КӨЗ (ШЫТЫРМАН ОҚИҒАЛЫ ҚЫЛМЫС ХИКАЯСЫ)

Әдебиет
1 067 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Жарас алғашқы сөзді алып, Гүлжанды туған күнімен құттықтап, ешкім күтпеген сый – бриллиант сырға сыйлады. Бәрі тым-тырыс таң-тамаша болып, оның жомарт мырзалығына риза болып, енді қызға сөз айтып, басыбайлы соған бұйырар деп топшылады.

Арнайы ансамбль, әншілер шақырып, ән айтқызып, магнитафон ойнатып, бәрі көл-көсір дастарханнан қалағанынша арақ-шарап ішіп, у-ду әбден биледі. Гүлжан Жорж бүгін жеке шығарып әкете ме, бөлек жатуға икемдей ме, не істер екен? – деп көңіліне қарап, бірге билеп, жымия күліп, наздана еркелеп жүрді.

– Мен машина жүргіземін, – деп Жарас әдетінше арақтан татып алмады.

– Жоржик, ертең мен Ғылым Академиясына сағат он жарымда баруым керек – деп сыбырлап еді:

– Өзім апарамын, қам жеме – деп көзін жыпылықтатты.

Зооветтің бір жігіті өзінің жүріп жүрген сұлуына қарамай қызып қалып, Гүлжанды қайта-қайта биге шақырып, алас-ұрып неше түрлі қимыл жасап, қызды өзіне тартып, сипап, құшақтай бастады.

Жарас көзілдірігі жарқырап екеуінің ортасына тұра қалып, Гүлжанды белінен ұстай, вальс билей жөнелді. Әкіреңдеп анау жігіт келіп, мұның жағасына жармасып еді:

– Мен Жоржикпен ғана билеймін, әне қызың тұр ғой, соны шақыр, – деп құша-ғында жүрген перизаты кесіп айтып еді, анау бірден жуасып, жүні жығылып, ертіп келген қызына барып ақтала бастады.

Ғұмыры жігіт болып осындай ғажап әсер алып көрмепті. Қасында кер маралдай керілген періштесімен дөңгелеп вальс биледі, тангоға шыққанда ыстық демі шарпып, есін алып, ыржиып күле береді.

Гүлжан Жоржигінен бекер қауіптеніпті. Он бір қызға залда қаз-қатар төсек салып қойыпты, әбден шаршаған олар жата-жата кетті.

Асханада бірден жатпаған жігіттер тағы біраз сілтеп, сілелері қатқанша арақ ішіп, сонда зорға ұйықтады.

Жарас ертеңгісін тұрып шәй қойып, Гулясын оятып, екеуі бір-бір кесе кофе ішіп алып, «Волгасына» отырғызып, айтқан жеріне апарып салды. Қыз қоштасарда:

– Рақмет, Жоржик, – деп бетінен шөп еткізіп сүйіп алды. Жігіт мәз болып масайрап, көздері қуаныштан отша жарқырап:

– Кешке келейін бе? – деді еркінсіп.

– Жоқ, бүгін қолым тимейді. Сәрсенбі күні келерсің, – деп бұлаң қағып, түсіп қалды.

Ғылым Академиясын айнала жүріп субұрқаққа бетін жуып, Гүлжан Жарасты ойлаумен болды. Осыншама ен байлыққа басы айналмай, шайтан суды татып алмай, пәле-жалаға жоламай түп-түзу өскен бәйтеректей мінезіне, оқу өтіп кеткен беймаралдығына таңырқады.

Декан бұл жолы жарты сағаттан астам уақыт кешігіп келді.

Машинаның артқы жағындағы үйреншікті орнына жайғасып отырғаны сол еді:

– Кеше кешке қайда болдың? – деп дүңк ете түсті.

– Қыздармен туған күнімді атап өттім.

– Жатақханаға іздеп барсам, жоқсың. Не түнгі клубқа бардың ба, бірінші курсты бітпей жатып бұзылайын дедің бе? Менің рұқсатымсыз басқа жаққа аттап баспайтын бол деп айтқаным қайда? Түні бойы бір жігітпен айқасып жатқан шығарсың? Біреу құсып тастаған тостағаннан мен ешуақ ас ішпеймін. Білдің бе? Не істедің, айт қане?

Жол-жөнекей жер жебіріне, жекен суына жетіп, зіркілдеп, ұрысып, тергеумен болды. Құлағына таққан бриллиант сырғаны жаңа қайта шешіп, сөмкесіне тығып қойғаны қандай жақсы болған?!

– Күнде шетелдік көйлек киесің, андағы үстіңдегіні кім әперді?

Шегінетін жер жоқ, көз жасына көміліп Жарас жөнінде айтып берді.

– Білем ғой, оны. Биыл қызыл дипломмен бітірейін деп тұр. Әкесі үлкен генерал, замминистр. Қағаз кеміргеннен басқа да ісі жоқ, ол неге қылқиып, саған зар болып қалды?..

Саяжайына келгеннен соң, Деканның ызбарынан жасқанып қорыққан торғайдай бүгежектеп, айтқызбай шәй қойып, үстел үстін дайындап зыр қақты.

Декан мұның иығын жапқан шашын жинап бұрап ұстап, бетін өзіне бұрып:

– Сен қатын әліңді біл! Мен болмасам қайыршыдай қаңғып қаласың?

Байсырап бара жатсаң диплом аларда тауып берермін. Ал, енді жігіт-мігіт дегенді доғар, – деп уысындағы шашын тартып, зәрлене көзіне шаншыла қарағанда, денесі дірілдеп:

– Аға, ағатай, қайталанбайды енді. Кешіріңізші! – дей берді. Бір қолымен шашын қыса ұстап, екінші қолымен жұдырығын тас түйе бүйірінен ыңқ еткізгенде жай түскен ағаштай қиралаң етіп, жерге бүктеле құлады.

– Есіңе мықтап сақта! Өзім сені адам қатарына қостым, егер айтқанымды істе-мей сатқындық жасасаң – өзім тұншықтырып құртам. Институт біткенше сен менің екінші қатыным-тоқалымсың. Ұқтың ба, сен су ми! Тұр қане, шәй құй! – деп барып, беті-қолын жуды.

Декан столға шампанды тарс еткізіп қойып:

– Гуля! Үлкен қуаныш, жаңалық айтайын. Мен ректор болуға бұйрық алдым. Кеше кешке соны саған жеткізейін деп алып-ұшып барсам… Кел енді ректор ағаңмен соғыстырып қуанышына алып қой! – деп өзі сөмкесінен бес жұлдызды армьян коньягін алды.

– Шампанды өзіңе құй. Сені туған күніңмен құттықтап мен мынадан ішейін – деп жылқының майындай жалқын қызыл коньякті өзінің алдындағы рюмкаға құйып:

– Ал, сен енді он сегізге келдің, оң мен солыңды таныдың, бұл жас нағыз кемел жас. Құтты болсын, мынау сыйлығым, – деп қалтасынан он мың теңге алып ұсынды.

Декан ішкен сайын ісіп-кеуіп сөзді көбейтіп, сол өзі ашқан бөтелкені тауысқанша орнынан қозғалмады, бұған шампан жұтқызды.

Әзер тәлтіректей тұрған оны төсекке жеткізіп, шешіндіріп біткенше қорылдап ұйықтап та кетті. Үй ішін әдетінше жуып, тазалап болып қасына жатып сипалап көріп еді, анау былқ етпеді.

Түндегі шаршағаны бар, кішкенеден кейін қыз да пысылдап ұйқы ұйығына сүңгіді.

– Әй, тұр, шөлдегенім-ай! Су әкелші, – деп мұны түрткілегенде ғана ояна сала, құлдыраңдап бір бөтелке «Сарыағаш» суын әкеп берді. Бөтелкенің аузынан құлқылдата жұтып су ішкен ол қайта қисайды.

Гүлжан ащылап-тұщылап кеспе пісіріп, безек қағып дөңкиіп жатқан оның қасқа маңдайынан сүйіп, оятып, сипап әзер есін жиғызды.

– Екеуміз сәрсенбі күні ұшамыз. Ресеймен шекаралас қаладағы университетке ректор етіп тағайындады ғой. Семьям осында қалады. Сол жақта оқисың қалғанын… Түсіндің бе?

Монша жаққызып арқа-басын қызға уқалатып, қайың сыпыртқысымен ұрғызып, әбден бой-бой терлеп, ол қалпына келгенше күн де батты.

Сәрсенбі күні түс ауа алма мен сирен жұпар гүлін төккен Алматыдан ұшаққа мініп, солтүстікті бетке алып кешегі Декан, бүгінгі Ректор ағасымен бірге ұшып бара жатты. Тек ағасы алдыңғы бизнес-класс бөлмесінде, ал бұл жай салондағы арт жағындағы орындықтың бірінде отырып, бүгін кешке Жоржтың іздеп келетіні есіне түсіп, ішіне жылы ағын жүгірді.

Оған да, тіпті құрбысы Райханға да ашығын айтпай «Ауылға барып келемін. Бір жағдай болыпты» – деп тез жиналып кетіп қалған…

Ақ сүйір ұшақ бұйра-бұйра әппақ бұлттарды жарып өтіп, тым биіктеп алып, тіке солтүстікке бет түзеді.

* * *

Бөтен ел, бөтен қала, жан адамды танымайды. Ректор өзіне үш бөлме, ал бұған көршілес жерден бір бөлме пәтер жалдады. «Әпкемнің қызы – туған жиенім, отбасым көшіп келгенше маған ас-су дайындап береді» деп қойды.

Бар құжатты алдырып, екінші курсқа осындағы университетке ауысып алды.

Декан кезінде машина жүргізетін, ащы суды көп аузына ала бермейтін, ал ректор болғалы жеке шофері бар, күнде қонаққа барады. Түнде шала қызу, кейде тіпті тәлтіректеген мас болып қайтады. Университеттегілер, қаладағы шенеуніктер кезек-кезек хан көтеріп, жаңа келген оқымысты басшыны мейман етіп, барын алдына тосып, бәйек болып жатыр. Жалған мақтау – жарға жығады. Ағасына дөңгелек қарын бітіп, балпиып, жүріп-тұруы ауырлап, маңдайынан төбесіне дейін құйқасы жалаңаштанып, қасқабас жуан қара божбандай маңғаз жанға айналды. Жүре сөйлейді, жүре тыңдайды, өзі Алматыдан алып келген пысықай бір жігітті оқу жөнінде, ал екінші прораб-құрлысшыны шаруашылық жөніндегі проректоры етіп тағайындап, бар жұмысты соларға жүктеп қойды.

Гүлжан үйді жуып, киімдерін реттестіріп, үтіктеп, тамағын әзірлеп мас болса құсығына дейін тазалап тұратын сол үйдің басыбайлы күңіне айналды. Ректор болып осында келгелі еркелетіп, жылы сөз айтуды мүлде доғарды, зіркілдеп, ұрысып, балағат сөздер айтып көзіне де ілмейтін әдет тапты. Баяғы саяжайдағы алақанына салып үлпілдетіп айналып-толғанатын мінезінен жұрдай боп, ішіп-қызу келген түндері ұрыс шығарып, жақын отырса жұдырықтап тастайтын, алыста болса қолына не түссе сонымен періп жіберетін, езгілеп, мыжып әңгімелер айтып мұны тұқыртып жерлеп, аузына келгенін оттап, құлап ұйықтағанша маза бермейтін болды. Жыланға арбалған торғайдың балапанындай шоши қараған бұған әзірейілдей ысылдап, өшпенділікпен тұра ұмтылып, талай таяққа да жықты. Отырған орнында өлген өгіздей ұйықтап қалған оны сүйеп, сүйреп, төсегіне әкеп жатқызып, киімін шешіп, сәбидей бөлеп, қасына екі бөтелке су қойып, былғанған жейде сымын тазалауға кіріседі.

Түннің бір мезгілінде оянып алып, бір бөтелке «Сарыағашты» аузынан сарқа ішіп алып, бұған:

– Ащылап-тұщылап кеспе жаса! – дейді.

– Ет асып қойғам кеше кешкілік.

– Не сандалып тұрсың, етін, пиязын молдау турап, қолдан кесіп сұйық кеспе жаса, бар тез! – деп жанында жантайып жатқан мұны теуіп кеп жіберді.

Төсектен жалп құлап, тұра сала асханаға жүгіреді.

Кеспе пісіріп, дайындап, қашан оянғанша жағын таянып күтіп отырады. Кейде тіпті таң атқанша тұрмайды, жұмысқа барар уақыты таянғанда бұл барып, сипалап, сыбырлап әзер дегенде көзін аштырады. Қатты семіріп кеткен оның қорылы анау асханаға естіледі. Аһлап-уһлеп бұрыш қосқан ащы кеспені бір қасық алып ұрттап:

– Әкел ананы! – деп бұған алакөзденеді. Серванттан аузы ашылмаған коньяктің біреуін апарып бере қояды. Үлкен қырлы стаканға ліпілдете толтырып алып, тартып алады. Бұрышты аямай сеуіп, ашқарақтана кеспені қомағайлана арсыл-гүрсіл іше бастайды. Өзі де жұмысына бармай мұны да сабағына жібермей, ләйліп ішіп, көкіп сөйлеп, әбден ығырын шығарып, жүндей түтіп, құмдай шашып есін алады.

Бұл жақта қыс дегенің арқырап, үскірік сүйегіңнен өтіп, бүкіл денеңді мұз қапқан бөренедей қалтыратып, дірілдетіп жібереді. Алматыдағы шолақ пальтосы бұйым болмай, ағасынан қыста киетін тон алуға пұл сұрап еді, анау екі көзін ежірейтіп екі күн ұрсып жүріп жарымағандай ғана ұстатты. Қолдан киілген арзан жылы киімдерді алып қаһарлы қыстан ілдалдалап әзер шықты. Көктем тым кешікті, қаланы басып қалған салбауыр қар сіріленіп, үстіне қарақошқыл көмір күлі басып, қара суық азынап тұрып алды.

Сабағынан дірдек қағып келсе есік тарс жабық, ашайын десе іштен кілттеп алған. Безілдетіп қоңырау басып, есікті тоқылдатып жаурап, сіркесі су көтермей ұнжырғасы түсіп, жүйкесі тозып тұрғанда іштен екі беті алмадай қызара бөріткен толықша келген келіншек бұрала басып шықты да, ернін жыбыр еткізіп, тез-тез лифтіге мініп, түсіп кетті.

Ағасы төсекте шалқасынан түсіп жатыр, түк киімі жоқ, үстін ашып тастаған, рабайсыз өсіп кеткен шеңбірек қарнын сипап, ырс-ырс етеді.

– Доктарантым ғой, жақында қорғайды, жұмысын қарадым, – деді түк қысылып, саспастан.

Гүлжан бетін басып екі иығы селкілдеп, төсек жанына бүкшиіп отыра кетіп, солқылдап тұрып жылады.

– Ей, қатын, саған не болды? – деп таудай ағасы төсегін сықырлатып бері бұрылды. Мұны атын атамай, баяғы «Гуля, Гуляжан» дегенді мүлде ұмытып, осылай «Әй, қатын!» – деп атайтын болғанына да құлағы үйренді.

– Ей, қатын не болды? Киім алғың келді ме, жаурадың ба? Міне, мынаны қарашы, – деп төсегінің астынан дипломат шығарып, аузын ашты.

– Міне, қанша керек сен қатынға. Мә, қалағаныңша ал. Киім сатып ки. Бірақ ашық-шашық, етегі қысқа, кеудең ашық болмасын, – деп бұған бір уыс ақша ұсынды.

– Аға, ағажан, сорлап қалдым. Бүгін дәрігерге бардым, аяғым ауыр екен! – деп еңкілдеді.

– Ай, оңбаған қатын! Зәлім! Неге сақтанбайсың сұмырай! Сен албасты маған бала тауып беріп, бар байлығымды басып қалуды ойлағансың ғой сұрқия залым! Бар жоғал, құрт бүгін! – деп уысындағы ақшаны шашып кеп жіберіп еді, көкала, қызылала қағаздар ұшып, өлген құстардай қанатын жайып еденге жантайып, жалпайып жата-жата кетісті. Соларды дереу теріп ала сала, зәрдей суықта бүрсеңдеген қыз жүрегі айнып, анда-мұнда лоқсып қойып, берекесі бес тиын болып, дедектеп ауруханаға қарай құстай ұшып бара жатты.

Бала-шағасы уәделі жазда да көшіп келе алмады, әйелі мен балаларының аллергиясы бар көрінеді. Бұл сабақта жүргенде сылаңдаған қыз-келіншектер үйге жеке келуді үдетті. «Танысымның қызы, шаруасы бар екен», «Доктарантым ғой» – деп сылап-сипап қоя салады, қымсыну-ұялу дегенді мүлде қойды.

Бір кілті өзінде болғандықтан Гүлжан ойында ештеңе жоқ есікті ашып кіріп барса үстерінде түк жоқ жұмысқа жаңа алған он жетіден асқан сары шашы төгілген бөкселі орыс қызымен төсекте аймаласып жатыр.

– Сволоч, жоғалт көзіңді! – деді ешбір қымсынбастан ырсылдап ақырды.

Көз жасын көл қылып, кешке қарай келгенде көресіні көрді-ау. Сары шашы төгілген бұраңдаған хатшы қыз бөксесін ойнатып кетісімен Тұрсын ағасы мұны ұрып қалпақтай ұшырды.

Есікті кілттеп алып:

– Сен қояншық қатын, әдейі істеп жүрсің. Мына сен салдақыны өлтіремін, – деп тепкілеп, ұрып, сілейтіп сойып салды. Аузы-басы қан болып, іші-бауыры ауырып, тұра алмай жатқанда:

– Әй, сұмпайы құзғын қатын! Жейдем неге үтіктелмеген? – деп ыңқита бір тепті – Қазір қонаққа қайтіп барамын, а?

Сүйретіліп орнынан тұрып, бет-аузын жуып, ректордың киімдерін үтіктеп, кигізіп, шыттай ғып қонаққа шығарып салды.

Ол кетті-ау дегенде өксіп-өксіп, бүкіл іші-бауыры езіліп, боздап жылағаны-ай!

«Қу жоқшылық не көрсетпедің? Айдаһардың қойнына әкеп жатқызыпсың ғой. Неге сонша сорлы болдым? Бұдан да өлгенім жақсы еді. Жанбай жатып сөнге-нім бе? Мына аждаһадан қалай құтыламын, бұл менің сүйегімді уатып, өзімді мүгедек ететін бұзық қанышер екен?! Қап! Қап-ай!» – деп бармағын шайнап, көзінің жасы таусылғанша сұңқылдады.

Ректор ағасына деген көңілі қара тас болып, ол соншама жексұрын, қараниет көрініп кетті.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері, «Әділет. Рухани жаңғыру»

газеті редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *