БАСҚАРМАДАҒЫ БАЙЫПТЫ ТІРЛІКТЕР

Билік
712 Views

Шымкент – еліміздегі республикалық маңызы бар ірі қалалардың бірі. Халқының саны бір миллионнан асатын әсем қалада жер мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Осыған орай Шымкент қаласы жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының ағымдағы жылдың жартыжылдығында атқарған жұмыстарымен танысып, көпшіліктің бас ауруына айналып үлгерген жер мәселесі төңірегінде ақпарат бөлісу мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінде баспасөз брифингі өтті.

Аталмыш басқарма Шымкент қаласы әкімінің 2018 жылғы 11 шілдедегі №13 қаулысының негізінде құрылған болатын.

«Бүгінгі таңда қала аумағы 116 280 гектарға тең және 4 аймаққа бөлінеді. Тұрғын үй аймағы – 10481 гектар, соның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер аумағы 401 гектар (3,82 пайыз), жеке тұрғын үйлер аумағы 10080 гектар (96,17 пайыз), әлеуметтік аймақ – 1337 гектарды (1,14 пайыз) құрайды.

Коммерциялық аймақ – 17092 гектар (14,69 пайыз), соның ішінде өндірістік нысандар 2575 гектар (15,07 пайыз), сауда нысандарының, қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету 14517 гектар (84,93 пайыз), өзге де аймақтары – 87 370 гектарды (75,13 пайыз) қамтиды», – деді басқарма басшысы Жәнібек Ағыбаев.

Маңызды шарада жер ресурстарын тиімді және нәтижелі қолдану үшін 2018 жыл мен 2019 жылғы алты ай аралығында ҚР Жер кодексі белгілеген өз жауапкершілігіне қатысты біршама жұмыстар атқарылғаны айтылды.

«Атап айтар болсақ, мемлекеттік қызметтер тізілімі бойынша Шымкент қаласының Жер қатынастары басқармасы халыққа жалпы саны 5162 құрайтын жерге орналастыру жобаларын қабылдау бойынша – 2924, жер телімдерінің қадастрлық бағаларын қабылдау бойынша – 120, жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша – 1328, жер телімдерін алу үшін кезекке қою бойынша –790 мемлекеттік қызмет түрін көрсеткен.

2019 жылы Жер комиссиясының 16 отырысы өткізілді. Соның ішінде жер телімдерін беру жайында жеке және заң тұлғаларының 2583 арызы қарастырылды. Олардың 1401 (54 пайыз) қабылданған, қалған 1182 ( 46 пайыз) жер заңнамасының ережелеріне сәйкес бас тарту себебін көрсетіп, қабылданбаған.

Ағымдағы жылы әкімдіктің атынан басқарма 1479 шарт құрған. Жер телімдерін сатып алу бойынша 343, уақытша қолдану (жалға алу) бойынша 921, жер телімдерін жалға беру құқығын сатып алу бойынша 215 шарт. Қала бюджетіне түскен қаражаттың саны 506,770 миллион теңгеге жетті», – деді Жәнібек Есенұлы.

Мемлекеттік мұқтаждықтар үшін жерлерді алу бойынша жұмыстарға тоқталып өткен ол есеп кезеңінде мемлекеттік мүдделерді және қоғамдық маңызы бар мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларда көзделген нысандарды салу үшін мемлекет меншігіне алынатын жер телімдерінің жалпы алаңы 1 млрд. 484 млн. теңгені құрайтын 58,54 гектардан тұрады. Атап айтқанда, көлік инфрақұрылымы нысандары бойынша жалпы алаңы 3 гектар, 376,47 млн. теңгеге 66 жер телімі сатып алынды. Қонаев даңғылы 2:5 кезеңдерін жалғастыру үшін жер пайдаланушылардан мемлекет меншігіне алу жұмыстары жүргізілуде.

Көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысан құрылысы бойынша барлығы 1 млрд. 107,4 млн. теңге сомасына 93, «Шымкент-Сити» қалашығының құрылысы үшін 389,7 млн. теңге сомасына 12, Тұран шағынауданының құрылысы үшін 158,8 млн. теңге сомасына 16, Ескі қала құрылысы үшін (Цитадель) 246,535 млн. теңге сомасына 21, Қошқарата өзенінің жағасына көпқабатты тұрғын үйлер мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін 201,1 млн. теңге сомасына 15, аталған өзеннің жағалауынан 35 метрге дейінгі қашықтықта абаттандыру құрылысы үшін барлығы 61,1 млн. теңге сомасына 7, Әкімшілік-іскерлік орталығы (ӘІО) бойынша 49,9 млн. теңге сомасына 22 жер телімдері сатып алынғанын айтты.

Жер заңнамаларын сақтауға бақылау жасауды қамтамасыз ету барысында биыл Шымкент қаласы аумағында жер заңдылығын бұза пайдаланып жатқан 107 тұлғаның жер телімдеріне тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 4 183 966 теңге айыппұл салынды. 114 жер телімдеріне жер заңдылығының бұзылуын жою туралы нұсқамалар табысталды. Соның ішінде тексеру негізінде 14 жер телімдерінде заңбұзушылықтар анықталмаған.

Жер телімдерін өз бетінше иеленіп алған 18 тұлғаға 3 690 130 теңге, Қазақстан Республикасының жер заңнамасын, жер телімдерін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбай отырған 14 тұлғаға 380 211 теңге айыппұл салынғаны белгілі болды.

«Жеке тұрғын үй құрылысы үшін телімдерді беру жайлы алғашқы жарты жылдық мерзімде жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекке тұрған азаматтар саны 790-ды құрап отыр. Жалпы осы кезге дейін жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде 119 018 азамат тіркелген», – деген Жәнібек Ағыбаев басқарманың құжат айналымы 14522 дананы құрағанын айтты.

Жиында қоғамдық пікірді талдау үшін Басқармада бірыңғай нөмірі бар қалалық Call-орталығының жұмыс уақыты – таңертеңгі сағат 9:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін. Әр азамат кез келген уақытта жер мәселесіне қатысты ақпарат ала алады. Сонымен қатар аптаның әр сейсенбі күні басқарма басшысы жер мәселелері бойынша қала тұрғындарымен жеке қабылдау өткізеді. ҚР Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы №248 және 2016 жылғы 18 тамыздағы №308 «Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылық жерлерін жеке меншікке беру және шетел азаматтарына жалға беру» Жарлықтарына сәйкес 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін оларға мораторий енгізілгенін ескеріп, әкімдіктің ресми интернет-ресурсында ереже құрастыру процесі аясында қазіргі кезде жүріп жатқан жұмыстар жайлы ақпарат берілгені де сөз болды.

2019 жылдағы басты жұмысы мен алдағы мақсаттарына тоқталып өткен басқарма басшысы «мемлекеттік қызметтер көрсету, бюджет түсімдерінің атқарылуы, мемлекеттік мұқтаждықтар үшін жерлерді иеліктен шығару, жұмыстың заңды атқарылуы, тағы басқа да бекітілген атқарымдар секілді күнделікті жұмыстарының сапалы және өз уақытында орындалуы – басқарманың негізгі жұмысы екеніне тоқталды. Азаматтар мен заңды тұлғалардың жер қатынастары жайындағы арыздарын тез арада қарау үшін басқарма электронды Үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және «GeoSet» Автоматтандырылған ақпарат желісі атты бағдарлама арқылы жерлер дерекқорын жасау жұмысына қатысады»,– деді.

Еске сала кетейік, Шымкент қаласы жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы мемлекеттік органдардың, жеке, заңды тұлғалардың және лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының Жер туралы заңдарының сақталуын, Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын анықтауды және жоюды, азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді, жер телімдерін пайдалану ережелерінің сақталуын, жер кадастры мен жерге орналастыру ісінің дұрыс жүргізілуін және жерді ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді.

Аягөз ДҮЙСЕНБАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *