ҚАУІПТІ ДЕРТТЕН САҚТАНАЙЫҚ!

Денсаулық
1 798 Views

Құтыру – орталық жүйке жүйесін зақымдап, ағзада өте тез өрбитін жұқпалы ауру. Бұл ауру адам баласына өте ерте заманнан белгілі болса да, әлі күнге дейін ауруды тудыратын қоздырғышқа тікелей әсер ететін емі жоқ.

Құтыру ауруы туралы мәліметтер Вавилонның біздің дәуірімізге дейінгі 2300 жылы жасалған заңдар жинағында кездеседі. Демокрит иттің құтырығын жан-жақты баяндаса, Аристотель әртүрлі жануарларға құтырықтың ит қапқанда жұғатынын жазған Ілияс Есенберлиннің «Алтын орда» романында Әмір Темірдің /ХІV ғасыр/ Алтын орданың болашақ ханы – Тоқтамыстың кұтырған ит талаған әйелі мен баласын өртетіп жібергені суреттелген. Содан кейін де бұл ауруды зерттеу тоқтап қалған жоқ. 1804 жылы Францияда Цинке құтырған иттің сілекейін зерттесе, оның отандасы В.Галтье үй қоянына құтырық жұқтырып, қойды ауырған жануардың сілекейімен иммундеуге тырысты. Бұл деректерді пайдаланған Л.Пастер 1885 жылы үй қоянының миынан бірнеше рет өткізу арқылы аурудың қоздырушысын әлсіретіп, өзінің дүние жүзіне әйгілі антирабиялық вакцинасын алды. Румын ғалымы В.Бабеш және итальяндық А.Негри, кейіннен Бабеш-Негри денешігі деп аталып кеткен құтырыққа шалдыққан жануардың миыныңнейрондарында болатын ерекше құрылымды ашты.

Қоздырғышы – лиссавирустар сыртқы орта жағдайларына өте төзімді, төменгі температурада айлап, жылдап сақталады. Құтыру ауруымен барлық жылы қанды үй және жабайы жануарлар, сонымен бірге адам да ауырады. Иттектестер, яғни түлкі, қасқыр, қорқау қасқыр, енот тәрізділер, сусар тектестер, жарқанат, кемірушілердің көптеген түрлері және мысықтар бұл ауруға аса бейім болып келеді. Десе де соңғы деректерге сүйенсек, жыл сайын дүние жүзінде құтырудан 55 мың адам көз жұмады екен. Осының 99% жұқтыру көзі иттер. Статистика мәліметтеріне қарағанда, соңғы үш жылда елімізде 15 адам құтырумен ауырып қайтыс болды, соның ішінде Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарында бір (6,7%) адамнан қайтыс болса, Жамбыл, Қызылорда облыстарында – екі (13,3%) адамнан, ал Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысында – жеті (46,7%) адам қайтыс болды. Құтыру ауруымен ауырған 15 адамның ішінде 14 жасқа дейінгі бала – төрт (26,7%). Бұл белгілі бір деңгейде үй жануарларына құтыру ауруына қарсы екпенің жеткілікті жүргізілмеуінен, оларды аулау ережесінің сақталмауынан және қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын азайту мақсатында жұмыстардың төменгі деңгейде жүргізілуі салдарынан болып отыр.

Ауру белгісі үй немесе жабайы жануарлардан жарақат алғаннан соң 10 күн мен бір жыл аралығында, кейде бір жылдан аса мезгілде байқалады, көбіне 20-60 күннің ішінде адамда, 3-10 күнде итте құтыру белгілері анықталады. Адамдар құтырумен, осы аурумен ауырған аңның тістеуінің салдарынан немесе ондай жануарлардың сілекейі адамның жарақаттанған терісімен жанасып, оның жарасына кірген жағдайда ауырады. Сондықтан ит, мысық тістеген жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну қажет. Неғұрлым ерте жасалған ем соғұрлым нәтижелі болмақ. Құтыру ауруы белгілі бір мерзімді талғамайды, жылдың кез келген уақытында кездеседі. Құтырумен ауырған аңдар мен жануарлардың мінез-құлқы әдеттегіден өзгеріп, оларда оғаш қылықтар пайда болады: мысалы, ит себепсіз үріп немесе еңсесі түсіп, адамдарға, малдарға, заттарға тіпті кейде өз иесіне себепсіз тап беріп, өзін-өзі тістеп, тамақ ішпей, көзіне көрінген заттарды: ағашты, тасты, сабынды тістеп шайнайды. Үрген дауысы қырылдап, аузынан сілекей мол бөлінеді. Егер ауырған ит босанып кететін болса, ол бұрылмай, тікелей жүріп, жолдағы кездескен аңдар мен адамдарды алдын ала ырылдамай-ақ, бірден тістейді. Бұл аурумен ауырған ит ауру басталғаннан кейінгі бесінші немесе, алтыншы күні өледі. Айта кететін жайт, құтырумен ауырған адамдар суды көрсе, судың сылдырын, тіпті су деген сөзді естісе, оларда қорқыныш пайда болып, артынан жұтыну қабілетінен айырылып, өте қиналып өледі. Сондықтан да бұл ауруды «гидрофобия» немесе «судан қорқу» деп те атайды.

Қазіргі кезде көрсетілетін антирабиялық көмектің (арнайы иммуноглобулин мен вакцина) бұл аурудың алдын алу үшін тигізетін себебі мол. Құтыру ауруымен негізінен антирабиялық көмек алмағандар не болмаса оны толық көлемде алмағандар ғана ауырады. Жүйелі түрде өткізілген құтыруға қарсы екпелер құтырумен ауырып қалудан алдын ала сақтандыратынын есте ұстаңыз!!!

Сіздің денсаулығыңыз – сіздің қолыңызда!

Зулфия ЕРМЕТОВА,

Түркістан жоғарғы аграрлық колледжі, «Ветеринарлық арнайы пәндер» кафедрасының оқытушысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *