ҚОЛДАН АПАТ ЖАСАУ КІМГЕ КЕРЕК?

Мәселе
387 Views

Ащыбұлақ ауылы қоқыс полигонын салуға қарсы

Ата қоныс жеріміз кең, даламыз байтақ деп кейде кеудені керіп мақтана кетеміз. Бірақ, кейінгі кездері ауылдағы ағайынға жайылымдық жер жетпей, жер гектарлап жекенің қолына өтіп кетіп, абдырап қалған тұсымыз тағы бар.

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Ащыбұлақ ауылының халқы төрт түлік малын қозы көш жердегі Қырқымтөбе аталып кеткен жайылымға өргізіп келеді. Ащыбұлақтықтардың мұнан басқа сынық сүйем де артық ауыс жері жоқ. Оның өзі 1997 жылдары ауылдың 41 отбасына үлес пайы есебінен жайылымдық жер ретінде берілген екен. Қазір бұл жер тек 41 отбасының емес, ауыл іргесі кеңіп, жас отау құрып, енші алған отбасылар, Өзбекстаннан көшіп келген қандастарымызбен бас-аяғы 500 түтін құралған шаңырақтың өрісіне айналыпты. «Бұл біздің жеріміз» деп баяғы қырық үй жолатпай қоюы да мүмкін еді. Ағайынгершіліктен алыстамаған, қазақы салты сақталған ауыл ғой, ауызбірліктің арқасында «менің жерім, сенің жерің» деп бөлінбей, мәмілеге келіп, мал-жанын бірге бағып отырған бейғам жұрт кеше шала бүлінді. Неге?

ТАЙЛЫ-ТҰЯҒЫ ҚАЛМАЙ КӨШЕГЕ ШЫҚТЫ

Қырқымтөбе жотасы

Ащыбұлақ ауылының кәрі-жасы демей дау көтеруінің үлкен себебі бар. Әлгі жайылымдық жер енді мұнан бұлай қоқыс полигоны болмақ. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, 2014 жылы 10 қаңтарда аудан, одан облыстық әкімдік тарапынан солай бекітіліп, қол қойылып, шешім шығарылып кеткен ұқсайды. Енді бұл ұйғарымға халықтың қос қолдап наразылық танытуы мынада – тек жайылымдық жерден айрылғалы тұрғандары аздай, Қырқымтөбе су деңгейінен жоғары орналасқандықтан, жаңа қоқыс полигонының нүктесі ешбір санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық, не географиялық рельефтік жағдайға сай келмейді. Ертеңгі күні тасқын орын алса, ауылды су тұрмақ, қоқыс шайып кету қаупі бар. Бұл өте орасан зардап. Өйткені, жауын-шашынды, қар еру мерзімінде сол маңдағы талай ауылды су шайып кеткен. Тіпті, желдің бағыты да солтүстіктен оңтүстікке қарай соғады, бұл қоқыс полигонынан шыққан иіс мүңкіп төте ауылға барады деген сөз.

ТҰРҒЫНДАР ҚАНДАЙ ТАЛАП ҚОЙЫП ОТЫР?

Мәселені ести сала, Қазығұрт ауданының дәл іргесіндегі Ащыбұлақ ауылының тұрғындарымен кездесуге келдік. Ащыбұлақ аудан орталығынан 3 шақырым жерде. Тиіп тұр. Ал, қоқыс полигоны межеленген жер иек асты (1300 метрдей) болады екен. Жол-жөнекей байқап келеміз, әлгі Қырқымтөбеге дейін бұл жерде саяқбақ, одан егістік алқап, одан Тас әулие қорымы жатыр. Титтей де таяқ тастам бос жер жоқ. Біз барғанда мұнда ауыл биі Рахман Әбиев ақсақалмен бірге ауыл қариялары, бас көтерер ер-азаматтар, жастар жағы жиналып қалған. Бәрі бір ауыздан қоқыс полигонының салынуына қарсы.

Асан Атамбеков, Ащыбұлақ ауылының тұрғыны:

— Біз қазір Қазығұрт ауыл әкімдігіне қарасты 32 кварталдың 11/33 деген жер телімі туралы айтып тұрмыз. Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен 3 гектар жерге қоқыс полигоны түспек. Біз неге бұл жобаға қарсы шығып тұрмыз? Өйткені бұл полигон Ащыбұлақ, Молбұлақ, Болашақ шағын ауданы, Қазығұрт елдімекенінің ортасына баратын, яғни 15-20 мың гектардай жерге ағып баратын су көзінің үстіне көзделіп салынғалы тұр. Біріншіден бұл аймақ қия беткей. Екінші, төменде Ащыбұлақ өзені ағып жатыр. Бұл қысы-жазы ағатын өзен. Өзен су қорын айналадағы бұлақ көздерінен алады. Ал бұлақ көздері осы жотаның асты. Бұл маңайда 5-7 метрден тұщы су шығады. Судың бағыты елді мекендерді басып өтіп барады. Желдің бағыты да солай, жыл он екі ай ауылға қарай ұрады. Сондықтан желдің өтінде, судың тасу қаупі бар тұсқа қоқыс үйеміз деу тіпті қисынға келмейді. Бұл қолдан орнатқалы тұрған апат. Қаншама отбасы есік алдындағы бау-бақшасын, жасыл желегін осыдан суғарып отыр. Ертең елді тасқын сумен бірге көлкіген қоқыс шайып кетсе, халіміз не болмақ?!

Осы мәселені көтеріп, аудан әкімдігіне үш мәрте бардық. Нақты жауабын ала алмай отырмыз.

Одан гөрі су асты қорын пайдаланып, су резервуарын жасақтап, ол жаққа насос стансаларын салса, төмендегі елді мекендер таза суға қарқ болып қалады, халық алғысын жаудырады, әрі энергия көзін үнемдеуге де мүмкіндік туады.

Ащыбұлақ өзені арқылы Қаратастан басталып аудан орталығына дейін жететін Кескен атты канал бар. Ол халық аузында «Әнжырнай» аталып кеткен. Оны ата бабаларымыз ілгеріде ел өссін, көгерсін деп ән-жыр айтып жүріп, қара күшпен, екі қолмен салған екен. Міне, осындай су арналарының, су көзінің үстіне қоқыс полигонын салу сол аталарымыздың аманатына қиянат деп білемін.

Ауыл азаматының сөзінің жаны бар, бәрінің балалық шағы осында өткен, белден қазса атқылап су шығатын, көк майса көрікті жер, әулиелі тарихы бар мекен… күні ертең шыбын-шіркейі құжынаған, мал өлекселері үйілген жерге айнала ма?

Тас әулие

БҰЛ ШАРУАНЫҢ ШЕШІМІ БАР МА?

Балалық шағы осы ауылда өтіп, кіндік қаны тамған, ауыл тарихын, әрбір жотасын бес саусағындай білетін Асан ағаның айтуынша, бұл мәселені ушықтырмай шешудің жолы — ескі полигонның қасындағы бос жерге жаңасын қазу. Қазіргі істеп тұрған полигон ауылдан 5-6 шақырымдай жерде. Бұл маңда судың ағысы жоқ, су деңгейінен төмен орналасқан. Дәл қасында 12 гектар бос жер бар. Шұңқырды қасынан қазып, ескі қалдықтарды сол шыққан топырақпен көміп тастаса… Тіпті болмаса ауылдың белгілі кәсіпкері Нұржан Сапа ескі полигонның арғы жағынан 3 гектар жер бөліп беремін деп отыр. Осында салуға да мүмкіндік бар.

АЛАЙДА «САРАПТАМА ЖАСАП, ҚОРЫТЫНДЫ ШЫҒАРЫЛЫП ҚОЙҒАН»

Халықтың ашынуына тағы бір себеп – Қазығұрт ауданының жаңа әкімі Арман Айдарұлымен бір топ тұрғын сәуір айында кездескенде, сондай-ақ, Нұр Отанның қоғамдық қабылдауында болған кезде аудан басшысы да, партия да бірауыздан «сіздердің өтініштеріңізді жерде қалдырмаймыз деп, яғни ол жерге тұрмыс қалдықтарын жібермейміз» деп уәде берген еді. Ал, жақында 13 мамырда ауыл тұрғындарымен әкім қайта жүздескенде әңгіме басқаша өрбіген. Олардың уәжі, эксперт жасалып қойылған, 15 метрге дейін су көзі жоқ, бәрі құжатта көрсетілгендей заңды, жоғары жақта бұл жобаға қол қойылып кетіпті… Қоқыс шұңқырын қазу жақын күндері қолға алынбақ.

Ендеше ауыл тұрғындарына неге қоғамдық тыңдау өткізілмеген. Неге жөн-жобасы ескертілмеген? Бірде-бір адам хабарсыз. Неге хаттама толтырылмаған? 2018 жылы да осындай сыбыс шығып, халық сол кездегі әкім Т.Телғараевқа кіріп, бұл келіспеушілікті тоқтатып, жылы жауып қойған. Содан тым-тырыс жүргенде, биыл тағы қылтиып ұшы шығып отыр.

Халықтың талабы — жалпы бұл мәселе тұрғысынан комиссия құрылды ма, құрылса комиссия құрамындағы экологтар, архитекторлар, эксперттер жауапқа тартылсын. Экспертиза қайта жүргізілсін немесе бұл жоба түбегейлі тоқтатылсын.

Дабыл қағулары орынды.

Әкімдікке жазбаша да, ауызша да барып, жанайқайларын жеткізіп жатыр. 152 ауыл тұрғынының қолы тұр. Нақты жауабын әлі алмадық деп отыр. Жаңа полигон ауылдан мың шақырымдай орыннан көзделген дедік. Ол жер астында су болмау мүмкін емес, ауыл қариялары бала кезіміз дәл сол жотада өткен, өткен ғасырдың ортасында бір рулы ағайын осы төбеде қоныс теуіп отырған. Әрбір үй өз алдына құдық қазып, шелектеп су алатын дейді. Кейін Ащыбұлақ ауылы жаңадан салынып, ағайын біртіндеп, ең соңы 1963 жылдары жаңа ауылға қоныстанған.

Тарихын шолсақ, бұл жерде халық қадірлеп тәу ететін киелі Тас әулие жатыр, жаңа полигонмен арасы 500 метрдей. Жолай жол төсеп, үстінен қоқыс тасыса, аяқасты болады. Тіпті, мұнда тарихтан белгілі Үйсін қорғандарының белгілері бар, ескі аңыздар бойынша жерді қаза бастасаңыз, тарихи тас қорғандарға тап болуыңыз ғажап емес.

*  *  *

Ащыбұлақпен жалғасқан Болашақ шағын ауданында тұрғын үй кешені бар. 2018 жылы салынып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар осында мембағдарламамен үй кезегі арқылы баспаналы болған. Арбаға таңылып, орнынан тұра алмайтын жандар да сол үйдің тұрғыны.

Халида МЫРЗАЛИЕВА, ІІІ топ мүгедегі көп қабатты үйдің тұрғыны айтады:

— Қоқыс полигонын бізге қарама-қарсы бетке қою тым артық. Алып өткенінің өзінде қасымыздан исі көңірсіп желмен келеді. Менен басқа да мүгедек жарымжандар бар, бәрі мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Жарайды қол қойылып кетсе, ақыры қоқысхана тұрғызатын болса, онда неге бұл үйді басында тұрғызды? Өз алдымызға «септигіміз» бар, соның иісі жеткілікті. Кешқұрым далаға шығып отыра алмаймыз. Ертең шілде келе жатыр, үй ыстық, көше сасық. Оған қоқыс полигоны қосылса, не болмақ?

Тағы айта кетерлігі, полигоннан кейін 25 гектар жер егістік. Бидай егіледі, одан әудем жерде Тас әулие мазары. Одан берірек ауыл тұрғындары тыныстайтын саябақ, Саябақтан соң, әлгі үй кезегімен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілген жаңа тұрғын үй кешені… Осылай тығыз жалғасып кете береді. Болашақ полигонның бергі тұсын айтып жатырмыз, ал арғы тұсы, яғни Қырқымтөбе жотасының арғы жағы жеке меншікте. Сарсаңға түскен ауыл тұрғындары олармен де тіл табысып көруге тырысқан. Жайылымдық жер іздеген ғой. Алайда, қожайындар бір адым аттатқызбапты. «Біздің жеріміз заңдастырылған, біз ауылдан әрірекпіз, Келестің бойында емеспіз» деп мойын бұрмай қойған.

Айналдырған 500-дей шаңырақтың 150-і Өзбекстаннан көшіп келген қандас бауырлар екен. Оларды бауырына басып, Қырқымтөбеде бірге мал жайып отырған халықтың кінәсі не? Ата Заңда Қазақстанның жері, суы, су қоры заңмен қорғалады деп жазылған. Бұл мемлекеттің жері деді. Сонда мемлекеттің жері болса, халық кімдікі. Мемлекеттікі емес пе?

Жер де, су да халық игілігі үшін емес пе?

Халық осылай дейді.

Бұған аудан әкімі не дейді?

Қазығұрт ауданының жаңа әкімі Арман Айдарұлы Абдуллаевпен телефон қоңырауы арқылы сөйлестік. Аудан басшысы әу баста Түркістан облыстық экология департаменті, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тарапынан сараптама жүргізіліп, соның қорытындысы негізінде шешім шығарылғанын айтты.

Сонда экологтар сараптауды жүрдім-бардым атүсті жүргізген бе? Не себепті, ағын судың және желдің ұйытқу бағытын есепке алмаған? Егер маман ретінде жетік болса, онда полигонды апат тудыру қаупі бар жерге орналастыруына қандай негіз бар?

Халықтың денсаулығы мен өміріне зардап әкелетін жобалардың іске асуына тиісті басқармалар, аудан басшысы не себепті жол бермек?

Құралай ИСЛАМҚЫЗЫ

Р.S. Сонымен мәселенің бір ұшы Түркістан облысы бойынша Экология департаментіне келіп тіреліп тұр. Жылдың басында басшы болып келген Уәлихан Анарбайұлы Қайназаровтың, Түркістан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Садықбекұлы Нышановтың назарына осы бір түйткілді ұсынамыз. Мәселенің ақ-қарасын, аражігін ашып, шырылдаған халықтың сөзіне құлақ түріп, әділ жауабын беруді сұранамыз.

Бір емес, екі емес, тұтас бір ауылдың адамы еріксіз жиналып, өре түрегелуі жайдан-жай емес. Ауыл ақсақалдарының жөн сөзіне, келтірген дәлелдері мен дәйектемелеріне сүйеніп жаздық. Қай тұста қай бұлақтың барын тайға таңба басқандай түсіндіріп береді. Тіпті, қатты тұрмыс қалдықтары полигоны, Беккери шұңқыры салынады деген жерді қазып, 7 метрден су шығарып отырған шопандарды да кезіктіріп, сөйлетіп алдық. Ақ жаулықты аналарымыздың шыбын жаны шырқырап отырғаны анау.

Бұл болашақ ұрпағымыз үшін, халықтың денсаулығы үшін көз жұмып өте салатын нәрсе емес! Оның залалы бүкіл ауылға, ауданға тиюі мүмкін.

Жазатайым оқыс оқиға туындауына түрткі болмайық!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *