КӨКТЕМ ЖЫРЫ – КӨҢІЛ СЫРЫ

Әдебиет
931 Views

ТАҒДЫРДЫҢ ҚЫСЫМЫ

Суға сүңгіп,

Жер қопардық,

Құм кездік,

Ашылмаған зауал сыры бар әлі.

…Тамағына тақалса да сүр кездік,

Қойдың үнсіз жаутаңдайды жанары.

Ұшқан жәндік қарлығашқа кезігіп,

Айналады балапанның асына.

Бір-біріне қосылмасын сезініп,

Сым ұлиды бағананың басында.

Тоған басы шіркей толы, бірақ та

Сорлы бақа – сұр жыланның аузында.

Ақ көбелек ұша алмайды жыраққа,

Бар арманы – әсем гүлдің қауызында.

Айдаһардың жанарының ғұмыры,

Дәуіттің қос аяғының ұшында.

…Ақыл жетпес тағдырдың сан қылығы,

Ұстап тұрар бар жаһанды қысымда.

КӨКТЕМДЕГІ ҚЫЛАҢ ҚАР

Әй, қылаң қар, қылаң қар,

Бойыңда бір ылаң бар.

Қылымсыған қыздайсың

Тіліңменен мың арбар.

Ұнамай тұр кестеңіз,

Содан қалды-ау іште мұз:

Қылаңдаған үміттей,

Анық емес түскен із.

Алдап көздің шарасын,

Алақанға қонасың.

Аспан мен жер арасын,

Адастырып барасың.

Аязыңмен қыспайсың,

Өзіңнен тыс ұстайсың.

Жеткізбейтін мұратқа,

Арманыма ұқсайсың.

Әй, қылаң қар, қылаң қар…

ЖАН АНА

Кеше ғой деймін,

Түсімде…

Бірақ өңімде,

Басымнан сипап:

«Гүл ектің, балам, көңілге.

Өрімдей едің,

Есіңде бәрі қалыпты-ау…»

Елеске айналып…

Сурет боп қалдың төрімде.

Шамды әзер жағып,

Тұруға ғана үлгердім.

Беймаза шақтан

Үлесім шығар бұл менің.

Саусақ ұшымен сипалап тұрдым, жан апа,

Үстіңе киген көйлектің әсем гүлдерін.

Жібек сәулесін жіберді құйып таң мына,

Сәулемен бірге тарады көкке бар дұға.

Үнсіз тұрған ем…

Орнымнан қозғап жіберді,

Соқтықпа мінез немерем келіп қалдыда…

Кешір, апа!..

ЕКІ-АҚ АДЫМ – ЕКІАРА

Өткізіп бастан көп күнді,

Сұлқ түсер айбын-айдаһар.

Кертілмес тұяқ жоқ сынды,

Сүрінбес тұяқ қайда бар?

Саусағын созған сал жігіт,

Айта алмай қалар айға наз.

Маңдайдың терін сіңіріп,

Тозады бір күн жайнамаз.

Қарт талға айналар нау шыбық,

Күйрейді жасыл алабы.

Елбеңі қыздың таусылып,

Еңкейген әже болады.

Құрдасты қанша жөнелткем,

Азайып қалды қарасы.

Екі аттам ғана жер екен,

Бүгін мен Ертең арасы.

ЭЛЕГИЯ

Ұмытқан сағынышым,

Денемді бүрген сынды.

Тағы айтып жалынышын,

Қаракөз келген сынды.

Мұздады бойым неге,

Терезе ашық па еді?

Қоштасқан балғын дене,

Әлі де асық па еді?

Терезе әйнектері,

Жылады неге бұлай?

Алды ашық көйлектегі,

Қыз ба бұл?

Құдайым-ай!

Көктемде сырғалаған,

Нәр іздеп осы күннен.

Қайың ғой сығалаған,

Несіне шошындым мен?

ҚАРСЫЛАС

Қырқылып түсті жапырақ,

Қырқылып қалған армандай.

Өн-бойым кетті қалтырап:

«Осылай ма едің, жалған-ай?»

Сөмкесін әрең сілкіді,

Сұрланған жүзі жас бала.

Осылай келсе күзкүні,

Қысы не болар, масқара!

Бағана кетті шуылдап,

Жабықтың бәрі уілдеп.

Жасылбақ туын жығыпап,

Көктемін көзбен тұр іздеп.

Келетін кез бұл қалаусыз,

Жылудың бәрін тонайды.

Балмұздақ құмар анау қыз,

Мұздаған ернін жалайды.

Көлеңке қалды құламай,

Тал-теректерді күзеді.

Теңге сұрағыш бір ағай

Телпегін әрең түзеді.

Шықылықтауға құс тілі,

Келмей тұрғанда,

… Ой, неткен –

Омырауға сыймай ыстығы,

Көйлекпен шықты бойжеткен…

КЕРТОЛҒАУ

Бізге де Сізге жақын қозғар жайы.

Айтылмас жалған сезім, жалған қайғы.

Қайткенде жырдың көшін түзеймін деп,

Жанымның шырылдайды бозторғайы.

Сан сурет көз алдымда тізбектеліп,

Жүреді түсімде ылғи іздеп келіп.

Жарқылы – жанарымда, жалыны – іште,

Сарыны көкейімде тұр кептеліп.

Кей кезде табылғандай жүрек емі,

Аспаным жаңарады,

Түнереді.

Кең тұсау, ұзын арқан сыйлап тұрып,

Кертолғау абыз етіп жібереді.

ӘЙТ! – ДЕГЕН-АЙ!

Адам қылып жаратқан соң Тәңірім,

Кеудемізге құйып дүние сарынын.

Ынтық етіп, ұмтылдырған сұлуға,

Махаббаттың білмеппіз ғой қадірін!

Тебіренсе баса алмайтын арынын,

Айналасы, тұрған жері бәрі – мұң.

Мұз жарғыштай соқыр жерден жол тапқан,

Жүректің дебілмеппіз ғой қадірін!

Текке тежеп алға басқан адымын,

Жалғыз қызға қадап қойып танымын.

Тау қопарып, тас жаратын кезінде,

Жастық шақтың білмеппіз ғой қадірін!

Олақ күнге беріп қойып бағымын,

Қараңғыға қамай беріп жарығын.

Талай ұрпақ әкелетін өмірге,

«Бірдеңенің» білмеппіз ғой қадірін!

Алдымыздан шыққан сайын сан ырым,

Қысым басып, солқылдайды тамырың.

Тасың өрге домалаған сәттерде,

Жақсылықтың білмеппіз ғой қадірін!

Тірелгенде маңдай – тасқа, ой – күзге,

Тозған заттың қамын енді жейміз бе?

Қадірлінің бәрін алдан өткізіп…

«Әйт!» -деген-ай, әттеген-ай дейміз де!..

БАЛ ШАҒЫМНЫҢ БЕЛГІСІ

Қидың иісі еркін кіріп қолқаңа,

Көң қиқымы құлағыңа толса да.

Бұдан басқа жер таппаған сияқты,

Тезек тамға ойнаушы едік, о, тоба!

Кетпен саппен дәу күрекке сүрініп,

Мәз болушы ек бір құлап, бір жығылып.

Шаршаған соң жасырынбақ ойнаудан,

Түрлі-түрлі ән салушы ек бірігіп.

Даңғырлатып шылапшын мен шелекті,

«Ансамбльге» беруші едік кезекті.

Айқайлаушы ек кеңірдекті қызартып,

Сол талантты, Құдай-ай, кім елепті?

Тым болмаса, бұйырмады-ау кәдесі,

Әрқайсының биік еді дәмесі.

… Сол тентектер – бір-бір үйдің атасы,

Тұлымдылар – бір-бір үйдің әжесі.

Ұл-қыз барда болып жүрміз құдалы,

Құдалардың таусылмайды жыр-әні.

Кафе – мейлі,

Тезек тамға

Ауылда

Кіріп-шыққым келеді де тұрады.

Атанбек НАУРЫЗ.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *