ШАҒАДА АҒЫН СУ ТАПШЫ

Мәселе
995 Views

«Ағын су азайып барады!». Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округінің диқаншылары редакциямызға осылай деп шағымданды. Олардың айтуынша егістікке су жетіспеушілігі былтырдан сезіле бастаған. «Салдарынан еккен егініміз қурап, қажетті өнімді жинаудан қалдық» деп отыр. Бұлай жалғаса берсе диқандардың жағдайы барған сайын қиындап жатқанын айтады.

Шаға-Түркістан қаласына іргелес жатқан ауылдық округ. Округта 4 елдімекен, 11 мың халық бар. Бүгінгі таңда ауыл халқының 90 пайызы егін егіп, мал шаруашылығымен айналысады. Таңның атысынан қарақұрым кештің батысына дейін тынбай еңбек етіп жүрген диқандардың жасанды канал арқылы келетін су көлемі айтарлықтай азайған деп отыр. Мұнымен қоймай ағын су бағасы биыл монополист компания тарапынан 10 есеге өскен. Су жеткіліксіз болып жатқан тұста бағаны өсіру, тым шетке шыққандық. Ал бұл өз кезегінде егіншілікпен айналысатын жергілікті тұрғындарға қолбайлау болып тұр. Салдарынан өнім көлемі айтарлықтай азайған.

Әбдімүтәліп Наринбетов, Шаға ауылының әкімі:

— Егін шаруашылығы бойынша ауылдық округте 4 кооператив тіркелген. 1044 гектар жердің 880 гектарына жаңбырлатып суару бойынша егіс егіп, өткен жылы үлкен жетістіктерге жеттік. 250 гектар жерге екінші өнім – жүгері егіп, 10 мың тонна астық алынды. Мұндай жағдай бұрын-соңды ауылымызда болмаған еді. Бұл осы жаңа технологияны қолға алудың арқасында деп білемін. Қалған шаруа қожалықтардың барлығы өздеріне межелеген тіршіліктерінің бәрін өткен жылы жақсы деңгейде аяқтады.13 гектар жерде жылыжай орналасқан.Солардың әр гектарынан 100 тоннадан аса қияр, қызанақ өнімдерін алып, Ресейдің бірнеше өңірлеріне жеткізілді.

Тек қазір шаруаларды күйдіріп тұрған мәселе – ағын су…Су мәселесі аудан түгілі облыс көлеміндегі өзекті тақырып екенін білесіздер. Бізде «Арыс-Түркістан» үлкен каналы бар. «Бөген» суқоймасынан 141 км жерде орналасқанбыз. Екі жылдан бері үлкен каналға жөндеу жұмыстары жасалып, бетондалып жатыр. Биыл судың келуі жақсы болады деген үміттеміз. Бірақ судың «шығыны» өте көп және ақысы қымбаттап кетті. Мәселен, 100 литр су бір тәулікте аққан кезде былтыр 2940 теңге болған-тұғын. Биыл соны 8000 теңгеге көтеру туралы монополия комитетіне ұсынылған. Бірақ біз оған наразылық білдіргендіктен, қазіргі күні жабулы күйі шешілмей тұр. Егер ол су түбіртегі 8000 теңге болып келетін болса, шаруалардың қалтасы көтермейді. Негізі су мемлекет тарапынан тегін, бұл бағалар ақылы қызмет үшін қосылып жатыр. Меніңше, бұл тым қымбат. Егер су бағасы төмен болса, шаруалардың жағдайы бұдан да жақсы болады, нарықтағы бағада мұнша шарықтамас еді.

Жалпы Шағаның халық аузында екінші аты бар. Ел-жұрт «Ташанақ» деп атайды. Оның себебі жер астының тасы жақын орналасқан, сондықтан ағып келген суды ірі жер асты тастары оңай сіңіріп алғандықтан су молынан қажет етеді. Мысалы көрші ауылдар – Иқан, Шорнақта жер асты тасы қашықта тұрады, олар бір су ішкенде, шағалықтар екі рет су ішеді. Күн ысыған кезде тас қызып, көп шығынға ұшыратады. «Басқа ауыл тұрғындары айына 1000 теңге су ішетін болса, біздің ауыл 3000-ға дейін жетеді. «Бөген» суқоймасы бұрын 35 мың гектарға су тарқататын болса, қазіргі таңда 45 мың гектарға тарқатуда. Көлем артқаннан кейін су жетіспеушілік байқалуда» дейді ауыл ақсақалдары.

Қазір ауылдағы 2000 отбасы толық ауыз сумен қамтылған. Тек жаз мезгілінде осындай қиындықтар кездеседі.

Шаға ауылында шешімін таппаған тағы бір мәселе — инфрақұрылым. Жергілікті тұрғындар 11 жылдан бері баспана сала алмай жүр. Себебі әлі күнге дейін шешімге қол жеткізе алмапты. Ал, мұны мамандар инфрақұрылымның жоқтығымен түсіндірген көрінеді. Осы мәселені ауыл ақсақалдары облыс әкімінің есебінде де көтерді. Алайда, әкім мырза алдағы уақытта қарастырады деп қысқа қайырған.

Ауыл округінің жалпы ауылшаруашылық жері 63491 гектарды құрайды. Атақ айтсақ, суармалы 5230 гектар, жайылым жері 39504, сондай-ақ шабындық жер 4810 гектар, ал су қоры 227 гектарды құрап отыр. Шаға ауылы өнім өндіруден облыс көлемінде соңғы бірнеше жылдан бері көш бастап келеді.

Білім саласы бойынша 3 ауылда 3 орта мектеп бар. Қазақстанның 30 жылдық елдімекенінде биыл жаңадан мектеп ашылды. Екі жаңа балабақша салынып жатыр. Бір кәсіпкер бастауыш мектеп салуда.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауылда 25 көшеге асфальттау, тротуар салу, жол бойын жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

Мал шаруашылығына келетін болсақ, 43 мың майда мал, 6480 ірі қара, 1234 жылқы, 1070 түйе, 9800 құс мекен етеді. Малдан алынатын өнімдердің барлығы өз деңгейінде, көрсеткіштерді жоғары болып орындады.

Бауыржан ИБРАГИМОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *