БАЛЫҚТЫҢ БАСЫНАН ШІРІГЕНІ МЕ?!

Саясат
936 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы

Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВҚА;

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВҚА;

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Ғизат Дәуренбекұлы НҰРДӘУЛЕТОВКЕ;

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы

Анар Нұралықызы ЖАЙЫЛҒАНОВАҒА;

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлықа қарсы іс-қимыл агенттінің төрағасы

Алик Жатқамбайұлы ШПЕКБАЕВҚА

БАЛЫҚТЫҢ БАСЫНАН ШІРІГЕНІ МЕ?!

немесе шырылдап жүріп шындықты шыжғырып айтқаны үшін қызметінен шеттетілген Анар Мерекеқызы Қайырбековаға қайырым болмай отыр…

Анар Мерекеқызы Қайырбекова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Фатима Надырқызы Жақыпова мен жауапты хатшы Арын Амангелдіұлы Орсариев тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қатысты дәйек-деректі алдын ала мәлімдегені үшін зардап шегіп, жәбірленіп отырғанын айтуымыз керек.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғалы бері егемен еліміздің Білім және ғылым министрлігіне ондаған министр басшылық жасады. Олардың әрқайсысы салалық ведомствоны өркендетудің жолын өздерінше іздеп бақты. Сан түрлі реформаларды жүзеге асыруға талпыныс жасады. Өкінішке орай, олардың көпшілігі толыққанды жүзеге аспастан, шалажансар күйде жарты жолда тоқтап қалды. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі жөн-жосықсыз сауалдар, оқулық сапасы жайлы аз сын айтылған жоқ. Осылайша басынан дау артылмайтын бұл министрлікте таяуда тағы бір шу шықты. «Балық басынан шіридінің» кері дегендей, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары, экономика ғылымының докторы, профессор Фатима Надырқызы Жақыпованың ғылыми еңбегі плагиатқа құрылғаны дәлелденіп жатқан сыңайлы. Шырылдап жүріп шындықты шыжғырып айтқан аталмыш министрліктегі департамент басшысы Анар Мерекеқызы Қайырбекованың қызметінен шеттетілуі қалың жұртшылықтың жағасын ұстатуда.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Нұралықызы Жайылғанова мемлекеттік қызметкердің қудалануы мен қызметінен заңсыз төмендетілуін неліктен елеп-ескермеген? Анар Мерекеқызы Қайырбекованың қудаланғаны жөнінде жазған арыз-шағымына байланысты оның қызметтен төмендетілуінің заңдылығына не себепті тексеру тағайындамаған?

Осындай өткір де өзекті мәселеге су жаңа министр Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтың атүсті қарап отырғаны да түсініксіз.

Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыға түскен бұл көкейкесті мәселеден республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің ұжымы да бейтарап қалғысы келмейді. Анар Мерекеқызы Қайырбекова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Фатима Надырқызы Жақыпованы «жалған ғалым» деп айыптайды. Оған негіз де жоқ емес сыңайлы. Фатима Надырқызы Жақыпова 2009 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Экономикалық теория» мамандығы бойынша экономика ғылымының докторы дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған. Анар Мерекеқызы Қайырбекова Фатима Надырқызы Жақыпованың диссертациялық еңбегін «Антиплагиат» бағдарламасы арқылы тексеру нәтижесінде көптеген көшіріп алу әрекеттерін анықтаған. Ол басқа адамдардың еңбегін сілтемесіз көшірген және дереккөздерді көрсетпеген. 258 беттік диссертацияның жартысынан көбі, яғни 52,62 пайызы Я. Сергиенко, Д. Папин, И. Галиулин, В. Мигунов, А. Быков, Б. Воронцов, Л. Смольникова секілді жиырмадан астам ресейлік және қазақстандық авторлардың еңбектерін толығымен, сөзбе-сөз көшірген. Былайша айтқанда, Фатима Надырқызы Жақыпова бөтен адамның еңбегін өз атынан жариялауға жол берген. Сөйтіп, «Авторлық құқық туралы» заңды бұзған министрдің орынбасары жайлы айғақтар мен суреттердің бәрін өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына салған. Анар Мерекеқызы Қайырбекованың пікірінше, Фатима Надырқызы Жақыповаға ғылым докторы дәрежесі заңсыз берілген. Соған қарамастан ол өзінің лауазымдық жалақысына заңсыз қосымша ақы алып отырған. Өз кезегінде ғылыми-педагогикалық қызметкерлерді мемлекеттік аттестациямен қамтамасыз етуге жауапты мекеме бола тұра Білім және ғылым министрлігі неліктен мұндай өрескелдікке жол беріп отыр дейді шағымданушы. Сол себепті оны докторлық деген ғылыми дәрежесінен, профессор деген ғылыми атағынан айыру қажеттігін тілге тиек етеді. Сараптаманың қорытындысын тиісті құзырлы мекемелерге, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Ұзақбайұлы Мамин, еліміздің Бас прокуроры Ғизат Дәуренбекұлы Нұрдәулетов мырзаларға жолдап, орын алып отырған істің ақ-қарасын ажыратып беруді сұранады.

«Ұлттық ақпараттық техникалық орталығы» акционерлік қоғамының президенті бекіткен «Антиплагиат» бағдарламасы Фатима Надырқызы Жақыпованың заңсыз әрекеттерін әшкерелеп, оның экономика ғылымының докторы дәрежесіне де, қазіргі атқарып отырған қызметіне де лайық емес екенін дәлелдеген. Салалық ведомствода осындай былықпайлар орын алса, жетіскен екенбіз. Сонда еліміздің ғылым саласы қалай дамымақ?! Анар Мерекеқызы Қайырбекованың айтқандарына сенетін болсақ, дәл мұндай плагиаттық іс-әрекеттер бірен-саран емес сыңайлы. Аталмыш министрліктегі бірқатар лауазымды тұлғалардың ғылыми еңбектерінде де осындай өрескелдіктер кездесетін көрінеді. Соған қарағанда «жалған ғалымдарға» қарсы күрестің қызатын түрі бар.

Егемен еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзге салалар секілді білім мен ғылымды өркендету ісіне бар күш-жігерін арнап келеді. Халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен білім алу, Назарбаев университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашылуы, жүздеген мектептер мен балабақшалардың бой көтеруі осы айтқандарымызға толық дәлел бола алады. Мұның сыртында аталмыш салаға бөлініп отырған қомақты қаржы, айлық жалақының өсуі, «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануға әзірлігі, тағы басқа да толып жатқан шаралар көңіл қуантады. Педагогтардың арасынан Еңбек Ерлері шығуда. Республикалық, Халықаралық жарыстарда топ жарған жас таланттарды тәрбиелеудегі еңбектері еленген ұлағатты ұстаздар мен ғибратты ғалымдар мемлекеттік гранттар мен стипендия иегерлері атануда. Айта берсек, берекелі тірліктер өте көп.

Ал осындай толайым табыстардың тасасында тұратын оғаш қылықтар көңіл қынжылтатыны рас. Жоғары және арнаулы оқу орындарындағы білім сапасының төмендігі жаға ұстатады. Жоғары немесе арнаулы орта білімі бола тұра жұмысқа орналаса алмай жүргендер қаншама. Оқушы жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары тыйылмай келеді. Сол себепті де болса керек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің таяудағы Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында аталмыш сала қызметкерлерінің алдына ұлан-ғайыр міндеттер қойып отыр.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова өзінің ғылыми атағына байланысты айыптауға жауап қатып та үлгеріпті. Оның мәлімдеуінше, бәрі де заңды көрінеді. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ғылым комитетінің «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» акционерлік қоғамының президенті А. Ибраев қол қойған құжатта Фатима Надырқызы Жақыпованың диссертациясы аталмыш қормен сәйкестігі анықталмаған. Барлық мәліметтер «Антиплагиат» технологиясы жүйесімен сәйкес келеді. Толыққанды мәлімет алу үшін сарапшыларды қатыстыра отырып, анализ жүргізу керек делінген.

А. Ибраевтың жасаған қорытындысы Фатима Надырқызы Жақыпованың өзіне бағынышты ұйымнан анықтама алу үшін қызмет бабын теріс пайдаланып отырғанына тағы бір айғақ бола алады. Қандай негізге сүйенген А. Ибраев Фатима Надырқызы Жақыповаға едел-жедел анықтама бере салған??? Ол өзінің докторлық диссертациясына өзі тексеру тағайындай алмайды ғой. Бұған қоса-қабат Асхат Қанатұлы Аймағамбетов неліктен осы күнге дейін Фатима Надырқызы Жақыпованың докторлық диссертациясына байланысты тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен бейтарап тексеру тағайындамай отыр?

Министр Асхат Қанатұлы Аймағамбетов бұл проблемаға ешқандай қатысы жоқ адамдай сыңай танытуда. Ол өзінің ұстанымы мен көзқарасын бұқаралық ақпарат құралдарында неліктен батыл және ашық түрде білдіре алмай отырғаны түсініксіз. Асхат Қанатұлы Аймағамбетов өзінің ведомствосында орын алып отырған жағымсыз жағдаят жайлы ауыз ашпауды жөн көреді. Бұған қоса-қабат тікелей қоластындағы қызметкерлердің іс-әрекетін нақтылай талдап, талқылап, тәртіпке сала алмауда. Министрдің жасқаншақтығынан бүгінде академиялық және ғылыми ортада түсінбестік белең алуда.

Айналайындар-ау, кім өзінің басшының кемшілігін ашып көрсете алады?! Оған кімнің батылы жетер екен?! Біз А. Ибраевтың айтып отырған уәжімен обьективті түрде келіскіміз келмейді. Осы орайда Фатима Надырқызы Жақыпованың ісіне қатысты неліктен тәуелсіз бейтарап сараптама тағайындалмағаны түсініксіз. Сонда олардың бәрінің орын алған оғаш оқиғаға көз жұма немқұрайды қарап отырғаны ма?! Былайша айтқанда, «Балықтың басынан шірігені ме?!»

Анар Мерекеқызы Қайырбекова аталмыш министрліктегі Әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу Департаментінің директоры ретінде әділетсіздікке, заңбұзушылыққа қарсы пікір айтамын деп лауазымды қызметінен негізсіз шеттетіліп отыр. Білікті маманның айтып отырған уәждерінің бәрін дұрыс деп қабылдаймыз. Шындық іздеймін деп шырылдап жүрген жанның орынсыз жәбірленуін қаламаймыз. Біз Әділеттің салтанат құру жағындамыз.

Әдетте министр Асхат Қанатұлы Аймағамбетов бұқаралық ақпарат құралдарында академиялық адалдық жайлы көп айтады. Алайда, академиялық этика мен ар-ұждан нормаларын бұзып отырған өзінің қоластындағы қызметкерлеріне тиісті шара қолданбайды. Әсіресе, атқарып отырған жоғары лауазымдық қызметіне адал емес Фатима Надырқызы Жақыпова мен Арын Амангелдіұлы Орсариевке қатысты шара іле-шала жүзеге асырылуы керек еді. Біздің еліміз неліктен сыбайлас жемқорлықтың алдын алмайтын, дау-жанжалды реттеуге тиісті шара қолданбайтын, қолдан жасалған қасақана дұшпандық әрекетке бейім, академиялық мәдениеті төмен ел болып қала бермек?

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Сіздерден өтінетініміз: әрқайсыңыз өздеріңіздің салаларыңыз бойынша заңбұзушылықты анықтау, егер қылмыстық іс орын алған жағдайда оны қадағалау, қажет болса, қылмыстық жауапкершілікке тарту шараларын жүзеге асырсаңыздар екен дейміз.

Сөз орайы келгенде, біздің республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті атына заты сай болып, Әділеттің ақ туын жоғары көтере отырып, Елбасының сарабдал саясаты мен Президенттің парасатты пайымдарын жүзеге асыру жолында жүйелі жұмыстар атқарып, зәбір мен жапа шеккен талай адамдардың тағдырына араша түсіп, Әділеттің салтанат құруына белсене атсалып жүргенін тілге тиек еткіміз келеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев егемен еліміздің, мемлекетіміздің, оған қоса-қабат мемлекеттік қызметтің имиджі мен абырой-беделінің артуына көп көңіл бөліп келеді. Біздіңше, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Фатима Надырқызы Жақыпова саяси сенім кредитін жоғалтқан шенеунік деуімізге біршама негіз бар сыңайлы.

Министр Асхат Қанатұлы Аймағамбетов өзінің орынбасарын қызметінен шеттетіп, ал Бас прокурор Ғизат Дәуренбекұлы Нұрдәулетов Фатима Надырқызы Жақыпованың экономика ғылымының докторы деген ғылыми дәрежесі мен профессор деген ғылыми атағының заңдылық мәселесі жөнінде арнайы тексеру тағайындап, тәртіпке салуатын мезеті жетіп отыр.

Сол себепті Сіздерден Фатима Надырқызы Жақыповаға қатысты тек қана Әділ шешім қабылдануына ықпал етулеріңізді сұранамыз.

Әділ ҚЫРАН.

P.S. Редакциямыз осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары Фатима Надырқызы Жақыповаға осы мәселеге қатысты журналистік зерттеуге сұрақтарымызды арнайы қою мақсатында байланысқа шыққанымызда, түсе алмадық. Ендеше, оған электронды пошта арқылы жолдауға мәжбүрміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *