БҰЛ ҚАЛАЙ?

Көзқарас Рухани жаңғыру
978 Views

Жуырда «Қазақ әдебиеті» газетінің өткен жолғы санында (16 желтоқсан, 2022 жыл) «Айтайын деп айтпайсың…» деген мақала жарық көрді.Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Ғани Қарин «Айтпасаң сөздің атасы өледі» дегендей, қазақ қоғамының қашаннан жанына батқан бітеу жарадай көңілін толқытқан өзекті мәселесін тағы да қозғаған екен. Мәдениет пен өнер туындыларының салмағын сараптап, мәнісін айқындап, маңызын бағалауда ұсынылған шығармаларды таңдауда әділдіктің сақталмауы, бұра тарту бұрын да байқалған. Бұл жағдайды кезінде белгілі-белгілі әдебиет және өнер қайраткерлері талай рет сынға да алған. Мүмкін, сондықтан осы мақалаға көңіл аудармас па едім, бірақ мұнда өзім ерекше сыйлайтын, құрмет тұтатын іні-досым, ел руханиятының үлкен жанашыры Бекет Тұрғараұлы туралы жазылмаса. Мүмкін, көз жүгіртіп қана өтер ме едім, егер әңгіме кезінде өзіміз ерекше таң қалған, тұсауын өзіміз кесіп, ақ жол тілеген керемет кешендер жайлы болмаса.

Оның кереметтігі сол – ежелгі Ұлы Жібек жолының бойында, Бекет бауырымның туған ауылы – Сарапхана елді мекенінің маңында, дархан дала төсінде қысы-жазы жасыл түсінен айнымайтын шыршалар көмкерген саябақтың пайда болуы. «Мәңгілік ел» саябағы. Атауы осындай. Тәуелсіздікке қол жеткізген туған елдің құрметіне қойылған. Үш ғасырдан бері бойынан қуаты қайтпай, қолынан қаруы түспей, соңғы демі біткенше арпалысып өткен асыл бабалардың ақ арманының құрметіне қойылған.

Оның кереметтігі сол – саябақтың ішінен жас ұрпаққа рухани қуат беретін еңселі ескерткіштер мен сол бабалардың бастан кешкен қиын-қыстау кезеңдерін, Қожаберген жырау тебіренген зар заманның панорамалық көріністерін табасыз. Одан бергі жылдарда уақыт талабына сәйкес Қазақ елінің атын айқындап, көшін түзетуге тырысқан, өз алдына дербес ел болудың бағыт-бағдарын сызып берген Алаш арыстарының мүсіндері мен осы жолда құрбан болған 144 адамның тасқа қашалып жазылған аты-жөнін, Қажымұқан палуанның тау тұлғасын танисыз. Немесе мұндағы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ер-азаматтың орнын жоқтатпай еселі еңбек еткен тыл еңбеккерлерінің қайтпас-қайсар рухына бағышталған «Анаға тағзым» ескерткішінің өзі неге тұрады! Арнайы кешен алаңдары мен аяқжол бойында даналарымыздың тасқа қашалған сырлы сөздері мен ойлы мәтіндерін оқи аласыз.

Аумағы он гектарға жуық жерді алып жатқан бұл саябаққа барсаң, жәй ғана демалып қайтпайсың, ішіндегі мүсіншілік және сәулетшілік өнердің көркем туындыларын көріп, көңілің сүйсінеді. Оның бәрі белгілі бір жоба-жоспарға сәйкес үйлесімді келісімін тапқан. Мұндағы әрбір композициялық кешеннің ашылуына еліміздің айтулы азаматтары мен өнер майталмандары, қоғам қайраткерлері қатысты. Олардың ішінде әдебиеттің абыз ақсақалы Әбіш Кекілбаевтың, тарихшы ғалым Өмірзақ Озғанбайдың, сенаторлар Қуаныш Айтаханов пен Сауытбек Әбдірахмановтың және басқа да қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің ізін көресіз. Әрбір кешен олардың ыстық ықыласқа толы лебіздерімен ашылды.

Менің де республика ардагерлер ұйымының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов екеуміз «Ұлы дала даналары» атты ескерткішті ашқанымыз есімде. Саябақ ішіне ағаш отырғызып, ондағы «Бабалар рухына тағзым» кешенін аралап, «Киелілер кесенесі» аталатын Бекет ата кешенін көріп, нағыз шебердің қолынан шыққан ішкі өрнектеріне таң қалғанбыз. Бекет Тұрғараұлының есімі де сол Маңғыстау өңіріндегі әулие-абыз Бекет бабаның құрметіне ырымдап қойылғанын біліп сүйсінгенбіз. Қазақтың ізгі тілектен туған ырымы текке кетпейді екен. Бекет бауырым тек ата-ананың сүйікті ұлы емес, өзінің адамгершілік қадір-қасиетімен бүкіл елдің қадірлі азаматы бола білді. Оның заң саласының білікті маманы ретінде Қазақстанның қай қиырында жүрсе де абырой-беделі артып, көпшіліктің құрметіне бөленіп жүретіні өз алдына, ол сол жердегі қазақтың ұлттық мұралары мен мәдени жәдігерлерін табуға, халықтық құндылықтарды ұдайы қолдап отыруға өлшеусіз үлес қосты.

Солтүстік Қазақстан облысында қызмет етіп жүргенінде атақты «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген жырауды қазаққа қайта танытып, Алматыда, Астанада, Қызылжарда ғылыми-практикалық конференциялар өткізуге ұйтқы болған ерен еңбегінің өзі неге тұрады! Қазақтың дәстүрлі ән және сөз өнерінің саңлақтары Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал, Сегіз сері, Шал ақын, Мағжан Жұмабаевтың мұраларын түгендеп, кітап болып басылып шығуына демеушілік танытып, белсене қатысуы, Мағжанның жырларын жарыққа шығару кезінде оның әке-шешесінің зиратын тауып, оны ескерусіз қалдырмай, басына ескерткіш-құлпытас қойдыруының өзі Бекеттің биік азаматтық болмысын танытса керек. Бұлардан басқа да қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының толық шығармалар жинағын шығарып беруге ат салысуы, басқа да ізгілікті істері жоғары аталған Ғани Қаринның мақаласында толық қамтылған. Сондықтан оның бәріне тоқталып жатудың қажеті де жоқ. Тек осыған орай, биыл ғана жүз жылдығы атап өтілген халықтың сүйікті жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың Бекет бауырына арнаған «Демеушіме хат» деген жазбасынан бір ауыз үзінді келтіре кетейін. «Мен қатты қуаныштымын, әрине. Бұл он том арқылы қуантатыныңыз жалғыз мен ғана ма екен? Бір томды оқыған 1000 адам, он томды оқыған 10000 адам қуанады. Бұл ғажап оқиға ғой, қалқам-ау! Ғажап қуаныш! Тек сіздей асыл азаматтың қолынан ғана келетін, жүрегінен шашырайтын қуаныш. Халық қуанышы!» — деп шаттанады әзіз қаламгер.

Міне, Бекет бауырымның қарапайым халықпен жүрегі де, тілегі де, жаны да бірге екені осыдан ерекше аңғарылса керек. Зейнеткерлікке шықса да, ағайын-туыстарымен бірге кәсіпкерлікпен айналысып, одан түскен пайдасын қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттауға жаратып келе жатқан, туған жердің төсінде туған елдің құрметіне рухани саябақ орнатып, оны ел игілігіне жаратуы атақты Третьяков мұрасынан жасақталған ғажайып галереядан несі кем? Биыл осы «Мәңгілік ел» саябағы мен ондағы кешенді өнер туындылары Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанында ең бірінші болып қуана құптаған да, комиссия мүшесі ретінде қол қойып берген де өзім болатынмын. Мен ғана емес, ұсынылған туындыларды таразылап, сарапқа салатын комиссия мүшелері, көптеген әдебиет және өнер саласының майталмандары қолдап, бұл жұмысты жоғары мәртебеге лайықты көргенбіз. Алайда, соңғы шешім шығарылар кезде біздің пікіріміз аяқасты болып, ескерілмей қалыпты. Бұл қалай сонда? Бұл жерде бір кезде әлеуметтік желіде Бекет әулие кесенесі мен қазіргі Бекет бауырымыздың есімін шатастырып, ел арасында жалған пікір (мүмкін әдейі де болуы) таратқан бір блогердің шатпағы ықпал етті ме екен? Оны кейін Бекеттің өзі жоққа шығарып, тойтарыс берген жоқ па? Өнердің төңірегінен саясат іздеу деген ақылға сыя ма?» — деп күйінеді Ғани Қарин. Дұрыс сөз.

Жалпы, Бекет бауырым халыққа көрсеткен қызметі үшін, абырой-атақтан кендеемес. Бұл жолы жасаған еңбегі үшін де бірдеңе дәмету, сый күтуден аулақ екенін,ондай ниеті де жоқ екенін жақсы білемін. Алайда, бүкіл елде жоқ игі істі қолғаалып, орны бөлек, маңызы ерекше, ұлттық рухты көтеруге бағытталған кешендіқұрылысты жүзеге асырудың өзі қандай марапатқа да лайық емес пе! Оған осындайой қосқан, идея айтқан да қоғамда лайықты орнымыз бар деп білетін өзімізболатынбыз. Енді өкінішті-ақ. Қазақта «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына өкінем» деген аталы сөз бар. Ал мынау қасиетті мекендегі ел тамсанған еңбекті мойындамау өкінішті болды…

Асанәлі ӘШІМОВ,

Қазақстанның Еңбек Ері, халық әртісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *