БЛИНКЕННІҢ САПАРЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ ТАҒЫ ДА ҚИЫН ТАҢДАУДЫҢ АЛДЫНДА ҚАЛДЫРА МА?

Билік Саясат
446 Views

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ресейдің Украинаға басып кіруінен аяқ тартып қалса да, әлі Мәскеудің дегенінен шыға алмай отырған Орталық Азияға алғаш рет ресми сапармен келді. Өкілетті тұлға демократиялық реформалары авторитар тенденциялармен аяқталған қос мемлекет – Қазақстан мен Өзбекстанға тоқтайды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен бұған дейін өңірге келіп, аймақтағы бес мемлекеттің басын қосқанда, коронавирус пандемиясы өршіп, Ресей әлі Украинаға басып кірмеген еді.

Блинкен сапарын жергілікті БАҚ, сонымен қатар Азаттық радиосының тілшісі былай деп сараптайды.

Көп жыл бойы Орталық Азия әлемдегі ең авторитар аймақтардың бірі болып келді. Қазір өңірдегі демократия деңгейі үш жыл бұрын АҚШ-тың Блинкеннің алдындағы мемлекеттік хатшысы Майк Помпео келген кезбен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Орталық Азия әлі де, Помпео айтқандай, Ресей мен Қытай белсенділігі жоғары аймақ күйінде қалып отыр.

Ресей Украинаға басып кіргеніне бір жыл толғанда Орталық Азияға АҚШ мемлекеттік хатшысының келуі өңір елдерінің Мәскеумен қарым-қатынасына кері әсер етпей ме?

Блинкеннің сапары алдында өткен журналистерге арналған брифингіде АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия мәселелері бойынша көмекшісі Дональд Лу аймақ елдерінің негізгі сауда серіктесі – Ресейге салынған санкциялар өңір экономикасы мен қоғамына қысымды арттырды деп мойындады.

«Мақсатымыз – АҚШ сенімді серіктес екенін көрсету. Орталық Азия экономикасындағы қиындықтарды көріп отырмыз», – деді Лу.

Ол азық-түлік пен жанармайдың қымбаттығы, жұмыссыздық, өнімді экспортқа шығару, пандемиядан кейінгі оңалудың қиындығы, мобилизациядан қашқан ресейлік мигранттар ағыны сияқты бірқатар мәселені атап өтті.

Лу аймақ елдерімен келіссөздер барысында Ресейге қарсы санкцияларды бұзбау шарты талқыланатынын ескертті.

– Санкциялардың арқасында Орталық Азия экономикасының кей аспектілері Ресейден бөліне бастады. Аймақ елдерін осы бағытта қолдауды жалғастырамыз, – деді Лу 24 ақпанда журналистерге берген жауабында.

 

СОЛ БАЯҒЫ ҮРЕЙ

23 ақпанда БҰҰ Ресейден Украинадағы әскери іс-қимылын дереу тоқтатуды және көрші мемлекет аумағынан әскерін алып кетуді талап ететін резолюция қабылдады.

Дауыс беруден қалыс қалған 32 мемлекеттің қатарында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан бар. 141 мемлекет резолюцияны қолдап, жетеуі, оның ішінде Қытай, Беларусь пен Ресей қарсы дауыс берді.

Бейтарап мемлекет деп танылған Түркіменстан дауыс беруге қатысқан жоқ.

Дауыс беруден кейін екі күннен соң Қазақстан сыртқы істер министрлігі Мәскеудің серіктесі Пекин жариялаған, Украинадағы жағдайға қатысты позиция қамтылған құжатты «қолдауға тұрарлық» деп мақтады. АҚШ президенті Джо Байден «Құжатта аталған шаралар жүзеге асса, Ресейден басқа кез келген мемлекетке пайдалы болады» деген пікір білдірді.

Қытай құжатта ешқандай мемлекеттің аумақтық тұтастығы бұзылмауы керек дегенімен, Ресейді сынамайды және Батыс елдерінен одақтасына қарсы салынған санкциялардың күшін жоюды сұрайды.

Мәскеуге қарсы санкцияларды Қазақстан да сынаған. Басында Астана Ресейге Батыс санкцияларын айналып өтуге көмектеспейміз деп уәде берген. Осыдан кейін ресейлік саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері Қазақстан да Украинаның кебін киюі мүмкін деген мәлімдемелер жасап, қоқан-лоқы көрсете бастады.

– Орталық Азия елдері бейтарап позиция ұстанып отырған жоқ, олар әлі де Ресейден қорқып отыр, – дейді өзбек сарапшысы Анвар Назиров.

Сарапшы Орталық Азияда Ресей мен Қытайдың ықпалы жүріп тұрғанына қарамастан, Вашингтонның әлі де өз рөлін күшейтуге мүмкіндігі бар деп есептейді.

– Өңірде климаттың өзгеруі, су мен энергия тапшылығы, Ауғанстанда тәліптердің билікке келуі сияқты жылдан-жылға күшейіп келе жатқан мәселе көп. Ресей ешқашан бұл мәселелерді шешуге бас қатырған емес. Қытай қара басының қамын ғана ойлайды. Орталық Азия әлі де оқшау қалып отыр. Ресей бастаған соғыс басымызға жаңа қиындықтар әкелді, – деді Назиров.

Блинкен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, кейін 5+1 форматында Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерімен кездесіп, ары қарай Үндістанға сапарының алдында Өзбекстанға соғып шығады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы өңірдегі қос ірі мемлекетке сапарлап отыр. Қазақстан мен Өзбекстан кейінгі жылдары демократиялық реформалар жариялаған, бірақ кей сарапшылар көп нәрсе өзгермегенін, авторитар жүйе сол күйі қалғанын айтып жүр.

Қазақстандағы шетелдік миссиялар, оның ішінде Вашингтон, билікті былтыр кемі 238 адамның қазасымен аяқталған Қаңтар оқиғасына қатысты тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақырған. Бірнеше әскери қызметкер ғана жауапқа тартылып, жүздеген наразы түрмеге жабылды.

Тоқаев бірінші президент пен оның отбасын біраз ықпалынан айырған Қаңтар оқиғасынан кейін «Жаңа Қазақстан» жариялады.

Қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев президенттің кей уәделерінен үміт күтуге болады деп есептейді.

«Поставторитар өзгерістер қашанда қиын, бірақ, Назарбаевтың кезіндегі жағдаймен салыстырғанда, қазір әлдеқайда жақсы деп ойлаймын», – дейді саясаттанушы. Ол сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістерден кейін алдағы парламент сайлауына қатысып жатқан оппозициялық саясаткерлер қатары көбейгенін мысалға келтірді.

Блинкеннің Қазақстанға сапары алдында парламент депутаттығына кандидат болғысы келген бірқатар адам салық декларациясындағы қатеге байланысты тіркеле алмай қалғанын айтып, шағынған. Кейінгі кездері билікті сынап жүрген журналистерге шабуыл мен қысым күшейген.

Блинкен Орталық Азияға бірінші рет келіп отыр. АҚШ – Орталық Азия елдерімен 5+1 форматында кездесу өткізетін санаулы мемлекеттің бірі.

Былтыр Тәжікстанның авторитар басшысы Эмомали Рахмон Ресей президенті Владимир Путиннің бес мемлекет президентімен кездесуі кезінде мұндай форматтан шаршағанын мәлімдеген.

– Америка + Орталық Азия, Оңтүстік Корея + Орталық Азия, Жапония + Орталық Азия. Енді Пәкістанмен де осындай кездесу өткізетін шығармыз, – деген Рахмон.

Саясаттанушы Әбішев мұндай форматтың өз артықшылығы бар деп есептейді.

– Бұл біздің тәуелсіздігімізге жақсы. Өйткені өңір мемлекеттерін біріктіреді. Ресей сияқты мемлекеттер бізді жойып жібере алады. Бірақ біріксек, оған бізді ырқына көндіру қиын болады, – дейді сарапшы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *