарханов көшесінің бойындағы «Желілік саябақтың» жер көлемі 20 гектардан асады. Саябақта 5 мыңға жуық ағаш, 25 мыңға жуық жасыл бұта егіліп, жасанды тоған орнатылған. Мыңнан астам шаммен жарықтандырылып, субұрқақ, орындықтар, 2 мыңнан астам кіші архитектуралық форма қойылған.

Жалпы аумағы 5 гектар жерде орналасқан Н.Назарбаев атындағы жаяу жүргіншілер аллеясын абаттандыру жұмыстары аяқталуға таяды. Демалыс аумағы жарықтандырылып, көпжылдық және гүлді ағаштар егілген.

«Әзірет Сұлтан» қорық – мұражайының аумағы абаттандырылып, жарық шамдар орнатылды. 20 гектар жерде орналасқан аумаққа газон төселіп, ағаштар отырғызылды. Суару жүйелері жүргізіліп, жолаяқтар төселді.

Жалпы аумағы 38 гектарды құрайтын «Тұңғыш Президент саябағында» сыйымдылығы 100 текше метр болатын жасанды арал пайда болды. Ол үшін су ұңғымасы мен резервуар салынды. 10 мыңға жуық ағаш отырғызылып, жолдар төселді. Жаңа демалыс орны ерекше дизайнда жасалған шамдармен жарықтандырылды. Субұрқақтар салынып, шағын сәулеттік мүсіндер орнатылды. Саябақта бірнеше ойын алаңшалары салынды.

Бүгінде «Нұр – Сұлтан» алаңы, «Жібек жолы» саябағы, «Дендросаябақ», Яссы көшесіндегі «Желілік саябақтың» құрылысы аяқталып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

АРЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Ұлы Жібек жолының бойындағы көне қала бүгінде түгел түркінің орталығына айналып, дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгін Арыс қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен жергілікті ардагерлер Түркі халықтарының рухани астанасы атанған Түркістан қаласына сапармен келіп, жаңарған қаланың құрылысымен танысты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары. Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та осы киелі топыраққа ат басын бұратынын білесіздер»,– деген болатын.

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Мамытқызы: «Түркістанды түлету қай жағынан алып қарағанда да теңдессіз, ұлы бастама. Рухани астанамызды дамытуға баршамыз жауаптымыз» дей келе киелі Түркістанға жолға шыққан еңбек ардагерлеріне сәт-сапар тіледі.

ТҮРКІСТАНДЫ АБАТТАНДЫРУҒА АҚСАҚАЛДАР БЕЛСЕНЕ АТСАЛЫСУДА

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен облыстық Ақсақалдар алқасының ұйымдастыруымен Түркістан қаласын абаттандыруға арналған жиын болып өтті.

Аталмыш шараға қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов, облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов және жауапты салалық басқарма басшылары мен аудан, қалалардың Түркістан қаласын абаттандыруға және белгіленген секторларға жауапты мамандары қатысты.

Жиында алғаш болып сөз алған қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов облыс әкімі Ө.Шөкеевтің Түркістан қаласын көгалдандыру бойынша тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыстар өз дәрежесінде атқарылып жатқандығын айтты.

«Біз облыстық Ақсақалдар алқасымен бірлесе отырып Түркістан қаласындағы 9 мөлтек аудандағы 850 көше бойына егілген ағаш көшеттерінің өсіп шығуы үшін, оларды күтіп-баптау жұмыстарына облыс ақсақалдар алқасы мен жергілікті тұрғындарды тарту мәселесін қолға алып отырмыз. Қазіргі таңда Түркістан қаласы 32 секторға бөлінген. Әр аумаққа аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары жауапты ретінде белгіленген. Шаһардағы «Жасыл белдеу» аймағындағы көшеттердің суарылуы басты назардағы мәселе болып отыр. Осы мақсатта сектор аумағында ұңғымалар қазылып, жерасты сулары пайдалануда. Әр секторда 10 мыңға жуық көшеттер отырғызылып, әр талдың түбіне су жеткізілуде. Кей секторда тамшылатып суару жүйесі жүргізілсе, кей секторлар қажетті суды Арыс-Түркістан каналынан тартуда. Сонымен қатар, көшелерде жарықшамдар, қоқыс жәшіктері мен тұрғындардың демалуына арналған орындықтар орнатылды. Апта сайын 32 сектор аумағында аудан, ауылдардан келген азаматтардың қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырылуда. Дегенмен, осынша қыруар жұмыстардың жемісті болып, Түркістан қаласы толықтай жасыл аймаққа айналуы үшін әрбіріміздің үлес қосуымыз аса маңызды. Ақсақалдар алқасының бұл бастамасы түркістандықтардың тарапынан қолдауға ие болады деп сенемін», – деді Дамир Дәулетұлы.

«Қазіргі таңда жаңару мен жанданудың даңғыл жолына түскен, Түркі елдерінің рухани астанасы Түркістан қаласын жасыл желекке айналдыру жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Әсіресе қала аумағына өңірдің климатына қолайлы түрлі ағаштар егіп, жергілікті тұрғындарға қолайлы өмір қалыптастыру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Облыс орталығын секторларға бөліп, оған аудан, қалалар мен салалық басқармаларды жауапты етіп қою – бұл бағыттағы жұмыстардың жемісті боларына сенімді ұлғайтады. Алайда, Түркістан қаласына егілген әр ағаштың өсіп, өздігінен жайқалып кететін дәрежеге жеткенше оны күтіп, баптау, уақытылы түбін қопсытып, суару – жауапты жандардан бөлек әрбірімізге жүктелген үлкен міндет болып тұр. Түркістан қаласына Қазақстанның әрбір өңірі, тіпті Түркі елдері қамқорлықпен қарап, өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып жатқан тұста – біздің жұмыла әрекет етіп, қаланы жасыл желекке айналдыруды басты мақсат етіп алғанымыз жөн деп есептеймін. Осыған байланысты барлық жауапты сала мамандарын, ақсақалдарды, жастар қауымын, жалпы қала тұрғындарын егілген әр ағашқа қамқорлықпен қарап, бірігіп әрекет етуге шақырамын! Бұл – өскелең ұрпақ алдындағы міндетіміз әрі әрбіріміздің күнделікті өмір салтымызды жақсартудың таптырмас жолы деп білемін» деген Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов Түркістан қаласын абаттандыру бойынша атқарылған жұмыстарын Ақсақалдар тарапынан үнемі назарда ұстайтындығын жеткізді.

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА БЕТОН ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТТЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ

Ордабасы ауданындағы «Бадам» индустриялды аймағында автоклавталған, силикатты ұялы бетон шығаратын зауытының іргетасы қаланды.«RZN» ЖШС жобаға шамамен 8 млрд. теңге инвестиция салуды жоспарлауда. Зауыттәулігіне 1000 данаға дейінгі автоклавты ұялы бетон шығарады. Өндіріс орнында150 жұмыс орны ашылады. Аталған шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасарыМейіржан Мырзалиев пен Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қатысты.

Биыл «Индустрияландыру картасы» аясында тағы үш жоба іске қосылып, 300-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Атап айтсақ, «Standart Petroleum & Co» ЖШС-нің мұнай-химия өңдеу жобасының қуаттылығы жылына 1 млн. тонна. Жобаның жалпы құны – 24 млрд. теңге. 200 адам жұмыс орнымен қамтылады. «NA Constraction» ЖШС-нің жаңа технологиялы қыш зауыты жобасы. Жалпы құны 2,6 млрд. теңге 100 жұмыс орнымен. «Александровский сад» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасы. Жалпы құны 8 млрд. теңге.

Жалпы, Қазақстанда газ блогына орташа жылдық қажеттілік 3,6 миллион текше метрді құрайды. Елімізде мұндай 10 өндіріс орны жұмыс істейді. Ал, Түркістан облысында бұл – осы типтегі алғашқы жоба.

«Осы өнімдердің жетіспеу мәселесі Мақтаарал өңіріндегі қалпына келтіру жұмыстары кезінде және Түркістан қаласындағы ауқымды құрылыстар барысында байқалды. Түркістан аймағындағы қолайлы инвестициялық ахуал бізге ең жақсы инвесторларды тартуға мүмкіндік береді. Мұны статистика да дәлелдеп отыр. Өткен жылы Түркістан облысы кәсіпкерлікті жүргізу бойынша бірінші орынға шықты және негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі бойынша көшбасшы болды», – дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.

Солтүстік Қазақстан облысынан келген инвесторға жобаның барлық кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсетілді. Нәтижесінде, биылдың өзінде аймақтық құрылыс индустриясы жергілікті өндірістегі автоклавталған ұялы бетон үлестіреді.

Бетті дайындаған Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *