АРЗАН БАСПАНАҒА ҚАТЫСТЫ АЙҚАЙ

Қоғам
831 Views

арқасында Шымкент шенеуніктерінің қулығы әшкере болды

Осыдан біраз уақыт бұрын Шымкентте «Нұрлы жер» бағдарламасының «7-20-25» бағыты бойынша конкурс жарияланып, онда 900 пәтер ғана берілетіні туралы хабарлама тарады.

Айта кетейік, Шымкентте «7-20-25» бағдарламасымен 900 пәтерлі 15 үй салынған. Нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан, шаршы метрі 180 мың теңге тұрады. Қайтсем бір баспанаға қол жеткіземін деп жанталасқан жұрт бұл жаңалықты қуана қабылдаған. Бірақ көп ұзамай мұның соңынан үлкен шу, дұрысы – дау шықты.

Жеңілдетілген пайызбен баспана алу конкурсына қатысушылардың арасында шымкенттік шенеуніктер жүр! Жай жүрген жоқ, тізім басында тұр. Басқарма басшысы, орынбасары немесе олардың жақын туысы сынды бірнеше азаматтардың тізімі әлеуметтік желілерде де тарап кетті. Бұл жай алғашқы жарнасын төлеп, конкурсқа қатысуға ниеттеніп отырған тұрғындардың ашу-ызасын тудырды. Негізі конкурсқа қатысушылар саны 12 мыңнан асып кеткен. Бірақ конкурстан өткендердің тізімінде аудан әкімдері, басқарма басшылары сияқты кіл шенеуніктердің аты-жөні бар екені анықталды.

Артынша тізімге ілінген түрлі деңгейдегі 35 шенеуніктің 15-сі екі күнде өз еркімен өтінішін қайтып алғаны хабарланды. Бәрі заңды болса, шенеуніктердің құжат тапсыруы мен конкурстан өтуі заң нормаларын бұзбаған болса, онда олар неге арзан баспанадан бас тартты?

«Беріліп отырған баспана тегін емес. Ұзақ жылға жеті пайызбен беріледі. Бағдарлама кезең-кезеңнен тұрады. Бірінші кезекте, конкурсқа құжаттар қабылданады. Екінші кезеңде, қабылданған құжаттардың дұрыс-бұрыстығын арнайы комиссия қарайды. Егер заңға қайшы құжат тапсырғандар болса тізімнен шығарылады», – дейді қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков.

Дей тұрғанмен, арзан баспанаға құжат өткізгендердің тізімі басында неге кіл шенеуніктер тұрғанын нақты түсіндіріп бере алмады. Е. Білісбеков «7-20-25» бағдарламасына индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты дейді. Оның айтуынша, қалалық тұрғын үй басқармасы өткізген конкурстан әкімдік бейхабар қалған көрінеді.

Ал ҚР Индустрия және инфра-құрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бұл бағдарлама бойынша Шымкентте құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің заңсыз конкурс өткізгенін хабарлап, «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер несиесін рәсімдеуді тоқтатып тастады. Сондай-ақ министрлікпен келіспей, өз бетінше «7-20-25» бағдарламасына конкурс өткізген қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Утенбаев қызметінен уақытша шеттетілді. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.

Әкімдіктің «7-20-25» бойынша конкурс жарияланғанын көрмей-білмей, сезбей-естімей қалуы әсте мүмкін емес. Егер құжат тапсырған шенеуніктердің тізімі желіде тарап кетіп, жұрт шуламағанда арзан баспана бір-бір басқарманы басқарып отырған дөкейлер мен олардың орынбасарлары, яки туыстарына бұйырып кете берер ме еді?!

Н. ЕРҒАРА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *