Әлемдік жүйеде және еліміздегі білім саласында қашықтан оқыту үрдісі жаңадан енгізіле бастағанын білесіздер. Алайда, кешегі пандемия кезінде бұл методика жаппай жылдам белең алды. Адамзат өмірінде білім алу ісі, әсіресе жас буын ұрпақтар үшін үздіксіз жалғасуы тиіс процесс болғандықтан, министрлік мектептерді онлайн жүйеде оқыту ісін шұғыл қолға алып, былтырғы жылдары білім беру мекемелері түгел төрт тоқсан қашықтықтан оқытқаны белгілі.
Дегенмен, дистанционды оқытудың білім сапасына кері әсер етеді деген пікірді ұстанатындар да бар. Алдымен қашықтықтан оқытудың қиындығына тоқталсам. Мұғалім мен оқушы арасында бетпе-бет қарым-қатынас болу керек, сондықтан онлайн сабақтарда ойын еркін жеткізуге кедергілер болуы мүмкін. Бұл сабақ барысында ұстаздың түсіндіретін тақырыбын дұрыс жеткізу үшін қажет. Онлайн оқуда оқушылар сабақты түсінген, түсінбегендігін немесе сұрақ қойғысы келетіндігін ұғу да біршама қиындық туғызады. Сонымен қатар, қала іргесіндегі шағын аудандарда, ауылдық жерлерде интернет әлсіз болғандықтан, онлайн сабақтарға шығуға мүмкіндігі болмайды. Олар ұялы байланыс іздеп тау-тасты кезуге немесе интернет ұстайтын жерлерге қатынап оқуға мәжбүр. Ал енді техникалық олқылықтардың салдарынан, интернеттің дұрыс жұмыс істемеуі, сабақ кезінде дауыстың естілмей қалуы, кенеттен байланыс үзіліп кетуі сияқты жағдайлар жиі кездеседі.
Ал, қашықтықтан оқытудың тиімді жағына келетін болсақ, біріншіден уақыт үнемделеді. Оқушы өз бетінше оқу арқылы жауапкершілікті сезінеді. Тақырыпты кеңінен, әрі тереңінен зерттеуге, білуге, ізденуге жол ашылады. Заманауи оқу үрдісіне ілесеміз десек, қазіргі заман педагогы ретінде өзім де заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеру керек деп есептеймін. Қазіргі мектепке қойылатын талапты ғана біліп қоймай, түсінуім де қажет, қолдануым да,үйретуіміз де керек. Заман ағымынан қалып кетпеу үшін, кәсіби білімімді үнемі шыңдап отыру қажет. Ағартушысы Уильям Уордтың «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады», деген екен. Бала біздің болашағымыз, сондықтан баланы қанаттандырушы қатарынан көрінейік.
Жаңылша ЖАБИШЕВА,
Шымкент қаласы Д.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары