Ақпараттық технологияның адам өміріне дендеп енуі көп жағдайды өзгертті. Ересектер түгілі қазір бесіктен белі шықпаған баланың өзіғаламтордың ғажайыптарына шырмалған. Әсіресе интернетке тәуелділік жағынанжасөспірімдер әлем бойынша алдыңғы орында тұр. Бұл бүгінгі жеткіншектердіңмәселесі, осындай түйткілді қалай шешеміз?
Жасөсіпірімдердің ғаламторға тәуелділігін қалай тиямыз?
Әлеуметтік желілердің сан алуан түрі де көп және оны пайдаланушылар саны барған сайын едәуір арта түсуде. Қазіргі кездегі әлеуметтік желілердің кең тарағандары: Instagram,WhatsApp, TikTok, Telegram, Twitter, т.б. Интернет ақпарат көзі болғандықтан, қажетті мәліметтерді алып, білім көкжиегін кеңейтеміз. Алайда ғаламтор қызықтарына байланып, уақытын текке өткізетін жасөспірім, шынайы өмірмен қарым-қатынасын үзеді. Табан астынан виртуалды өмірге аяқ басып, ғаламтор желісінің тұтқынына айналады. Ата-аналар бұл белең алған үрдіске үрке қарайтыны рас. Себебі, 10-16 жас аралығындағы жасөспірімдер жоғарыда айтқан жағдайға тап болып отыр. Ал бұл кезде олар нағыз қайнаған өмірге жаңаша көзбен қарайтын, айналасын, қоршаған ортаны танығысы келетін, білуге ұмтылатын, өзін ересек адам ретінде қалыптастыра бастайтын шағы. Алайда жеткіншектер дәл осы мезетте жан-жағындағы қыз-қыз қайнаған өмірден гөрі виртуалды әлемге басымен сүңгіп кетеді… Мұның залалы неде?
Қаншама мектеп жасындағы жасөспірімдер смартфонды ұзақ уақыт қолдану арқылы ең алдымен өз денсаулығына зиянын тигізеді. Интернеттегі ойындарға құмартып, теріс жолға түсіп кетуі де әбден мүмкін. Осылай жалғаса берсе сыртпен коммуникация орната алмай, жалғыздықты сезініп, өздеріне деген сенімдері азайып,тұйық шеңбердің шырмауынан шығудың өзі қиынға әкеліп соғады. Бұл әрине көңілімізді қынжылтады. Десе де бұл тәуелділіктен қалай құтылуға болады? Біз қала мектептеріндегі бірнеше педагог, психологтардан кеңес сұрадық.
Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы №88 жалпы орта мектебінің психологы Перизат Бейсебаевамен қазіргі таңдағы өзекті тақырып бойынша әңгіме өрбіттік.
Перизат Сәрсенбайқызы, Шымкент қаласындағы №88 жалпы орта мектебінің психологы:
– Әлеуметтік желінің оқушылар үшін пайдалы жағы да бар, зиянды тұсы да басым. Бірақ қазіргі таңда мектеп оқушылары зиянды тұсын көбірек бойына сіңіруде. Осының салдарынан кибербуллингке тап болып жүргендері де кездеседі. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы қашықтықтан оқыту барысында, сабақтардың барлығы онлайн болғандықтан, әрине гаджетті пайдаланды. Сол кезден бастап, оқушылардың смартфонға деген тәуелділігін артқан үстіне арта түсті. Әлеуметтік желідегі теріс ақпараттардың қолжетімділігі, оқушылардың психикасына да әсер етпей қоймайды. Сөйтіп жүргенде бала виртуалды әлемге қалай тап болғанын сезбей де қалады. Осылайша оқушының айналасына деген көзқарасы өзгеріп, сабаққа деген қызығушылығы да төмендей бастайды.
Оқушының виртуалды өмірге еріксіз бас қойғанын, оның сыртқы әрекетінен байқауға болады. Олар достарымен араласуды қойып, жалғыз өзі жүргенді ұната бастайды. Ата-аналарымен бұрынғыдай шүйіркелесіп, әңгіме айтуды да доғарады, тіптен бірге отырып тамақтанудан да бас тартады. Тәулік бойы тек телефонға телміріп, ондағы виртуалды достармен ғана араласады. Қазіргі таңда жасөспірімдер «k-pop» топтарына және «аниме» сериалдарына жиі еліктейді. Сол нәрселерге қызығушылық таныта отырып, виртуалды достарымен танысады. Виртуалды достары дегеніміз интернеттің ар жағында бүркеншік атпен отырған адам. Сол арқылы жасөспірімдердің санасын улап, оларды алдап-арбайды. Оқушы туралы бүкіл мәліметтерді біліп, сол арқылы бопсалай бастайды. Баланың психикасы бұзылғанын байқап, ата-аналары бұл тығырықтан қалай баламызды шығарсақ екен деп келіп жатады. Ондай оқушыларға салған жерден шектеу қоюға болмайды. Балаға төтеннен шектеу қойылған жағдайда ол керісінше одан бетер теріс әрекеттерге баруы мүмкін. Виртуалды әлемдегі достарын шын жанашыр, жақын адамы деп танып, оларға тіл тигізген жағдайда ашуланып, теріс эмоциялар көрсетеді. Сол себептен де балаға бірден шектеу қоймай, виртуалды әлемнің пайдасыз екеніне көзін жеткізе отырып, бірте-бірте арылуға көмектесу керек. Қазіргі таңда ата-аналар да жұмыс басты болып, материалды жағынан қамтамасыз етуге көп мән беріп, мейірімділігін төгуге көбінесе көңіл аудармайды. Балаға күніне жарты сағат болса да көңіл бөліп, құшақтап, баланың ішкі жан дүниесінде не болып жатқана назар аудару керек. Баламен жиі сөлесіп, пікірін тыңдап, қолдау көрсетуге кеңес береміз. Өсіп келе жатқан жасөспірімдерге интернет желісін дұрыс пайдалану мәдениетін үйретуіміз керек.
Әуелі баланың жанында болып, оған көңіл бөліп, онымен күнде сыр бөлісіп отыру қажет. Жүзбе-жүз қарым-қатынас орнату арқылы өзіне деген махаббатты ояту керек. Сонда ғана бала шынайы өмірге қайтып келуі мүмкін. Шынайы өмір виртуалды өмірден әлдеқайда жақсы екенін ұғындырып отыруымыз керек.
Ал, әлеуметтік желінің адамға тигізер жағымсыз жақтарын балаға қалай санасына жеткізе айта аламыз?
Жастар үшін «tik tok» қандай әлеуметтік желі?
Иә, қайда барсақ та, тіпті автобуста отырсақ та айналамыздың барлығы гаджеттен бас алмай отырғанын көреміз. Статистика бойынша, жасөспірімдердің өзі күн сайын алты сағат уақытын ғаламтор желісінде өткізеді екен. Бұл көрсеткіш күннен-күнге кемімесе, азаймай тұр. Жасөспірімдер өмірінің ең керемет әрі қызықты сәтін әлеуметтік желіде өткізетіндері көңіл көншітпейді. Мәселен, күні кеше ғана шыққан «tik tok» қосымшасы, бүгінде бүкіл жаһанды жаулап үлгерді. Тіпті, қолданушылар саны бүкіл әлеуметтік желіден асып түсті. «Тik tok» қосымшасынан тараған түрлі зиянды ақпараттарды бойына сіңіріп, ерсі кадрларға толы видеоларды трендке айналдырып қайталауда. Алайда «tik tok» тек жастардың мекені деуден аулақпыз. Қазіргінің трендіне ересектер де баспен кіріп кеткен. Көңілге күдік ұялатпағанымен, ішіне кіріп көрсеңіз жағаңызды ұстайсыз. Жасөспірімдер психикасы, ойы, көзқарасы толық қалыптаспағандықтан кейбір кезде жақсы мен жаманды ажырата алмайды. Ненің ақ, ненің қара екенін білмейтін жеткіншектер педофильдердің құрығына түсуде. Одан қалса, лентаны қарап отырған бала, басқалардың қызығырақ өміріне тамсанып, өзін кем санай бастайды. Тіпті, лайк санының аздығынан өз-өзіне қол жұмсайтындары да баршылық. «Тik tok» желісінің зиянды тұстарын айтып, дабыл қақсақ та, мұны жастардың мойындайтын түрі жоқ. Дес бермей бұл бізге берілген үлкен мүмкіндік деуде. Жеңіл әндері мен арзан әзілдерін айтып, өздерін халыққа танытудың бірден-бір жолы «tik tok» деп санайды.
Психолог маманның кеңестері әрбір ата-анаға көмек болады деп сенеміз.
Қорытындылай келе, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамыған уақытында, балаларға ғаламтор желісіне кіруге шектеу қоя алмаймыз. Өйткені интернет арқылы бала, сабақ әзірлеген кезде, есептеу, мәтінді оқу сияқты дүниелерді едәуір жедел меңгереді. Онымен қоса жаңа дүниелермен де таныс болады, таным көкжиегін кеңейтеді. Бірақ, балаларға әлеуметтік желіге кіруге белгілі бір мөлшерде уақыт беруге тиіссіз. Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің өмір жағдайын қиындатпау үшін, тәрбиесі мен біліміне мән беріп,әрдайым жанынан табылып, көп көңіл бөлсеңіз, олардың өмірге деген көзқарасы өзгереді. Сана сезімі жетіліп, өмірге деген құлшынысы оянады.
«Білім – кітапта. Қазіргі таңда балалардың көбісі компьютерде отырады. Сондықтан, болашақта кітап оқығандар компьютерде отырғандарды басқарады»,-деп еді Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Баланың тек тәрбиесіне ғана емес, оқу сапасын да қадағалап отырайық.
Айдана МАРАЛБЕКҚЫЗЫ