КЕК (РОМАН)

Әдебиет
278 Views

(Жалғасы. Басы өткен сандарда).

Осы кезде қауқылдасқан солдаттар жақтан дүрс-дүрс еткен аяқ дыбыстары естілді. Омарбек басын жұла көтеріп алды. Он шақты қазақ жігіт алты солдатты отырған жерлерінде бас салып төбелеп жатыр екен. Сосын олар әп-сәтте солдаттарды ұмар-жұмар басып, бәрін байлап тастады. Оны бітіргесін, екеуі арбаға қарай жүгірді.

– Қалай, Омарбек, мұндайды күткен жоқ па едің? — деді алдыңғы жеткені ыржиып.

– Ой, Адырбай, сендер ме?! Бұлар кім десем, сендер ме едіңдер! Ой, қалай жеттіңдер?! — деді Омарбек таңданып.

Екіншісі Толымбай екен. Ол келе сала, мұның байлауын шеше бастады:

– Атасының көрін… солдаттар сені айдап кеткен соң мына жігіттерді атқа қондырып, арттарыңнан аңдып келдік. Бұлардың алдында келе жатқан ұлықтар Таскескенге қарай бұрылып кетті де, ал мыналар осы жолға түсті. Олардың басқа тарапқа бет бұрғанын жақсылыққа жорыдық. Өзіңді босатудың амалын таптық. Оның үстіне мына кәпірлер аттан түсіп, бір жерге отыра қалғандары да бізге оң болды.

Толымбай мұның денесіне шандылған арқанды шешіп болғанда басқа жігіттер де келіп, Омарбекке амандық білдірісті. Бәрі өз ауылының атпал азаматтары. Кейбірі бағана күрестегі топ ортасында болғандар.

– Омарбек – деді Адырбай. – Сені бұғаудан босату – біздің достық әрі ағайындық парызымыз. Біз соны орындадық. Енді біраз уақыт елден кете тұр. Бұл жерде қалсаң, болыстар мен орыс ұлықтар саған тыныштық бермесі кәміл. Тап қазір қырғыз асып кет. Болмаса, Түркістан жаққа тарт. Ол жақта да таныстарың көп қой.

Омарбектің санасын заматта сан ойлар шарпыды. Босатқан достарына алғыс айтып, көз көрмес, құлақ естімес жаққа аттанып кетсін. Бірақ мұны босатқан, анау алты орыс солдатына қан жұттырып, төбелеп тастаған бұлардың күні не болмақ? Бала жастан біреуге бір кектенсе, одан кегін алмай қоймайтын әдеті бар. Бостандыққа шыққан Омарбектің анау Сабылтайдан, оны итше үргізіп, бөріше айтақтатып отырған ояз бастықтары мен бағанағы ұлықтардан бір кегін алмай тірі кетер ме? Ақыры кетеді екен, ендеше, еш болмаса бір ойлағанына жетіп кету керек.

– Бұл ерліктеріңді өлсем ұмытпаспын. Мен кетермін-ау, алыс жаққа, бірақ сендердің күндерің не болмақ? Осы істерің үшін өкімет бастарыңнан сипамасы анық.

– Бізді қоя тұршы. Өйткені сені біздің босатқанымызды ешкім білмейді ғой.

– Олай айтпа, Адырбай. Жатыр ғой анау алты куә көздері бақырайып. Адырбай басын қасып ойланып қалды. Басқа жігіттер де сөз таппай, төмен қарасты. Аздан кейін Адырбай қатқыл дауыспен үн қатты:

– Мінезіңді білем ғой, Омарбек, әрі көзіңнен көріп тұрмын. Сен кеткеніңмен жәй кетпейін деп тұрсың. Әйтеуір біреуден кек алып кетпекші боп тұрсың ғой. Ондай болса, бізде екі түрлі жол бар. Бірі – мына солдаттардың көзін түгел жойып, сен – бір жаққа, біз – бір жаққа кетуіміз керек; Екіншісі – бұларды осылай матаулы күйлерінде қалдырып, бәріміз сенімен бірге болуымыз керек. Турасын айтқанда, сен қайда барсаң, біз сондамыз.

Мына ұсыныстан кейін Омарбектің санасы тағы сан-саққа шашырады. Достарының тағдыры үшін тек бұйрыққа бағынып, өкіметке қызмет етіп жүрген мына байғұс солдаттарды өлтіріп кету – өте обал. Өлтірмейін десе, өкіметке итаршы әрі қызметші боп жүрген бұлар күні ертең, бәрібір, мыналарды ұстап берері анық. Ал Адырбай бастаған достарының бәрін өзімен бірге ертіп кетейін десе, бір қора жігітпен қайда барып сияды? Осы жағы өте қиын-ау, Ал бір өзі кетсе, сияр жер де, тығылар кепе де оңай табылар.

– Адырбай, мына содаттарды өлтіріп кетейік деймісің? Апыр-ай, ә? Бұл жұмысты маған берші. Баяғыда бұл кәпірлердің осындай солдаттары біздің ауылды қырып, менің әкем мен шешемді де атып кеткен. Ендігі дүниенің кезегі маған келген шығар. Бәрін бір өзім-ақ атып тастайын, — деді, – Байысбай деген жігіт.

– Оларға деген менің де кегім бар. Сенімен қосыла мен да атайын, – деді екінші біреуі.

Сол-ақ екен, «Рас, аямау керек, кәпірлерді!», «Бағана Омарбекті тепкілегендер, әне, осының ішінде», «Бұл басқыншылар бізге не көрсетпеді?», «Қанша адамдарымызды жазықсыз өлтірді, айыпсыз соттады. Енді біз де көрсетейік бұларға!» деп басқалары да дуылдасып кетті.

– Шулай бермей, тоқтаңдар! – деді Адырбай. – Солдаттарды атсақ та, паршаласақ та өзіміздің қолымызда ғой. Бірақ Омарбек не айтар екен, соны тыңдалық!

Білектері мен тобық тұстарының арқан қиған тұстарын сипалап отырған Омарбек байлаулы жатқан солдаттарға көз салды. Әлгінде ғана мына дала мен аспанның қожайыны тек өздері сияқты қауқылдаса, кеуделерімен көк, сөздерімен жер тіреп келе жатқан солдаттардың көздері жыпылықтап, реңдері қорқыныштан қуарып жатыр. Бәрінің көздері осылар жақта. Кейбіреуі дір-дір етеді. Былайғыда мылтық асынып, момын жұртты үркіткенімен, мынадай қиын-қыстау жағдайда, өкімет солдатқа «алыс-жұлысты» үйретпей тұрмайды ғой. Атыс-шабысты бастан өткермеген, өздері кілең бір бозөкпе немелер ме, әлде араққа алданып мәз болысып отырып аттылардың жақындап келе жатқанын елең қылмады ма, қазақтар көліктерін бұтаға іліп өздеріне тақа бейғам түрмен тақағанда да қаруларына сеніп оларды місе тұтпаған. Қайта «жабайылардың» бұл жүрісін күлкі еткендей болып өз тілдерімен «келіңдер, арақ ішесіңдер ме?» десіп, мұқатып, мазаққа айналдырған. Жұп-жуас болып бейғам келе жатқандарды менсінбегендерінен сорлы болған. Амал ойлап келгендердің ішіндегі Адырбай астан алған тұтас еті бар, тоқпақтай жіліктің басын анандай жақтан көрсете «ыржия» күліп келе берген. Әскеридің бастығы «закуска» деп мәз бола бергенде бұлардың әрқайсысына екі-екі жігіттен тарпа бас салып тырп еткізбей байлап алған. Демде арындары басылып, бейшара қалыпқа түскен оларға Омарбектің жаны ашып кетті. Бұл қанша қатал мінезді болғанымен, былайғы жұртқа аса мейірімді, өзіне қысастық жасамағанға мейірбан еді. Мына жатқан бастығының айтқанына көніп, айдауына жүретін солдаттарды өлімге қиятындай, анау айтқан жазығы да жоқ. «Жауың жалынса өлтірме» дейтін тағы бар. Өздері жас, әлде бір ата-ананың балалары ғой. Оның үстіне бұйрыққа көніп, міндетін атқарған бейбақтарды, жазықсыз қиянатқа қия салу – обалдың үлкені. Іштей бір шешімге келген Омарбек шорт кесті:

– Солдаттарды атпаңдар да, бұдан былай ұрмаңдар да! Қалсын, осылай байлаулы күйлерінде! Тек мылтықтары мен артық оқ-дәрілерін жиып алыңдар! Қанша күн жатса да, өліп қалмас. Аттары да тұра берсін, жол үсті ғой, біреулер босатып алар. Ал, сендер, менімен жүрем десеңдер, ерік өздеріңде! Маған қосылмаймын десеңдер де, қалау – сендердікі! Бір айтарым, мені босатқандарың үшін – екі дүниеде ризамын! Мен енді атқа қонам.

ҰЛЫҚТАРМЕН БЕТПЕ-БЕТ

Айдаушы солдаттардың жирен шашты, қоңқақ мұрынды басшысы мінген күрең аттың белі мықты, жүріске шыдамды қазақы ат екенін Омарбек бағанадан байқап қалған. Мана солдаттар бір-біріне қосақтап, қаңтарып қойған аттардың ішінен сол күреңді босатып алды да, қарғып мінді. Солдаттардың белдеріне байланған оқтарын қорамсағымен сыпырған. Атқа мінбес бұрын бір солдаттың мылтығын қолына іле кеткен. Атқа қонғанда мылтығын мойнына ілді де: «Ал, мен кеттім!» деп айқайлады.

– Тоқта, тоқта, – деп дауыс көтерді Адырбай. – Біз де сенімен біргеміз. Қайда бет түзейміз?

– Ұлықтар Жауырға қарай кетті дедіңдер ме? Солардың соңынан қуамыз.

Омарбектің алған бетінен қайтпайтынын білетін серіктері «енді басқа салғанға көнерміз» деген пиғылмен оның соңынан ілесе шаба жөнелді. Жауыр жайлауында төменде орыс поселкесі, ал жоғарыда бес ауыл бар. Мұнда аты мен даңқы алысқа кеткен Манақ болыс тұрады. Кешке жеткен Омарбек тобы Манақ ауылының сай жағындағы қалың қамыстың жағасына келіп ат басын тіреді. Адырбай топтағы жігіттерді осында қалдырды да, өзі осы жердегі таныстарын ертіп келу үшін ауылға жалғыз кетті.

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, қоғам қайраткері,

«Әділет. Рухани жаңғыру» газеті

редакциясының алқа төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *