ҚАЗАҚ ПЕН ӨЗБЕК АРАСЫНДАҒЫ ҰЛЫ ДОСТЫҚ

Саясат
459 Views

өнеркәсіптік тәжірибемен жалғасты

2026 ЖЫЛЫ МАТА ФАБРИКАСЫ САЛЫНАДЫ

Мақта әлемдегі ең танымал шикізаттың бірі.Мақта мұнайдан кейінгі екінші валюталық дақыл ретінде стратегиялық мән берілсе, 4-5 гектар жері бар ұсақ шаруашылықтар іріленіп, ауыспалы егіс жүйесі қалпына келіп, қазақ мақтасының күре тамырына қан жүгіретін еді.

1990 жылдарға дейін мақтаның түсімі жекелеген бригадаларда гектарына 50 центнерге жетіп, тұтас ауылдар 40 центнерге дейін өнім алғанын еске түсірсек.

Қазіргі таңда мұндай көрсеткіш жоқ, болуы да неғайбыл. Ол кезде мақтаны мамандар өсіретін, агротехникалық талаптар сақталатын, мелиорация жұмысы жүргізіліп, ауыспалы егіс жүйесінің талабы орындалатын. Қазір ауылда екінің бірі шаруа қожалығының президенті, оның жұбайы қожалықтың есепшісі, баласы, басқалары сол қожалықта бақылаушы, реттеуші, менеджер. Отбасы мүшелерінің ешқайсысы қара жұмыс істегісі келмейді. Себебі еңбектің нанын жатып жейтіндердің қатары көбейген. Мамандардың тапшылығы рас. Оқу орындарында аграрлық сала бойынша мамандықтарға жастардың қызығушылығы төмен десек артық айтпағандығымыз шығар. Қазір осы мәселе облысымызда кеңінен талқылануда.

Таяуда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Өзбекстанның «Global Textile Group» компаниясы тобының жетекшісі Музаффар Разаковты қабылдаған болатын.

Әкім Түркістан облысында мақта шаруашылығын дамыту, мақта шитінің сапасын арттыру мәселелерін талқылады. Яғни, бұл салада екіжақты әріптестіктің екі тарапқа да пайдасы мол екенін айтты инвесторға.

Жуырда инвестициялық штаб отырысында да байланысқа шығып, әріптестік байланыстар бойынша кеңескен болатынбыз. Өзара түсіністік пен келісім бар. Енді нақты жұмысты бастау керек. Бүгінде Түркістан облысы кәсіпкерлікке қолдау көрсету және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөнінен еліміз бойынша жетекші орында тұр. Өңірде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оның ішінде мақта шаруашылығын, мақта кластерін дамытуға әлеуетіміз жетеді.

Мәселен, 2022 жылы облыста 126,3 мың гектар мақта егіліп, орташа өнімділігі 28,6 центнерді құрады. 361,8 мың тонна өнім жиналды. Бүгінгі таңда Түркістан облысының шаруалары 100 мың тонна мақта талшығын өндіре алады. Оның көп бөлігі экспортталады. Тек 15%-ы ғана терең өңделеді. Терең өңдеу бойынша көрсеткішті ұлғайтуымыз керек. Бірлескен жобаларды іске асыруда, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында өзара тиімді тәжірибе алмасуда біздің болашағымыз зор деп санаймын, – деді Дархан Сатыбалды.

Өзбекстандық инвестор Музаффар Разаков та келісім бойынша жұмыс жүргізетінін, биыл нақты жоба қолға алынатынын жеткізді.

Қазіргі таңда Түркістан облысы әкімдігі мен инвестор арасында бірлескен жұмыстар атқару бойынша Жол картасы әзірленген. Соған сәйкес, биыл Мақтаарал ауданындағы шаруалармен келісімшарт жасалып, 10 мың гектарға мақта егіледі. Ол үшін Өзбекстаннан жоғары сапалы 300 тонна мақта тұқымы жеткізілмек. Жоғары сапалы мақта шығатын болса, Жол картасындағы жоспар бойынша келесі жылы мақта егу жұмысы 20 мың, одан кейін 30 мың, 40 мың, 2026 жылы 50 мың гектарға дейін ұлғайтылады.

Оны мақтааралдық шаруалардан «Global Textile Group» компаниясы жоғары бағада сатып алады.

Ал Жол картасының екінші және бесінші кезеңдері аралығында тиісті инфрақұрылымы бар мақта-тоқыма кешені мен логистикалық хаб жасақталады, мақта кластері дамиды. Тиісті учаске беріліп, инфрақұрылым әзірленген соң 2026 жылы Мақтаарал ауданында Мақта өңдеу зауыты мен Тігін мата фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр. Айтылған жобалар кезең-кезегімен орындалады. Елімізді аграрлық алып державаға айналдыруымыз қажет. Ол үшін алыс-жақын елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып маңызды жобаларды жүзеге асыруымыз басты қағидат.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН БЕКЕР КЕЛГЕН ЖОҚ

Осы орайда іздегенге сұраған, өткен аптада Түркістанға жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин келіп кетті. Сапар барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды лауазымды қонақты бастап алып жүріп, мақта зауытының басшылары және зауыт жұмысшыларымен жүздестірді.

Яғни, мақта кластерін дамыту мақсаты тек сөз жүзінде, тіпті облыс көлемінде айтылып отырған әңгіме емес. Бұл туралы да Үкімет үйінде талқыланды. «Turkistan» индустриалды аймағында жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айнала келіп, бұл салада шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі деп жоспарланған.

Серік Жұманғаринмен кездесуде екі жақ та талап-тілегін ортаға салды. Шаруалар мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген несие беру мәселесін көтерді. Мақта өсіріп, оны терең қайта өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. «Бұл бағытта нақты қадамдар жасалады» деген Серік Жұманғарин әрі қаарй сөзын былай сабақтады:

— Түркістан мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан мақта кластерін дамытуға күш салынуы — заңдылық. Бұл тұста Үкімет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Жергілікті атқарушы билік органдары үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды, — деді Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Ендігі мәселе не?

Тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді. Елде мақта талшығын терең өңдейтін тек 2 кәсіпорын жұмыс істейді. Сондықтан облыста өндірілген мақта талшығының небәрі 15 % ғана қайта өңделеді.

Бұл ретте мақта кластерін дамыту үшін алдағы 5 жылда Мақтаарал, Ордабасы, Сауран, Шардара, Жетісай аудандарында 12 тоқыма тігін фабрикаларын ашу көзделуде. Нәтижесінде, мақта талшығын терең қайта өңдеу көлемін 17 мың тоннадан, 66 мың тоннаға ұлғайтылатын болады.

Қазіргі таңда, жалпы құны 22 млрд. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобаларды мемлекеттік жылдық 4% мөлшерлемемен несиелендіру жөнінде ҚР ауылшаруашылығы министрлігі ұсыныс енгізді.

ҚР Премьер – Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған делегацияға Түркістан облысында жүзеге асатын бірнеше ірі жобалар таныстырылды.

Арнайы делегация Мақтаарал индустриалды аймағында орналасқан «Жанасыл» мақта өңдеу зауыты бас сұқты. Өткен жылы іске қосылған жоба құны — 2,5 млрд теңге құрап отыр. Жылына алпыс бес мың мың тонна мақтаны қайта өңдеуге қауқарлы. Мұнда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Түркістан облысында тәулігіне 2500 тонна томат өндіретін кәсіпорын және сағатына 10 мың шикізат шығаратын мұздатылған кептіру қондырғысы бар зауыт пен жеміс-көкөніс комбинатын салу жұмыстары қолға алынды. Жоба құны 25,5 млрд. теңге тұратын алып өндіріс кешені Шардара ауданында орналасады. 2027 жылы құрылысы аяқталатын тамақ өнеркәсібінде 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Мақтаарал ауданында мақта өңдеу зауыты мен тігін мата фабрикасы салынады. Бұл жобаға 10 мың гектарға өзбекстандық жоғары сапалы мақта сорты өсіріліп, жыл сайын ауқымы арттырылады. Мақтааралдағы индустриялды аймақта сондай-ақ, тәулігіне 32 мың шұлық, 500 костюм тігілетін өндіріс орны ашылады. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары өз аяғына жетіп отыр.

ЖЕЛТОҚСАННАН БЕРІ ҚАНДАЙ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМДАР ЖАСАЛДЫ?

Еске сала кетейік, Қазақстан Президентінің желтоқсандағы Өзбекстанға сапары аясында бірқатар инвестициялық келісімдерне қол қойылды. Міне, осы келісім шартты іске асыру мақсатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев екі жақты кездесті.

Желтоқсаннан бері қандай маңызды қадамдар жасалды?

Енді соған тоқталайық. Мәселен, Ташкент облысында мультимодальды логистикалық орталықтың құрылысы бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге шарт жасалды, наурыз айында жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге шартқа қол қою жоспарлануда. Жобаны іске асырудың 2026 жылға дейінгі бірінші кезеңі $70 млн көлемінде инвестиция тартуды көздейді.

Тағы бір перспективті бірлескен жоба – Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығын құру. Қаңтар айының соңында тараптар ХӨКО-ның орналасқан жерін алдын ала келісіп, нысанды «Атамекен» (Қазақстан) және «Гүлстан» (Өзбекстан) халықаралық өткізу бекеттерінің аймағында салу болжанып отыр. Уағдаластықтарды жақын арада бекіту жоспарланып отыр.

«Инвестициялық келісімге қол қоюды жеделдететін боламыз. Жобаға елеулі қызығушылық күтілуде», — деді Серік Жұманғарин кооперациялық жобалардың іске асырылу барысына мониторинг жүргізу және импортты алмастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысына қатысушыларға.

ҚР вице-премьері өзбек серіктестеріне Қырғызстан мен шекарада осындай сауда-логистикалық хаб салу туралы айтып, Өзбекстаннан келген инвесторлар мен кәсіпкерлерді осы жобаға қатысуға шақырды.

Өз кезегінде Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Жамшид Ходжаевоны бірлесіп іске асыруға қызығушылық білдірді.

Сондай-ақ кездесуде тараптар алмастырылатын өнімді жүйелі жеткізуді ұйымдастыру үшін бірлескен сыртқы сауда компаниясын құру тұжырымдамасын бекітті. Жұмыс тобының қатысушылары энергетика, көлік, ауылшаруашылығы, электротехника өнеркәсібі және машина жасау, инфрақұрылымдық құрылыс, фармацевтика, химия саласындағы кооперациялық және инвестициялық жобалардың орындалуын қарастырды. Іске асыру барысында олардың кейбіреулері өзгерістер енгізуді талап етті.

Кооперациялық жобалардың іске асырылу барысына мониторинг жүргізу және импортты алмастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу жөніндегі қазақ-өзбек жұмыс тобының келесі отырысы таяуда 2023 жылғы наурызда Шымкентте өту жоспарланған.

Ендеше, іске сәт! Қосы бауырмал елдің ежелгі достығы заманауи тәжірибелерге ұласа берсін деп тілейік.

Бетті әзірлеген Нұрқасым ӘЛІМБАЙ

Суретте: Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен Өзбекстан «Global Textile Group»компаниясы тобының жетекшісі Музаффар Разаков

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *