ЖІБЕК (ДЕРЕКТІ ПОВЕСТЬ)

Әдебиет
468 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Шелек әкеліп, қотарып алайын деп тағы да үйге беттеді. Бақыры мен қабақ-ожауын қолына алып шыққаны сол, өз көзіне өзі сенбей қатты да қалды. От алдында дәу қоңыр аю отқа қыздырынып отыр. Жүрегі шым етті. Сасқанынан:

– Әй, қашан келіп қалдың? Кімсің? – Қатқыл даусының қалай шығып кеткенін өзі де байқамай қалды. Бір-екі аттап жақындады. Дауыс шыққан жаққа бүкіл денесімен бұрылған аю отырған қалпында «гүж» етіп, алдыңғы сол аяғын көтерді. Гүп боп ісіп кетіпті. Шөңге кірген аяғы қанталап ісіп тұр.

– Ай, жазған-ай, жаралы екенсің ғой, – жақындай түсіп, жағасында жүретін жуалдызбен табанындағы шөңгені жұлып алды. Аюдың өкірген даусы төңіректі жаңғыртты. Кетер емес, әлдене күткендей. Жібек басындағы бөкебайдың ішіндегі кішкене шаршыны шешіп, аяғын таңып берді. Сол кезде ғана орнынан қозғалған аю Жібекке қарап, басын қайта-қайта изеп, жылыстап, алыстай берді.

– Әй, енді жазылып кетесің! – деді аюдың соңынан дауыстап.

Жүрегінің неше шым еткенін қайдам, бұл күнде Жібектен қорқу, үрку сезімдері тым алыстап кеткен сияқты.

– Ай, құдіреті күшті Құдайым! «Өзі өсірген қозысын қасқыр жемес» деген маған арналып айтылған екен де. Өткендегі қасқырды да қуған осы болғаны ма? Мая шөпті ықтап жатқан да осы аю болған ғой. О, құдіреті күшті Құдайым!

Жібектің аш көңілі тоғайып, қайғысы да селдірей бастағандай. Адам баласы

қашанда жақсылыққа тоймайды. Кімнен болсын қамқорлық күтеді, жақсылық күтеді. Аң да болса өзіне қорған болып, сырттай бақылап жүргеніне жүрегі сенген Жібектің көңілі тойғандай.

Жалғызбын демей, қазан көтерді. Ошаққа тезекті молынан салып, ыңылдап ән салудың ырымын жасап, жайлана отырып қолына ұршығын ұстады. Балалық шағын, жастық кезеңін көз алдына әкелді…

…Баяғы қой үстіне бозторғай ұялаған мамыражай заманда қыс айлары өзіндік бояуымен әсерлі еді-ау! Жылқының сүрі мен қазы-қартасына тояттаған әулеттің қыз-келіншектері, бәйбіше-тоқалдап үлкен үйге жиналып, бірі жүн түтіп, бірі кілемнің арқауын иіріп, әндетіп, ертегі-қиссаларға кезек беретін. Ертегінің майын тамызып айтатын ділмәр-шеберлері болушы еді. Әсіресе, әсерлісі – қазақы ауылға кімдер арқылы жеткені беймәлім, шығыс ертегілері мен Алтай әңгімелері болатын. Сондай ертегілердің бірі аю жайлы еді.

Аю туралы ертегіні еске алуына бүгінгі оқиға себеп болған сыңайлы.

«…Ертеде орман шетінде қалың қоныстанған ел болыпты. Олар аң аулап, бұғының етімен күнелтеді екен. Жазы өте қысқа бұл өңірде күн қызды-ау деген шақта орманнан қозықұйрық, түрлі жидектер – таңқұрай, бүлдірген, тау жүзімін теріп жеп, бір жасап қалады екен. Таулы, орманды жер болған соң, аюдың түр-түрі кездеседі. Ішінде жыртқышы да, адамға зияны жоқ момыны да болады. Олар да адамдар сияқты болғаны ғой. Тау-тас, орман мектебінен өткен, туа бітті табиғатымен біте қайнасқан ауыл тұрғындарының жыртқышқа жем болғаны жоқ, өте тату тұрыпты. Аюдың адамға, адамдардың аюға зияны тимейді екен.

Жидек теруге барған бір жас қызға қоңыр аю ғашық болып қалыпты. Ізінен ере келіп, қасы үйде тұратынын біліп алыпты. Күн сайын күн ұясына бата салыпұрып жететін аю қызды терезесінен көргеніне мәз болып қайтып жүреді екен. Бір күні кеште, қыздың дәрет сындыруға шыққанында, аңдып тұрған аю қыз үйіне беттегенде жүгіріп барып қызды арқалай қашады.

Үңгіріне апарып, қашып кетпесін дегендей, үңгір аузын нән таспен бекітіп қойыпты.

Қыз алғашында жылап-сықтағанымен, «үш күннен соң тозаққа да үйренесің» дегендей, аюдың тұрмыс-салтына көндіге бастайды. Аю ертелетіп орман жаққа кетіп, үлкен түйежапыраққа жемістің түр-түрін орап әкеліп, қыздың көңілін аулапты. Бір күні жас киіктің еті мен қолтығына отын-ағаш қыстыра келіпті. Шақпақ таспен тұтатқан отынға түрлі дәрумен шөптермен тұздақталған етті тастап, әбден пісті-ау деген шақта қыздың алдына тас табаққа салып ұсынады.

Бірте-бірте аюға еті үйрене бастаған қыз етті құмарлана, рахаттанып деп, алғысын білдіріпті. Аю қыздың арқасын күнде жалайды екен. Әр жалаған сайын қыз еңгіш тартып, төрт аяқтап жүруге дағдыланады. Бірақ, бұл аюға ұнамай, өзі адамдар сияқты екі аяқпен жүруді үйренеді. Ғашықтық не істетпейді десеңізші?! Қыз екеуі қолтықтасып орманға бірге барып, кейде олжалы қайтатын көрінеді. Омарташылардың ормандағы шағын бөшкесін көтеріп келіпті бірде. Іші толы бал. Қыз өз өміріне риза болып жүрген шақтарда орманға аң атуға келген ауыл жігіттері бір қыздың аюмен жетектесіп, жеміс теріп жүргенін көріп, таңданыстарын ауыл адамдарына жаяды.

Бұл хабарды естіген қыз ағалары орманға аттанады. Қыз бен аю тұратын үңгірді

тауып алып, аңдуға кіріседі. Аю орманға қарай беттегенде үңгірге келіп, қызды ауылға алып қашады. Бірақ, қыз адам тіршілігіне көндіге алмайды. Олар әзірлеген астан дәм татпайды. Белгісіз әуенмен әндетіп, орман жаққа қарайлай беріпті. Қыз жеңгелері неге көңіл-күйінің жоқтығынан суыртпақтап сыр тартады. Қыз ләм-мим деп тіл қатпайды. Олар қызды оңаша қалдырып, не айтатынын жасырынып тыңдайды. Айналасына қарап, ешкім жоғына көзі жеткен қыз кәдуілгі әуеніне басыпты. «Үңгір, үңгір, үңгір еді, үңгір де болса – үйім еді, аю, аю, аю еді, аю да болса – байым еді» деп зарланыпты.

Жеңгелері қыз сөзін ағаларына жеткізіпті. Оның елге қосылып адам болмасын білген соң, ағалары қызды қайта орманға апарып тастауға ұйғарым жасапты.

Бұлар үңгірге таяғанда үңгір үстіндегі жалпақ таста етбетінен жатқан аюдың моншақ-моншақ көз жасы бұршақ болып қатып қалыпты. Жүгіріп барған қыз аюдың өліп қалғанын біліп, аюды құшақтаған қалпы жан тапсырыпты» деуші еді ертегішілер.

…Жібек – шаруаның адамы. Жібек ертегіге сенбейді бүгінде. Бірақ… Терезе тұсынан қорбаң етіп бара жатқан аюдың сұлбасына қарап, ойланып та қалатын кездері болмай қалған жоқ.

* * *

«Бірде мүйіз, бірде киіз» болған қыс шілдесі де жымиып бара жатыр.

Өлгеннің артынан өлмек жоқ екен. Қандай азапты күндерді басынан кешсе де, жан тәтті. «Жұтаған шүкірге тоймайды» дегендей, осының бәрінде Жібек «Алласын» аузынан тастамай, тоқсан күн торығудың да мәресіне жеткендей.

Көп ұзамай күннің қаһары сынып, жылы леп соқты.

Жібек тоқсан күн тар қапаста қарап отырмапты. Қылдай қылып иірген жүннен жылдарға жететін киім-кешек тоқып үлгеріпті. Түбіт шәлілерді былай қойғанда, желетке-кеудемше, қамзол, екі-үш жемпер мен шапанның жеңсізі де, жеңдісі де, тіптен шалбарға шейін бар. Барлығы да шын шебердің қолынан шыққандығын паш еткендей әдемілігімен, нәзіктігімен көз тартады. Ендігі күткені – қардың еріп, жердің қараюы ғана болып тұр.

Ашық күндері аппақ қарды сықырлатып, жүрегінің түкпірінде шемен боп жатқан қос молаға қарай аяңдайды. Сөйлеседі. Мұңын шағады. Жылайды. Кейде сағаттап отырып қалатыны бар. Қар көрпесін қалың жамылған моладан не күйеуінің, не баласының үні естілмейді. Өлгендердің сөйлемейтінін білсе де, тек өз мұңын төгуге баратындығын Жібек кейде ескере де бермейді.

Жалғыз ізбен қайтып келе жатып, шөмеленің тасасынан шыға келген аюды көрді. Бейне бір қолға үйретілгендей, түз тағысының Жібекке үйірсектеніп алғанына бас қатырып жатқан ол жоқ.

– Әй, аю, мен жақында кетемін. Мына жерде менің балам мен күйеуім жатыр, көз қырыңды салып жүрерсің!

Біруақ ошарылып қалған аю әдеттегідей басын екі жағына кезек бұрып, алға жылжып, жоқ болып кетті.

Екі күндей аюдың сұлбасы көрінбегенге, аң аулауға кеткен ғой деп түйіндеді Жібек.

Күн сайын тысқа шыққан Жібек аспан жаққа қолына күн салып қарайды. Ертең

ауа райы қандай болатынын болжайды. Батысқа еңкейген күн айналасына шапағын шашып, қызарып батса – ертеңіне күн ашық, бірақ ызғарлы болады. Дегенмен, биылғы қыс созылып кеткендей. Бітпейтіндей. Желтоқсан, қаңтар, ақпан – үш ай бойына далаға аттап шыға алмаған азапты күндері есіне түссе, аза бойы қаза болады. Алланың санап берген күні бітпей, адамзат баласы өлмейді екен ғой.

Таңертең сергек оянған Жібек қара шәугімді отқа қойды да, сыртқа беттеді. Сықырлауық есіктен тысқа аттағаны сол екен, өз көзіне өзі сенбей тұрып қалды.

Үйдің алды толған құндыз терісі таңғы күн шұғыласымен шағылысып жалт-жұлт етеді.

– Апырай, – деді Жібек жағасына қолын апарып, – аспаннан жауған ба өзі?!

Иленбегені болмаса, кепкен терілер жеп-жеңіл. Ертеде әулеттің ер кісілері құндыз бөрік кигенде ерекше әрленіп кетуші еді. Аналары шапандарына, қамзолдарына жаға етіп салатын. Ол – байлық пен барлықтың белгісі еді.

«Ертегідегі көп қорлық көрген, соңында ен байлықты иеленген жетім қыздың тағдырын қайталағаным ба? Жоқ, әлде мен ертегілер елінде жүрмін бе?»

Жібектің ойы онға, санасы саққа бөлініп тұрғанда шөмеле жақтан қоңыр аюдың бұлт еткен бөксесін байқап қалды.

– Бұл неде болса, соның ісі. Құдіреті күшті Құдайымның дәргейіне алып жүргені осы емес пе?! Тілі жоқ түз тағысын жіберіп, киелі аңды қамқоры болсын дегендей.

Мүмкін жараланып келген сәтіндегі көмегімнің қарымтасы шығар бұл. Шындығынды да аю баласы ақылды болып келетіндігі рас та шығар.

Баяғы шөп дәрі салатын қапшыққа нығыздап салып жатқандағы Жібектің басына келген ой еді бұл.

(Жалғасы бар).

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *