ЕШКІ СҮТІ ЕМГЕ БАЙ

Денсаулық Қоғам
626 Views

Тағы бір ерекше кәсіптің иесі – Гауһар Дәулетбаева. Кентаулық келіншек ешкі өсіреді. Сүті мен құрт-майын сатады. Қалғанын бала-шағасы ішеді. Бес баланың анасы үйде отырып та табыс табуға болатынын айтады. Дайын өнімді дүкенге өткізіп, әуре болмайды. Қажет адамдар үйінен келіп, алып кетеді. Гауһарда өткен жылы грантқа ие болып, оған 10 ешкі сатып алған. Биыл лағымен 20 басқа жетіпті.

Ешкі сүті – анемияның, тағамдық аллергияның, туберкулездің, асқазан, ішек жолдары ауруларының, диабеттің, диатездің мың да бір емі. Одан бөлек ағзаның қорғаныс қызметін арттыруда, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклейдтерді шығаруда және көздің нашар көруінде пайдасы орасан зор. Сондай-ақ, ешкі сүтінде кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері мен аскорбин қышқылы бар.

Гауһар Дәулетбаева, Кентау қаласының тұрғыны: – Бір сауғанда 6-7 литрге дейін сүт аламын. Біз күніне 3 мезгіл сауамыз. Бір мезгілін сатсам, екіншісін бала-шағам ішеді, үшіншісінен құрт істеуге жинадым. Сүттің 1 литрін 400 теңгеден саттым, құртын 2-2,5 мың теңгеден саттым. Майын да солай 3 мыңнан өткіздім. Үйде қарап отырғанша, осы бизнес арқылы табыс көзін тауып отырдым биыл жаз бойы. Қазір төлдеуі жақындаған соң саууды тоқтаттық.

Биыл Кентау қаласы бойынша кәсібін ашқысы келетін 172 азаматқа грант беру жоспарланған. Бүгінге дейін соның 52-сі мемлекеттік көмекке ие болып, өз ісін жүргізіп отыр.

Дамира Асқынбай, Кентау қалалық жұмыспен қамту бөлімінің маманы: –Келесі аптада гранттың комиссия отырысы өтеді. Бұл биылғы соңғы топ. Бұл топқа 500-ден астам адам портал арқылы өтінім берген. Осы 500-дің ішінен 120 адамды ғана жоспарға сәйкес таңдау керек. Комиссия мүшелері шынымен жұмыс істегісі келетін, тың идеялары бар, қаланың экономикасына үлес қосамыз деген адамдарға қолдау білдіріп отырады. Грант иегерлерінің арасында жастар өте көп. Айта кетейік, биыл ерекше бизнес идея авторларына мемлекет тарапынан берілетін бір реттік қайтарымсыз гранттың көлемі ұлғайды. Бұрын 200 айлық есептік көрсеткіш болса, биылдан бастап, 400 айлық есептік көрсеткіш болды.

Мемлекеттік грант – жаңа бизнесті іске қосу және дамыту мақсатында өтеусіз берілген бастапқы капитал. Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 225 200 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады. Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға мемлекеттік грант алуға үміткер бола алатындар – тіркелген жұмыссыздар, жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін), бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер. Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек: мүгедектігі бар адамдар; қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар; өңіраралық қоныс аударушылар; аз қамтылған отбасы мүшелері; көпбалалы отбасы мүшесі; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам; асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар; жастар. Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы үш жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуға тиіс.

Осынау үш айлық курстың кезінде бағдарламаға өтінім беруші өзі қолға алатын кәсібінің қыр-сырымен етене танысады. Жобасын жіті зерттеп, кіріс-шығыстарын анықтайды. Бұл болашақта бизнестің тұрақты табыс әкелуіне кепіл болмақ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *