БАҒЫТЫМЫЗ – АЙҚЫН, ЖОЛЫМЫЗ – АШЫҚ

Саясат
836 Views

2019 жылғы 2 қыркүйекте өткен Қазақстан Респпубликасы Парламенті палаталарының біріккен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына өзінің тұңғыш Жолдауын арнады. Жолдауда егемен елімізді береке, бірлікке бастайтын бес бағыт айшықталып көрсетілген. Қасым-Жомарт Кемелұлы алдымен отыз жылға жуық уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналғанын тілге тиек етті. «Біз өз жұмысымызда Елбасы ұсынған Бес институционалды реформа мен Ұлт жоспарын толыққанды жүзеге асыру қажеттігін басты назарда ұстауымыз керек», – деді.

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Бұл мақсатқа жету үшін осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салу қажет. Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Осы мақсатпен белгілі қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Бұл кеңес ротациялық тәртіппен жұмыс істейтін болады.

ХАЛЫҚПЕН ТИІМДІ КЕРІ БАЙЛАНЫС ОРНАТУ

Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары болып саналады. Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту қажет. Сонымен бірге 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнемделген қаражат неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсалады. 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің және ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту қажеттігі айтылып өтті.

МИТИНГТЕР ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАНЫ ЖЕТІЛДІРУ

Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Алайда заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылатынын ескертті.

МЕРЕЙТОЙЛАРДЫ ЫСЫРАПСЫЗ ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ

Ендігі жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтой­ларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек. Сондай-ақ ең маңызды мерекеге – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты тиісті іс-шараларды іске асыру қажеттігін айтып өтті.

АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет.

Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, тағы басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырды.

Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек. Сондай-ақ заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының қызметкерлерін қатаң жазалаған жөн. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ. Кінәсіздік презумпциясы қағидаты толық көлемде сақталуы тиіс.

Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Ең алдымен 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру қажет. Мұны науқаншылдыққа айналдырмай, сапалы жүргізген жөн. Ішкі істер министрлігін рефор­малауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалады. Үкіметке азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің еңбекақысын Ішкі істер органдарын реформалау үшін берілетін қаражат есебінен көбейтуді және осы мақсатқа сәйкес шамамен 40 миллиард теңге бөлуді тапсырды.

Алдымызда жаңа тұжырымдама негізінде тегеурінді әскер қалыптастыру міндеті тұр. Арыста болған оқиғалар Қарулы Күштерде түйткілді мәселелер қордаланып қалғанын көрсеткенін еске салып өтті.

ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫҒАН ЖӘНЕ ИНКЛЮЗИВТІ ЭКОНОМИКА

Егер қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады. Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт Жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруымыз керек.

БІЛІМ БЕРУ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ

Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде.

Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды.

Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек. Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес. Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш салу керектігі сөз етілді.

Тағы бір өзекті мәселе – оқулық сапасының төмендігі. Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің тікелей міндеті. Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды. Сондықтан Президент Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырды. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз.

МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚОЛДАУ

Мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлінбей отыр. Бұл – ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керектігін сөз етті.

Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі. Ұлы Абай өзінің Алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер. Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз. Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық. Мемлекет басшысы бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп бек сенім білдірді.

«Әділет-ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *