Апта басында Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне іссапар жасады. Бұл оның биылдыққа алғашқы ресми сапары. Жалпы бұл сапардан Президент не алып келді? Екіел арасындағы бұған дейінгі отыз жылдық қарым-қатынастар нендей істер атқарылдыжәне нәтижесі қандай? Алда қандай ірі жобалар атқарылмақ? Осы сауалдарға шолу жасап көрелік.
Ең алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Дабиде өткен «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитіне қатысып, Abu Dhabi Ports Group компаниясының бас директоры Мұхаммед әл-Шамисимен кездесті. БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз өткізді.
Қандай келіссөз?
БАӘ – жеті әмірліктен тұратын федералды монархиялық мемлекет. БАӘ экономикасының негізі – сыртқы да ішкі сауда, шикі мұнай мен газды өндіру және экспорттаумен күн көреді. Араб Әмірліктері Қиыр Шығыс пен Еуропаның ортасында орналасқан халықаралық экономикалық орталыққа айнала білді.
Мәселен, БАӘ-ден келген инвестиция көлемі 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе өсіп, 128,7 млн АҚШ долларын құрады. Жалпы БАӘ Қазақстанға шамамен 3 миллиард доллар инвестиция құйды, ал Қазақстан БАӘ-ге миллиард доллардан астам инвестиция салды. 2022 жылдың аяғында екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 600 миллион долларға жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесу барысында тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізу үшін күш салуға шешім қабылданғанын мәлімдеді.
Қазақстан Араб әмірлігіне не эспорттайды?
Қазақстаннан БАӘ-ге экспорттың негізгі тауарлары қатарында шикі мұнай (249,6 млн доллар), мыс және мыс катодтары (235,3 млн доллар), қой немесе ешкі еті (12,2 млн доллар), легирленбеген болаттан жасалған ыстықтай илектелген жазық илек (10,5 млн доллар) және өзге де қара металдардан жасалған бұйымдар (8,2 млн доллар) бар. Жалпы Қазақстанның БАӘ-дегі экспорттық әлеуеті 100 тауар түрі бойынша 336,5 млн долларға бағаланады.
Тоқаев саммитте нені қозғады?
Сонымен апта басы дүйсенбіде өткен Абу Дабидегі саммитте климаттың өзгеру мәселелерін айтты. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев планетаны сақтау үшін халықаралық қоғамдастық климаттың өзгеруіне қарсы күрес шараларын қаржыландырып, бұрын-соңды болмаған мөлшерде инвестиция құю керек екенін атап өтті.
— Жаһандық орташа ауа температурасы көтерілген сайын әлемдегі құнарлы азықтың 66 пайызын қамтамасыз ететін негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымы едәуір азаюы ықтимал. Сондай-ақ тұщы су тапшылығына душар болу қаупі зор. 2050 жылға қарай климаттың өзгеруі салдарынан 5 миллиардтан астам адам ауыз суға зәру болуы мүмкін. Бұл дүниежүзілік азық-түлік, энергетика, қала және экология жүйелеріне қатер төндіреді. Мұның бәрі тек саяси шешімдерді ғана емес, басқа да жедел әрі тиімді шаралар қабылдауды талап етеді,-деді Мемлекет басшысы.
«Қазақстан сутегін экспорттаушы алғашқы ондыққа кіре алады»
Президент елімізде электр энергиясының 70%-ға жуығы көмірден өндірілетінін айтты. Президент саммит қатысушыларына Қазақстандағы жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің перспективалары туралы мәлімет берді. «…Біз инвесторларға анағұрлым ұтымды шарттар ұсыну үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіріп жатырмыз. Жалпы жоспар бойынша, 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энергия ресурсы пайда болады. Бұл орайда «жасыл сутегі» – келешегі зор бағыттың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, еліміз сутегін экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіре алады»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Атом энергиясы – жаһандық деңгейдегі сауда мен инвестиция үшін келешегі мол сала»
Президент атом энергиясын пайдалану мәселесіне назар аударып, бұл ауаға тарайтын парниктік газдардың көлемін азайтуға әсер ететін басты фактордың бірі екенін айтты. Сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы артықшылықтарына тоқталды.
— Еліміз табиғи уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында. Біз ядролық отынның компоненттерін өз елімізде өндіреміз және атом энергиясын қауіпсіз пайдалану ісін одан әрі дамытуға мүмкіндігіміз мол. Біздің пікірімізше, бұл – аймақтық және жаһандық деңгейдегі сауда мен инвестиция үшін келешегі мол сала, — деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қоса Мемлекет басшысы астық өндірісі бойынша Қазақстан әлемде жетінші орын алатынын атап өтіп, дүниежүзілік азық-түлік тапшылығымен күресте еліміз өзінің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Абу-Дабиге сапары барысында Abu Dhabi Ports Group компаниясының бас директоры Мұхаммед әл-Шамисимен кездесті. Кездесу барысында көлік және логистика саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.
Президент Abu Dhabi Ports Group компаниясының Каспий теңізіндегі теңіз және порт инфрақұрылымын дамытып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен стратегиялық серіктестік орнату жөнінде келісімге қол қою жоспарын құптады.
ҚР Президенті мен БАӘ Президенті не туралы сөйлесті?
Мемлекет басшысы Абу-Дабиге сапарының екінші күнінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянменкездесіп, ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы биыл шетелге алғашқы ресми сапары Біріккен Араб Әмірліктерінен басталып отырғанын атап өтіп, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуда бұл сапардың маңызы зор екеніне назар аударды.
— Келісілген жобалардың толыққандыжүзеге асатынына зор үміт артамын. Елдеріміздің ауаға таралатын көміртегі мөлшерін азайту жөніндегі жоспарлары да ұқсас. Біріккен Араб Әмірліктерікөміртегі бейтараптағына 2050 жылға дейін жетуді жоспарласа, Қазақстан бұлмақсатты 2060 жылға дейін орындауды көздеп отыр, – деді Біріккен АрабӘмірліктерінің Президенті.
Кездесу барысында 9 құжатқа қол қойылды
Келіссөз барысында Қазақстан мен БАӘ арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, тараптар жаңартылатын энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы, тау-кен, көлік-логистика, құрылыс-девелопмент және халықаралық қаржы орталықтары арасындағы ынтымақтастық сынды перспективалы салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаласты.
Біздің еліміз ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікке үлкен үміт артып отыр. Қазақстан органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, оны БАӘ нарығына жеткізуге дайын. Мемлекет басшысы Әмірліктердің Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп жатқан және басқа да кәсіпорындарын тамақ өнеркәсібіне инвестиция салуға шақырды.
Президенттің пікірінше, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақты, Орталық Азия мен Қытайды қоса алғанда, миллиардтан астам тұтынушысы бар нарықтарға тікелей шығатын қақпа саналады.
– Қазақстан – сапалы жолдарға мұқтаж үлкен мемлекет. Көршілерімізбен және Еуропалық Одақпен бірлесе отырып, «Цифрлық көлік дәлізін» құру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – кедергілердің бәрін жою және Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік бағыттарын қауіпсіз түрде байланыстыру, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Астанадағы «Абу-Даби Плаза» құрылысының толық аяқталғанын күтетінін айтты. Орталық Азиядағы ең биік саналатын бұл ғимарат елордамыздың ғана емес, Қазақстан мен БАӘ серіктестігінің символына айналады.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, Қазақстанда БАӘ заңды тұлғаларының қатысуымен 273 компания жұмыс істейді. Оның 252-сі шағын кәсіпорындарға тиесілі. Сонымен бірге былтырғы қарашада ҚР Парламенті Мәжілісі «ҚР үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлдады. Бұл келісім инвестициялық жағдайды дамытуға және елдер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етпек.